Қазан мен қатынның қымбатын ал!

15875294_1891089354510562_6160885643306463987_o

Жарықтық әкеміз әулие болған екен ғой. Көзінің тірісінде әулиедей талай тірлік жасады. Жастықтың арам желімен кезінде соны сезбеппіз. Мені қойшы ол кезде жас болдым. Үлкен ағаларым да сезбеген ғой. Әкеміз келешекті болжаса: бәріміз «Әй, ескінің адамы — қайдағы жоқты айтады. 32-нің аштығын көрген кісі, не болса содан секем алып қорқады» деп күлуші едік. Міне, енді оқыған он баласы соғыс кезінде 7 кластық білім алған шала сауатты әкеміздің деңгейіне жете алмай діңкелеп жүрміз. «Бұ Шәнжархан аяқ астынан әкесін неге еске алып елжірей қалды?» дейсіз ғой енді. Тура бүгін үйленгеніме 20 жыл бопты. Оны да есіме салған әкемнің ең кіші келіні. Яғни — менің бибім. Оқиға былай болған.
Бакалаврды бітірген соң үйленем деп шешем ғой. Содан жаңа жылдан алдын ауылға барып, солай да солай деп жоспарымды естіртем. Ол кезде қайын жұртым Қазақстанның ең оңтүстік мүйісіндегі үлкен ауылда тұрады. Мені тыңдап болған соң шешем «Балам, свет жоқ, көмір жоқ, ақша жоқ мынадай құрыған заманда басқа жақтың қызын таппадың ба? Қаптаған қыздың ішінде жүріп ең қымбат жердің қызына ұрынғаның қай сасқаның?» деді әзіл-шыны аралас. Әкем бірден «Баланікі дұрыс! «Қазан мен қатынның қымбатын ал» деген атаң қазақ. Баяғыда біздің атамыз шешем Шаһарманды айттырғанда шешеміздің інілері не болса соны сұрай беріпті. Кенжетай атам «Не сұраса да беріңдер. Ең бастысы Шаһарман босағама келін болып түссін. Құтты келін келсе, жоқтың орны оңалады. Адам жасайтын зат пен Құдай жасайтын құтты келінді теңгермеңдер» деп жорға атын да, күміспен қақталған ер тұрманын да, ең ақыры сол кездің ең ірі байлығы саналатын патефонды да қалың малға беріпті. Содан міне біз туылдық. Құдайға шүкір, жаман болғаным жоқ» деп естелік айтып үкімді сол жерде беріп тастады. Сөйтті де «Біз дайынбыз. Келінді әкел» деді. Осыны пайдаланып Шәнжархан жаңа жылдан соң үйленіп алады. Қалың мал туралы әңгіме сол күйі қозғалмады. Себебі, қайын жұрт сауатты, көзі ашық интеллигент кісілер еді. Ондай тақырыпқа тереңдеп бармады. Жастар үйленсін де тезірек бақытын тапсын деп қысқа қайырды. Осылайша барымен базар қылдық.
Беташар бітіп, Алматыға келген соң бибім екеуміз қазан алу үшін барахолкаға бардық. Сатып тұрған қатындар:
— Әй, жігіт не іздедің? – деді.
— Қазан,-дедім мен.
— Студентсің бе?
— Иә.(Магистратурада оқып жүрген кезім)
— Онда менде студенттерге арналған как раз кішкентай әрі арзан қазандар бар. Менен ал,- деді.
— Жоқ, маған үлкен әрі қымбат қазан керек.
— Не үшін? Ұлың жоқ, қызың жоқ, келіншегің екеуің ғана. Саған үлкен қазан не керек?
— Әкем «Қазан мен қатынның қымбатын ал» деген. Сондықтан әрі үлкен әрі қымбат қазан іздеп жүрмін, — дедім. Сатушылар күлкіден қырылып қалды. Шетте тұрған біреуі «Онда үлкені менде бар. Бағасы да қымбат. Менен ал» деп қуанып кетті. Расымен де қазаны үлкен екен. Саудаласпай сұраған бағасына сатып алдық.
Бұл қазанға шынымен де құт дарады. Жарықтық 20 жыл оттан түспеді ғой.
Қазан енді жайына тұрсын. Жарыңның жайы не болды? «Оған ше, құт дарыды ма?» деген сұрақ бар ғой. Ол қазаннан да асқан құтты келіншек болды! Жапонияда үш жыл оқыса да «Карьераны не қыламыз?» деп асып саспады. 20 жылда төрт ұлға үш қыз қосып сыйлады. Еще оларды қалай болса солай дүниеге әкелмейді. Бәрін ретімен, табиғаттың тәртібімен жөнге келтірді. Бірінші ұл туды. Сосын қыз босанды. Сосын тағы ұл келді. Сосын қайтадын қыз нәсіп болды. Тағы да ұл, сосын қыз. Яғни Табиғаттың ақ пен қара алмасып тұратын диалектика заңын қатаң сақтады. Мұндай ақылды әйелді қайдан табасың?! Бірінші ұл үйді шашады. Екінші қыз оны жинайды. Екінші ұл да тек үй шашқанды біледі. Төртінші қыз оның соңын жинайды. Үшінші ұл келді де үйдің астаң-кестеңін шығарды. Алтыншы қыз одан асқан пысық болды. Оның артын сыпырып сипап жүреді. Жеті балам болса да үйім ешқашан бардак болған емес. Ұлдың артынан міндетті түрде туылатын қыздарым айналамды қанттай қылып тазалап отырады. Обшым рақат болды! Сол қыздарымның арқасында ғой қисса жинап «- Кімсің? – Пәленше!» боп шіреніп жүргенім.
Айтпақшы, қисса дегеннен шығады. Қисса жинап, сапарға шыққанымда апталап үйдің бетін көрмей қаңғимын. Ондай кезде басқалар сияқты әйелімнен сұранып отырмаймын. Шай басында «Тағы біраз қисса жинап, кітап шығармасақ қариялар азайып бара жатыр» деп жұқалап қана намек тастаймын. Соның өзі жетіп жатыр. Бибім «Қатынның сорлысы ер қориды. Еркектің сорлысы жер қориды» деген. Қариялар таусылмай тұрғанда ел ішінен тезірек қисса жинап қайтыңдар. Тоғыз соттық жеріңді қорып жата бергеннен қара басыңа болмаса, елге түк те пайда жоқ» дейді. Сол кезде мен де дайын тұрған дорбамды аламын да қамырдан қыл суырғандай үйден шығып, кезекті сапарыма аттанып кете барамын…
Жас кезімде Шәкәрімнің Ар ілімін, Яссауидің Хәл ілімі мен зікірлерін үйренемін деп сопыларға қосылып біраз жыл дәруіш те болғам. Ол жылдары жарытып мал да таппадым. Сол заманда «Ойбай Шәнжархан діншіл фанатик боп кетіпті. Мал таппайды екен. Отбасының бүкіл жауапкершілігін әйеліне артып қойыпты» деген өсек те гу ете қалған. Бибім оған да былқ еткен жоқ. «Ақылдының мал табуға септігі жоқ. Ақымақтың мал табуға кемдігі жоқ» деген. Малды өзім де табам. Сен одан да МӘН тап» деп рухани ілімге қарай бір бүйрегі бұрды да тұрды. Міне сол күреске толы азапты жылдар артта қалған сияқты. Қазір мәнді ғұмыр мен нәрлі ілімнің рақатын бірге көріп жатырмыз. «Экзистенция вакумы» деген апатқа ұрынбай, бір қауіптен аман қалдық. Қазір бибім үшін тіршілік тоқтап қалғандай көрінбейді. Керісінше бүкіл қызығы енді басталатын сияқты ертеңгі күнге ынтығып тұрады. Кейде қарап отырмай «Елдің бәрі PhD оқып ғалым атанып жатыр. Сені де докторлыққа оқытып алсам ба екен?» деп менің болашағымды ойлап қамығады. Мен болсам «Әрине, сенің көңілің үшін бәрін де оқуға даярмын» деймін де сүйікті ісіммен шұғылданып жүре беремін. Қысқасы, қол ұстасып мәңгілікке бірге кетіп барамыз… Солай, бойдақ жігіттер! Қазан мен қатынның қымбатын алыңдар!

Санжар Керімбай

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню