Басты бет Мақалалар Айтыс өз елінде қашанғы өгей баланың күйін кешпек?
Айтыс өз елінде қашанғы өгей баланың күйін кешпек?

Айтыс өз елінде қашанғы өгей баланың күйін кешпек?

 435 0
 20150812135014

Астана. 8 желтоқсан. BAQ.kz – Қазақтың айтыс өнері Қытайдың республикалық деңгейде қорғалатын мәдени мұраларының қатарында. Сондықтан да, қазақ өнерін қорғау және дамыту үшін Қытай үкіметі жыл сайын миллиардтаған юань бөліп отырады. Осы қолдаудың арқасында Үрімжідегі Мәдениет басқармасы Рухани мұраларды зерттеу орталығында және Күйтің қаласындағы Күйтің педагогикалық институтында Айтыстану ғылыми орталығы жұмыс істеп келе жатыр. Сондай-ақ, Іле педагогикалық институты мен Күйтің педагогикалық институтында айтыскер мамандығы ашылып, ақындар тәрбиеленуде. Қытайдағы қазақ зерттеушілері тарапынан жеті томдық «Қазақ айтысының жинағы» жарық көріп, «Қазақ айтысының тарихы» атты екі томдық монография қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде басылып шықты. Ал, айтыстың отаны болған Қазақ елінде жауһар жыр өнері қаншалықты деңгейде зерттеліп, зерделеніп жүр? Осы сұрақ төңірегінде бүгін «Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығында өткен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының қорытындысына арналған брифингке қатысуға келген ақын Жүрсін Ерман өз ойымен бөлісті.  

«Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мырзатай Жолдасбеков ректор болып тұрған кезде айтыскер ақындарды дайындайтын бөлім ашылып, 5 бала оқып шықты. Ал қазір А.Мұсақожаева басқаратын Қазақ ұлттық өнер университетінде былтырдан бастап осындай бөлім ашылып, онда 4-5 бала оқып жатыр»,-деген ақын Ж.Ерман елімізде айтыс өнерінің ғылыми тұрғыдағы зерттелуіне тоқталды.

«Былтыр Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қызылорда және Жамбыл облысында айтыс туралы ғылыми-практикалық конференция өткізіп, айтыс өнерін зерттеп жүрген ғалымдардың басын қосқанбыз. Сондай-ақ, сол кезде Астана, Алматы, Өскемен, Тараз және Қызылорда қалаларында шеберлік сыныптарын өткіздік. Мемлекеттік деңгейде ресми зерттеу жүргізіліп жатпаса да айтыстың төңірегінде ізденіп жүрген адамдар баршылық. Айтыстың әр саласынан айтыскерлердің өздері кандидаттық диссертация қорғады. ЖОО-ның қазақ тілі мен әдебиеті факультеттерінде жыл сайын осы тақырып бойынша зерттеу жүргізіліп, диплом жұмыстары қорғалады. Бірақ, айтыс жетілсін дейтін болсақ ғылыми тұрғыда зерттеп, жинақтап заманауи технологияның күшімен төл өнерімізді бұдан да жоғары биіктерге көтеруге болады. Біз «Қазақтың айтыскер ақындары» деген бір кітап шығардық. Егер қолдау болса үш ай сайын «Айтыс» деген альманақ шығаруды жоспарлап отырмыз. Онда барлық айтыс жайлы зерттеулерді, айтыстың мәтіндерін жариялап отырсақ дейміз. Бұдан бөлек, жақында «Ана тілі» газетімен келісімге келіп, газет бетінде апта сайын бір жұп ақынның айтысын жариялап отыратын болдық»,-деді.

                       

Майгүл СҰЛТАН

         baq.kz

                                                                                                                   

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *