Бас қалада алдағы оқу маусымында тағы 9 мектеп салынбақ. Бұл жайында шаһар басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды Дегдар ұлттық балалар порталы.
«Бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Рысқұлов – Қайсенов көшелерінің, Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесі, сол сияқты Қошқарбаев, Ұлы Дала даңғылы және №39 көшелерінің қиылыстарында салынып жатқан оқу орындарына бардым. Биылғы оқу жылында тағы 9 оқу орнының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Оның бір бөлігі үшінші тоқсаннан бастап жұмыс істейді. Осыған дейін 36 мектеп салынып, пайдалануға берілген болатын», – дейді Алтай Көлгінов Instagram парақшасында.
Астанада жаңадан салынған үлкен-үлкен 5 мектепте 20 мың оқушы оқып жатыр. Мәселен Рысқұлов пен Қайсенов көшелерінің қиылысында орналасқан мектеп 4 мың оқушы орнына (2 ауысымды) есептелген. Бұл – ірі мектеп. Қазір онда соңғы жұмыс жүріп жатыр. Бүгінге дейін осыған ұқсас бес ірі мектеп аштық. Осы бес мектептің есебінен 20 мың оқушы орны құрылды», – деп жазды қала әкімі.
Ұлы дала даңғылы мен №39 көшенің қиылысындағы мектеп 2400 оқушыға шақталса, Ұлы дала даңғылы мен Сауран көшесінде орналасқан 2 ауысымды мектепте 2400 оқушы білім алады деп жоспарлануда.
Құрылысы жеке инвестиция есебінен жүріп жатқан Т.Рысқұлов көшесіндегі оқу орнында балабақша да болады.
«Сол сияқты мектеп салу үшін 158 жер учаскесін анықтадық. Жер учаскелері әлеуметтік нысандардың қажеттілігін ескере отырып, қаланың барлық ауданында орналасқан. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына әр ауданда оқу орындары болуы жөнінде арнайы бағыт бекітілді» дейді А.Көлгінов.