Қазақтың досы — қазақ

17814331_1944430442509786_7014435395013663573_o

Кеше қызық болды. Таңертең ФБ-ны ашсам «Бүгін Шәнжарханның туған күні» деген хабарлама келіп тұр екен. «Ойбай, онысы несі» дегенше болмады құттықтаулар жаңбырша жауды. Хроникам көз алдымда тоқтаусыз толып барады. Чатым да жылы лебіздермен лезде қампайып қалыпты. Бәріне бірден жауап қатып, алғыс айту мүмкін емес. Мына жақта мың-миллион шаруам күйіп барады. Сөйткенше болған жоқ бір жиенім шыдай алмай жекеме «Оу, Нағашеке, құттықтап пост қойдым. Бір әу деп қойсаңызшы» деп жазып үлгеріпті. Бес, алтауына жауап жаздым да қалаға шығып кеттім. Кешке үйге келіп лентаны ашып қарасам туған күнмен құттықтаған 300 пост мөлдіреп тұр екен.
Туған күн дегеннен анау айтқандай әсер алмасам да біраз ойға қалдым. Өзіміз «Тағдыр деген еріксіз туу мен еріксіз өлу» дейміз. Еріксіз болған құбылыс анау айтқандай шабыт силамайды. Дегенмен осыған қарап экзистенциялық анализ жасауға болады деп ойладым. Логотерапия кез келген құбылысқа сұрақты былай қояды: «Бұл не үшін? Неге бұлай болды? Мұның түпкі МӘНІ не? Бұның хикметі қайда? Бұдан не ғибрат алуға болады? Сонда бұл оқиғаның мағынасы не?»
Мен де сұрақты солай қойдым. «Бұл қаптаған лебіз нені білдіреді? Оның МӘНІ не? Толассыз келіп жатқан құттықтаудың хикметі не? Бұдан не мағына алуға болады?» Баяғының (или қазіргінің) патшалары сияқты мақтау сөзге мәз болып, масайып жүру (бір танысым «мынадай лебізден соң Санжар ішіп кетпесе болар еді» депті ғой))) ) көңілге қонбайды. Кеше түнімен ойланып, бұдан мынадай ХИКМЕТ түйдім. Сосын оны жаздым. Бұл жазба кеше бізге көңіл бөліп, жылы лебізін аямаған барлық азаматқа арналады!
Бізде мынадай әділетсіз көзқарас бар. Ол былай басталады. «Бұ қазаққа біреуді жамандауды беріп қойсаң болды», «Бір жақсыны көрсе етектен тартатын қазақтың ежелгі әдеті емес пе?», «Бұ заманда аты шықпаған қазақ жер өртейді», «Бұ заманда елдің сүйіктісіне айналғың келсе жақсының жағасына жармас», «Қазақтың жауы – ҚАЗАҚ», «Қазақ десең өзіңе тиеді», «Біз қазақ осындай сорлымыз. Жақсының жақсылығын көре алмаймыз. Жақсының игі тірлігін терістеп отыру қанымызға сіңген ғой», «Жақсы сөз айтылса аузы қисайып соның артын шұқылап отыратын сорлы қазақ емеспіз бе?» деп кете береді.
Логотерапия бір халыққа тұтас баға беріп, бәрінің мінез-құлқын алдын ала анықтап қоятын мұндай детерминизмге жол бермейді. Ол бойынша кез келген кісі ерік қалауын қолына алып сілкінетін болса, сол заматта өзгеріп басқа адамға айналады. Бұл енді құлаққа жағымды құрғақ теория сияқты, иә? Нақты өмірде ше? Осы ойды қоғамға қарап растауға яки терістеуге бола ма? Меніңше әлгіндей көзқарастың бәрін ДАЛ — БА- СА деуге болатын сияқты.
Негізінде бүкіл ұлттың атынан «қазақтар ондай, қазақтар мұндай» деп сөйлеу – ол да бір рухани кеселдің түріне жатады. Франкл атам оны да талдаған. Яғни әдетте парықсыз пенде өзінің нашар мінезін яки әдетін ақтау үшін тұтас ұлтты кемсітуге үйір болады. Сол кезде өзінің мешеу тұстары көрінбей қалады. Ондай адам тобырға сіңгенде «Уһ, Құдайға шүкір, жалғыз емес екем. Елдің бәрі мен сияқты екен» деп өзін жұбатады.
Енді нақты фактіге көшейін. 2012 жылдың күзінен бері Абзал Құспанның қамшылауымен бірнеше жігіт «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен кітаптар шығарып келеміз. Мақсат – шашылған рухани қазынаны жинап-теріп кітапқа айналдыру. СССР кезінде большевиктер жойып жіберген қисса жанрын халыққа қайтару. Қазақ жұртының мәнді, мағыналы қиссаларын ЛОГОТЕРАПИЯ форматында жаңа буынның санасына сіңіру. Бұл өте ауыр міндет. Есесіне азарты мықты рақат жұмыс. Осы істі қолға алғалы маған жаппай қарсы шыққан қазақ ұлтын көрмеппін. Өз жұртым да, қайын жұртым да, нағашы жұртым да «Бас, Шәнжархан!» деп қолдау көрсетіп келеді. Қисса жинап ауыл-аймақты кезгенде аяқтан шалып, балақтан тартып, тірсегімді шайнаған парықсыз қазақты сирек кездестіремін. Көбіне қолдаушы қазақтарға жолығамын. Тек түзде емес, Алматы шаһарында да көп жүремін. Іс барысында көзі ашық қазақтың көбі мейлінше көмек қолын созып әлек. АҚШ-та, Англияда оқып жүрген қазақ студенттеріне ФБ арқылы хабарласып, сирек кітаптарға талай рет заказ бердім. Осыған дейін біреуі «ЖОҚ» деген емес. Жеке танымаса да сұраған затымды қалайда тауып әкеледі. «Әрине сөйтеді. Шет елдегі қазақтың көзі ашылады. Ондай іске құрметпен қарайды» дейсіз ғой. Онда мына фактіге құлақ түріңіз. Қазақстанның бірнеше облысында лекция оқыдық. Сол кезде көзіміз ашыла түседі. «Мына облыстың қазағы ана жақтың қазағынан артық» дей алмайсыз. Бір ғана мысал. Ақпан айында Семей қаласында лекция оқыдық. Презентация біткен соң 80 кітап сатылды. «Кітапқұмар халық. Абайдың шарапаты байқалады» деп ол жақтың жұртына риза боп қайттық. Бір айдан соң Шымкенттің сегіз ауданына аралып, Логотерапияны тағы оқыдық. Сол кезде мынадай қызық болды. Біз былай деп детерминизацияға ұрындық. «Ертең Сарыағаш ауданына барамыз. Көп кітап апарып қажеті жоқ. Ол жақтың жұрты саудаға бейім. Бәрібір олар көп кітап алмайды» дедік. Яғни алдын ала тон піштік. Бәрі керісінше болды. Жарты сағаттың ішінде мұғалімдер 140 кітапты талап алды. Масқара болғанда кітап таусылып қалып сасқанымыздан Ырысбектің «Мөлтілін» ұсындық. Ұстаздар «пайдалы кітап болса әкел» деп оны да талап алды. Көрдіңіз бе, сырттан қарап, алдын ала тон пішу ұят нәрсе. «Олай етуге болмайды» деп ақыл айтып жүрген менің өзім Сарыағашта ұятқа қалдым. Шындығында, адам барлық жерде бірдей. Тек сыртқы факторларға орай тұрмыс-тіршілігінде кей әрекеті ерекшеленіп тұруы мүмкін.
Әлбетте, ел болған соң ішінде жақсысы да наданы да араласып жүре береді. Бірақ менің игі жақсылармен тізе қосып іс қылуыма кім кедергі? Кедергі бар десек: бірінші кедергі өзімнің жалқаулығым мен кертартпалығым болуы керек. Пенденің өзі қодық құсап кері кетіп тұрса, оны не үшін басқалар алға сүйреуі керек?
«Біздің қазақ жақсы істі көре алмайды» деген шындыққа жанаспайды. Басқа аймақты айтпағанда бір ғана Алматыда «Мектепке не факультетке келіп Логотерапия мен қисса айтып берсіз бе?» деп өтінген қазақта есеп жоқ. Оның бәріне үлгеру еш мүмкін емес. Біз үйімізге бір айда бір рет түнейтін күйге жеттік. Неге? Не үшін? Үйімізге қондырмай жатқан кім? Кім болушы еді, кәдімгі өзіміздің қазақтар! Сәулелі идяны көрді ме, саған сағыз сияқты жабысады. «Ана ілімнің шарапатын бізбен бөліс» деп қинайды. Логотерапия сияқты қазаққа мүлде таныс емес ілімді еш жатсынбай мектебіне шақырып, оқушыларына батыл таныстыру үшін адамға қандай интеллект керек екенін болжай аласыз ба? Олай ету үшін адамға ақыл, білім, парасат, батылдық керек. Яғни біреу бізді шақырса ол қазақ бізден 100 есе ақылды деген сөз. Бізден ақылды болғандықтан да пайдалы ілімді алыстан танып біліп тұр. Толстойша айтқанда «Люди любят нас не от того, что мы хороши. Это они способные нас любить» болып шығады.
«Қазақтар атын шығарғысы келсе жақсының жағасына жармасады. Сол кезде елдің сүйіктісіне айналады» деген де ӨТІРІК! Үш жылдан бері ФБ-ға тіркеліп, осындағы тіршілікті бақылап келемін. Әліге дейін жақсының жағасына жармасып, содан ЖҰЛДЫЗ болған бір қазақты көрмедім. Керісінше жақсының тірсегін шайнаған наданды зиялы қазақтар сол заматта БАНҒА қамайды. Немесе ортада «тепкілеп», екінші қайта лентаға кірмейтін қылады. Иә, дұрыс, кейде үкіметтік органдардың ұйымдастыруымен ықпалды һәм танымал тұлғаларға тіке шабатындар бар. Бірақ оларды ешкім жақсы көрмейді. Екіншіден ондай 4-5 «қарсақ» бүкіл қазақтың сипаты болып саналмайды. «Шиебөрілер» шулап бастағанда көзі ашықтар бір біріне хабарласып «ана иттің баласын БАНҒА тық. Пәленшенің заказымен қасақана жазып отыр» деп ондай ауру адамнан іргесін аулақ салады.
«Біздің қазақ бөлінуге мастар ғой. Шала қазақ, мәңгүрт қазақ, сопы қазақ, салафит қазақ» боп бөлінгенді жақсы көреді деген де ӨТІРІК! Жеке көзқарасы мен діни танымына орай адамдардың қоғамда топ-топ болып өмір сүруі қалыпты құбылыс. Біз ғана емес, әлем жұрты солай бөлініп, өзіне ұнаған қауымда яки топта өмір сүреді. Кеудесінде көзі бар барлық қазақ әлемдегі барлық зиялы жұрт сияқты сәулелі ойды жазбай таниды, әрі бірден соған тартылады. Мысалы. Кеше маған 300-ден астам адам жылы лебіз білдіріп пост қойыпты. Әр посттың астына құттықтау жазғандарды санасаң ұзын саны мыңнан асады. Түнде соларды ерінбей қарап талдадым. Бір заманда менімен зікір алқасында бірге болып, діни танымына орай мені қолдаушылардың үлесі 5 % — ды зорға құрайды екен. Жалпы ФБ кеңістігінде зікіршілердің позициясы жоқ десе де болады. Олар негізінен Уатс апта құпия өмір сүреді. Ал, ФБ-ға тіркелген он шақтысы басқа атпен отырады. Олар маған лайк басып, пікір жазбайды. Дұрысы сақтанады. Оның үстіне олардың арасына тарап кеткен «Санжар КНБ-ның агенті» деген конспирацияны және қосыңыз. Жақын тамыр-таныс пен ағайын-туысты қосқанда да пікірлестерім 15 пайыздан әрең асады. Сонда 85 % тілекші қазақ қайдан шықты? Мен оларды өмірімде көрген емеспін. Тек желіде доспыз. Олардың үшеуі тілегін орысша жазған. Үш өзбек жекеме шығып өзбек тілінде құттықтапты. Бұдан шығатын қортынды мынау. Қазақтар да – тілі бөлек болса да мәңгілік маңызы бар объективті құндылыққа талпына алатын элитный этнос саналады. Кейбір орыс тілді қазақтар қиссаларды түгел оқып, тыңдап келеді.
Логотерапия адам болмысын былайша үшке бөледі. Кірпіш тәнін СОМАТИКАЛЫҚ дене дейді. Орталық жүйке жүйесіне байланған эмоциялық қабаттарын ПСИХОФИЗИКА дейді. Рухани негізін НООЛОГИКА дейді. Елге біздің биологиялық тәніміз қызық емес. Эмоциямыз басқаға мүлде керек емес. Оларға қызығы НООЛОГИКА. Жұрт әманда МӘНГЕ мұқтаж. Бәрінің де мағыналы өмір сүргісі келеді. Барлық адам құндылыққа зәру. Сондықтан жылы лебізін аямаған жұрттың бәрі бізді ЖЕР өртегеніміз үшін, немесе жақсының жағасына жармасып, олардың тірсегін шайнағанымыз үшін жақсы көрмейді. Қисса жинап, құндылық ұсынғанымыз үшін ғана олар бізге жүрегінен орын берген. Олай болса «Бұ заманда атың шықпаса ЖЕР өрте», «Жақсының жағасына жармас», «Жұлдыздардың жеке өмірін жазсаң тезірек танымал» боласың деу қисынға келмейді.
Сонымен:
1.«Бұ қазаққа біреуді жамандауды беріп қойсаң болды» деген ДАЛ-БА-СА! Қазақтар да игі іспен айналысқан ұлдарын бағалай алатын ЗИЯЛЫ ҰЛТ!
2. «Бір жақсыны көрсе етектен тартатын қазақтың ежелгі әдеті емес пе?» деген де ДАЛ-БА-СА! Төрт кітап шығарғанда бізден жәрдемін аямаған қазақтар жетіп артылады. Етектен тартқан бір, екі наданды қуып жібердім. Яғни қазақтар да өркениетке ұмтылатын өнегелі ұлт!
3.«Бұ заманда аты шықпаған қазақ жер өртейді» деген де ДАЛ-БА-СА! Жер өртеп атын шығарған қазақты көрмедім. Дұрысы: Танымал болғың келсе елге құндылық ұсын! Мәдени өнім бер!
4. «Бұ заманда атағыңды шығарып, елдің сүйкімдісіне айналғың келсе жақсының жағасына жармас» деген де ДАЛ-БА-СА! Елдің құрметіне бөленгің келсе жақсының қызметіне жара. Өзің бола алсаң бол. Бола алмасаң болған ердің атын ертте!
5. «Қазақтың жауы – ҚАЗАҚ» деген де ДАЛ-БА-СА! 43 жасқа дейін неше түрлі қызықты бастан кештім. Сансыз нығметке бөлендім. Соның бәрінде маған көмектескен кілең қазақ азаматтары. Бір ғана Ғалым Боқаш досымнан көрген жақсылығым мен нығметімді санап тауыса алмаспын. Басқа да мықтылардан көрген жақсылығымды тізіп отыру мүмкін емес. Қалаң қазақтың талауына түсіп қалып, ақырында басқа этностан пана тауып жан сақтаған жерім жоқ. Иә, кейбір надан қазақтар біраз қиянат қылды. Есесіне басқасы жандағы жараны тез емдеп жазды. Былайша айтқанда көкірегі соқыр бір топ қазақ өз жұртымнан безінуге әлі себеп болған емес.
6.«Қазақ десең өзіңе тиеді» деген де ДАЛ-БА-СА! Әлемге ақылымен, өнерімен, парасатымен танылып, мақтаныш сезімін силаған талантты қазақтар баршылық. Сондықтан бұл тіркесті ешқашан қолданған емеспін.
7.«Біз қазақ осындай сорлымыз. Жақсының жақсылығын көре алмаймыз. Жақсының игі тірлігін терістеп отыру қанымызға сіңген ғой» деген де ДАЛ -БА — СА! Өмір бақи кілең мықты қазақтармен араластым. Игі ісімді терістеп, өзімді қаңғытып жіберген қалың қазақты көргем жоқ. Әр түрлі сапарда жүргенде ісіме қолдау білдіріп, астындағы атына дейін түсіп берген талай қазақты көзіммен көрдім.
8. «Жақсы сөз айтылса аузы қисайып. соның артын шұқып отыратын сорлы қазақ емеспіз бе?» деген де ДАЛ-БА-СА! ФБ –да үш жылдан бері кітап жарнамалап, қисса насихаттап келеміз. Күннен күнге қиссаны тұтынушы қазақтар саны артып келеді. Анда-санда діни танымына орай қисық пікір жазатын бір екі дүмше кездеседі әрине. Бірақ оларға қарап «О, міне, қазақ деген осы. Айттым ғой бұлар осындай топас деп» айтпаймыз. ФБ-дағы мыңдаған қазақ қиссаның мәнін терең ұғып, ұрпағына үйретіп, бала-шағасына жаттатып әлек. Соңғы төрт жылда Отбасы хрестоматиясы сериясымен 30 000 — нан аса кітап сатылған. Яғни ел-жұрттың ЛОГОСТЫ айыра алатын рухани қабілеті бар. Қазақ жұрты супер надан болып кетпеген.
Қортынды: Жеке көзқарасым бойынша ҚАЗАҚ деген ешкімнен артық жаралмаған. Және ешкімнен кем де халық емес. Басқа да әлем жұрты қалай болса, біз де сондаймыз. Оқыған азаматтар қаншалықты құндылық өндірсе, бұқара халықтың да танымы сол дәрежеде зиялы болып қалыптасады. Ал қазір мешеу қалып, дами алмай жатқанымыздың ұлттық мінезге, генофондқа қатысы шамалы деп ойлаймын. Соңғы бірнеше ғасырда билікке жарымаған қазақты «Жібермесің жібермес» дегендей бір мықты жібермес фактор қасақана езіп тұр. Дамуына мүмкіндік бермей біресе тілі мен тарихын тұншықтырады. Біресе еркіндігін тежейді, енді бірде азаматтарын тұтқындайды. Қала берді ашынып көшеге шыққандарын автоматпен атып жүнжітіп жіберді.
Сондықтан кешегі туған күніме орай тілек айтып, құттықтау жазып жылы лебіздерін білдірген барлық отандасымды елдегі ЕҢ ЭЛИТНЫЙ топ деп танимын. Олардың барлығы дерлік біз ұсынған мәнді мағыналы құндылықтың ЛОГОСЫН жазбай таныған ЕҢ парасатты қазақтар! Яғни елде ПАРАСАТТЫ қазақтар болғанның арқасында ғана біздің де айымыз оңынан туды. Ісіміз елге білінді. Түптеп келгенде проблема халықта емес, өзіңнің айналысып жүрген ДАЛБАСА тірлігіңде болып шығады. Әйтпесе соңғы он жылда авторитарлы жүйенің қызметшілері бізге ҚАРА ПИЯР жасап, БАҚ арқылы бізді құбыжық қылып көрсетуге тырысып бақты. Бірақ, қайтесің енді. Біріншіден интернет ғасыры жаңа толқын туғызды. Екіншіден ақжүрек қазақтардың көңіл көзі бәрібір жақсы мен жаманды оп-оңай айырып алды. Солардың себебінен ЛОГОС немесе МӘН ілімі Қазақстанның шегінен шығып, шар тарапқа таралып жатыр. Жасасын Логотерапия! Жасасын елдің БІРЛІГІ!

Санжар Керімбай

Пікір

  • Абай секилди талдап турып жазыпсыз,керемет! Алла озинизди бале-жаладан,ауру-сыркаудан сактасын Санжар ага!..

    Дария 08.05.2017 01:27 Ответить
  • Halyq ushin zhasap zhatqan enbeginiz Alladan bir,halyqtan eki qaitsyn. Sizdi bir kezdestirsem dep armandaimyn. Qystyn kuni suyqta shapanymdy sheship, iygynyzga ilip tastap,koilekshen oz zholymmen kete barsam,tonbas edim. «Elim» degen erdi quantsam,ozimdi bir zor azamattai seziner edim. Otbasynyzga bar zhaqsylyqty tileimin.

    Адай 02.06.2017 02:15 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню