Алтыншы түс

18175552_1295335160573418_877447881_o

«Жет!» дегенде Жаппарқұлда жан бар ма? «Рухани жаңғырыңдар» деп жарлық түскен соң Түркістанға бет түзедік. Жолай Арыстан бабқа түнеп, Яссауиге табан тіредік. Әзірет Сұлтанның басына Құран оқып, дұға бағыштадым. Кешке дүрбені аралап, видеоқисса жаздық. Күндіз студенттерге Логотерапия таныстырдық. Қасымдағы серігім екі тәулік кітапханадан Яссауи жайлы түрлі аңыз-әпсана жинады. Бірі бірінен өткен қызық. Оқыған сайын ой-санаң орта ғасырдың рухани әлеміне бата түседі. Үшінші күні көне шаһардан Астанаға ат басын бұрдық. Бірақ пойыз уақыты өте ыңғайсыз. Таңғы бесте тоқтайды. Он минутта жүріп кетеді. Сағат 4:30-да вокзалда болу керек. Амал жоқ, түнді ұйқысыз өткеруге мәжбүрміз. Жігіттер: «Ақыры ұйқы жоқ. Одан да төртке дейін кафеде әңгіме соғайық» деді. Солай еттік. Уақыты келгенде перроннан табылып, пойызға міндік. Билеттер тексеріліп, төсек орын алынды. Бәрін жайғап біткенде ұйқы да қысып бастады. Ақ төсекке құладым да қор еттім.

Ұйықтап жатып түс көрдім, түсімде ғажап іс көрдім. Пойыз бір стансаға тоқтады. «Бұл қай жер?» деп мойынды созып қараймын. Вокзалдың шекесіне «АРЫС» деп жазыпты. Жолаушылар вагонын іздеп жүгіріп жүр. Біздің вагонға екі кісі мінгелі жатыр. Бірі еуропаша киінген, әшки таққан, егде жаста. Түрінен оқымысты екенін болжау оңай. Қасында қазақ қариясы бар. Қолында аса таяқ. Басында сәлде. Сақал-мұрты күмістей әппақ. Әшки таққаны жалпаңдап қарияға қызмет етіп жүгіріп жүр. Абызды қолтығынан демеп, вагонға баппен кіргізіп, барынша жағдай жасап әлек. Ішімнен «Құдая тоба, ғалымдар мен молдалар қашаннан бірге жүретін болған? Қария  сопылардың піріне ұқсайды екен?» дедім де жастыққа бас қойдым. Вагон дәлізінде дүбірлеген жүрістер мен дабырлаған дыбыстар. «Ахмет ата, біздің купе осы. Қазір, есікті ашам» деп купемнің есігін жұлқылап жатты. «Өздері ашып кірер» дедім де ұйықтаған боп жата бердім. Сөйткенше болған жоқ, есік «сыр-р-р» етіп ашылды да екі кісі кіріп келді. Әшки таққаны:

— Ахмет ата, сіздің орын төменде. Мен жастаумын ғой. Үстінде жата берем, -деді.

— Әй, сен де алпысты алқымдадың, үстіге шығу қиын емес пе? – деді қария.

— Жо-жоқ. Алпысқа келсем де альпинизммен айналысқан атлетпін ғой, — дейді жастауы.

— Мына төменде жатқан бала кім? Оятып орнын сұрасайшы. Жас жігітке ұқсайды. Орын ауыстырсын, — деді қарт.

— Бұл зікірші Шәнжархан ғой. Түркістанға зиярат жасап келе жатқан беті. Әбден шаршапты. Оятпайық, демалсын, — деді кішісі. Мен ішімнен «Мыналар кім мені танитын? Зікірші екенімді қайдан біледі?» деп таңғалып жатырмын. Қария:

— Дәруіш Шәнжархан ба? Ол неге ұйықтап жатыр? – деп кейігендей болды.

— Енді жол азабы, көр азабы деген ғой. Шаршаған шығар, — деп кішісі жақтап жатыр. Қария оған тоқтаған жоқ:

— Әй, Шәнжархан, тұр орныңнан. Есің дұрыс па? Сахар уақытында не жатыс? Зікірші қазақ ала таңды «ҺУ, ҺУ, ҺУ» деп  атыру керек, – деді ренжіген райда. Басымды ақырын көтеріп, светті жақтым да:

— Сіздер кімсіздер? Мені қайдан танисыздар? — дедім. Көзілдірік кигені:

— Мені танымадың ба? Виктор Франкл атаңмын ғой, — деді. Сонда ғана таныдым.

— Ой, Франкл көке, қайдан жүрсіз? – деп, ұшып тұрып амандастым. Жалпылдап жағдай сұрасып мәре-сәре болдық та қалдық. Сәлде ораған абыз бізге мейірлене қарап қапты. Франкл:

— Шәнжархан, Яссауи бабаңды таныдың ба? – деді.

— Жоқ. Бірінші рет көріп тұрмын, — дегенім сол еді екеуі де кеңкілдеп күліп жіберді. Қария:

— Венадағы еврей атасын таниды. Түркістандағы бабасын танымайды. Ақырзаманның белгісі ме, не бұл, ә, Прәңкілжан? – деді. Франкл:

— Айтпаңыз, Шәнжархан үшін ұялып отырмын, — деді де маған қарап:

— Шәнжархан, бұл құтып дәрежесіндегі ұлық әулие, түркі баласының рухани ұстазы, машайықтар пірі – Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи бабаң ғой! — деп қойып қалды. Сол кезде басымнан біреу балғамен ұрғандай сілейдім де қалдым. Қария болса:

— Жә, Прәңкілжан, олай деп атымды тым ұлықтама. Кісіні тірідей өлтіремін десең көзінше мақта деген. «Ұлық, әулие, анау, мынау» деген мақтау сөзді қайтесің. Біз бар болғаны Құдайдың қарабет құлымыз. Тіршілігімізде де, өлген соң да «қайтсек Тәңірдің дидарын көреміз?» деп Жаратушының дәргейінде жылап жүрген жүрген пақырмыз. Жәй ғана «Яссауи бабаң» десең таниды ғой. Сондай сауатсыз емес шығар біздің бала, — деді. Франкл болса:

— Кешіріңіз Ахмет ата, біздің тіл солай үйренген. Басқаша айтсақ әдепсіздік танытқандай ыңғайсыз күйге түсеміз, — деп ақталып жатыр. Мен сасып қалып:

— Яссауи баба, сіз қайдан жүрсіз? Қайда шықтыңыздар? — деппін. Бабам:

— Кеше қабіріме келіп зиярат еттің. Алдымен ұстазым Арыстан бабтың басына түнеп, құрмет көрсетіп, сосын маған келдің. Мен жайлы қисса, аңыздарды жинап тердің. Оны халыққа насихаттаймын деп екі тәулік жүгірдің. Қабіріме Құран оқып, Тәңірден ел-жұрттың амандығын тіледің. Сол еңбегіңе көңілім хош болып, түсіңе еніп отырмын. Бұл да Жаратқан Иемнің әділдігінен. Еткен еңбегіңе сай шарапат та болады. Сондықтан бұл отырысты «жәй түс» деп жеңіл қабылдама. Бұл да бір шарапат, бұ да бір ғанибет! Солай ма, Прәңкілжан, — деп Франклға қарады. Ол:

— Иә, тақсыр, рас айтасыз. Бұл бір ғанибет, — деді. Яссауи баба:

— Біз баяғыда мұндай отырысты «Рухани сұхбат», «Пейіштің бақшасы», «Хақ сыпырасы» деуші едік. Рухани дастарқаннан дәм татқан дәруіштің екі дүниеде арманы болмаушы еді. Екі сағатта көңілі кірден тазарып, жүрегі аршылған жұмыртқадай жарқырап шыға келетін. Уа, дариға-ай десейші. Қазір сол ұрпақтың бірі жоқ. Бос сөз, бос күлкі бәріне үстем болды. Прәңкілжан, сондай сырлы сұхбатты логотерапияда не дейсіңдер? – деді.

— «Экзистенциялық коммуникация»  дейміз. Мағынасы ұқсас. Техника дәуірі хабар алмасуды миға симайтын деңгейге көтерді. Жұрт үйінде жатып әлемнің арғы бетінде не боп, не қойғанын интернеттен тамашалай алады. Бірақ соның бәрі ақжүрек адамның шәй басында жолдасымен рухани әңгіме-дүкен құрғанына жетпейді. Техника ғасыры қалай дамыса да: жанды сұхбат  – жандағы жараның жалғыз дауасы боп қала бермек.

— Әлбетте, солай. Мүбәрәк пайғамбарым «екі тойым қабат, екі дүнием абат болсын десеңдер: дәруіштің сұхбатына жиі бар» деген өсиетті үмбетіне бостан бос қалдырған жоқ қой. Біздің дәуірдегі дәруіштер зікірді өте-мөте көп айтатын. Айтпақшы, Прәңкілжан, осы сендер зікір айтасыңдар ма?

— Бізде оны медитация дейміз. Дәл сіздің зікірдей құдіретті емес, әрине. Дегенмен мәні ұқсас. Жүйкеге салмақ салған барлық уайым мен қайғыны жүректен шығарып, табиғатта үнсіз отырады. Ұстанған дініне сәйкес білетін дұғасын оқып, Жаратқанға жалбарынады. Осылайша көңілін жұбатады.

— А, жөн, жөн. Жүректері тыныштық тауып, милары тынықса болғаны да. Тәңірім Құранда «Әй, момындар Тәңірдің зікірімен жүректер тыныштық табады. Бұған жеңіл қарамаңдар. Таңда да, кешке де Тәңірді үзбей мадақтаңдар» деген соң бүкіл ғұмыр мен күш қайратты осы аяттың амалына жұмылдырдым. Жаббар Хақтың өзі де рас, сөзі де рас! Басқа жұрт қайғыдан қан жұтып жүргенде біздің жүрек зікірден соң тойған қозыдай болушы еді.

— Иә, дұрыс айтасыз. Біздің логотерапияда сондай қайғышыл адамды невротик дейді. Жүрегі уайымға толған пенде неврозға ұшырайды. Өмірден Мән таппай аласұрады. Не үшін туылып, не үшін жүргенін, өлімнен соң не күтіп тұрғанын түсіне алмай уайымға салынады. Өмірден Мән тапқанда жүректері жұбанып, мамыражай күйге енеді.

— Біздің дәуірде хәл іліміне қызықпай, дүниенің қызыл-жасылына алданып, жастығын ұрлатып, хикметтен мақұрым қалғандарды «қуыс кеуде» дейтін. Ондай жанның өмірі өлімге, өлімі өкінішке тең еді. «Үн болмаса, гүл болмаса – бұлбұл деген бір сұр құс. Ар болмаса, ой болмаса – кеуде деген бір қуыс» деген тәмсіл бекер айтылды дейсің бе? Ондай пақырларды кездестірген де шығарсың, Прәңкілжан?

— Логотерапияда ондайды вакумге құлаған пациент дейміз. Құлазыған көңіл күйді «экзистенция вакумы» деп атадық. Мәнді істен қашып, бос сөз бен мағынасыз шаруаға шатылып, қуыс кеуделікке ұрынғандар жер-көкке симай тыпыршиды. Неврозы асқынса өзіне қол салуға дейін барады. Оны «суицид» деп айтады.

— Құдай сақтасын. Біздің заманда ондай бәле атымен болмаған. Өмір шіркін қалай шиленіскен, иә! Жүрекке сақ болмасаң өмірден опық жеуің демде. Әй, қой, өзіміздің әңгімені соға бермей, мына Шәнжарханның жайына оралайық. Білгісі келгенін сұрасын. Бұл отырыс та мәңгілік емес. Қолда барда қадіріне жетелік.

— А, иә, әлбетте. Қиссашы қазақ та сұхбатты жақсы көреді. Ал, Шәнжархан, бабаң күнде түсіңе ене бермейді. Бұ кісінің дәрежесі өте ұлық. Назары түскен ұрпағына ғана шарапатын тигізеді. Сондықтан қысылмай Хақ сыпырасынан үлес ал, — деді Франкл жігерлендіріп. Мен:

— Ахмет ата, құрманы осы Арыстан бабтан алғаныңыз рас па? Шынымен де көкірек көзіңіз құрманы жеген соң ашылды ма? — дедім.

— Әлбетте, ол аманатты мүбәрәк пайғамбарым берген. Арыстан бабам жеткізді. Бір күні Сайрамдағы медреседен дәріс алып келе жатқам. Ақсу өзенінің жанында бір ақсақал намазға дәрет алып, жуынып отыр екен. Ұзақ сапар шеккені тозған шапаны мен мүжілген торсығынан көрініп тұр. Темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей. Мені көрді де қадалып қарады. Мен де бір ғажапты сезгендей амандаспақ үшін жақындай бердім. Келдім де  «Армысыз, ата!» дедім. «Көп жаса қарағым! Атың кім!» деді. «Ахмет» дедім. Сол сәтте «Аманат құрмаң келді. Сұра!» деген жүректен нық дауыс естілді құлағыма. «Ата, аманатымды беріңіз» дедім. Ол да тергеп жатпады. «Аш аузыңды. Атың Ахмет екен. Енді кеудең толған хикмет болсын!» деді де  ұртына жасырған құрманы алып, таңдайыма тастады. Сол кезде дүние дөңгелеп сала берді. Тас төбем тесіліп, бейне бір Тәңірдің нұры тұла бойыма құйылғандай күй кештім. Сиқырлы сезімге мас болып, құрманы қылғытып салдым. Сүйегі кеуде тұсымнан сызып өткенде көкірек көзім ашылды.

— Жүрек көзі ашылғанда не көрдіңіз?

— Е-е, балам! Жүректің түбінде хикмет бұлағы бар. Сол қайнардан інжу-маржан ойлар ағып шығады. Дүниеқоңыз адамда бұл бұлақ үнемі бітеу жатады. Ондайды көрсоқыр надан дейді. Әне сол құрманың шарапатымен бұлақ көзі ашылғанда иләһи әлемдегі меруерт ойлар бұрқ етіп тіліме ағылсын әлгі жерде. Шарап ішкен маскүнемдей естен бір сәт айрылдым. Есімді жисам Арыстан бабам ренжігендей қарап тұр. «Әй, балам мұның не сенің?» деді кейіген болып. Жаным қалмай: «Ойбай ата, не бүлдірдім?» дедім. «Аманатты 400 жыл ұртымда сақтап жеткіздім. Ең болмаса «Ауыз тиіңіз» демедің. Менің де еңбегім бар шығар? Құрманың дәмін татсақ болмас па еді?» деді. Сасқанымнан: «Ата онсыз да 400 жыл ұртыңызда әбден сорып, сөлі мен нәрін алыпсыз. Маған сүйегі мен қабығы қалыпты» дедім. «Жарайсың, сөз тапқанға қолқа жоқ» деді Арыстан бабам. Сосын жұбатпақ болып «Ата, назыңыз орынды. Айып менен. Ендеше былай болсын. Кейінгі ұрпақ әуелі сізге барып түнесін. Сосын маған келіп, Тәңірден тілек тілесін» дедім. Бабам «Дегенің болсын, әумин!» деп бетін сипады. Әне содан бастап, Ұлы далада зияраттың осындай өзіндік тәртібі қалыптасты. Арыстан бабам қанша дегенмен мүбәрак пайғамбарымның көзін көрген көнекөз сахаба ғой. Маған жеті жыл ұстаз болып, діннің барлық асылы мен Құранның сырларын үйретті. Осылайша рухани жаңғырдым.

— Яссауи ата, рухани жаңғыру демекші қазір елде  «Рухани жаңғыру» деген науқан басталды. Құдай қаласа Ұлы Дала тағы да рухани түлейтін шығар? Бұл жолы анау-мынау емес Елбасының өзі берді жарлықты. Оның үстіне Құдайға шүкір, қазір мешітке баратын жастар күн санап көбеюде. Арақ ішетіндер азайып, намаз оқитындар артты, — дедім мақтанышпен. Шыны керек Әзірет Сұлтаннан мақтау сөз бен «бәрекелді!» қолпаш күткем… Керісінше, ол жабығып, үнсіз түнерді. Виктор Франкл да бабаның қабағын бағып үнсіз қалды. Бір нәрсе бүлдірген балаша қипақтап қысыла бастадым. Яссауи бабам тамағын бір кернеп алды да:

— Шәнжархан, мұнда бір мәселе бар. Патшаның жарлығымен қоғам рухани жаңғырмайды. Мешітке жаппай ағылумен де ел-жұрт рухани түлемейді. Қарилар Құранды жатқа соқса да ештеңе өзгермейді. Намаз да негізгі түйінді шешпейді, — деді.

— Сонда не шешеді? Тек зікір айту шеше ме? – дедім.

— Ол да мәселені шешпейді. Өмірдің қиындығын «Топырақ сипат» ғана шешеді!!! – деді бабам.

— Ол не сипат?

— Ол енді былай. Тәңірім АДАМ атаны неден жаратты?

— Топырақтан.

—  Дұрыс! Енді бері қара. Тәңірдің әр ісі хикметпен жасалады. ОНЫҢ әр бірінде терең МӘН жатады. Адамды не үшін топырақтан жасады? Сен ана «Пейсбук» деген кереметтің ішінде «Адамның топырақтан жаралу қиссасы» деп пост жазып, қисса айтушы едің. Соны еске салып, тағы бір қысқадан қайырып жіберші, — деді.

— Кешіріңіз, сіз ФЕЙСБУКТЫ қайдан білесіз? Менің парақшамды қарап отырасыз ба? – дедім аузым ашылып. Әзірет Сұлтан Франклға қарап күлді де:

— Мына, шүңірек көз Шәнжархан, бізді дым білмес біреу санайды. «Яссауи бабам орта ғасырда өлді. Сол заманның түсінігімен кетті. Біздің дәуірді ұқпайды» деп ойлайды ғой деймін, — деді. Оның сөзіне мәз болып күліп отырған Франкл:

— Енді трансцендентті әлемнен бейхабар халық қой. Бұлар Интернет шыққалы «әлемнің күллі құпиясын аштық. Керек десең осымен ана дүниенің анығын көзбен көреміз» деп қиялдайды, — деді. Яссауи бабам:

— Балам, бері қара. Ғылыми жаңалықтарың бір заманда АДАМ атаның белінде болған қарапайым нығметтер ғой. Ана білгіш Гуглың, сампылдаған Скайпың, зыңылдаған Уатсапың, зырылдаған Пейсбукың, жарқыраған Инстаграмың бәрі-бәрі пейіште болған нығметтер. Адам ата мен Хауа ана оларды сол заманда армансыз қолданған. Қос ғашық жәннатта кез келген мезетте бір бірінің бейнесін көріп сөйлесетін. Қалаған уақытында жұмақтың кез келген жеріне жалғанып, көңілі соққан періште, ғилмандармен араласып-құраласып жүретін. Адам ата керек десең Тәңірсімен тікелей тілдесетін. Кейін жерге қуылған соң бәрі адыра қалды. Бірақ белінде кереметтің негізі кеткендіктен, қазіргі ұрпағы соларды ғылыми жаңалық етіп ашады. Сендерге интернет керемет дамыған сияқты көрінетін шығар. Біз үшін оларың әлі де  мешеу қалған байланыс құралындай көрінеді. Солай ма, Прәңкілжан? — деп бір тоқтады. Виктор Франкл:

— Иә, дәл солай. Бұрын барлық субъекті мен объекті біртұтас болды ғой. Адам ата тыйым салынған ағашты жеп жазалы болған соң бүкіл нығмет пен объектілер бір-бірінен ажырап кеңістікке шашылып кетті. Қазіргі адамзат соларды ғылымның күшімен қайта жинап, ермек етіп жүр, — деді. Ахмет ата:

— Жарайды, бұл әңгімені доғарайық. Шәнжарханның миы айналып, иманы солқылдап кетті. Кейін өлген соң өзі келіп көрер бұ жақтың қызығын. Одан да қиссаға оралайық, — деді. Мен Тәңірдің Адамды топырақтан жарату қиссасын айтып бердім. Олар екеуі де:

— Паһ, шіркін! Неткен керемет қисса! Неткен хикмет! Неткен ғибрат! Бақытты өмір сүремін деген адамға осыдан артық қандай таным керек, — деп әсерден айыға алмай біраз отырды.  Бір кезде Яссауи бабам:

— Көрдің бе, Шәнжархан, момын болу – топырақ сипат болу!  «Мен мұсылманмын» деген пенде ел-жұртына Қара Жердей қызмет қылсын. Оны кәпір басып өте ме, мұсылман таптай ма, әлде христиан мен яһудей жүре ме ода ісі болмауы керек. Ол адамзаттың қызметіне жарағаны үшін риза болуға міндетті. Және еткен еңбегін міндет қылмасын!

— Бұл философияны «топырақ қиссасынан» жасап шықтыңыз ба?

— Тек ол емес. Мүбәрік пайғамбарым «Өлместен бұрын өліңдер» деп өсиет етті.

— Осыны неше рет оқысам да ұқпай-ақ қойдым. Не ол «өлместен бұрын өл» деген?

— Ол былай. Бір адам өлді делік. Мүрдесін қалай қорласа да одан қарсылық болмайды. Мәйіт сіресіп жата береді. Өзін қорлаған адамды қарғап, сілеп, онымен салғыласып жатпайды. Момын да солай. Кібір мінезі өлу керек. Яғни надандыққа ұрынған халық сен туралы не десе де, бейне бір өліктей үнсіз халыққа қызмет етесің. «Ә» дегенге «мә» деп жүре алмайсың. Қазір байқаймын сендер болмашы сынды көтере алмайтын күйге жетіпсіңдер. Парыз, сүндет, уәжіп, мұстақап амалдарын мүлт жібермейтін тақуаңның өзі елмен салғыласып ұрысқанда алдына жан салмайды. Сосын ондай жерде дін не бітірсін? Айтпақшы, Прәңкілжан, топырақ сипат табуды сендер не дейсіңдер? — деді.

— Дерефлекция дейміз. Яғни есі дұрыс АДАМ елдің өсегін елемейді. Халыққа ұсынатын құндылықты көздеп, басқаға көрінбей өмір сүреді. Жатса тұрса «Қайтсем қоғамға мағыналы құндылық беремін?» деп басы қатады. Дұрыс па Яссауи баба, менікі?

— Жөн-жөн. Ақылды адам елдің аузын бағумен күнелтпейді. Сенде бір адамзаттың бағына туған баласың ғой, — деп мақтап қойды.

— «Дарияның жанынан құдық қазба» деген. Сіз отырған жерде көсемсіп сөйлеуге Құдайдан ұяламыз, — деді Франкл.

— Көрдің бе, Шәнжархан Франкл көкең атағы жер жарса да топырақ болып көрінбеуге тырысады, — Яссауи бабам. Осы кезде есікті біреу тоқылдатты. Сосын әдеппен сәлем етіп, жолсерік келіншек кірді.

— Әзірет баба, не жеп, не ішесіздер? – деді әсем әуезбен.

— Маған бір кесе зікірдің суын әкел, Франкл өзінің логосын ішеді, — деді. Жолсерік маған қарап:

— Қиссагер сіз не ішесіз? – деді.

—  Маған да зікірдің суын әкел, — дегенім сол еді, Яссауи бабам:

— Тәйт әрі, оны нағыз дәруіштер ішеді. Айында, аптасында жарты сағат зікірді зорға саласың жалқауланып. Сахарда өлік құсап ұйықтайсың. Тақуалыққа салақсың. Басыңнан сөз асырмайсың. Біреу мақтаса көңілің асқақтап кетеді. Сынап-мінесе өштесесің. «Тек сенің сөзің шын». Жүрегің толған мін. Сөйте тұра хас тақуа дәруіштей зікірдің «суын ішем» деу қайдан шыққан тәкаппарлық? – деп тыйып тастады. Мен қып-қызыл болып отырып қалдым. Яссауи бабам:

— Көрдің бе, мініңді айтып едім қызарып кеттің. Бетіңді дызылдатқан нәпсі оты сөнген күні сен де топырақ сипат мұсылманға айналасың. Одан бері момындар ауылы саған алыс болып қала бермек, — деді де жолсерікке қарап:

— Бұл балаға алманың қышқылы мен араның балы қосылған қара су әкел. Араның балы мың бір ауруға шипа. Құдай Құранда «Раббың бал арасына «тау мен тастың арасынан үй сал. Гүл мен шөптің нәрін ал. Менің жолымнан тайма. Әй, адам ұрпағы, араның қарнынан түрлі-түсті бал шығады. Әселдің құрамында дәрі бар. Мың бір дертіңе шипа. Терең ойланатын қауым үшін араның өзі мен балында хикмет толып тұр!» деген. Ал алманың қышқылы ас қорыту жүйесін реттейді, — деді. Жолсерік:

— Мақұл, жан баба. Қазір дайындаймын. Ресейде шыққан Алма қышқылын араластырсам бола бере ме? — деді. Яссауи бабам:

— Әй, қызым, сен де әлі көп шикісің. Ресейдің өнімін пайдаланып сендерге не көрінді? Өзіміздің Талғарда шығатын Алма қышқылын қос, — деді.

— Мақұл, ал бал ше? Қай жақтың балын қосайын?

— Қатон-Қарағайдың балын қос. Әлемде Өскеменнің балына жететін бал жоқ.

— Жарайды, қазір дайын қыламын, — деді де келіншек шығып кетті. Франкл атам:

— Ал, Шәнжархан, тағы не білгің келеді? – деді.

— Яссауи баба, сіз неге «Диуани Хикметті» түркі тілінде жаздыңыз? Ол кезде елдің бәрі тек араб тілінде еді ғой…

— Себебі ол заманда түркі даласында үркердей топ қана арабша сауат ашты да, мал баққан бұқара халық сауатсыз болып қалды. Ал көшпелі тайпалар медресе аша алмай қиналды. Құранның сәулесін солардың жүрегіне қондыруды өзіме міндет санадым. Түркі нәсілінің алдында жауапкершілік арқаладым.

— Хикметтерді түркі тілінде жазуға қалайша батылыңыз барды? Біздің заманның ғұламалары «арабша білмесең шатасасың, адасып кетесің» деп қорқады.

— Құран тілі араб тілі емес, мән-мағына, хикмет тілі. Егер араб тілін білген адам Құранды еркін түсінеді десең, онда Әбу Жаһил мен Әбу Лаһаб не үшін мүбәрәк пайғамбармен соғысып жүр? Арабша оқып түсіне қоймады ма? Өзінің ана тілінде түскен Құранды ұға алмаған күйі надан болып кетті. Сондықтан мен жұртыма арабтың тілін емес, Құранның хикметін сіңірдім. Ал хикмет ілімі кібірліктен бас тартқан кез келген момынның жүрегіне дариды.

— Сол заманда сізге «түркі тілінде дін таратты», «дінді бұзды» деп тиіскендер болды ма?

— Е, оның несін сұрайсың, балам-ау. Жүз жыл бойы арабы бар, ажамы бар мыңмен жалғыз алыстым ғой. Баба Машын деген Мәуренахрдың ғұламасы келіп қитұрқы сұрақ қойып басымды қатырған. Басында әдеппен, іліммен түсіндіріп көрдім. Сөз ұғатын бала емес. «Менікі ғана дұрыс» деп көкірегін ұрып тұр. «Жақсыға ишара, жаманға не шара?» деген. Алдым да сабап-сабап сабасына түсірдім.

— Неге сабадыңыз?

— Атаң қазақта «Айуанға бас білдірген таяқ» деген жақсы сөз бар. Дәу даудан қорқады. Дау шешеннен қорқады. Шешен мылжыңнан қорқады. Бізді де сондай мыжыңдар шаршатты. Сосын былжыр сөзге бітеу құлақ дейміз де әкесін көзіне көрсетеміз. Дұрыс па, Прәңкілжан? – деді Франклге бұрылып.

— Дұрыс-дұрыс, — деді Франкл.

— Сендер ондай мылжыңдарды не дейсіңдер логотерапияда?

— Шизофреник дейміз. Яғни өзгенің сөзін тыңдамай бәдігін сапыра беретіндерді солай атаймыз. Бізде де бой бермейтін жындыларды орнына қоятын «straitjacket» деген киім бар. Ессіз жындының аяқ-қолын матап тастайтын киімнің бір түрі, — деді Франкл. Яссауи бабам әңгімесін жалғап:

— Бүкіл осы Тұран аймағында «Яссауи әйелді еркекпен тең қарайды», «әйелдерге дәріс өтеді», «зікір алқасында қатын-қалаш та отыра береді», «дастарқан басындағы сұхбатқа араласады» деген әңгіме араб пен парсы жұртында гу-гу жүріп жатты. «Бұл не сұмдық? Қатыннан пайғамбар шықпаған. Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа. Қатын бар жерде кәпір бар. Қатын бастаған көш оңбайды. Байтал шауып бәйге алмайды. Алтын басты әйелден көмір шашты еркек артық» деп сыртымнан сөгіп, надандықпен шұқылап қоймады. Жібек жолынан өткен керуеннің бәрі «Әй Әзірет! Жол бойы қаулаған өсек. Өсектің өртін өзіңіз өшірмесеңіз, енді бізден қайран жоқ. Сізді ақтап ала алмай әбден қиналдық» деп келеді. Сосын «жина ғұлама-шейхтарды» деп Түркістанға шақырдым.

— Келді ме? – дедім.

— Сәлдесі дағарадай, жем жесі бүркіттен аумайтын, Құран мен хадисті жатқа соқса да екі дүниелік арманы хор қызын құшудан әрі аспаған теке сақал, қырма мұрт шариғатты шайып ішкен шейхтары түгел жиналды. Бәрі буаз сиырдай мес қарын болып семіріп алыпты. Қит етсе «біз Құран, хадиспен жүреміз. Әхли Сүннә ул жамағатпыз» деп қоймайды.

— Сосын не болды?

— Бір қыш құмыраны қолыма алдым да ішіне шоқ салдым, шоқтың үстіне бір уыс мақта қойдым. Сөйттім де шейхтардың алдына тастап, жұмбақты шешуді сұрадым. Олар құмыра ішіндегі мақтаның қалай шоққа өртенбей аман тұрғанына таңғалды. Қанша күтсе де  мақта лапылдап жанбады. Бәрі бастарын шайқап «лә иллаһа иллалла, мынадай кереметті бірінші рет көруім» деп таңғалды. Надандау  бір-екеуі «сүф-сүф» деп шоқты үрлеп, мақтаны бықсытпақ болды. Бірақ мақта лаулаған отқа жанбады. Керісінше шоқты тұншықтырып өшіруге айналды. Әбден амалы таусылып, дымы құрыған соң «Әй, түркінің пірі, шешімін өзің айт. Бұ кереметтің хикметі не?» деді.

— Олар кереметті мойындады ма? Мынауың сиқыр деп лақпады ма?

— Олай дей алмайды. Себебі кереметке сену иманның бір бұтағы. Пайғамбарға мұғжиза, әулиеге керемет, кәуірге истидраж берілген. Егер сиқыр десе мұсылманды кәуірге теңеп, өздері діннен шығады. Сондықтан ауыздарын аша алмады.

— Сосын сіз не деп жауап бердіңіз?

— Мен бүй дедім. Уа, қадірлі шейхтер! Бұның хикметі мынау. Мақтаның шоқпен, шоқтың мақтамен ісі жоқ. Әркім өзінің ісімен әуре. Сондықтан неше жерден үрлесең де ортада от жанбайды. Сол сияқты менің алқамда отырған ердің әйелмен, әйелдің ермен ісі жоқ. Сондықтан ортада нәпсінің оты маздамайды. Олар жүрек көзін ашып, Алланың дидарын көруден ғана үмітті. Жүрекке «ДИДАР ТАЛАП» деген иләһи  мақсат орнағанда нәпсі құмары құрыққа түседі. Мақсаты анық, мұраты асыл әйелдер құмарлықты ерттеп мінеді. Ондай әйел заты ер азаматтан артық болады!-деген кезде мен:

— Ал, «қатын бар жерде кәпір бар» деген жаласына не уәж айттыңыз?-дедім. Бабам:

— Оттапсыңдар дедім. «Ат биеден, алып анадан туады», «Жігіттің жақсы болмағы нағашысынан, үйдің жақсы болмағы ағашынан», «Ақылды әйелдің ішінде, алтын айдарлы ұл жатады», «Заман бұзыларда әуелі әйел бұзылады» деген. Мүбәрәк пайғамбарым алғаш уахи алғанда Жебірейілге күмән қылып, адал жары Хадишаның жанынан тығылып, оранып жатып еді. Сонда расулдің сенімін қайрап, дініне тіреу, жанына жалау болған Хадиша анамыз еді. Сондықтан әйелді қорлағанда пайғамбардың ұлық дәрежесін мойындап, ең бірінші мұсылман атанған Хадиша анамызға тілің тиеді, — дедім.

— Ойпырмай оңдырмапсыз-ау, ә? Сол сөздерге шыдап отырды ма ана шейхтер?

— Отырмағанда қайда барады? «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін қабады» деген. Өз сөзі өздеріне жау болды. Тілдерін тістеп, бармақтарын шайнады. Бастары асқабақтай салбырап қалды. Асқабақ десе асқабақ бұ найсаптар. Асқабақ бақшада гәукиіп жатады. Бірақ іші қуыс. Құр қауашақ. Сөйте тұра бәрі шетінен кеудемсоқ. Бидайдың бас көтергені дақылының жоқтығы, жігіттің кеудесін көтергені ақылының жоқтығы.

— Тірідей сойыпсыз-ау?! Әйел затын ұлықтаған сіздей ұстаз жоқ шығар, сірә?!

— Бұл менің еңбегім емес. Ананы ардақтап, әйелді ұлықтап, қызын әлпештеп, келіншегін аялап ұстау көне түркіден жеткен даланың заңы еді. «Еркек елдің иесі, әйел үйдің киесі» деген. Ер Түрік үйде туады, түзде жүріп өледі. Ал, тәрбиемен аналар айналысады. Бесікті солар тербетеді. Бесік жырын айтып, хикметті баланың құлағына құятын солар. Ел болатын жұрт алдымен бесігін түзейді. Сондықтан да мен пайғамбар сүндетімен бірінші әйел баласын мұсылман қыламын. Әйел түзелгенде әлем түзеледі! Мүбәрак пайғамбарым «ғылым іздеу ер мен әйелге парыз» деген. Ал, сендер, найсаптар, қыз-келіншектің бәрін байы өлген жесірдей қара жамылдырып қойдыңдар. Парсының баяғы патшалары құсап әйелге паранжа кигіздіңдер. «Ерге жоласа фитна шығады» деп бөлек қамадыңдар. «Әйел сайтанның тұзағы» деп адал жарды қорладыңдар. Қане содан тапқан имандарың? Қит етсе Құранды сылтау етіп төрт қатын алғаннан басқаны білмейсіңдер. Нағыз ер Хақтың дидарын тілейді, қатын дүниені аңсайды, қызтеке хор қызына құштар деген. Осындай надан мінезді түркі ұлына жұқтырып біттіңдер. Болмаса Ер Түрік атам «Бірінші әйел – шекер, екінші әйел – бекер», «жаман қатын алғанның – жауы үйінде, екі қатын алғанның – дауы үйінде» дейтін. Қатынқұмар мінез менен емес сендерден жұқты. Ер мен әйелді тең көрмей, қыздың намысын төбеге тұтпай сендер бұл надандықтың қара балшығынан өмірі шықпайсыңдар. Осы батқандарың батқан. Сақалыңның ағы бар, балалығың тағы бар дегендей бұл балалық пен шалалық сендерді өркениетке жеткізбес дедім. Қалай айттым, Прәңкіл-жан, сойып салдым ба өздерін, — деді Яссауи бабам мақтанғандай болып.

— Баба сөзіңіздің қатасы жоқ. Асыл ердің артында ақылды әйел тұрады. Мені де «- Кімсің? — Франкл!!!» қылған әйелім Тилли еді. Оған екі дүниеде қарыздармын.

— Көреген екенсіз, баба! Онда содан бері ештеңе өзгермеді. Араб әлемі қараңғылықта әлі отыр. Әйелдерін әліге дейін шариғатпен жазалайды. Әйел затын адамға есептемейді. Арабтың осы танымын жұқтырған түркі баласы бүгінге дейін тоқал темасынан шыға алмай жатыр, -деп өзімше көсіліп жатқам. Сол кезде есік тағы да тоқылдады. Артынша жолсерік әйелдің сұлбасы көрінді.

— Мінекей, баба. Сусындар дайын болды! – деп кеселерді ұсынды.

— Мә, Шәнжархан, мынау сенің бал қосылған суың, — деп қолыма ұстата бергенде пойыз кенеттен кілт тоқтады. Кеседегі су шайқатылып барып, бетіме шашылды. Жолсерік «Ойбай, біссімілла!» деп дауыстап жіберді. Сол кезде селк етіп оянып кеттім. Көргенім түс екен. Бетім шылқыған су. Аузы басыма заварка жабысып қапты. Қасымдағы көрші апа «біссімілла, біссімілла» деп жаны қалмай отыр.

— Апа, не болды? Франкл қайда? – деппін ұйқысұрап.

— Қайдағы Праңкыл? Мына машинсті құрғыр пойыз емес, отын әкеле жатқандай кілт тоқтады. Бестің шәйін ішіп отыр едім, оны да дұрыстап  ішкізбеді. Бәрін төгіп, шашып….

Сол кезде барып бағанығы қызықтың бәрі жәй түс екенін түсіндім. Сүлгіні алдым да бетімдегі шәйдің шәмбісін сүрте бастадым.

Санжар Керімбай

Пікір

  • Керемет жарайсыз.Əңгімеңіз қатты ұнады,алланың нұры жаусын,талантыңыз талабыңыз үстем болсын.

    Аккулова Меруерт 07.06.2017 11:39 Ответить
  • Баракааллаһ Сәке. Аллаһ разы болсын!

    Мади. 10.06.2017 04:54 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню