Детерминизм қайдан шығады?

13895169_492559164285123_1214756408691841776_n

Қалада келе жатырмын. Бір кісі қол көтерді. Тоқтадым. «Төле би-Розыбакиев көшесі. 200 теңге. Ала кетші. Басқа ақшам жоқ» деді. Келістім. Жолаушының өңі шаршаңқы. 40-тар шамасындағы азамат. Жолай әңгімеге тартып:
— Қалай өзі, таксилетіп күн көруге бола ма? Қанша табасың күніне? – деді.
— А жоқ, таксист емеспін. Жол-жөнекей ала кеткенім ғой, — дедім.
— Ауылдан бүгін келдім. Мына жерде «Таксиге» жұмысқа орналасуға келгем. Алдында аламыз деген. Бүгін айнып қапты. Кезінде сотталғам. Справкама қарады да қайтарды. Енді басқасына барамын. Көреміз енді, ол жер алмаса қайдам? Басқа жұмысқа жарамаймын, қолымның кемістігі бар, — деді. Көзіне қарасам, тұрмыстың таршылығынан қажығаны көрініп тұр. Әр нәрсені бір айтып отырдық. Бір кезде:
— Сотталып шыққаныма биыл 17 жыл. Сонда да жұмысқа алмайды. Соны сылтау етпей қабылдаса болады ғой. Қай бір жылы біреу руымды сұраған. Айттым. Руымды білді де қабылдамай қайтарып жіберді. Сен осы рушылдыққа қалай қарайсың? Олай істеу дұрыс емес қой, айтшы иә? – деді.
— Өз басым рушылдықты бір-ақ жерде қолданғам. Үйленетін кезде. Жақын қаннан әлсіз бала тумасын деп барынша алыс рудан алдым. Ал басқа жерде рушылдық пайдаға асады дегенге сенбеймін. Жалпы ата-бабамның қандай болғаны аса маңызды емес. Мені алаңдататыны — өзім рухани ТҰЛҒА бола аламын ба, жоқ па? Себебі, тектілік – қанмен келгенмен ТҰЛҒАҒА айналуың өзіңе тәуелді. Яғни кім болатыныңды өзің шешесің. Сондықтан, кейбіреулер бабасының тегін мақтап, сол тектілікті мәңгілік мирасқа алғандай, елден ерек сезініп, сый, құрмет дәметушілірге түсіністікпен қараймын. Себебі, ғылымда «ДЕТЕРМИНИЗМ» деген бар екен. Ол – келешекті өткен өмірмен өлшеу. Мысалы, жаңа айттыңыз, бұрын сотталғансыз. Соған қарап жұмыс берушілер «Бұл түрмеде қылмыскерлермен тығыз араласқан. Олардың жаман қасиеттері жұқты. Енді бостандыққа шықса қылмыс істеуі мүмкін. Сол үшін одан аулақ жүру керек» деп болжайды.
Бұндай дерт мектепте де бар. Мысалы, бір оқушының отбасы, араласатын ортасы нашар болса, әлгі оқушы ертең, әйтеуір бір бұзықтық жасайды, — деп болжайды. Жұмыста да солай. Біреу Шымкент жақтан болса: «Анау Шымкентский. Байқаңдар, түбі бір лақтырады» деп сақтана бастайды.
Енді екінші терминге қараңыз. Ол – Индетерминизм. Бұл алдыңғы терминге қайшы. Яғни өткен шақта мейлі ол түремшік болсын, мейлі нашар отбасында өссін, оған қарамайды. Кез-келген адам тағдыр немесе қоғам алдында жауапкершілікті мойнына алған сәттен бастап, үлгілі өмір сүріп кетуіне мүмкіндік береді.
Көрдіңіз бе, аға. Бұл айтып отырған детерминизм біздің қоғамға білдірмей қатты сіңіп қалған. Сол себепті де сіз секілді азаматтар зардап шегеді. Ал негізінде, қоғам да үкімет те индетермизм көзқарасын ұстанып, сізбен түрмеден шыға салысымен айналысу керек, меніңше. Яғни, сізді шақырып алып «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ». Әркімнің өмірде қателесуге ақысы бар. Қателеспейтін – Құдай ғана! Сондықтан өткен шағыңды сызып таста да жаңаша, үлгілі өмір сүруің керек» деп жұмысқа кіргізіп, қоғамға бейімдеуге жағдай жасау керек. Бұл туралы Лев Толстой бүй деген:
«Бүгін мектептегі мұғалімдер жиналысына қатыстым. Бір оқушы бұзықтық жасапты. Ұстаздар оны оқудан шығарып, тәртібін түзейтін колонияға жіберу туралы айтты. Пенде пақыр денесіне жара шықса дәрігерге қаралып, дәрі-дәрмек қабылдайды. Сол сияқты бұзық баланы дереу соттап өмірін қорлауға болмайды. Оның да бір ғибраты бар. Яғни сотқар баланы бір ұлы өзгеріс күтіп тұруы мүмкін. Қателігінен сабақ алып, өзгеруіне шанс беру керек. Ал біздің қоғам, керісінше оларды барынша ортасынан аластауға ұмтылады. Сөйткенде қоғам түзеледі деп сенеміз».

Сондықтан солай аға. Сіздің руыңыз не сотталып шыққаныңыз болашақта жақсы я жаман болуыңызға гарантия емес. Өзіңізді қоғамның екінші сорты деп санамай, бойыңызды тік ұстап, мағыналы өмір сүре беріңіз. Мен сізге сенемін. Елдегі 17 млн адамнан мен сізге сенім артсам, сіз сол бір адамның сенімін ақтауға тиіссіз, — деп дух бердім. Ол ойға шомып біраз отырып қалды. Сосын басын тік көтеріп:
— Обшым, ештеңеге қарамай, өмір сүріп кете беру керек десейші, солай
ма? – деді жігерленіп.
— Иә!
Келіскен жерде жолаушы түсіп қалды. Артынан ұзақ қарап тұрды. Ол да соны сезгендей еңсесін тіктеп кетіп бара жатты.

Амангелді Мейрамбекұлы

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню