Логотерапия Ақтөбеде

18767647_1974770929475737_8803830858002335538_n

«Жалғыздың жары – Құдай!» деген рас екен. (One on God’s side is a majority. Один человек вместе с Богом составляет большинство)
Логотерапияның тұсаукесер шарасында шет тілін оқу бағдарламасымен Алматыға келген ақтөбелік азамат Айшуақ Дәрменұлымен кездейсоқ танысқам. Айекең сол сапарында Франклдың іліміне ғашық боп кеткен. Еліне жете сала: «осы ілімнің «тұқымын» туған жеріме шашамын» деп тыным тапқай шапқылапты. Ақтөбе аймағы діни теке-тірес пен терактілердің ошағы ретінде жағымсыздау жағынан танылып тұрған шақ. Ал, Логотерапия бүлінгенді түзейтін әмбебап ілім. Оның негізін қалаған Виктор Франкл ол туралы бүй деген: «Сексуалды азғындық та, өзіне қол салу да, есірткі мен ішімдікке салыну да айналып келгенде бір ғана «топырақта» өсіп өнеді. Ол топырақты мен «экзистенция вакумы» деп атадым. Адамның хикмет кеудесі бос сөз бен мағынасыз құмарлықтың кесірінен қаңырап бос қалғанда, «қоқыс» атаулы көкіреке жиналады. Сосын ол жерде бәле-батар мен жын-жыбырдың вирусы быжынап көбейеді. Көкіректе кемірген қауіпті вакум тереңдеген сайын, мәнсіз тіршілік пендені қараңғы ұйыққа тарта түседі. Кеудені МӘНМЕН, ХИКМЕТПЕН зейнеттеген кезде ғана азудың алдын алу оңай болады». Біз осыған діни дүмшелікті де қоссақ бола береді. Әдетте, діннің киесі мен хикметінен мақұрым қалған пенде рухани бағытын айқындай алмай шатысады. Сондықтан діншіл кісі тез арада радикалданып кетеді.
Қош, қараша айынан бері Айшуақ батырдың ашпаған есігі қалмаған. Жүрген жерінде ЛОГОТЕРАПИЯ туралы жағы талмай айта беріпті. Кейін бұл әңгіме облыс әкімінің құлағына дейін жетеді. Облыс әкімі бір жиында «Адамды өнегелі өмірге құштар қылатын Логотерапия деген ілім бар деп естідім. Неге соның ұрығын Ақтөбеге әкеп екпеске?» деп айтып қалады. Әкімнің бір ауыз сөзінен соң сірескен сең де қозғалады. Күзеті мықты мемлекеттік мекемелердің қалың есігі өзінен өзі ашылып сала береді. Облыстық білім басшылары «Ал, шақыр жігіттеріңді. Мамандарды жинап берейік» дейді де «тарс» еткізіп бұйрыққа мөр басады. Мамырдың 17-сі күні Облыс пен қаладан 190 психолог маманды бір залға жинады. Оның 12-сі этникалық орыстар. 20-25% орыс тілді қазақтар. Бірақ Айшуақ батыр сасқан жоқ. Ол «Лекция қазақ тілінде болады. Ғылымда барлық термин ортақ. Сондықтан «қазақша ұқпаймын» деген сылтауды қойыңыздар. Ықылыспен тыңдасаңыз бәрі де түсінікті» деп батыл мәлімдеді. Ең қызығы «қазақша түсінбеймін» деп бір де бір маман залдан шығып кетпеді. Керісінше орыс тілді орта өте белсенді болады. Блокнот алып маңызды деректерді сол заматта зырылдатып жазып алады. Олардың тыңғылықты ісіне қарап тұрып сүйсінесің. Сонымен бірінші күн сәтімен аяқталды. Бұдан соң Димаш Құдайберген тәлім алған музколледждің 80 оқушысы Логотерапиямен тағы танысты. Ертесіне таң ата қаладан 100 шақырым жердегі Хромтауға аттандық. Ол жерде 90 ұстаз сақадай сай тұр екен. Оның бесеуі тап-таза этникалық орыс. Олар «кешіріңіздер, аударма бола ма?» деп сұрады. Айшуақ батыр «Аударманың не керегі бар? Терминдер ортақ. Оп-оңай түсінесіз. Сенбесеңіз тыңдап көріңізші» деді. Орыс апайлар өте белсенді. Олар «өй, қазақша екен. Қойш құрысын» деп залдың ең артына барып бұғып отырмайды. Ең алдына келіп бүкіл назарын қадап отырып тыңдайды. Ішінде біреуі қазақша өте жақсы түсінеді екен. Бүкіл мәтінде орысшаға сол заматта аударумен әуре болды. Қасындағы төртеуі маңызды тұстарын блокнотқа түртіп алып әлек. Ал біздің қандастар: «Ойпырмай, мынадай лекцияны қазақша да тыңдайтын күн бар екен ау» деп рухтанып отыр. Қалай десең де, маманның аты – маман! Пайдалы жиынды құр жібермейді. Барынша үйреніп қалуға тырысады. Түстен кейін Ақтөбедегі педколледжге кірдік. Ол жерде бастауышқа сабақ беретін 80 студент күтіп отыр. Әлбетте басында олар бізді жеңіл қабылдап күліп отырған. 15 минуттан соң бәрі әруақтанып шыға келді. Жастың аты, жас қой. «Махаббатың мәні» деген темаға кіргенде екі көздері жайнап шыға келді))))))
Ертесіне 60 шақырым жердегі Алғаға тарттық. Онда ұстазы мен оқушысы аралас 130 адам тағы жиналған. Ең сәтті өткен шара осы болды. Сол күні жалақы алған ұстаздар аянып қалған жоқ. Сары кітапты бүкіл сериясымен талап әкетті. Ертесіне жоспар бойынша Қ. Жұбанов атындағы университетте студенттер ғана жиналатын болған. Олай болмады. Ең бірінші күнгі жиынға қатысқан ұстаздар қаланың шеткі аймағындағы мектептерден 40 шақты мектеп оқушысын іріктеп әкелді. Яғни «Логотерапия маған қызық. Тыңдағым келеді» деген 40 оқушы өз еркімен келіп қатысты.
Ең қызығы ТВ арнаға шақырғанда болды. Келісім бойынша тікелей эфирде 20 минут қана болуымыз керек еді. Қайдағы 20 минут?! Қиссаның тығыны атылған соң сценари жайына қалды. Жүргізуші қыз бен жігіт «Аға, уақыт жетеді. Айта беріңіз қиссаңызды, айта беріңіз. Сізден аяған эфирді ит жесін» дегендей аттың басын жіберді. Біреу «қисса айт» деп тұрса Шәнжарханның бәлесі бар ма, сатырлатып жіберді бірінен соң бірін. Артық кемі жоқ тікелей эфирде 40 минут қисса соғыппыз.
Ең соңғы сенбі күніміз қалды. Ол күні Назарбаев зияткерлік мектебінің басшылығы шақырды. Айрықша белсенді 50 шақты ата-ананы шақырыпты. Ойебай, ана мектептің іші Еуропа дерсің. Ішіне кірсең шыққың келмейді. Бүкіл оқушы күй өнерін меңгеруге міндетті. Дәлізге шықсаң домбыра арқалап жүрген бір оқушы. Осы мектептегі жиында темаға тереңірек кірдік. «Әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей ата-анаға бір шындықты естірттік. Құрметті, ата-ана дедік. Сіздер балам НЗМ-де оқиды деп көңіліңіз тасымасын. Бұл әлі бер жағы. Сөз жоқ, мына мектеп балаға мықты білім құралын береді. Бірақ кеудесіне хикмет сәулесін құймайды. Оны өзіңіз жасайсыз. «Бір жылдығын ойлаған ел, бидай егеді. Он жылдығын ойлаған ел, ағаш егеді. Мәңгілігін ойлаған ел, ұрпағының кеудесіне ХИКМЕТТІҢ дәнін егеді» деген атам қазақ. Мәселе сол хикмет ұрығын егуде болып тұр. Түрлі білім сайысына қатысып, граммотаны үйіп тастайтын балалар ірі тұлға болуға онша бейім болмайды. Ондайды «потенциалист» дейді. Яғни олар мықты біліммен жұртты таңғалдырады. Өте ұтымды өмір сүреді. Ақысын біреуге алдырмайды. Бірақ «АДАМДЫҚ БОРЫШ» деген мәселеге келгенде бірден шабан тартады. Қоғам, Адам, Ар немесе Құдай алдында міндет арқалауға құлықты болмайды. Негізінде қоғамды қараңғылықтан, надандықтан Коллейдоскопистер сүйреп шығарады. Яғни жүрегіне үңіліп, оның түбінен ойдың маржаны мен лағылын теретін тұлғалар өмірдің базарын қыздырады. Қолыңнан келсе балаңды соған бейімде. Әйтпесе баланың білімі құр мақтанға қызмет етеді дедік. Осы ойлар айтылғанда ешқандай ата-ана: «Бұл көзқараспен келіспеймін» деген жоқ. Бірауыздан «Иә, рас әңгіме. Өмірден талай түйдік. Шынымен де қуыскеуде адамнан түк шықпайды. Мына қиссаның бәрі бала кезден таныс. Бір заманда ата, әжеміз айтатын. Енді еміс-еміс еске түсіп жатыр. Хикмет ілімін қолға алайық» деп қоштай кетті. Ауқатты болғандықтан олар кітаптарды еш қиналмастан түгел сериясымен сатып алды. Бір ғана адамның себебінен бүкіл Ақтөбе өңіріне қайырлы ілімнің ұрығы осылайша шашылды. Ақтөбе сапары осы жерде тамам болып, бәріміз Орал шаһарына бет түзедік.
Айтпақшы, Ақтөбеде ғибратты тағы бір сұхбат болды. Оны жазсам пост тым ұзарып кетеді. Сондықтан оны ертең асықпай жазам. Ол постты зая кетірген кісінің жарты ғұмыры зая кетеді.
PS: Ақтөбеден Оралға аттанғалы тұрмыз. Екі серігім «Ойпырмай Оралға дейін 500 шақырым екен. Дені дұрыс көлікпен барсақ болар еді» деп абыржып тұр. Айшуақ батыр сасқан жоқ. Бір танысына телефон толғады. Досы:
— Алло, Айшуақ айта бер. Тыңдап тұрмын, не мәселе?- деді. Айшуақ:
— Жұмеке, Алматыдан келген үш қонағым бар. Соларды Оралға жеткізу
керек. Соған сіздің пикапты жөн көріп тұрмын. Оралға бізбен барып қайтуға қалай қарайсың?
— Мәселе жоқ. Қашан шығамыз? Тек уақытын айт.
— Ну, ары кетсе жарты сағаттан соң.
— Ертерек неге айтпадың? Машинаны жудырып шоколад қылып қоятын
едім. Жарайды, әлі де үлгерем. Қысқасы мен дайынмын, — деді досы.
— Бәрекелді, міне нағыз жігіт!-деп телефонды жапты да Айшуақ батыр
бізге қарап: «Болды, жігіттер, саспаңдар. Оралға су жаңа пикаппен рақаттанып отырып барамыз» деді. ПИКАП дегенде екеуінің жүрегі қуаныштан жарылып кете жаздады. Бір біріне қарап «Сонда қалай, бұлар біздегідей «Тұра тұр, тірлікті реттеп алайын. Әйеліммен бірінші сөйлесіп алайын, ол не дейді? Екі күн бұрын айтуың керек еді» деп ойланбай ма? «Кеттік» десе үйінен шығып осылай жүре бере ме? Бұл қайдан шыққан менталитет?» деп ауыздарын ашып, көздерін жұмып отыр. Мен болсам оларға «Эй, жігіттер, «Ер жігітке кеттік десең «Қайда?» демейді. «Қашан?» деп айтады» деген. Бұны Батыс менталитеді дейді. Мұндай менталитетті Батыстан ғана көресің, Батыстан. Бастарыңды шайқай бермей, үйреніңдер осылардан елге қалай қызмет етуді» деп екеуіне мораль оқып үлгердім. Олар бастарын шайқап «Ой, Аллай, Аллай, Ақтөбеден үйренетін нәрсе көп екен ау» деп Алматыға жеткенше соның әсерінен айға алмады. Құдай беледі деп айтайын олар соның әсерімен әлі рухтанып жүрген шығар)))

Санжар Керімбай

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню