“Жас қаламгер” айдарынан елордалық өрен – Аяулым Өркенқызының өлеңдерін ұсынамыз.
Аяулым қаламыздағы 55 орта мектептің 10 – сынып оқушысы. Сонымен бірге, Оқушылар сарайындағы «Жас қаламгер» үйірмесінің тәрбиеленушісі.
Аяулым Өркенқызы – I Халықаралық «Мұқағали – мәңгілік жыр»; Республикалық «Мен сенемін жастарға», «Абай әлемі» шығармашылық байқауы және қалалық Жамбыл, Қадыр Мырза – Әлі, Ақселеу Сейдімбек оқулары жарыстарының “ақындар” аталымы бойынша 1 орын; Қалалық Абай, Мәшһүр-Жүсіп оқуларының бас жүлде иегері .
Жас қаламгеріміздің алдыңғы өнер жолына табыс тілейміз.
Degdar.kz редакциясы.
Келсеңші ерте, көктемім
Келсе ғой көктем ертерек,
Бүр жарып, шіркін, жанымдай болған көк терек.
Үскірік үнмен қаһарлы қыс та өткен соң
Жылыну үшін жылуың сенің көп керек.
Келсеңші, көктем, ертерек,
Көмкеріп гүлмен жүректерді көркем ет.
Үміттің үп деп бақбағын үрлеп үнемі,
Көңілді, шіркін, көтерер көктем еркем ет!
Көктемім, келші ертерек,
Келгенде өзің кетпені қолда ер керек.
Қаһарлы қыстың тонынан қалың құтылып,
Киейік жейде жеңі бар сәл-пәл келтерек.
Ерте келсеңші, көктемім,
Сенсің ғой жалғыз баса алар қыстың өктемін!
Жаңашылдықтың жаршысы болып жаһанда
Ұмыттырасың адамның бұлдыр өткенін,
Қалмайды ізі мұң менен шердің, өкпенің.
Келсеңші ерте, көктемім,
Жеткім келетін себебім саған көп менің!
Туған жер
Берсе де маған алтын ат басындай,
Болмас ол туған жердің ақ тасындай.
Өз елінсіз жоқ болар мен бір пешка,
Ал елім шахматтың тақтасындай!
Құшағыңда ып-ыстық өртенгенім
Жалын берді жаныма, өлкем менің!
Қарай берсем қанбайтын көз айызы,
Еңлік пен Баяндай көркем бе едің?!
Қару алған батырлар қолдарына
Келе жатса, жыр шашам жолдарына.
Жүрегін жүз тілсе де бермейтұғын,
Ұлтарақтай бөлігін жау қолына!