Өлуді меңгерген адам мәңгі бақи өле алмайды

18767553_1975798876039609_4683787614484162486_n

Егер Айшуақ батыр маған: «Шәнжархан, бір сұхбат ұйымдастырамын. Бірақ құны 1 миллион доллар тұрады. Ақысын төле!» десе, және сол заматта тура сондай сома қалтамда болса: — еш қиналмастан миллион доллар төлеп сол сұхбатқа кірер едім. Құны соған лайық еді. «Миллион тұратындай не қылған сұхбат?» дейсіздер ғой енді. Ендеше хикметін баяндайын. Үнсіз оқи беріңіз. Соңына қарай қызық болады.
Ақтөбеде жүргенде Айшуақ батыр бізді кафеге алып барды. Жолда бара жатып бір танысына телефон толғап, оны да асқа шақырды. Біз жеткенде танысы да кафеге келіп жетті. Оның аты — Бауыржан Бабажанұлы! Облыстық газеттің бас редакторы. КазГУ-дің филология факультетін бітірген. Танымал ақын.
Ақын бізбен амандасып, хал сұрасып біраз отырды. Сәлден соң тақырып қиссаға қарай ауды. Ол:
— Иә, бұл қиссалар рақат болды. Лентадан күн сайын тыңдаймын.
Қиссаны бала күнімде жыршылардан тыңдап өстім. Солар санада қайтадан жаңғырып жатыр. Кейінгі жылдары мүлде айтылмай кетіп еді. Құндылықтар қайтадан оралып жатыр, -деді. Мен:
— Сонда ол қай жылдары? Елдің қай аймағы?
— Бұл сол 1975-80 жылдары. Қарақалпақстан жақ. Сол жақта Қоңырат
деген қала бар. Өзбекстан республикасы деген аты ғана. Ол аймақта кілең қазақ тұратын. Көбі революция кезінде ауып барған. Негізінен Кіші Жүздің тайпалары тұратын. Жыршылық дәстүр сол аймақта саф күйінде сақталған еді.
— Сонда оригинал жыршыларды көрдіңіз бе?
— Көргенде қандай! Нағыз таңды таңға ұрып жырлайтын солар еді.
— Онда тарихын тарқата отырыңыз. Мынау қызық әңгіме екен.
— Бала кезімде жаңа түскен келіннің бетін жыршылар ғана ашатын. Келін
түсірген үй ауылдың қарияларын жинап: «Қай жыршыны шақырамыз? Келіннің бетін кім ашады? Кімнің қай жыршыға сөзі өтеді?» деген мәселені ортаға тастайды. Жан-жақтан жамырап: «Мен ана пәленшені танимын. Пәленшеге сөзім өтеді. Түгеннің жақын туысымын. Мен айтсам міндетті түрде келеді» деп талқыны бастайтын. Бәрі ақылдасып, ақырында бір жыршыға тоқтап, оны шақыртады. Өзің ойлап қара. Сол кезде жыршының БЕТ АШҚАН ақысы МЫҢ сом болатын!
— Ойбай, не деген көп ақша? Қымбат қой ақысы?
— Иә, қымбатына қымбат. СССР кезінде ЖИГУЛИ ары кетсе 7 МЫҢ сом
болатын. Сонда жыршылар ондай соманы әрі кетсе екі айда табатын. Бірақ оған ақшаны үй иесі төлемейді.
— Кім төлейді?
— Ол былай. Беташардан алдын аулаға шатыр тігіледі. Жан-жағын
палаткамен қоршап, кәдімгі хан ордасын жасайтын. Келген жыршы мерекеден бір күн бұрын домбырасын қолға алып, өнерін шашып бастайды. Бірден ұзақ дастанға түспейді. Термелетіп қана отырады. Арасында ән салып, күй шертеді. Күндіз осылайша әңгіме-қисса аралас неше түрлі аңыз-әпсана отырыстың базарын қыздырады. Қонақтар «Жырдың ақысы. Той ақысы» деп ортаға ақша тастайды. Он сомнан бастап 100 сомға дейін сала береді.
— Не деген көп ақша ол?!
— Иә, ақша деген үйіліп қалады. Бірақ оны жырау жалғыз алмайды. Бір
беташарда бес мыңнан кем түспейді. Мың сомын ғана жыршы алады. Қалғанын той иесіне береді. Яғни тойға қолдау көмек сияқты. Сондықтан керісінше жыршылар тойдың тірегі болатын. Жалпы ол кезде жыршылар дүниеқоңыз болмайтын.
— Мынау тамаша дәстүр екен! Нағыз жыр-дастан қашан басталады?
— Шаруа жайғалып, ел аяғы басылғанда басталады. Бала-шаға қойларын
қамайды. Шалдар атына шөп салып келеді. Қатын-қалаш сыйырларын сауып, бұзауларын байлайды. Бүкіл шаруасын бітірген соң жұрт шатырға жиналады. Сосын барып жыршымыз «Қай қиссаны жырлайын? Өздерің айтыңдар. Таңдау еркі сендерде» дейді.
— Сонда ол неше жыр біледі.
— Ең кемі 40 жыр біледі.
— Соның бәрін жатқа соға ма?
— Иә, мүдірмейді. Ал, содан таңдау басталады. Біреу «Қыз Жібек» дейді.
Енді біреу «Алпамыс» дейді. Тағы біреу «Қобыланды» дейді. Жастар жағы «Жүсіп пен Зылиқа» деп шулайды. Осылайша кете береді. Кейде қырғын талас болады. Біреулері «Алпамысты өткен айда тыңдадық. «Мұңлық-зарлықты» жырла» деп қолқалайды. Көптің даусы қай жаққа ауса, сол қисса жырланады.
— Ойпырмай нағыз демократия сол жақта бопты ғой.
— Айтпа! Әділдік принципі қатаң сақталады.
— Содан таңдау бітеді?
— Иә, таңдау біткең соң жыршы өнеріне шындап кіріседі. 6-7 сағатқа
созылатын жырды ыңылдап бастай береді. Содан арқамыз жәйлап жыбырлап бастайды. 1-2 сағаттан соң жыршының үсті-басы быршып терлейді. Әлеуметтің ішінде өнершінің беті-аузын сүлгімен сүртіп отыратын әдемі әйелдер болады. Солар ауық-ауық жыраудың үсті-басын құрғатып отырады. Көйлегі шылқылдап терлегенде сығып алардай су болады. Сол кезде ол көйлек ауыстырады.
— Көйлекті қайдан алады?
— Той иесі әуелден даярлап қояды. Ең кемі үш көйлек запаста тұрады.
Мына жақта отырған кемпір-кепшік пен қатын-қалаштар ана шылқыған көйлекті «тәбәрак» деп алады да дал-дұлын шығарып жыртады. Сосын сол жерде кәдімгідей матаға талас басталады. Бір жапырақ шүберекпен алқадағы апалар «Біздің де ұрпаққа өнер дарысын. Балама жырдың киесі қонсын» деп немересінің аузы-басын сүртіп, ырымдап өліп қала жаздайды.
— Туһ, не деген сенім!
— Айтпа! Содан жыршымыз екі кесе шәйін ішіп алып, думанды одан ары
қыздырады. Жырды тыңдаған сайын делебең қоза береді. Кәдімгідей әруақтанып кетесің. Большевиктер СССР кезінде не үшін қазақтың жылқысы мен жыршысына шүйлікті, білесіңдер ме?
— Өзіңіз айта беріңіз кәйіпті бұзбай.
— Аттың үстінде екі күн жүрсең желік қысады. Жүйрік ат болса тіптен
құтырасың. Сойыл алып, соғыс тілеп тұрасың. Жыр да тура сол сияқты рухты тірілтіп, жігерді жаниды. Үш күн жыр тыңдаған қазаққа «ана жақты төңкер» десең қорықпастан қирата береді. Бұл өнердің осындай құдіретін білгендіктен большевиктер жыршыны оңдырмай қудалады. Көбі Өзбекстан жаққа өтіп кетіп, әупірімдеп аман қалды.
— Ал, содан әруақтанып отырсыздар әлгі жерде?
— Иә, СССР кезінде елдің бәрі совхозда істейді. Бүкіл ауыл жырдың
қызығына кірген. Бригадир, директор, порторогтарың қызметкерлеріне «Ей, ертең таңда тұра алмайсың. Бар, үйіңе қайт. Саған жыр не керек? Ертең тракторды кім айдайды? Шөпті кім шабады? Мақтаны кім суарады? Бар, құры, кет!» деп қуады. Тракторшы, механиктер шатырды айналып қашып жүреді. Түн ортасынан ауғанда жыр кемеліне келеді. Шатыр астында неше түрлі шайқас бұрқ-сарқ қайнап жатады. Қан майданда қаптаған батырлар семсерменен сермесіп, қанжарменен қырқысып жатады. Сол кезде жыршы әбден әруақтанады. Саған өтірік маған шын төрде отырған жыршы астындағы көпшігімен жылжып-жылжып ентелеп келгенде, есіктің аузынан бір-ақ шығады. Орнына қайта барып отырады. Сәлден соң сырғанап босағаға қайта кеп тіреледі. Міне тура солай жыр да, жыршы да қызған кезде бригадирің де, селсоветің де, парторогың да, директорың да, комбайнерың да, тракторшың да, сушың да ерекше бір хәлге түсіп, жыршының аузына қарап, бір алқада сілейіп отырады. Бәрі де басқа әлемде қиялмен қалқып жүреді. Совхоз да, жоспар да, жұмыс та, мақта да, комбайын да бәрі-бәрі адыра қалады. Жеті жасар мен де ұйқы дегенді білмеймін. Үлкендердің алдына тығылып алып, қиссаны таң атқанша ұйып тыңдаймын. Таңға жақын Шолпан жұлдызы туа бере жыр да бітеді. Ел-жұрт қиссаның әсерінен айыға алмай эйфорияда теңселіп жүреді. Сосын барып жыршыға демалуға рұқсат. Күндіз сағат 12-де беташар. Соған дейін елдің бәрі бір демалып алады. Жыршы да ұйқыға кетеді. Біз де үйімізге тараймыз.
— Алты жастан қисса тыңдасаңыз жыр атаулыны жатқа соғатын
шығарсыз?
— Бәрін болмаса да бірнешеуін бастан аяқ жаттап алғам. Әсіресе «Қыз
Жібекті» алты жасымда мүдірмей ағызушы едім. Тілім сақау. Р-ға тілім келмейді. Домбыра тарта алмаймын. Қолыма оқтау алып, жыршы боп Қыз Жібекті сұңқылдатамын,- деді де ақын ағамыз тура сол жерде Қыз Жібектің ең бір шұрайлы тұсынан бірнеше шумақты төгіп-төгіп жіберді. Аузымыз ашылып біз отырмыз. Ағамыз әңгімесін жалғай берді:
— Үйге кілем тоқуға жиналған қыз, келіншек мені қызықтап тегін
кәнсертке қарық болатын. Олардың алдында сағаттап отырып қисса айтамын. Кейде олар әзілдеп «Мына бала Қыз Жібекке ғашық. Соны аламын» деп отыр деп қитығыма тиеді. Мен болсам: «Мен емес Қыз Жібекті аламын деген. Қалмақтың ханы айтып жатыр бұ сөзді» деп шыр-пыр боп әлгі жерде ақталамын. Қарап тұрсам балалық шағымның ең бір мәнді де, мағыналы кездері сол кез екен. Осыншама жыр мен қисса, дастанның әсерімен ақын болуды армандап, Алматыға оқуға келдім. Сөйтіп Совет Өкіметі құлардан алдын КазГУ-ге оқуға түстім,- деді. Сол кезде мен шыдай алмай:
— Анадай «қазынамен» оқуға келсеңіз курсыңызды төңкеріп, топтың
бәрін жарған шығарсыз? Қисса-дастанның қуаты деген сұмдық қой, — дедім. Сол сәтте мүлде күтпеген жауап берілді. Бауыржан ағамыз:
— Жоқ, бәрі керісінше болды. Оқуға түскен соң «Қайда келдім өзі? Бұрын
не далбасалап жүргем?» дегендей есеңгіреп қалдым. Өзімді артта қалған мешеудей сезіндім.
— Неге? Не боп қалды?
— Себебі менің тобыма әлем әдебиетін шайып ішкен кіл мықтылар
жиналыпты. Олар бірінші курсында жарқ етіп көзге түсті. Сендер осы Пәленше деген ақынды танисыңдар ма?
— Жоқ.
— Ол енді ғаламат тұлға еді. 19 жасында қазақ әдебиетіне жаңа толқын
алып келді. Одан бөлек Пәленше, Түгенше деген достарым болды. Бәрі ақын болды. Олардың алдында өлең оқуға ұялатынмын. Сол кездің өзінде олар Альбер Камю, Эрнест Хеймунгей, Окутагава Рюнеско, Джек Лондон деген сияқты атағы жер жарған классиктерді оқып тастаған еді. Ал, мен олардың атын да естімеппін. Палатканың ішінде жыр тыңдағанға мәз боп жүре беріппін.
— Ойбау-ау, керісінше жыр олардан артық емес пе? Трансцендентті
мазмұны жағынан қазақтың жыры мен қисса дастандары оларды он орап алады ғой. Неге олай төмешектеп қалдыңыз?
— Соны қазір ұғып жатырмыз. Қарап тұрсам қателік менен кетіпті.
Сол кезде оқымысты курстастарды өзіме ілестірудің орнына олардың ығына жығылып, жұтылып кеттім.
— Неге өйттіңіз?
Айтып отырмын ғой. Олар атағы жер жарған шет ел авторларын 1-ші курсында-ақ аудиторияда бір бірімен таласа-тармаса талдағанда біз бүгіліп бишара боп қалушы едік. Олар мүйізі қарағайдай профессорлармен әлем әдебиетін жіліктеп тұрып шаққанда мен бір ауылдағы шалдардың әңгімесін тыңдап қана келе салған шала сауатты біреудей шөгіп сала беретінмін.
— Онда мынадай сұрақ. Сол жарқ еткен жұлдыздар қайда қазір? Олар
немен айналысады?
— Олардың ең мықтылары оқуды орта жолда тастап кетті. Оларға қызық
ештеңе қалмады. Олар 20 жасында тек ажал туралы өлеңдер жазатын. Олар ештеңеден қорықпайтын қас батырдай көрінуші еді. Олардың бойында ақыл, білім, парасат, патриоттық сезім, қайрат, жігер, кісілік, кішілік, мәрттік артығымен жетіп артылатын. Адамшылықта да олармен таласу қиын еді. Меніңше сол Батыс экзистенциалистерінің әсері болса керек, олар ажалмен ойнағанды жақсы көретін. Мысалы мына өлеңін әлі де жатқа айтамын. Тыңдаңдар,- деді де Бауыржан ағамыз даңқты курстасының ажал туралы сала құлаш бір өлеңін сатырлатып жатқа оқыды. Біз «аһ» дегенше болған жоқ Бәкең екінші бір курстасының өлеңін бастады. — Пәлен деген ақынды танисыңдар ғой? Бірге оқыдық. Ол да ажалын жырлағанды жақсы көретін,- деді де тағы бір шумақты тарқатып кете барды: — Оларға еліктеп елдің дені өлім жайлы өлең жазатын болды. Өлім болғанда жалпы өлім феномені жайлы емес. Именно өзінің қалай өлетінін тәптіштеп тұрып жазатын. Оларды оқығандар «Осы біздің түгенше өзіне қол салмаса жарар еді» деп алаңдап жүретін,-деп барып бір тоқтады.
Осылайша біздің отырыс жыр-дастанның құдіретінен ақындардың пессимистік өлеңдеріне қарай ауды. Сұхбатты қайта жалғап:
— Неге енді өлеңге жабысып қалдыңыздар? Прозамен неге
шұғылданбайды?-дедім. Ол:
— Проза өнері Фейзбук деген керемет шыққан соң ғой қайтадан модаға
айналғаны. Біздің заманда жазған дүниеңді не журналға не газетке бастыра алмайсың. Республика бойынша әдеби екі журнал бір газет қана шығатын. Бас редактор әңгімеңді өлсе баспайтын. Ол кезде газет-журналдарға кілең марқасқалардың прозасы басылатын. Сондықтан жастар жағы өлеңге үйір болып, ақын болуға тырысатын. Себебі өлең тез таралады, жылдам жатталады. Оңай еске түседі. Сондықтан үлкен курстың студенттері менің талантты достарыма келіп өлеңдерін сынататын. Ол кезде: «Сен ақын емессің!» деген бір ауыз сөз өлім жазасына кескендей сұмдық ауыр естілетін. «Сенен ақын шықпайды. Өлеңді қоя сал» деген пікірді естіген талай жігіт кәдімгідей ішіп кететін.
— Бірақ уақыт өткен сайын баяғы жыр мен қиссаның қуаты сізді
шарапатына бөлеген шығар?
— Оған дау жоқ. Расымен солай болды. Бірақ оны кеш ұқтым. Әсіресе
талантты достарым мезгілсіз өмірден өткенде түпкі негізіме көбірек үңілетін болдым.
— Олар өз ажалымен өлді ме?
— Өз ажалы деп айта алмаймын. Бәрі де мезгілсіз жеткен қаза еді. Өзіне
қол салғандары да болды. Ішіп кеткендері де көп.
— Сіз бұларға ұрынбадыңыз ба?
— Жоқ. Мені аман сақтаған баяғы жыршылар. Кейін заман қалай құбылса
да өзектегі рухани қазына тағдырымды шайқалтпай ұстап қалды. Есейе келе кей достарым «рухани ізденеміз» деп неше түрлі діни топтарға кіріп кетті. Жұрт жаппай дүмше дінге бет бұрғанда да жырдан қаланған дүр-гауһар фундементім надандыққа жібермей құтқарып қалды. Жыр мен қиссаның рухани сәулесі бейне бір биіктегі МАЯКТАЙ адастырмай осы күнге жеткізді. Соның қадірін елуге тақағанда енді түсініп жатырмыз. Сондықтан Фб-да айтып жүрген қиссаларыңның ешқайсысы да маған жаңалық емес. Оларды 80-ші жылдары құлаққа құйып, көкірекке түйген едім. Енді солар жаңғырып жатыр.
— Қазір туған жерде жыраулар қалды ма?
— Әй, қалмаған шығар.
— Неге?
— СССР тараған соң ол жақтағы қазақтар Қазақстанның әр аймағына
көшіп кетті. Табиғи жолмен қалыптасып, жайнап тұрған тамаша дәстүрдің тігісі сөгіліп, басқа арнаға ауды. Осылайша жыраулар мектебі өлді десе де болады,-деп ақын ағамыз бір тоқтады.
Бұдан соң Бауыржан аға нағыз абыз жыршыдан жастардың қалай бата алғаны жайлы да неше түрлі қызық дерек айтып танымның көкжиегін кеңітті. Бұл сұхбат таңға дейін жалғасар ма еді, кім білсін, егер «Бүгін газет шығатын түн. Басы-қасында өзіңіз болыңыз» деп жұмысынан шақырып алмағанда.
Бұл сұхбаттың әсері бізді неше түрлі ойға жетеледі. Совет Өкіметінің қайталанбас қазақ мәдениетін қалай жойғанын жұлын-жүйкеңмен сезінесің. Елдің де қазіргі рухани күйреуінің түпкі себебін түсінесің. Бәрін айт та бірін айт, 90-шы жылдардың өзінде жарқырап көрінген дарынды жастардың не үшін отпен ойнап, өлім туралы өлең жазып, не үшін өмірден ерте кеткенін де ұғасың. СССР кезінде психология ғылымының үшінші мектебі саналатын ЛОГОТЕРАПИЯНЫ коммунист көсемдер елге кіргізбеген. Оның негізін қалаушы Виктор Франкл СССР-ге «Перестройка» кезінде 1989 жылы Мәскеуге бір-ақ рет келген. Логотерапия экзистенциялық бағыттың позитивті саласы саналады. Ол оптимистік бағытта ғана дамиды. Торығу, жалығу деген сияқты сезімдердің семіруіне жол бермейді. Өзіне қол салуға түбегейлі қарсы. «Әуелі өміріңнен МӘН тап, содан кейін өлерсің» немесе «Қалай өлуді меңгерген адам: мәңгі бақи өле алмайды!» деген ұранды ұстын етіп алған. Өмірдің әр минуты мен секундын тиімді пайдалану туралы мың миллион дәлелі және бар. Логотерапия «Өмірдің мәні не? Өлімнің мәні не? Жастық шақтың мәні не? Тұлға болудың мәні не? Қарттықтың мәні не?» деп тіршіліктің әр кезеңін жіліктеп тұрып талдайды. Бұл ілімнің философиясын сіңірген таланттар өліммен ойнамайды. Жауапкершілік арқалап, тіршіліктің әр минутында сақ тұрып, сергек жүреді. Өмірді жырлауға құштар болады. Виктор Франкл «Тіршіліктің Мәні не?» деген сұраққа былай да жауап берген. «Дарынды жанның міндеті — объективті әлемде сыңсып тұрған қисапсыз құндылықты осы дүниеге тасып, оларды материяға айналдырып, бұл әлемді МӘНМЕН көмкеру. Тұрпайы қоғамды мағыналы мәдениетпен зейнеттеу. Өлшеулі ғұмырыңда неғұрлым көп құндылық өндірсең — соғұрлым адами дәрежең ұлық!»
Әттең сол заманда осы ілім болғанда ғой: өмірлерін қор қылған талай талант қазіргі қазақ қоғамын неше түрлі құндылықпен гүл жайнатып қояр ма еді, кім білсін?…

Санжар Керімбай

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню