Екінші түс

15747894_665244876970265_4791662186541837345_n

Кеше түнде қызық болды. Шымкенттегі ЛОГОТЕРАПИЯНЫҢ шаруасы біткен соң Алматыға қайттық. Шымқаладан шығысқа қарай шығарда шырғалаң басталды да кетті. Ауа райы күрт бұзылып, жолдар жабылды. Күйік пен Қордайдың асуын қалың қар басты. Көлік тоқтады. Жолаушылар түгел пойызға жөңкілді. Кассадағы қыздар «Пойызға билет жоқ» деп жазып қойып, тырнақтарын егеп отыр. Ал мен ертесіне Астанаға кетуім керек. Тыпыршып өліп барам. Ғайыптан тайып, пәрменді кісілер табылып, түнгі пойызға салып жіберді. Әбден шаршаппын. Тоқымдай жер тиісімен жастыққа құлап түстім. Ұйықтап жатып түс көрдім. Түсімде ғажап іс көрдім. Пойыз күтіп Тараздың перронында тұрмын дим. Қар борап тұр. Телефоныма «Қордай асуы жабылды. Автобуспен жүрмеңдер» деген ескертулер қайта қайта келіп жатыр. Кенет жұлдыздай ағып бүйірінде «Қызыл Жебе» деген жазуы бар жылан сияқты жіңішке пойыз перронға пыс етіп тоқтай қалды. «Ойебай, біздің елде де жұлдыздай ағатын пойыздар пайда бопты ғой» деп риза боп тұрмын. Есік өзі ашылды. Ешкім жоқ. «Охо, рақат» дедім де мініп алдым. Ішке кіріп орын іздеп жүрмін. Бір купеге тоқтап, ішіне кірдім. Іште түрі таныс бір қария отыр. Тура бір мені күтіп отырғандай:

— Оу, Шәнжархан, қалайсың? Бармысың бауырым? — деп қуана амандасты. Тани кеттім. Мен де:

— О, Франкл көке, ассалаума-ағалейкум! — деп дауыстап амандастым. Әбден жөн сұрасып болған соң:

— Бұл оқиға қайда болып жатыр? Түсіміз бе, өңіміз бе? — деймін.

— Қайда болса да бәрібір емес пе? Ең бастысы «Жүздесіп сырласуда» ЛОГОС болса болғаны? Солай ма, Шәнжархан?

— А, ия. Солай екенау.

— Өткендегі сұхбатымыз қызық болып жатыр еді сен сапар аяқталмай оянып кеттің ғой.

— А, ия. Әңгіме тым ауыр боп кетті ме, қайдам, әйтеуір шошып ояныппын.

— Ал, айта бер. Не әңгіме бар? Сұрақтасып жауаптасып отырайық. Сонда ғана мәнді диалог болады. А, так, бір өзім сөйлей берсем монолог боп кетеді, — дейді Франкл атай. Осылайша тағы бір керемет басталды да кетті. Өзімді ғана мазалайтын экзистенциялық сұрақтар қойғым кеп тұрған. Кенет тағы да «Әй, Шәнжархан, оның жігіттік емес. Ел қамын жеген ер болсаң, жұртты толғандырған сұрақты қой. Елге қызмет ет. Ол сауапты істен болады» деген іштен күбір естілгендей болды. Іштегі дауыстың ығына жығылдым да:

— Франкл ата, Қазақстанда Ninty One деген өнерші топ шығып, қоғамды, әсіресе жастарды бүлдіріп бітті. Қазақтың асыл тектілігін саламат сақтау үшін соларды қалай құртуға болады? — дедім.

— Бүлдіргені қалай? Олар қазаққа не істеп қойды сонша? Олар қоғамды қиратып кететіндей соншалықты күшті ме? Әлде билікпен бірігіп алды ма олар? — деді Франкл атам.

— Жоқ. Билікпен біріккен жоқ. Елдің ішін алатайдай бүлдіріп, жастарымызды аздырып, 120 ұлт пен ұлыс айрандай ұйып отырған қасиетті қазақ қоғамын екіге жарғанша, билікпен бірігіп, бюджетті жегені жақсы еді олардың.

— Осыншама кектене сөйлейтіндей олар не бүлдірді?

— Олар қыздар сияқты шашын бояйды. Кәрістерге еліктейді. Албажұлба киінеді.

— Ал? Шашын бояса не бопты? «Кәрістерге еліктемесін» деген ҚазақстанКонституциясында заң бар ма еді? Олар заңғы қайшы іс қылды ма?

— Ондай заң жоқ әрине. Бірақ жастарды бұзады. Жастар оларға еліктеп, шаштарын қыздар сияқты бояп алады. Сөйтіп азғындайды, — дедім ызадан қалшылдап.

— А, сен қазақ жастарының соларға еріп, келешекте азғындап кетерін қалай білдің? Көріпкел әулиесің бе? – деді. Мен сасып қалып:

— Жоқ, енді солай кете берсе, ақыры солай болат та енді, — деп күмілжідім.

— Шәнжархан, бері қара. «Солай болады» деп кесіп айту үшін адамға ең бірінші факты керек. Оны академиялық ғылымда эмпирикалық дәлел дейді. Яғни көзбен көріп, қолмен ұстамаған затқа яки құбылысқа «Ол солай!» деп алдын ала кесіп-пішіп үкім айтуға болмайды. Ақылды адам мәселені түбінен зерттейді. Ақырғы нәтижесін күтеді. Ең соңында анық болған фактіні ғана ақиқат ретінде алады.

— Сонда не, елдің бәрі рухани азып біткенше фактіні тіркеп отыра береміз бе? Оған дейін жастардың қаншасының азғындап кететінін бір Құдай өзі білсін!

— Дұрыс айтасың! Оны Құдай ғана біледі. Құдай білгендіктен де «Мен білемдікке» салынбай тұра тұр. Мәселені түбінен тарқаталық. Меніңше сен айтқандай олардың тарапынан қоғамға соншалықты қауіп болмауы керек, — дей беріп еді, мен киіп кетіп:

— Түбінен тарқата алатын болғандықтан да нық айтып отырмын, — дедім «көзір» фактіме сеніп. Атам байсалды қалпын бұзбастан:

— Ал, баста, Шанжархан. Тарқат мәселені арғы жақтан. Көрейік, қандай тереңдікке сүңгір екенсің. — Бұларды қолдауға болмайды. Бұлар құлақтарына қыз сияқты сырға тағады.

Сырға тақса не бопты? Қоғам сырғадан аза ма?

— Сырғадан азбайды. Сырға тағушыдан азады. Сырғаны гейлер тағады.

— Гей екенін қайдан білдің? Олармен бірге өмір сүрдің бе?

— Не білетіні бар? Елдің бәрі жазды ғой әлеуметтік желіде.

— Шанжархан, тоқтай тұр. Жұрт желіде не жазбайды, ойына не келсе соның бәрін жаза береді. Өзің тексермей, ақылмен барламай, фактімен сынамай, жұрт айтты екен деп жауапкершілігі жоқ тобырға қосылып кете беретін надандықтың түрін КОНФОРМИЗМ дейді. Сен қашаннан бері ондай надан КОНФОРМИСКЕ айналғансың? Мен сені зікір айтатын әжептеуір бала ма деп жүрсем, сен де «жұрт айтса сенді, көп айтса көндімен» кете беретін көп наданның бірі екенсің ғой, — демесі бар ма. Бетің бар, жүзің бар демей былш еткізгенде сәл тосылып тұрдым да берілместен:

Сонда не, сіз гей болған дұрыс дегіңіз кеп тұр ма? Оларды қолдау Лұттың қауымын қолдағанмен бірдей. Сіздің де Тәуратта Лұттың қауымын Құдай оңдырмай жазалағаны анық жазылған, — деп ең соңғы көзірімді шығардым. Ішімнен «не болса да Франклды осы жолы ұстадым. Қанша дегенмен иудей ғой. Өз дініне қарсы шыға алмайды» деп риза боп тұрмын. Ол:

— Біріншіден мен «гей болған дұрыс» дегем жоқ. Екіншіден Лұттың қауымына не боп еді? — деп сұрады.

— Олардың қауымы гей болып азды. Жігіттері қызға емес, еркекке құмарболды. Сосын Құдай тағала төбеден от жаудырып гейлерді қырды. Өліктерін қара жер жұтып қойды. Олардың жазасы сол! Гейлерге өлім жаусын! деп айғалап жібердім.

— Тоқтай тұр, Шәнжархан. Сен эмоцияға салынба. Эмоция факті бола алмайды. Бұл оқиға қашан болған?

— Өте ертеде. Мұсадан да ары болуы керек, дедім мен ентігіп.

— Ол кезде де Лұттың қауымын Ninty One аздырып, гей қылған ба? Ол кезде мұндай шашын бояп, кәріске еліктеп өлең айтатын топ болған ба? — деп қарсы сұрақ қойды. Осы кезде жауап таппай тосылып қалдым. Үндемей бір бірімізге қарап қаппыз. Ол «жауап күтіп отырмын, не дейсің дегендей» иегімен изеп қояды. Ішімнен «расымен де я, ол кезде Ninty One жоқ еді ғой» деп ойлап тұрмын. Сосын далбасалап:

— Ол заманда дәл 91 тобының болуы міндетті емес. Мүмкін басқа топ болған шығар.

— Нақты қай топ? Жалпы ол кезде эстрада жанры болды ма? Еліктейтін кәрістер болды ма? Поп музыка мода ма еді?

— Жоқ, әрине.

— Онда өте ерте заманда олар қалай азып кетті? Қалай гей болды?

— Мейлі ғой, әйтеуір, азғаны анық қой, — деп тура жауаптан тайқып кеттім.

— Иә, азғаны анық. Оны мен де білем. Бірақ маған «именно Ninty One тобын тыңдағаннан тозып кетті» деген факты керек. Ну хотя бы, соған ұқсас әншілерден тозды деген айғақ керек. Академик ғалым ретінде тек дәлел сұраймын. Шәкәрім атаң да «Айтса ғалым қандай зат, дәлелсіз болса бәрі ағат» деген жоқ па? — деп мені бұрышқа қамады. Ішімнен «қап, әкеңнің, мына қарт қатырды-ау мені. Елде әжептеуір абыройлы боп жүр ем. «Надансың» деп жерге ұрды. Facebook-тегі жұрт жеңілгенімді біліп қойса күлетін болды-ау. Ана іші тар дұшпандарым (фейктер) тіптен семіретін болды. Бәрін банға тығып құртсам ба екен» деп уайымдап отырмын. Бірақ мені Құдай өлсін деп пе, сол сәтте купенің есігі ашылды да жолсерік кіріп келді. Әңгіме үзіліп кетті. Міне қызық, жолсерік 35-тер шамасындағы иман жүзді қазақ келіншегі екен. Ол әдепті дауыспен «Мистер Франкл жейтін бір нәрсе әкелейін бе?» деді. Франкл:

— Мен әруақпын. Тамақ жемеймін. Мағыналы сұхбаттан ғана рухым қуат алады. Шәнжарханмен өзекті тақырыпты талқылап, содан жаным семіріп отыр. Шанжарханға бір тостақ буға піскен күріш пен қуырылған балық әкел. Бұл бала «сұхбатта ауырлық қылады» деп қой етін жемейді. «Отыз жылдық ауруымды қоздырады» деп сыйыр етін де онша хош көрмейді. «Мұхамбет пайғамбардың тісінен жаралған» деп құр күріш жейді, — деді. Жолсерік:

— Мистер Франкл, Шәнжарханда ісім бар еді. Сұрасам бола ма? деді.

— Ия, иә, сұрай беріңіз, — дейді атам елпілдеп. Жолсерік:

— Не ғой, аға, Қазақстанда «Төртеу түгел болса деген» акция жүріп жатыр екен ғой, иә? – деді жылы жүзбен қарап.

— Иә, сондай акция басталды. Елдің бәрі төрт кітапты түгел алып, қуанышқа кенеліп жатыр, — деп өзімше мәзбін. Жолсерік:

— Мен де ЛОГОТЕРАПИЯМЕН бірге «Отбасы Хрестоматиясының» алдыңғы үш кітабын алып қоямын дегем. Үнемі сапарда жүремін де «әні алам, міне алам» деп ұмытып кете берем. Бүгін бізге мінгеніңізді көріп қуанып кеттім, деді.

— Иә, мәселе жоқ. Любой уақытта сатып ала бересіз ғой, — дей беріп ем:

— Жо, жоқ, уайымдама. Біздің Шәнжархан керек болса үйіңе апарып береді. Болмаса, Айбекке айтады. Айбек жеткізіп береді төрт кітапты. Солай ма, Шанжархан? деп әңгімеге Франкл атам араласты.

— А, иә, өзіміз апарып береміз. Кешіріңіз,деп ақталмақшы боп жатырмын.

— Олай болса, тіптен жақсы болар еді. «Франкл атаның алдында өтінішін өткізіп алды» деп маған ренжімеңіз, иә ма? Солай боп қалды енді, — деп ол да күліп жатыр. Жолсерік көпке созған жоқ. Әппақ күріш пен қуырылған көксеркені дереу жеткізді де: «Сұхбаттарыңыз мәнді болсын!» деп шығып кетті. Жол жүрем деп қарным әбден ашыпты. Күріш пен балықты сүйсініп жеп отырмын.

— Иә, сонымен қай жерге келдік? А, иә, сен маған факты тауып бере алмадың. Сонымен адам ұрпағы Ninty One болса да, болмаса да рухани азуға бейім екен, солай ма? — деді Франкл атай. Мен жеңілгім келмейді. Тағы да қасарысып:

— Мейлі, олар қазақ жастарын гей қылмай-ақ қойсын. Бірақ олар қасиетті қазақ халқының киелі өнерін жоқ қылмақшы. Сахынаның киесін құртып жатыр. Оған енді фактының керегі жоқ шығар. Бұл сорақы оқиғалар көз алдымызда өтіп жатыр, — дедім нығыз дауыспен. Франкл атай ойлы көзін маған қадады да:

— Қазақ халқының өнері киелі де, Ninty One-ның өнері киесіз бе?

— Әлбетте! Оған кімнің дауы бар? Көшпенді елдің Ұлы сахарасында асыл текті қазақ халқының кең көңілі мен дархан мінезінен төгілген мыңдаған күй мен жырды, ән мен өлеңді кім болса да киелі өнер деп таниды. Ал, ана алабажақ киінген ақымақ балалардың өнеріне кие қайдан дарысын? — деп шалқайдым. Ішімнен «әй, осы жолы қатырдым не болса да. Кие мәселесінде қазақ өнерімен вряд ли таласады» деп тоғайып отырмын. Ол:

— Шәнжархан, саған мынадай сұрақ.

— Сұраңыз.

— Киелі өнер деген не? Кие қайдан келеді? Немесе қайдан дариды?

— Кие деген трансцендентті әлемнен келетін иләһи мазмұн. Яғни ішкі мазмұны ғайып әлеммен байланысып жатады. Сондықтан иләһи әлеммен жалғанып жатқан киеге қауіп жоқ! — деп дік еткіздім соңғы сөзімді.

— Солай де, Шәнжархан. Жөн-жөн. Ендеше мынадай сұрақ. Егер қазақтың төл өнері ғайыппен байланысқан трансцендентті болса, қалайша оны 17 жасар ақымақ балалардың далбаса өлеңі сахынадан ығыстырып шығарады? Құдіретті өнерді даңғырлаған дарақы әндер жеңе алмауы керек қой? Әлде жеңе бере ме?

— Әрине, жеңе алмайды!

— Жеңе алмаса сен несіне соғысып жүрсің? — деді. «Аха, мына қартың мені тағы да қамайтын түрі бар» деп сескене бастадым. Сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері келіп:

— Сонда не «жеңбейді екен» деп сахынаның киесін мұрынбоқ пацандарға таптатып қойып отыра беруіміз керек пе? Сонда қашан және не үшін күресеміз? Азаматтық, тұлғалық позициямызды осындайда көрсетпесек енді қашан көрсетеміз? Әрі-беріден соң кәлима айтқан мұсылманбыз ғой, — деп кеудемсоқтыққа басып жатырмын.

— Сахнада кие бар ма? деп қадала сұрады Франкл атай.

— Иә да. Сахнаның киесі бар дегенді бұрыннан айтамыз. Оны бәрі біледі.

— Жоқ, Шәнжархан! Оның бәрі гәп әңгіме! Адайларша айтқанда дәмбосын әңгіме.

— Қалайша? Сахынада кие жоқ па?

— Жоқ!

— Сонда не бар?

— Сахынада тек адам бар.

— Ал, кие қайда?

— Кие адамның кеудесінде. Кие дарыған, кеудесі хикметпен байыған адам сахынаға шыққанда сахынаға кие сол адаммен бірге келеді. Сахына адаммен ғана киелі. Дәл сол сахынаға МС Сайлаубекті шығарсаң, киесі ғайып болады. Кие бар десек, ол жерге кім шығып ән салса да сахынаның киесі оны аспандатып, өнерін мазмұнды етіп тұра беруші еді. Егер сен барлық сахына киелі десең, не себепті любой поп концертке барып өлең тыңдап отыра бермейсің? Не тыңдасаң да бәрібір емес пе? Ең бастысы сахынаның киесін сезініп, кеудеңді мәнге толтырып, хикметпен байып қайтсаң болды емес пе? — деген кезде не айтарымды білмей сілейіп қалдым. Қарсы қолданар уәж таппай тыпыршып тұрмын. «Не болса да жеңілмеуім керек. Ең болмағанда итжығыс түсуім керек. Себебі менің артымда асыл текті қазақ халқының намысы тұр» деп өзімді қайрап қоямын.

— Франкл ата, не десеңіз де мағынасыз өлеңмен күресіп, мағыналы өнерді ұлықтаған дұрыс емес пе? – дедім. Алдыңғы арыным кәдімгідей басылып қалды.

— Иә, әлбетте, солай. Күресу керек. Бірақ күресем деп жүріп сен өзің бәрін бүлдіріп бітетін болдың ғой.

— Қалайша?

— Былайша. Біріншіден, Ninty One-ның өлеңі далбаса деп нық сенсең ол топ сен тосқауыл қоймасаң да өздігінен тарап кетеді. Ал егер олардың өлеңінде КИЕ болса, оны өлтіре алмайсың. Онда сен киелі өлеңді өлтіремін деп күнәға белшеден батасың. Солай ма?

— Иә, солай, — дедім даусым пәс тартып.

— Екіншіден, «қазақ өнері Тәңір әлемінен келген, трансцендентті өнер» деп сенсең оның өмір жасы сенсіз де ұзақ болады. Яғни онсыз да ұзақ жасайтын өнерді тірілтем деп уақыт жоғалтып далбасалап жүрсің. Үшіншіден. Ең маңызды факторды ескермей тұрсың. КИЕ, ҚҰТ, ХИКМЕТ, БЕРЕКЕ деген трансцендентті объектілер ТҰЛҒАНЫҢ көкірегінде ғана көктейді. Басқа жерде олар өспейді. Сондықтан сахынаға жан бітіргің келсе, ең бірінші адамның кеудесіне ХИКМЕТ ҰРЫҒЫН ек! Егер хикмет ұрығы өнер адамының көкірегіне егілмесе, «киелі сахына» деген тіркесті қолданудың түк те мәнісі жоқ. Сахына сайқымазақ пен шоу көрсеткіш шуттардың үйреншікті минбарына айналады. Бұ дүниеде адам ғана ҚҰНДЫ! Адам ғана әлемді киемен көмкеріп, адам ғана жабайы қоғамды рухани рельефпен көркемдейді. Мақтап жүрген дәстүрлі өнеріңді насихаттаушылар ЛОГОС меңгермесе мәдени майданда шуылдаған ессіз тобырдан ақыры жеңіледі. Саған тағы бір сұрақ.

— Сұраңыз, дедім бишара хәлде.

— Сенің балашағаң 91-ді тыңдай ма? Шашын бояды ма? Албажұлба киінді ме?

— Құдай сақтасын! Жоқ!

— Неге? Неге шаштарын боямады? Сен бағана «91 тобы жастарды» қырып бара жатыр дедің ғой. — Себебі мен оларға қисса жаттатып, жыр тыңдатып үйреттім ғой. Олар домбыра мен фортепиянаға үйірмеге барады.

— Дұрыс! Міне көрдің бе, 91-ның әндері хикметті кеудеге дарымайды. Мағынасыз музыка мағынасыз көңілге барып орнығады. Қазақша оны не дейді білесің бе?

— Иә, не дейді екен?

— «Қуды қу табады, шұқанақты су табады» дейді. Көкірегіне хикмет ілімін тоқымаған жастар улап-шулап бірін бірі қалай да болсын тауып алады. ЛОГОТЕРАПИЯ бойынша тұлға тұлғаны іздеп табуы тиіс. Басың істесе көкірек көзі ашылған тұлғаларды неге іздемейсің? Өмірің өлшеулі. Сағатың санаулы. Бітер күнің белгісіз. Соны біле тұра желөкпе жастармен алысқаның қай сасқаның?

— Сонда менікі бос тірлік пе?

— Иә, да. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні 91 көкірегі қуыс жастарға ғана қауіпті. Қауіпті болғанда қалай, просто, өнегелі өнер қуатын алтын уақыттарын жоғалтып алады. Сондықтан сұрақты былай қоялық. «Біз жастарға трансцендентті мағынасы бар МӘН ұсына аламыз ба? Немесе жастарға нендей хикметті өнер ұсына аламыз?» Бұл сұраққа объективті жауап таба алмасаң өмірің босқа өтеді. Өзің де тобырмен бірге экзистенция вакуміне құлап, тағдырың фрустрацияға ұшырайды.

— Солай деңіз, Франкл атай,деппін басым салбырап.

— Сондықтан Шәнжархан, құр арамтер болып, Ninty One-мен күресіп жүргенің – барып тұрған надандық! Осыны ашық мойындасаң санаңа ЛОГОСТЫҢ сәулесі құйылады. Бағанадан бері ділмәрсігенің жетер. Надан қазақ екеніңді мойындайсың ба, жоқ па? — деп сұрақты тікесінен қойды. Мойындайын десем «Қазақ ұлы халық. Ешқашан жауына тізе бүкпеген» деген сияқты ұрандарым жібермей тұр. Ертең ел біліп қойып, Facebook-те «Мақтаншақ Шәнжарханды еврейдің бір шалы пот-сотын шығарды» деп табалайтын сияқты. Соны ойлаған сайын қара терге малшынып қиналып барам. «Қой, мойындамасам болмас. Онда мына қарт «Ем қонбайтын екі есе надан екенсің» деуі әбден мүмкін. Қош бол қасықтап жиған абыройым! Мен жеңіліп жер болдым» деп айтуға оқтала бергенімде, біреу иығымнан жұлқып қалып, құлағымнан түбінен айғайлап жіберді. «Эй, бауырым, тұр постель өткіз. Бірінші Алматыға кіріп келеміз. Сенен басқаның бәрі постельдерін өткізіп тастады. Қазір үлгермей қаласың. Босай, е» деп жолсерік жігіт жұлқылап жатыр екен. «Уһ, рас па, өтірік пе оянғаным. Абырой болғанда түсім екенау» деп атып тұрдым. Елдің бәрі маған қарап қапты. Бір әйел «Вагон суық. Біз қатып қалдық. Сен қалайша шылқып терлеп жатсың?» дид. Сөйтіп Алматының — 25 градус аязында шылқып терлеп перронға шықтым. «Все таки жеңілгенімді ашық мойындамай дер кезінде оянып кеттім. Жолсерікке рақмет» деп қоям ішімнен.

Санжар Керімбай

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню