Логотерапия – ар-ұждан және парыз ілімі

18739690_1974771352809028_8141675979012171761_n

Дүние бір қисық жол бұраңдаған
Бақ тайса, басқа дәулет құралмаған.
Күніне мың бір бәле көрсең дағы,
Үмітің үзілмесін бір Алладан….

Қазақтың қара өлеңі қандай қарапайым, бірақ соншама терең, санаңа қорғасындай қона қалатын мағынасын айтсаңшы. Дүниенің жалған екенін айтудан шаршамаған аталарымыз сол жалған дүниеде керемет мағыналы сөздер мен ғибрат аларлық үлгі-өнеге қалдырған. Біздің ата-бабамыздың білімі тарыдай болса да ақыл-парасаты таудай болды. Патшалық және кеңестік отаршылдық кезеңі ұлттық тамырдан алатын нәрдің сағасын мейлінше тарылтты, бірақ үзе алмады. Тәуелсіздік алған соң «өзіміздікін қаңсық, өзгенікін таңсық» көріп, біраз елдің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қаузап көрдік. Діни бағытта оқып келген толқын дінмен бірге сол елдің болмысын әкеп таңа бастады. Мыңдаған жылдар бойы келе жатырған, әбден сыннан өткен өзіміздің дәстүріміз бар екенін айтқан аға толқын жас буыннан жөнсіз сын ести бастады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Дін мен дәстүр» кітабында Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлерінің бір-біріне қайшы емес, керісінше үндес, сабақтас екендігін жақсы талдап көрсеткен соң жұрт ойлана бастады.
Ел Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «…Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды… Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана… » дейді. Енді бұдан артық не керек ??? Ұлтымыздың өткенін саралап, жан-дүниемізді байытып, болашаққа батыл қадам тастау керек.
Бірнеше жылдан бері әлеуметтік желіде үлкен рухани серпіліс тудырған сары кітаптар көзі ашық оқырманға жақсы таныс. Бесік жырынан бастап қазақтың көптеген салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен рухани байлығын тірнектеп жинап, мыңдаған оқырмандардың алғысына бөленген жігіттердің (идея авторлары, кітапты құрастырушылар мен баспадан шығарушылар) аталарына рахмет. Бұл кітаптарды балабақша бөбектерінен бастап жоғарғы оқу орындары студенттері ата-аналарымен бірге оқи беретін дап-дайын тәрбие бағдарламасы десе де болады.
Өмір – күрес. Өмір қиындықсыз болмайды. Қыс соңынан көктем келеді. Бейнет түбі зейнет. Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті. Жарқын болашаққа сену керек. Қол қусырып отырмай, сол жарқын болашаққа жету үшін табанды түрде еңбек ету керек. Міндетті түрде жақсы (тіпті өте жақсы) нәтиже болады. Дзюдо спортының атасы Дзигаро Кано тілімен айтқанда «Тоғыз рет жығылсаң – оныншы рет орныңнан тұр. Жәй тұрма, жеңіске жету үшін күресіңді жалғастыр». Жылап-еңіреп отыра беру, уайым-қайғы түк нәтиже бермейді. Өмірден түңілу, тіршіліктен бас тарту – жігерсіз қорқақтардың ғана жолы. Қара басыңды ғана ойламай, елге және қоғамға пайдалы қызмет жаса. Логотерапия ғылымын түсіндірудің тоқсан тоғыз әдісі бар. Соның бірі осы.
Елімізде проблемалар жоқ емес. Соның бірі жасөспірімдер арасындағы торығу, өмірден түңілу. Бұл шаруа барлық адам, қоғамның барлық саласы жұмылғанда ғана шешіледі. Іштен тынып отыра беруге болмайды. Ауруын жасырғанмен оның нәтижесін қайтпекпіз ? Баспасөз, әлеуметтік желі (оның ішінде Фейсбук) қоғамның айнасы. «Ақтөбе» газеті де бұл мәселені бірнеше рет жеріне жеткізе жазды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев – баспасөзбен тығыз жұмыс істейтін, газет-журналдар мен интернетті жіті қарап отыратын өте тәжірибелі азамат. Жасөспірімдер проблемасы туралы арнайы жиында бірнеше рет қадап тұрып тапсырмалар берген. Соның бірі «Логотерапия және өмірге құштарлық» кітабы, Виктор Франкл психотерапиялық әдісі жетістіктерін пайдалану. Ақтөбе облыстық білім басқармасы, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы, қалалық білім бөлімі, колледждер ұжымы ұйымдастыру шараларына білек сыбана кірісіп кетті. Республикадағы және шет елдердегі мың-миллион шаруаларын тастап, Ақтөбеге Sanjar Kerimbay бастаған лекторлық топ келді. 17 мамыр түске дейін қалалық және облыстық мектеп психологтарымен, түстен кейін музыка колледжі студенттерімен семинар өтті. 18 мамыр түске дейін Хромтау ауданы педагогтары, түстен кейін гуманитарлық колледж студенттерімен сабақ өтті. 19 мамыр Алға ауданы ұстаздары Логотерапия ілімімен танысты. Сонша жерден арнайы келген соң әрбір кездесудің мән-мағынаға толы, мазмұнды да нәтижелі болуы шарт. Семинар-сұхбатқа дайындалып келіп, күрделі сұрақтарын қоюы үшін шақырылған педагогтарға семинарда қарастырылатын мәселелер туралы алдын-ала хабарланды. Сондықтан да семинарға балалармен қоян-қолтық жұмыс жасайтын, мән-жайдан хабардар мамандардың, адам жанының инженерлерінің қатысқаны дұрыс болатынын ескеруге тырыстық. Бірнеше күн бойы өте тығыз кестемен өткен семинар сабағын тыңдаған мұғалімдер мен студенттерге, ата-аналар мен оқушыларға мың алғыс. Дәрістің ұнағаны сондай, көптеген мұғалімдер «Мұндай семинарды неге біздің мектепте де оқымайсыңдар !!!» деп жағамыздан алды ))).
Қалада және аудандарда өткен барлық семинарды тап-тұйнақтай қылып үйлестіріп, маман ұстаздардың сапалы дәріс тыңдауына толық жағдай жасап берген облыстық білім басқармасы және облыстық ғылыми-тәжірибе орталығы басшылары мен қызметкерлерінің ұйымдастырушылық қабілетіне қатты разы болдық. Балалар мен жастардың амандығы, олардың жарқын жетістіктері, болашаққа деген сенімді қадамдары – біздің ортақ жеңістеріміз болмақ.

Айшуақ Дәрменұлы

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню