Себеп пен негіз

18582043_1355557951160267_5660693798442159922_n

Кеше, яғни 2017 жылдың 22 мамыры күні жұмыс күнінің соңында сағат 17:30-да Орал қаласындағы «Жайық Пресс» медиа орталығының баспасөз залында керемет бір жиын өтті. Мен негізі «тегін кофе беріледі» дегесін барғам ғой.
Барғанда білгенім: Санжар Керімбай деген белгілі қиссагер Виктор Франкл деген атасының Логотерапия деген мықты бір ілімін, қазақшалап (тек қазақ тіліне ғана аударып емес, кәдімгідей «қазақшалап») басқан «ЛОГОТЕРАПИЯ немесе өмірге құштарлық» атты кітабының тыңдарманға мазмұнын ашып, дәріс оқып бермекші екен. Әлгі жұрт «Санжар деген сектант» дегенге қорқып, жақындауға бата алмай жүрсем, ағам – әулие екен ғой. Дәріс оқығанда да, «тупойдың төбесін тесіп жіберетіндей» екен. Қаттым да қалдым. Содан есімді бір тәулік өткесін жиып, алған әсеріммен бөлісейін деп отырған жайым.
Ал барғанда түсінгенім ол мынау. Мен өзімді «арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, аз-мұз өмір көрген, жаман мен жақсыны ажырата алатын жігіт ағасымын. Қазақи жерде туылып, қазақи ортада жыр-дастанды жаттап өскен, Аталарымды жетеуінен түгілі, сонау түбінен тарқататын шежірені жатқа соғатын, қазақтың салт-дәстүріне қанық «оригинал» қазақпын» деп есептеуші ем ғой. Сөйтсем, «бөпе» екенмін. Ана жерде оқып жатырған Санжар ағамның дәрісін тыңдап отырып, кей жерлерінде ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Мен – ұлтшылмын. Қазақтың өзін-өзі тануы мен дүниетанымына, салт-дәстүріне ешқашан да шаң жуытқан емеспін және жуытпаймын да. Бірақ, біздің де жіберген көп кемшілігіміз бар екен. Соның, бірі – біз хикмет пен мәнге толы асыл қасиетті қазақи құндылығымызды ілім ретінде жүйелеп көрмеппіз, және соны ұл-қызымызға, іні-бауырларымызға, айналамыздағы бізге жауапкершілікпен жүктелген жақын-жуығымызға жүйелі түрде бермеппіз, бере алмай келеді екенбіз. Сол үшін өлердей ұялдым.
Бұл туралы бір мысал келтіре кетейін. Мен әскери борышымды Қарағанды облысында өтедім. Біз барған жылы, бізбен қатар шақыртылған Қостанай жақтың бір баласы өз-өзіне қол салып, атылып қалды. Республикалық деңгейде айқай-шу болды. Бүкіл полкты қопарып, аударып-төңкеріп, командирлерді «жер аударып», соңында 4 байғұс солдат сотталып кетті. Кейін полк командирлері полкты жинап, солдаттармен түсіндіру жұмысын жүргізіп отырған кезде, әлгі марқұм сарбаздың денесін сол кезде ауылына апарып, жерлеу рәсімінде болып келген полк командирінің орынбасары: «Білмеймін, 4 баланы соттатып жібердік. Бірақ, мені мазалайтыны мынау. Сол жерлеуге барған кезде байқағаным, әлгі марқұм баланың қабірінің жанында жастай кеткен ағасы, апасы, жақындары бар екен. Олар да өз-өздеріне қол салған. Сол ойымнан кетер емес» деді. Орыстар мен орысша тәрбие көргендер бұған аса мән бермеді. Олар сол «өз-өзіне қол салуға мәжбүр етті» деген баппен сотталып кеткен 4 солдатты ғана көрді. Ал, қазақи ортадан шыққан біздер «еее, демек ол баланың да қанында БІРДЕҢЕ бар болып тұр ғой, отбасында тұқымқуалайтын БІРДЕҢЕ бар болып тұр ғой» дестік. Бірақ, сол БІРДЕҢЕНІҢ не нәрсе екенін, оның неден болған себебін не Біз де, не әлгі Ауған соғысына қатысып, қан майданда болып келген командиріміз де біле алмай кеткен едік. Ол БІРДЕҢЕНІҢ не нәрсе екенін кеше ұқтым ғой. Оның, яғни сол суицидтің тек қана СЕБЕБІ емес, сонымен бірге НЕГІЗІ де болатынын, СЕБЕБІ – ол солдаттардың Қарағандыда көрсеткен әлімжеттігінде жатса, түпкі НЕГІЗІ – оның Қостанайда, сол баланың, сол отбасының тәрбиесінде жатқанын, ата-ананың бала көкірегіне ХИКМЕТ дәнін себе алмай, өмірдің МӘНІН ұқтыра алмауында, ұқтырмауында екен ғой. Кішкентайынан үйде, дастархан басында, ошақ қасында ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, Алланың хикметін сезіп, өмірдің мәнін ұғып өскен бала, тіпті концлагерге түсіп қалып, фашисттердің табанында тапалса да өз-өзіне қол салмайды екен ғой. Енді қараңызшы, жоғарыда айтқандай Біз оны тұқымқуалайтын БІРДЕҢЕ дедік, бірақ, ол БІРДЕҢЕНІҢ – СЕБЕП пен НЕГІЗДЕН тұратынын білмедік. Негізі, логотерапияда айтылатын нәрсенің бәрі де біздің өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың арасында бар, артығымен бар. Бірақ, оларды жүйелейтін нәрсе жоқ. Ал, Логотерапия – сол шашыраған сәулелерді жинап, жүйелеп бір арнаға бұруда және мәңгілік ұстап тұруда таптырмас құрал, ілім. Логотерапия қазаққа, дәл қазіргі таңда, сонысымен қымбат.
Ең басты ұққан нәрсем – хайуани түйсіктен ада, өз өмірінен, жалпы тіршіліктен мән іздейтін, сондай-ақ ұрпақ тәрбиесімен, ұлт тәрбиесімен айналысатын кез-келген адам баласына арналған ілімнің, ана тілімізде соның ішінде ОТБАСЫ ХРЕСТОМАТИЯСЫ деген топтамада жарық көріп таралуын – ҚАЗАҚ деген халыққа АЛЛАНЫҢ жіберген тағы да бір сыйы деп түсіндім.
Жазар көбейсін, ЖІГІТТЕР! Қазақ көгінің әлі де бар қараңғы тұстарына, «өрмелеп шығып күн болған», осынау ерен еңбектеріңіз Алладан қайтсын!

ПыСы дейтін бе еді: Осы кітаптың, жалпы «Отбасы хрестоматиясы» топтамасымен қазақ дүниесіне келіп жатырған қымбат жауһарлардың шығуына басты себепкер, идея авторы, ұстазым – Абзал Құспанға және де сол идеяны пісіріп, жемісін қазақ даласына шашқан, таратып жүрген Санжар Керімбай мен оның шәкірттері – Сейілбек Мырзабай мен Сұлтан Тайғариндерге ұлт атынан шексіз алғысымды білдіремін. Және де, осындай алқалы отырыстардан үнемі қалдырмай шақырып, сүйреп жүретін жанашыр ағаларым – Қазбек Құттымұратұлы мен Нұрлан Сәдір ағаларыма да риясыз алғысымды білдіргім келеді.

Нұрберген Мақұлов

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню