Елордамыздағы Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында «Мемлекеттік Рәміздер – тәуелсіздіктің символы» атты кездесу өткізді.
Патриоттық кездесуге Елтаңба авторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібеков пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығы Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бөлімінің басшысы Жарқынбек Жұмаділұлы, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары Аманбаева Гульзира Муратовна, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Аппазова Ләйлә Сағиқызы, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Кездесу барысында Жандарбек Мәлібекұлы оқушыларға Елтаңбаны шығу тарихы, жасалуы, бекітілу барысы жайлы тарихы естеліктерімен бөлісіп, Елтаңбадағы элементтердің мәні мен мағынасы жайлы айтып берді. «Елтаңбаның ұлттық идеялогиямыздың картасы екенін» тілге тиек еткен Ж.Мәлібеков аталмыш ұлттық құндылығымызда қазақ халқының этнографиялық, мифологиялық, танымдық, дәстүрлі құндылықтарымен қатар халқымыздың арман-мұраты да сіңірілгенін жеткізді.
Жарқынбек Жұмаділұлы оқушыларға Мемлекеттік Рәміздердің ұлттық иядеялогиялық мән-маңызы жайлы сөз қозған ұлттық құндылықтарды қолданудағы құқықтық нормативтер туралы құнды мәліметтер берді.
Ләйлә Сағиқызы мен Гульзира Муратовна тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен шараның маңыздылығына тоқталып, Мемлекеттік Рәміздеріміздің өскелең ұрпақты отаншыл болып өсуіне тигізер әсері жайлы тұщымды ойларымен бөлісті.
Тарих бірлестігі ұстаздарының ұйтқы болуымен өткен кездесу өнерпаз өрендер әзірлеген патриоттық концертке ұласты.