Үшінші түс | DEGDAR

Үшінші түс

17522748_1942657849353712_6179410614005146121_n

Өткенде қызық болды. Астанадан сенбі күні шығуым керек. 22:13-те пойыз. Астанадағы «Найза» клубының белсенділері «Логотерапияны таныстырыңыз. Сұрақтар бар» деді. Біз де «Келсең кел. Тұрысатын жерді айт» дедік. Айтты. Бардық. Екі жақ ойша біраз тірестік. Ортақ МӘН ашылғанда барып ЛОГОСТЫҢ сәулесі жарқ етті. Сол кезде көңіл жайланып, екі жақ риза боп тарады. Шықтық та вокзалға тарттық. Пойызға зорға үлгердік. Кешкі ас ішкен соң екі нөкерім жайларына кетті. Менің вагонымда адам аз. Купеде бір өзім. Төсегімді салдым да құладым.

Ұйықтап жатып түс көрдім. Түсімде ғажап іс көрдім. Пойыз заулап кеп, Қарағандыға тоқтады. Перронда пойыз келгенін хабарлап жатыр. Жолаушылар апыр-топыр мінді. Бір кезде купенің есігі ашылып, қарт кісі кірді. Жүктерін жайғап әлек. Ұйқылы ояу оны бақылап жатырмын. Қария ыңылдап Мәдидің Қарқаралысын айтып, постельін реттеп жатыр. Ішімнен «Арқаның әні. Демек, Қарқаралының кісісі болды ғой» деп қоям. Уақыт түнгі сағат екі. Қария бірден ұйқыға жатар дегем. Жоқ, олай болмады. Әбден жайғасып алған соң:

— Әй, Шәнжархан, қазақта үш арсыз бар. Тамақ арсыз. Күлкі арсыз. Ұйқы арсыз. Арсыз ұйқыны қайтесің, кел одан да сұхбат құрайық. Өзің білесің мен ЛОГОСЫ жоқ сұхбатқа кірмеймін, — демесі бар ма. «Ойбай, мына кісі мені қайдан таниды? Мені сұхбатқа шақырып тұр ма?» деп тәш-піш боп жатырмын әлгі жерде.

— Қазір тұрмасаң тағы да оянып кетесің. Сұхбат жайына қалады. Тәңірім мені де бұ дунияға көп уақытқа жібермейді. Әруақтың да сапар шегетін қатаң графигі бар, — деді. Соңғы сөзін естігенде шыдап жата алмадым. Атып тұрып, бұрыштағы светті жақтым да түріне үңілдім. О, Құданың құдіреті! Бағанадан бері арқаның қарты дегенім логотерапевт Франкл атам боп шықты.

Оу, Франкл ата, сіз бе? Арқада қайдан жүрсіз? Қарағандыға жәйша келдіңіз бе? – деп сұрақты шұбыртып жатырмын. Шұрқырасып, жағдай сұрасып болған соң ол:

— Арқа деген рахат жер ғой шіркін! Құт та, Кие де, Береке де қатар дарыған дархан дала. Осы бір қайырлы мекеннің шарапатына тоймаймын – деді.

— Сарыарқаға сіздің не қатысыңыз бар? Венада туып өсіп, сол жерде дүние салып, денеңіз сонда жерленген жоқ па? — деймін түк түсінбей.

— Әй, Шәнжархан-ай, көп шикісің әлі. Мен әруақпын. Онтологиялық өлшемде ондай түсінік жоқ. Жерлену деген шартты ритуал ғой. Трансцендентті әлемде Cарыарқаның әншілерімен доспын. Тәңірі оларды аптасына бір рет туған жерін шарлап қайтуға рұқсат етеді. Олар ұрпақтарынан Құран дәметеді. Сол кезде мен де оларға ілесем.

— Олары кім?

— Ақан сері, Біржан сал, Мәди, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Естай, Жаяу Мұса обшым айта берсе көп қой, — деді.

Сізге де Құраннан шарапат тие ме? Сіз мұсылман емессіз ғой? — дедім.

— Оның құпиясы айтылмайды. Кейін өлген соң өзің көресің.

— Неге айта салмайсыз?

— Себебі, әруақтар әлеміндегі жұмбақтар қияметке дейін сыр боп сақталады. Тәртібі солай. Тәңірім ғайыптың пердесін түрсе, Жердегі тіршілікте қызық қалмайды. Құпия сендерді қызықтырып, трансцендентті әлемге еліттіріп тұруы тиіс. Құмарлық адамды іштен итерсе, МӘН адамды трансцендентті әлемнен магнит сияқты өзіне тартады. Сондықтан бұ жақтың құпиясы тірілерге толық ашылмайды.

— Сіз жаңа әруақтар Құран дәметеді дедіңіз ғой?

— Иә, ол рас. Оның өзі жұмбақ. Яғни Құранның шарапаты әруақты қалай шаттыққа бөлейтіні сендер үшін белгісіз. Марқұмға Құран оқып, дұға бағыштайтын дәстүрден жаңылмасын деп қана айтып отырмын. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» деген. Маған осы азаматтардың шарапатының өзі жетіп жатыр.

— Не үшін арқаның әншілерімен бірге жүресіз? Басқа да көп қой ол топырақта өткен хазірет, ишан, әулие деген сияқты зиялы жұрт.

— Білем. Жәй осы жолы әншілермен бірге шықтым.

— Неге?

— Себебі, «Сезім құндылығы» деген теорияны ұсындым ғой тірімде.

А, иә, хабарым бар.

Хабарың болса да айтайын. Музыка – кеудені Мәнге толтыратын зор құндылық! Ән-күйді тыңдаған сайын жаның рақатқа бата түседі. Көзім тірімде Австрияда тұрғандықтан арқаның ғажайып әндерін тыңдай алмадым. Жігіт күнімде «Әміре деген бір қазақ Парижде ән салып, біраз жұртты тамсандырып кетіпті» деген дақпыртты ғана есіттік. Содан амал жоқ Венаның симфониялы оркестрін қанағат тұттым. СССР-дің жабық саясаты Қазақстанға баруға мүмкіндік бермеді. Өлген соң ғана оларды трансцендентті әлемде танып білдік. Әсіресе Естайдың «Қорланын» тыңдаған сайын Освенцумда қаза тапқан бірінші әйелім Тилли есіме түсіп аза бойым қаза болады. Кейде Естайды ұстап алып «Әй, Естай сол әннің авторлығын маған сатсай» деп әзілдеймін. Ол да бәле ғой: «Тиллиге шын ғашық болсаң өзің неге бір ән арнамадың? «Махаббаттың Мәні» деп кітап жазғанда бәледейсің» деп маған мат қояды, — дегенде екеуміз де күліп жібердік. Мен:

— Сонда арқаның әншілерін сол үшін ғана ұлықтап жүрсіз бе?

Тек ол үшін емес.

Тағы не үшін?

Бұларда «Ар-ұят» феномені күшті болатын. Осынша ән-күй қалдырса да атақ пен даңқ дәметпеген. Бір шетінен сол үшін қатты құрметтеймін.

— Оны қайдан білдіңіз?

— Білетін түгі жоқ. Әндерінде трансцендентті мазмұн бар. Яғни ғайып әлемнен төгіліп түскен саф шығармашылық.

Қазір де бар ғой музыка өнері. Әлі де әндер айтылып жатыр.

— Шанжархан, бері қара. Түпсанада рухтың «Өнер Ожданы» деген түйсігі болады. Шынайы шығармашылық иләһи шабытпен шыққан кезде бастау бұлағын сол Өнер Ожданынан алады.

— Ал? Солай болсын делік.

— Мәсле солай болмай қалуда боп тұрған жоқ па.

— Қалай?

— Шығарма адамы иләһи шабытпен емес, заказбен ән шығарғанда айқын сана бәрін бақылауға алады. Сол кезде туындының трансцендентті сипаты ғайып болады.

— Бұл тек әнге қатысты ма?

Жоқ. Бүкіл творчество әлеміне қатысты. Өнермен айналысатын барлық адам осы айқын сананың бақылауынан зардап шегеді.

— Зардап шеккені қалай?

— Шабыт көзін шел басады. Творчествалық тоқырауға ұрынады. Ақырында тозып кетеді. Амал жоқ бір бірінен өлең көшіріп, ән ұрлап, туындыларын тонауға кіріседі. Плагиат содан кеп шығады.

— Міне қызық қайда? Мынау маған жаңалық болды ғой, — деп ентелей түстім. Ұйқым да шайдай ашылған сияқты. Атам әңгімесін жалғай түсті:

— Иә, солай Шәнжархан. Болмаса шығармашылық әлем шексіз. Адамның өнерде тоқырауы мүмкін емес. Өнер Ожданы трансцендентті әлемге жалғанып тұрғандықтан адамзатты мәңгі бақи құндылықпен қамтамасыз етерлік қуаты бар. Тіпті «өнерім тоқырады» дегеннің өзін күпірлікке теңер едім.

— Қалайша? «Күпірлік» деп тым қатты кеткен жоқсыз ба?

— Жоқ, бері қара, бала. Құндылық феномені бастауын Тәңірлік әлемнен алады. Мағыналы һәм мәнді өнерді талап қылушы пендесіне Тәңірім құндылықты нәсіп қылады деп сену керек. Егер біреу «Өнерім тоқырады. Шығарма таусылды» десе ол адам автоматты түрде «Тәңірдің адамзатқа сыйлайтын құндылығы бітіп қалды. Құдайдың құзырында маған беретін жаңа туынды қалмады. Бәрін тауыстым» дегенді меңзеп тұр. Қалай ойлайсың, Құдайда құндылық таусыла ма?

— Құдай сақтасын! Олай ойлаудың өзі қорқынышты ғой. Астағфирулла, Ләә иләһә иллалла, Хасби рабби жәл-Алла деп зікір айтып кетіппін эмоцияға беріліп. (Әйтпесе, Зікір айтпағалы қай заман?!)

— Көрдің бе, Шәнжархан, күпірлік дегенім ондыққа дәл тиді. Қалайша зікір айтып кеткеніңді өзің де байқамай қалдың.

— Сіз мұны қалай таптыңыз? Мынау деген ғажап жаңалық қой?!

Шәнжархан, ол былай болды.

Иә.

Баяғыда Венада Зигмунд Фрейд деген атаң болған. Өзі менен 47 жас

үлкен. 1939 жылы Лондонда дүние салды. Естіген шығарсың.

— Иә, атын естігем.

Мықты ғалым. Психоаналитиканың атасы дейді оны. Адамның бейсанасы мен түпсанасына сүңгуді ойлап тапты. Бірақ олармен біраз мәселеде келісе алмадым. Содан қырғын шайқас басталды арамызда.

— Не шайқас?

— Шайқас болғанда сойыл сілтеп, найза сұқпайсың ғой. Біздің майдан академиялық алаңда ғылыммен қайнайды.

А, түсіндім. Сонда неге қарсы шықтыңыз?

Олар бүй деді. «Адамда ар ұят жоқ. Ол шарттанған рефлекс. Баланы кішкентайынан «Қой ұят болады» деп сан түрлі әдіспен тыя берсең, өскен соң баланың іс-әрекеті шарттанып кетеді. Үлкенге қол беріп амандасуы, дастарқанға қолын жуып келуі, үлкенге ізет, кішіге құрметі бәрі-бәрі шарттанған рефлекс. Сондықтан «Ұят болады» деген ортағасырлық ескі әңгімені қойыңдар. Ар ұят деген бөлек феномен жоқ» деп соқты.

Сосын, сіз не дедіңіз?

Олардан дәлел сұрадым. Олар бір итті көрсетті. «Әй, Франкл, міне қара. Мынау менің итім. Кілемге сарып қойса ұялғаннан қыңсылап, диванның артына кіріп тығылып жатып қалады. Ұят дегенің осы емес пе? Бұдан артық не ұят керек саған?» — деді.

— Сіз не дедіңіз?

— Мен «Жігіттер, кешіріп қоярсыңдар, как раз таки бұл құбылыстың ар-ұятқа еш қатысы жоқ. Бұл – нағыз шартты рефлекс! Сендер бұл жануар кілемді былғаған сайын басына әңгір таяқ ойнатып, талай рет сазайын бердіңдер. Басына таяқ тие берген соң қорқатын инстинкт шарттанып кетті. Енді ол таяқтан қорқып, қыңсылап, диванның артында тығылып жатыр. Шындығында ар ұят айуанға емес, адамға тән! Ол шарттанбайды. Адамдағы ар ұятты сендер жалған ғылыммен улап, қолдан өлтіресіңдер» дедім.

Олар не деді?

«Әй, Франкл, сенің дәлелің не?» деді. Мен бүй дедім. Адамдағы ар-ұят шартты рефлекске көнбейді. Адам арына сүйеніп іс қылғанда жазадан қорқып немесе марапаттан дәметпейді. Адамның жан қалауы МӘНГЕ талпынғанда aр-ұят Логостың шұғыласын махаббатпен қуалайды. Рухани азарт осыдан кеп шығады. Ар-ұят тіршілікте махаббат феноменімен ғана бірлесе алады. Ар-ұят пенденің адамдық борышын көрсетеді. Ал махаббат оны сүйіспеншілікпен жүзеге асырады дедім.

— Осыған тоқтады ма олар?

— Олар емес енді мен мұнымен тоқтамадым. Олардың жалған теорияларын талқандай бердім. Қараңдар, жігіттер, сендер маған цирктегі аю, маймыл, түлкі, арыстан жолбарысты дәлел ретінде ұсынасыңдар. «Бұлар да өнер көрсетті. Бұл да шығармашылық» дегілерің келеді. Мен онымен келіспеймін. Нағыз шедевр шығарманы Адам ғана жасайды. Сендер не, аң патшасы арыстан мен жыртқыш жолбарыс аренада жетіскенінен трюк жасап жүр дейсіңдер ме? Бұл байғұстар не тамақтан дәмелі или қамшыдан қорқады. Циркке шыққанға дейін дрессировщиктер оларды қалай сабап, қалай ақымақ қылғанын бір Құдайым өзі білсін. Милары әбден шарттанып біткенше талай қамшыны жеді ғой бұл байғұстар. Бүкіл іс-әрекеті әбден шарттанып шаруасы біткен кезде аренаға алып шығады да «мына қызықты қараңдар» деп жұртқа жар салады.

— Сонда сіздіңше қалай? — дедім мен дегбірім кетіп.

— Біздіңше былай. Адамдағы ар ұят қамшыдан қорықпайды. Нығметтен дәметпейді. Егер өнер қуған шығармашылық адамы біреуден қорыққаннан немесе марапат, сыйлықтан дәметіп іс бастаса, оның шабыт көзін сол заматта шел басады. ӨНЕР Ожданы соқыр боп қалады. Сосын ел-жұрт оның туындысын өлсе де тұтынбайды.

— Кешіріңіз, Франкл ата, бірақ біздің елде неше түрлі мемлекеттік марапаттар бар ғой? Сонда не олар дұрыс емес пе?

Эх, сен бала, тағы да «дұрыс не бұрыс» дейтін таяз мораліңе бастың ба? Неше рет айтам саған олай сұрама деп. Дұрысы: «Марапат Мән табуға сеп пе әлде кедергі ме?» болу керек.

— А, иә, кешіріңіз, медаль Мән табуға көмекші ме әлде кедергі ме?

— Меніңше соның пайдасынан зияны көп.

— Неге?

— Үкімет марапат пен сыйлық тағайындап, сол үшін шығарма жаздырғанда, адамның санасы цирктегі аңның миы сияқты шарттана бастайды.

— Қалайша? Біз баламызға «жақсы оқысаң белсебет әперем. Нашар оқысаң белдікпен сабаймын» деп өнер-білім үйретеміз. Ондайдың нәтижесі жоқ емес бар ғой?

— О, міне, осы сұрақты қашан қояды деп отыр едім. Сен неше жасқа дейін балаңды солай дәметтіріп не қорқытып істете аласың?

Ну, әрі кетсе 13-14 жасқа дейін.

— Көрдің бе, әне. Одан әрі балаңды сабай да алмайсың, алдай да алмайсың. «Болды ғой енді, ұялсайшы» деп қана айтасың. Себебі адам бойындағы ар-ұят феномені 13-15 жас арасында толық пісіп жетіледі. Осыған дейін ғана баланы не алдап, не қорқытып қақпақылдай аласың. Баяғыда бізді де әкеміз солай тәрбиелеген. Мен қатал еврей отбасында туып өстім. Әкем қас тақуаның өзі еді. Көшеден тамақ жемейтін. Адал ет болмаса аузына салмайтын. Әкеміз ағам мен маған «Тәуратты жатқа соқсаңдар ақша берем. Бірақ бір сөзін ұмытып қалсаң ақша жоқ» дейтін. 5-6 жасымызда ақша үшін киелі кітапты жатқа соғатынбыз. Талай рет бір-екі сөзін ұмытып қалып, ақшадан қағылдық. Есейген соң ар-ұяттың жетегінде кете бардық. Сыйлық та қалды, жаза да қалды жайына. Есесіне көкіректе киелі ілім қалды.

— Сонда 15-тен асқан адамға сыйлық пен жазаның не керегі бар дейсіз ғой?

Әлбетте! Масимум он бес жас. Он бестен соң есі дұрыс адамда АР-ҰЯТ феномені толық жетіледі. Одан әрі сыйлық дәмету өзіңді сыйламау. Өзіңді айуанмен теңестірген боласың. «Маған бірдеңе бересің бе?» деген есек дәмемен шығарма тудыру: «Менде ар-ұят жоқ. Мен қант үшін барлық трюкті жасай беретін аюмын» дегенмен тең.

— Ойбай, мынау сұмдық болды ғой. Ертең Қазақстанда тәуелсіздік күніне орай барлық өнер адамына марапат пен медаль жауады. Ол не болды сонда?

— Енді марапатты кім қалай қабылдайды, ол талантты тұлғаның рухани позициясына байланысты. Рухани ядросы мықтылар медальді амалсыз алуы мүмкін. Ашық презирать етсе, үкімет оны қудалайды. Кейбірі «дұшпанды мұқатып, дарынсыз дімкәстарды санастыру үшін бұл да керек» деп қулықпен ала салуы мүмкін. Ондай тұлғаларға пәлендей зардабы тимейді. Бірақ жалпы алғанда бұл жақсы үрдіс емес. Чиновниктер медаль тағып, сыйлық таратумен елдегі таланттарды тоздырады. Үкіметтен ағыл-тегіл сыйлық пен тегін пәтер алып шалқып жүрген өнер адамын көргенде, жап-жас талантты жігіттер сол атақ пен марапаттан дәметіп бастайды. Дәметтің, болды — сол заматта миың шарттанып, айуанға айнала бастайсың. Медаль, атақ, орден дегеннің ең жаман жері мынау. Егер бір дарынсыз надан араға адам салып, бір атақты сатып алса шын таланттың төбесіне секіреді. «Міне, көрдің бе, мен пәлен сыйлықтың иегерімін. Сенде осындай бар ма? Шын мықты болсаң саған неге орден тақпады?» деп виртуоз дарынның қанын ішеді.

— Е, сол екен ғой, жап-жас шала сауатты жігіттердің Жазушылар одағына мүше болуға тырысатыны.

— Сен енді зікіріңді салып, қаңғып жүрген дәруіш болған соң көп затты байқамайсың. Мен 30 жыл бір кабинетте пациент қабылдаған доктормын ғой. Таланты тоқыраған талай пациентті емдегем. Кейбір қазақтың жас таланттары «одаққа мүше болсақ, Кеңсайдан жерленуге жер береді» деп те дәметеді. Мен бұл ауруға ГИПЕРДӘМЕ деп ерекше қазақы атау бердім, — дегенде еріксіз күліп жібердім.

— Мен «марапат дұрыс. Ердің еңбегі еленуі керек» деп келіппін осыған дейін. Қазір қарасам өте қауіпті тенденция сияқты ғой.

— Иә, солай, Шәнжархан. Оны мынадан-ақ біл. Ар ұяты өте мықтының бірі Момыш ақсақалдың баласы Бауыржан еді.

— Қайсы, Бауыржан? «Волоколамск тасжолындағы» Бауыржан Момышұлы ма? Кәдімгі Совет одағының батыры?

— Иә, бірақ сен қателесіп отырсың, Шәнжархан. Ол Совет одағының батырын алған жоқ. Оны СССР тарқардың алдында Горбочев берген. Бірақ ІІ-ші Дүниежүзілік соғыстың кезінде-ақ Бауыржанды АҚШ армиясы батыр сарбаз деп мойындаған. Оның дәлелі мынау. 1945 жылы АҚШ әскері «СССР-дің ең мықты жауынгеріне» деп Момышұлына алтын сағат сыйлаған. Ол сыйлықты Баукең «бұ сағат менің емес, жалпы ЕЛДІҢ мақтанышы» деп Алматыға беріп жіберген. Алтын сағатты тылдағы мақау қазақтар жоғалтып тынды. Ал ресми түрде оған Батыр атағы берілмеді. Бірақ СССР-де ең атақты БАТЫР сол боп қалды. Оны логотерапияда «ЫРЫҚСЫЗ ЭФФЕКТІ» деп атайды. Яғни өздігінен келетін нығмет.

— Сонда сіз Момышұлына батыр атағы берілмегені дұрыс болды деп санайсыз ба?

— Әлбетте, Шәнжархан! Оған күмән-шүмәнің болмасын. Егер батыр атағын бергенде «Мені кім деп тұрсыңдар?» деп Баукең намыстанар еді. Яғни «мен сендерге атақ үшін соғысатын ақымақ емеспін» дегені ғой.

— Сіз оны қайдан білдіңіз?

— Эх, Шәнжархан, надандығың әркез менімен сұхбаттасқанда білініп қалады. Сен бала рухани өссеңші. Біз мына жақта жолығып тұрамыз дегенді неше рет айтам саған. Ғайып әлемде Момышұлының әруағына жолыққан сайын «Әй, Бауыржан, Горбочев саған батыр атағын беріп жатыр» деп қалжыңдаймыз. Ол да саспайды. «Құдайға шүкір, көзім тірі тұрғанда коммунистердің қолынан орден алғам жоқ. Халқымның ұлықтағаны жетеді. Мені кеудеге тағатын жылтырақ темірмен алдай алмады. Арым таза» деп нық жүреді. Ол бұ жақта да сұмдық абырой беделге ие. Мына жақта күллі әруақ оны көргенде тік тұрамыз.

— Сіз де тік тұрасыз ба? Сіз ол кісіден бес жас үлкен емессіз бе?

— Бұ жақта абырой жаспен емес, армен өлшенеді. Өз басым 93 жыл ғұмыр кешіп, дәл Момышұлы сияқты ар-ұятына бекем болған жан көрмеппін. Өте сирек кездеседі мұндай ТҰЛҒА! Қазіргі Израильдің сарбаздары оның кітабын армияда жүргенде жата-жастана оқуға міндеттелген. Өзімізден сондай мықты шықса неміз бар қазақтың батырында?! Құдай ұрғанда Израиль жұртынан сондай бір арыстан азамат тумады ғой. Амал жоқ Момышұлын үлгі қылдық.

— Мынау бізге дух беретін әңгіме екен. Дегенмен, Венада жүргенде сіздерде де атақ, даңқ дәмететін таланттар болып па еді?

Енді ше? Еще как дәмететін! Адамның рухани ядросынан шығатын Ар-ұят пен Махаббат феноменін жалған ғылыммен жойсаң, любой адамың автоматты түрде Павловтың итіне айналады.

Ол не «Павловтың иті» деген?

Ол мен ойлап тапқан тың термин. Милары шарттанып, Өнер Ожданын мансаптың шелі басып, сыйлық пен марапат дәметіп, сол үшін шығарма жазатын адамдарды солай атадым. Есіңде ме, Павлов деген орыстың ғалымы итке свет жағып, тамақ беріп опыт жасаушы еді ғой.

— А, иә, иә енді есіме түсті. Мектепте өткенбіз. Ана светті жақса болды сілекейі шұбыратын ит қой.

— Дәл өзі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау. Қазақстандағы Мемлекеттік сыйлық, Парасат ордені, ана қаптаған мүшайралар, Дарын сыйлығы бәрі-бәрі айналып келгенде өнер адамына зиян. Талантты Тұлға ар-ұятына бекем болмаса биліктің сиқырына түсіп қалып, солардың асыранды күшігіне айналып кетуі мүмкін. Сондықтан шартты рефлекске түсіп қалған кез келген өнер адамын «Павловтың иті » деп атадым.

— Ойпырмай тым қатты айтыпсыз, а? Сәл жұмсақтау бір термин табылмады ма?

— Жоқ, бұдан жұмсағы жарамайды. Эй, Шәнжархан, адамға мал сияқты қарауға болмайды. Адам ар-ұяты мен махаббатына бекем болғанда ғана 18 мың ғаламның тіршілігіне МӘН бітеді. Олай болмаса, мына ит тіршілікті сүріп не керек? Енді саған сұрақ, Шәнжархан!

— Сұраңыз.

— Шыныңды айт. Осы сендер «Отбасы хрестоматиясын»жазғанда биліктегі әкім-қаралардың назарына ілігіп, сыйлық марапат алуды армандайсыңдар ма, жоқ па? Іштей болсын «бір күні біздің еңбек те еленіп, ағыл-тегіл нығметтің астында қаламыз» деп дәметіп жазасыңдар ма әлде басқа трансцендентті арман бар? — деді. Мен үшін бұл өте ауыр сұрақ болды. Ойланып қалдым. «Қап, не десем екен, ә?» деп қиналып тұрмын. Бірден «жоқ, Құдай сақтасын, Алла ризалығы үшін» десем өтірік боп қалады ау, ә? «Енді пенде болған соң дәме болады ғой» деп мойындасам мына қарт «Сендер де Павловтың иті екенсіңдер ғой» десе ше. Осылай ары тарт, бері тарттың ортасында тыпыршып тұрмын. Сосын «Енді ол Ырықсыз эффекті болу керек» қой деп айтқаным дұрыс шығар дедім. Ол:

— Шәнжархан, қиналып кеттің ғой. Жылдам жауап бер. Әруақтар әлеміне кететін уақытым тақап қалды. Бол тез, — дей бергенде кенет «Аға, Шуға келдік. Жейтін андай-мұндай алмадық па? Қазір пойыз жүреді. Әлі таңғы шайді ішкен жоқпыз» деген Сейілбектің даусы шықты. Оянып кетсем түсім екен. «Уһ» дедім рақаттана. Франклдың сұрағынан есеңгеріп қалғаным сонша «Сейілбек осы сен Павловтың итісің бе?» деппін сандырақтап. Ол түк түсінбей маған қарап қапты. Тез есімді жидым да «Ә, иә, кешір. Мен жаман түс көріппін. Бар кекс әкел. Шай ішейік» деппін.

Санжар Керімбай

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню