Бесінші түс | DEGDAR

Бесінші түс

984019_1946854422267388_8979146145945264911_n

Ыстамбұлдан Алматыға қайтар кез келді. Ұшақ ол жақтан кешке шығады. Онысы жақсы. Бірақ Алматыға таңғы бесте қонады. Сонысы қолайсыз. Тағы да шала ұйқы. Хош, сонымен тіркеу, тексеру бәрі бітіп, салонға жайғасу басталды. Жұрт жапа-тармағай ішке еніп, орындарын іздеп жүр. Кейбірі төбедегі қуысқа заттарын тығып әлек. Мен де орнымды таптым да дорбамды салайын деп үстіндегі багажды ашсам іші толып тұр. Ине шаншар орын жоқ. Не істерімді білмей алақтап тұрмын. Кенет сәл әріден:
— Шәнжархан, бері жүр. Мұндағы багаж бос. Менде жүк жоқ. Затыңды сонда қой, — деген дауыс естілді. «Ох, мені танитын біреу кезікті. Кім де болса Айбектің қисса тобындағы (Ватсаптағы) қиссасүйер қазақ болды. Болмаса Фейсбуктен таныс біреу» деп ойладым. Солай жылжыдым. Расымен ондағы багаж бос екен. Қақпағын аштым да сөмкені сүңгіттім. Сол кезде әлгі кісі:
— Менің жаным бос. Кел отыр. Жол қысқартып барайық, — деді.
— Аха, сөйтейік, — деп жанына жайғастым. Салонның іші алакеуім. Кісінің түрі алыстан анық көрінбеген. Жанына келгенде ғана жанашыр жанның жамалына үңілдім. Сізге өтірік, маған шын: Виктор Франклдың өзі екен. Аузым ашылды да қалды.
— Өй, Франкл ата, сіз қайдан жүрсіз? Алматыға ма? — деппін.
— Маған бәрібір. Мәнді сұхбат қайда болса, Франкл атаң сонда ғой, шырағым. СССР кезінде «партия қайда болса: Жеңіс сонда» деуші ме едіңдер? Бұл да сол сияқты. Бастысы қайда барсақ та мәнді сұхбат жалғасын тапсын, — деп күлімдеді. Осыдан соң жаңалық сұрасып біраз отырдық. Бір кезде Франк атам:
— Ал, Шәнжархан бұрынғы даналар «Не айтқың келеді оны айтпа. Ел нені білуге тиіс соны айт» деген. Мен ғой 80 жыл логотерапияны айналдырған ғалыммын. Ақпарат көп. Бірді айтып бірге кетемін. Ал, сен мен сияқты әруақ емессің. Ел ішінде тірі жүрген жансың. Жұрт не білгісі келеді? Қазір елдің райы қалай өзі? — деді. Сонда ғана өткен жолы «Жеткілікті шарт – жеткілікті» дегенді сұрағаным есіме түсті. «Қой, уақытты оздырмай осыны біліп алайын» деп:
— Франкл ата, осы «Адам феноменін жасап шығуға жеткілікті шарт-жеткілікті!» дейсіз. Соны онша ұқпадым. Мәнісін қалай түсінеміз? – дедім. Атам жауабын былай бастады:
— Ол былай, Шәнжархан. Кез келген адам бұ дүниеге қорлық тарту үшін, біреуге құл болу үшін, мемлекет саясатының құрбаны болу үшін немесе бір діннің ойыншығы болу үшін келмейді.
— Енді?!
— Адам бұ дүниеге Рухани Феномен ретінде ЖАРҚ етіп сәуле шашу үшін келеді. Яғни артында өлмейтін, өшпейтін ғибратты із тастау үшін туылады.
— Ой, ол енді еш мүмкін емес қой. Елдің бәрі қалай ЖАРҚ етеді? Ой-сананы сансыз проблема матап тұр. Жұрт миллион проблеманың ішінде арам өлмей тірі жүргеніне риза ғой қазір. Қазақтың қазіргі күйін жауыма да тілемеймін.
— Иә, білем. Бірақ сен үміт үзбе. Елде дүниеге сәби келсе одан хикмет ізде. Яғни «Азапты өмірге сәби не үшін келді? Мұның тууында не мән бар? Ер жеткенде не істей алады? Тәңірсі қандай мақсатпен жерге жіберді?» деп сұра. Баяғыда Тагор деген кемеңгер қария: «Дүниеге сәби келген сайын Тәңірдің төзіміне таңғаласың! Пәк әлемнен осы дүниеге періштедей сәбиді туғызған сайын Тәңірдің адамзаттан әлі де көңілі қалмағынын көрем. Осының өзі маған үміт пен серпін сыйлайды» деген еді. Сол сияқты жарқ етіп сәуле шашатын саналы адамнан үмітің үзілмесін.
— Жарайды, үмітті болам делік. Бірақ онымен не шешіледі?
— Тоқтай тұр, бала асықпа. Алдыға озып шаппа. Енді «Не үшін үміттенімін? Не нәрсеге қарап үміттенемін? Үміт беретін күш бар ма?» деп сұрақты жалғаймыз. Сол кезде көзіміз ашылады.
— Жарайды солай сұрадым делік.
— Сонымен «құлдықтың, қорлықтың, бейшаралықтың, бұғауынан босап шығатын қару бар ма?» деп сұраймыз. Жауабы: БАР!!!
— Ол не?
— ЕРКІНДІК феномені! Адамзат әманда азат, қашанда еркін! Тәңірдің пендеге берген ең үлкен нығметінің бірі – ЕРКІНДІК!
— Франкл ата, сіз қызықсыз. Адам қалай еркін болады? Оны тұрмыстық мың-миллион проблема матап, ит тірлігі анаконда жыландай орап алып, буындырып жатыр. Адам еркін болу үшін кедіргіні құрту керек. Экономика төмен. Діни надандық миды шырмап тұр. ТВ арналар сайқымазақ шоулармен сананы билеп алған. Үкіметтік бақылау да қатты. Сапалы білімге жол жабылды. Үйсіз-күйсіз жүрген бір қазақ. Не ақыл, не ақша табатын шанс жоқ. Осындай тақыр жерде отырып ЕРКІНДІК туралы әңгіме соғу қалай болар екен?
— Балам, бері қара. АДАМДЫ осылай ішіп-жеуші яки тұтынушы машина етіп қарасаң: оның РУХАНИ болмысынан шығатын ғажайып адами феномендерді көрмеген күйі кетесің. Кісінің еркіндігі немесе ерік қалауы биологиялық мұқтаждығына тәуелді емес. Ол бөлек тұрады.
— Қалай бөлек тұрады? Адам өзі біреу болса?
— О, міне, ең қызығы осы арада. Мұны латынша «Unitas multiplex» дейді. Көптіктің бірлігі. Яғни көптен құралып, барлығы жалғыз бірлікті түзеді. Бірліктің түп негізін тапқандар кедергінің бәрін қиратады. Тәк, оны қалай түсіндірсем екен, ә? А, міне, мына стаканға қара, — деді де көлденеңнен көзіме тосып:
— Ыдысты қандай пішінде көріп тұрсың? — деді.
— Төрт бұрыш, — дедім.
— Дұрыс. Енді ше? — деді де стаканды түп жағынан тік көрсетті.
— Шеңбер.
— Енді сұрақ былай. Стакан шеңбер ме, квадрат па?
— Хе, қызық екенсіз. Мәселе қай қырынан қарайсың, соған байланысты ғой. Жанынан қарасаң квадрат. Төбесінен үңілсең шеңбер.
— О, міне, семіп қалған ақылыңа құнарлы ойдың сәулесі түсіп жіби бастады. Адам да тура солай. Биологиялық қырынан қарасаң: ішіп жеп, ұйықтаудан басқа жұмысы жоқ мисыз мақұлық. Психологиялық қырынан үңілсең: ойын сауыққа құмары қанбайтын бір жүрген сайқымазақ. Яғни екі тараптан неше рет назар салсаң да, оның рухани өзегінен шығатын ЕРКІНДІК, АР-ҰЯТ, МАХАББАТ, ЖАУАПКЕРШІЛІК, ҚАЙРАТ, ЖІГЕР, САБЫР, САҚТЫҚ, ТӨЗІМ, ТАЛАП сияқты сипаттары көзге шалынбайды. Сондықтан басқа өлшемге өтуге тура келеді.
— Сонда олар қашан көрінеді?
— Ноологикалық қабатта ғана көрінеді. Оны сенің тіліңде «Рухани өзек» дейміз. Адамның ЖАРҚ ететін мәңгілік сәулесі осы өзектен шығады. «Жеткілікті шарт – Жеткілікті!» дейтінім сол. Тәк, шатаспас үшін стакан мысалына ораламыз.
— А, иә, сөйтіңізші. Әйтпесе, ақылым адасып кетеді.
— Жақсы. Сен стаканды екі тараптан анық көрдің. Бірақ түпкі сипатын сол күйі танымадың. Немесе ыдыстың хикметін ұқпадың. Стакан бірнеше пішінде көрінсе де: түпкі негізінде су құятын ыдыс. Ортасы бос тұрады. Міндеті ішінде су сақтау. Су сақтамаса оның бізге бұйым ретінде керегі жоқ. Хикметі – ішіндегі мөлдір сумен адамның шөлін қандыру. Яғни тыстан назар салғанда стаканның сыртқы пішіндері көрінеді. Бірақ іші қуыс ыдыс екені білінбейді. Бар гәп сонда!
— Ал?
— Адам да солай. Биологиялық және психофизикалық өлшеммен қарағанда бітеу жұмыртқа сияқты. Сыртпен ісі жоқ. Өз ішінде бір жүйе айналып тіршілікті ұстап тұр. Оның тыспен қатынасын жойып, бітеу қалпында қалдырсам, бір күні ол ашиды. Сосын шіриді. Қазақта «шіріген жұмыртқа» деген тіркес бар. Ел-жұрт көпке пайдасы тимеген пендені солай деп сөгеді. Ал, жұмыртқадан балапан өсіргің келсе, оны сыртқы әлеммен байланысқа түсіресің. Яғни жұмыртқаны жинап, тауыққа бастырамыз. Ол қажетті жылуды береді. Айы-күні толғанда сары уыздан сүп-сүйкімді балапан тысқа жарып шығады.
— Енді мұны адаммен қалай салыстырамыз?
— Сәл сабыр қыл. Әңгіме соған келе жатыр. Адам да солай. Сары уыз сияқты қақ жүрегінде РУХАНИ БОЛМЫСЫ тұр. Оның ішім-жеммен ісі жоқ. РУХ іштегі бітеу жүйені қиып өтіп, ғайыпқа самғағысы келеді. Оны ғылымда ТРАНСЦЕНДЕНЦИЯ деп атайды. Яғни рухани тұғырын тапқан мықты тұлғалар ғайыпқа ұмтылады. Ал, ғайыптағы Тәңірі сары уызды тысқа тартқан тауық сияқты жүректегі РУХТЫ трансцендентті әлемге қызықтырып тартады. Сол кезде кісінің тіршілігіне МӘН бітеді. Азат Рух қараңғы қоғамға сәуле шашады. Ондай тұлғаны бұрындары жұрт ӘУЛИЕ деген. Бірақ бүкіл қауіп пен қатер де осы арада жатыр.
— Нені меңзеп отырсыз?
— Ғылымның талай саласы кісіні топас қылуға арналған. Адамның ғайып әлемге қақпа ашатын осы ғажайып қабілетін жоққа шығарады. «Бұл далбаса әңгіме. Ғайыпқа талпыну деген ертегі. Пенде осы өмірде тұрмысын реттеумен әлек. Оған камфорттан басқа түк те керек емес. «РУХ», «ҒАЙЫП», «Ар-Ұят», «Мейірім-Махаббат» деген сияқты дерексіз зат есімдер діннен келген. Діннің заманы өтті. Сондықтан бұл теманы жабайық» деп бүкіл үгіт-насихат машинасын ДЕТЕРМИНИЗМГЕ жұмылдырады. Осы безбүйрек машинаның үгітіне ілінгендер бітеу жұмыртқа сияқты іштен іріп бастайды. Жастық шағын құмарлық пен қызыққа ұрлатады. Елуден асқан соң қарттық кеп қысқанда ашарға есік, кірерге тесік таппай тентірейді. Амалсыз ажалын күтіп, тағдырдың ығына біржола беріледі. Сол кезде ол толық рухани шіріп бітеді.
— Міне әңгіме қайда жатыр!? — деп сиқырлы сұхбатқа тартыла түстім.
— Стаканның мысалында ШЕҢБЕР мен КВАДРАТТЫҢ бір стакан бойынан табылғаны сияқты АЗАТТЫҚ пен ДЕТЕРМИНИЗМ де бір адамның бойынан табылады. Психологиялық қырынан түскенде пенде пақыр сансыз себеп пен шартқа маталған. Тырп ете алмайды. Бейшараның өлгенше не істеп не қоярын өзінің қалау еркі емес: үкіметтің заңы, шариғи үкімдер, діни көсемдердің пәтуасы, ата-анасының амбициясы, экономикалық жоқшылық, климаттық жағдай, әлеуметтік орта, қоғамдық пікір анықтайды. Яғни тағдырын себеп пен шарттар шырмап алғын. Мысалы біреуден: «неге адал кәсіппен мал таппайсың? Сенің қолыңнан мынадай өнер келеді? Неге осыны қоғамға жаймайсың?» десең, ол бүй дейді: «Елдің бәрі осындай. Адал кәсіппен мал табу үшін мындай шарттар керек. Немесе өнерімді жаю үшін мынадай талаптар орындалсын» деп шарт қояды. Ал, ол шарттар өмірі орындалмайды. Сөйтіп жүргенде ішіндегі ӨНЕРІ арам өледі. Немесе бүй деуі мүмкін. «Мен негізі басқа адам болар едім. Бірақ талант бар, таныс жоқ. Ақша билеген заман болды. Жоғарыда көкең болмаса осы кеткенің кеткен» деп қисапсыз себепті тізеді. Себеп пен сылтау айтқанда ауызыңды аштырмайды.
— Дұрыс қой енді. Мысалы, мені де экономикалық және саяси ахуал матап тұр. Олар басқаша болғанда өзгеше өмір сүрер едім. Жұрттың солай уәж айтуы заңды деп білемін.
— Әй, баламысың деген. Кім айтады сені жасы 43-тен асқан азамат деп? Тура бір садиктегі сәбидейсің. Қатты айтқаным көңіліңе келмесін, Шәнжархан. «Өзін танымаған пенде жасы 100-ге келсе де 10 жасар баладай» деген. Одан да өзіңді іштен тануға тырыс.
— Жо-жоқ, көңілге тимейді. Айта беріңіз. Ең бастысы өмірдің құпиясы ашылса болғаны.
— Жақсы. Тыңда мені. Адамның АЗАТТЫҒЫН көру үшін психологиялық емес, ноологикалық тараптан түсеміз. Сол кезде оның АЗАТТЫҒЫ анық көрінеді. Рухани өзектегі таңдауы мен қалауын шарт пен себеп матағанда адамзат оған қарсы азат көзқарас ұстана алады. Ішінен «қай жағына болыссам екен. Немесе ниетімді қай жаққа бұрсам» деп ойлап тұрады. Қазақта «Ішінен боқтаған көп боқтайды» деген күлкілі сөз бар. Сол рас. Көрдің бе, адам ішінен не айтып, не қойса да өзі біледі. Оны тоқтата алмайсың.
— Мұны нақты өмірде сынап көрдіңіз бе?
— Сынақтың көкесі менде болды. 1942 жылы мені Освенцум деген концлагерге қамалдым. Ол жерде газ камерасы бар. Тамақ жоқ. Қыстың күні аштықтан жерге төгіліп, мұзға жабысқан сәбіздің қабығын тырнақпен қыршып алып жеуші едік. Аштық туралы неге айттым білесің бе?
— Жоқ.
— Ол былай. Зигмунд Фрейдті білесің ғой.
— Иә, естігем.
— Сол Фрейд заман тыныш кезде бүй деген еді. «Тоқшылықта адамдар не демейді. Көңіл көтеріп, түрлі мәдениет жасап, өздерінше көркем болып жүреді. Парасат биігінен ой толғайды. Философия соғады. Бірақ, бәрі далбаса! Мәртебесі әр бөлек мыңдаған кісіні қораға қамап, аштан қатырыңдар. Сосын көресіңдер қызықты. Крыса сияқты бірін бірі жеп қойсын» О, Құдайдың құдіреті, 37 жасымда тура сондай тозаққа барып түспесім бар ма!?
— Содан?
— Содан не болушы еді. Аштан өлуге аз қалдым. Тәулігіне 200 грамм қара нан. Бір тостақ сылдыр сорпа. Бір кесе қара су. Талай адам аштан өлді. Бірақ қызықты қара. Фрейд айтқандай олар крыса сияқты бірін бірі жеген жоқ. Керісінше өзі өліп бара жатса да ең соңғы түйір нанын досының аузына салатын ақжүректер соңына дейін тұрып берді. Көрдің бе, адам ең зұлмат сәтте де азаттығын қолданып, өзін трансценденция жасай алады. Яғни матау да, шарт та, сылтау да, себеп те сол жерде күл-талқан болады. Освенцумдағы тозақпен салыстырғанда сендердің қорлықтарың әлі тойға барғандай.
— О, міне, темаға енді кірдім. Сонда біздің еркіндікті қасақана қолдан матап отыр ма?
— Оған күмәнің болмасын, Шәнжархан! Адам Рухани болмысына фокус жасағанда ішінде тұнып тұрған бүкіл феномендерді бұрқыратып шығарады. Сондықтан еркіндікті бермес үшін үкімет пен діни топтар жұрттың ақылын матаумен айналысады. 30-шы жылдары Австрияда қанымды ішкен ғой бұлар.
— Ол кезде Венада тұрасыз ғой?
— Иә, Венада тұрамын. Содан үкімет пен діншілдер екі жақтан шабуылдайды. Үкімет болмысыңды ішіп жемге байлайды. Ал діни доктриналар ПАНДЕТЕРМИНИЗМДІ уағызбен таңады. Яғни «Ерік қалауың жоқ. Бәрі де ТАҒДЫРДЫҢ жазуымен болып жатыр. Тәңірі қалаған құлын адастырады. Қалаған құлын тура жолға жөнелтеді. Оның қалауынсыз ештеңе болмайды. Сондықтан құл бол да, айтқанды істеп жүре бер» дейді. Сонымен саудаң бітеді. Бұлардың екеуі де ҚАЙСАР РУХ тақырыбын талқылауға тыйым салады. Оны қазсаң ар жағынан жарқыраған басқа дүние көрінеді. Азаттық әлемінің мұхитына барып түсесің. Бірақ бұл тирандар мен фарисейлерге тиімсіз. Олар адамды мал сияқты қорада ұстау үшін бірі ДЕТЕРМИНИЗМДІ екіншісі ПАНДЕТЕРМИНИЗМ идеясын қоғамға сіңіреді. Екі идея санаға сіңіп, қоғамға таралған сайын адам заттанады. Заттанған соң біреудің қолындағы қуыршаққа немесе қолшоқпарға айналасың. Сол кезде діннің атымен кісі өлтіріп, қылмыс жасайтын зомбилер қамыстай қаулайды. Бұдан соң ғайып әлемді іздеу, өзіңді трансценденция жасау атымен өшеді.
— Манипуляция деген осы ма?
— Иә, осы! Бейнелеп айтсақ, қоғамдағы бүкіл адамды бітеу жұмыртқаға айналдырады. Сары уыздың қабықты жарып шығып, балапанға айналуына шанс бермейді. Іштей іріп кетуге итермелейді. Былайша айтқанда ел-жұрт жаппай «ШІРІГЕН ЖҰМЫРТҚАҒА» айналады! Яғни ғайып әлемді рухтың көзімен танытпайды. Қалау еркіңді бірінші тамаққа, екінші пейіш пен тозаққа әкеп тірейді. Ас-ауқат проблемасы биологиялық денеңнен шығады. Пейіш пен тозақ психологияңа әсер етеді. Психофизикаң хор қызынан дәметіп, тозақ отынан қорқып жүреді. Бірақ, ҚАЙСАР РУХТЫҢ трансцендентті әлемде қауышқысы келетін ЖАР ДИДАРЫ мүлде айтылмайды.
— Сонда қалай, манипуляциямен тек діншілдер айналыса ма?
— Жоқ, тек олар емес. Олар бір қанатын дамытады. Жалпы, тұтынушы қоғамда осылай болмай тұрмайды. Алпауыт елдер тауарды көп өндіреді. Артық тауарды манипуляция жасаумен сатады. Осы мақсатқа жету үшін олар ең бірінші тәуелсіз ойланатын адамның ақылын тұсауға тырысады. Оның айқын көрінісі – ЖАРНАМА! ТВ арналар мен Радио қала берді газет-журнал миға шабуыл жасап, бүкіл жүріс-тұрысыңды анықтайды. Яғни детерминизация жасайды. Ертең қандай тамақ ішіп, қай сабынмен жуынып, қай пастамен тісіңді шаярыңды өзің емес, солар белгілеп береді. Осылайша қуыршаққа айналасың.
— Шыны керек мына әңгімеңізден түңілейін дедім.
— Неге? Неге үрейің ұшып отыр?
— Енді мынау деген сұмдық қой. Бұндай тегеурінді манипуляцияға кім төтеп береді? Болды ғой, бітті ғой. Мынадай шабуылдан соң кімнің ақылы сау болады?
— Еш саспа. Жеткілікті шарт – Жеткілікті!
— Ол не?
— Міне нағыз темаға енді келдік. Ол былай. Тәңірдің әділ сипатына қара. Бүкіл адам баласына ҚАЙСАР РУХТЫ тең етіп берген. Одан шығатын АҚЫЛ, ҚАЙРАТ, ЖІГЕР, САБЫР, САҚТЫҚ, ТАЛАП, АЗАТТЫҚ, ЖАУАПКЕРШІЛІК, МАХАББАТ, АР-ҰЯТ сияқты нығметтерді қалай қолданасың: оны өзің шешесің. Оның рақаты мынау, — дей бергенде:
— Мистер Франкл, не ішесіз, не жейсіз? — деген дауыс шықты. Қарасам стюардесса қыз екен. Алдында тағам толы арба. Киім үлгісі бір қызық екен. Басына қазақша жаулық тартыпты. Қыздан гөрі келіншекке көп ұқсаттым. Қазақша оюы бар әдемі камзол киіпті. Ішімнен «қызық екен. Стюардессалар келіншек сияқты киінгені несі» деп ойладым. Франкл атам:
— Қиссадан жасалған қазақша ЛОГОС сорпасы бар ма? – деді. Стюардесса:
— Әлбетте, сіз айтсаңыз, бәрі бар, — деді де сыртында «LOGOS of KAZAK KISSA» деген жазуы бар қазанды шығарды да күміс түстес сусынды тостаққа құйып берді. Стюардесса:
— Ал, Шәнжархан, сен не қалайсың? — деп еді Франкл атай:
— Қиссагерге ақ күріш пен жылқы етінен жасалған бифштекс әкел. Бірақ қасында петрушка мен капуста болсын. Петрушка жүрегін жақсартады. Капуста қарттығын тежесін. Ертең жасына жетпей қартайып, алжып отырса үйдегі келінге салмақ салады. «Бикештің асты да аман, үсті де аман. Тек қана қашты деген аты жаман» дегендей «Шәнжархан алжыпты» деген аты жаман, — деп қойып қалмасы бар ма. Үшеуміз өлгенше күлдік. Салондағы жұрт біз жаққа ошарала бұрылып қарап қояды. Олармен ісіміз жоқ. Стюардесса:
— Айтсаңыз болды, — деді де тағамды алдымызғы қойып, көзден ғайып болды. Тамақты соғып отырмын. Атам ЛОГОС сорпасын ішіп отыр. Ол:
— Қазақша қиссадан жасалған логостың не сиқыры бар дим да?! Дәмі де, құнары да ерекше ғой шіркіннің. Қазақтар осыны онша көп пайдаланбайды. Соған таңым бар. «Атасының асынан безетін не ауру?» деп кейде таңғалам, — деп басын шайқап қояды.
— Еврей қиссасының логосы мұндай құнарлы емес пе? – деймін мен.
— Ол да дәмді. Оның да МӘНІ күшті. Бірақ қазақтікімен салыстыруға келмейді. Әруақтар әлемінде көбі қазақша логос ішуге таласады. Еврей туыстарым «Виктор, саған рақат. Қазақ досың бар. Қазақша қисса тыңдайсың» деп қызғанып қояды. Осылайша тамақ та тамәм болды. Босаған ыдыстарды бір шетке ысыра беріп едім «бос ыдысты өзім аламын. Алаң болмаңыздар» деді біреу. Қарасам стюардесса. Ыдысты бірден алмастан былай деп өтініш айтты:
— Құрметті Франкл ата, қадірлі Санжар аға, бір өтінішім бар. Соны айтсам орындайсыздар ма? Біз:
— Иә, иә айналайын. Айта бер, не мәселе? — деп жатырмыз. Стюардесса:
— Тұрмыс құрғаныма 8 жыл болды. Әлі құрсақ көтермедім. Сәбидің іңгәсына зәруміз. Қазақта қарияның алдынан табақ алғанда келіндер сәлем салып, бата алатын салт бар ғой. Сол бойынша табақты сәлем салып алсам. Екеуіңіз де Тәңірден бала тілеп, маған бір бата берсеңіздер, — демесі бар ма. Атам да, мен де сасып қалдық. Франкл атай:
— Ой, айналайын-ай, біздей құдайдың қара бет құлынан дұға дәметкен ниетіңнен айналдым, — деді де алдындағы табақты стюардессаға ұсынды. Ол ыдысты алып жатып ізетпен сәлем салды. Франкл атай:
— Өркеннің өссін, қарағым! Қошқардай қос ұл тап. Көріктен кемде емессің. Бірақ атаң Қазақ «Ең әдемі келіншек – аяғы ауыр келіншек» деген. Аяғың ауырлап бұдан да ажарлы бол, айналайын! — деп батасын берді. Кезек маған тиді. Табағымды стюардессаға ұсындым. Ол табақты алды да, ерекше ілтипатпен иілді. Мен де атамнан қалыспай:
— Бесігің бұдан былай босамасын. Үйіңнен іңгә кетпесін. «Ұл туғанға күн туады» деген. Тәңір қолдап, пайғамбар шапағат етіп, әруақтар алқалап көп кешікпей алтын асықтай ұл тап! — дедім. Ол:
— Рақмет, ағалар, — деп жүрегі елжіреп жылап жіберді. Моншақтай көз жасы домалап жатыр. Сол кезде Франк атам:
— Қызым, табақ алып, сәлем салып, бата тілегенің дұрыс. Дегенмен әулиеден шарапат тілегеннің зияны жоқ. Демалыста Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи атаңның басына зиярат етіп қайт. Олар бізбен салыстырғанда Құдайдың еркесі ғой. Тәңірге назы өтімдірек. Қазақта «Арыстан бабқа түне, Яссауиден тіле» деген тәмсіл бар. Оны да ескере жүргейсің, қалқам, — деді.
— Жарайды, ата. Күйеу балаңыз вахтадан келген соң әулинің басын зияраттаймыз, — деді де көзден ғайып болды. Тосыннан туған әсерлі оқиғадан есеңгіреп отырып қалдым. Атам үнсіз қатты да қалды. Әңгімені қалай жалғарымды білмей қипақтап отырмын. Бір кезде Франкл атамның булығып жылағанын көзім шалды. Әшкиін шешіп, жасын сүртті де:
— Қарашы, Шәнжархан, не деген көркем дәстүр! Мағыналы салт, хикметке толы мәдениет! Ғажап қой! Өрімдей келіншек бізді құрметтеп, иіліп сәлем салып, бата сұрады. Мәнге толы мұндай ғажайып мәдениетті қайдан табасың?! Осындай құндылықтың қазақ арасынан жойылып бара жатқанын көргенде аза бойым қаза болады. МӘН деген осы емес пе? Осындай тамаша салт пен санадан қалайша айрылып жатсыңдар? Бұл мәдениет өлсе, жағдайларың не болмақ? Вакум деген бәле мағыналы салттың өлген жерінде тамыр жаймай ма? — деп біраз тебіреніп кетті. Сәлден соң есін жинап алды да:
— Қай жерге келіп едік? – деді.
— ЖЕТКІЛІКТІ шарт – жеткілікті!
— А, иә, сонымен, ас-ауқат, экономикалық қуат, диплом, үй-жай, көлік, жоғары жалақы: бұлардың бәрі ҚАЖЕТТІ шартқа жатады. Яғни олар тіршілікті түрлендіру үшін қажетті шарттар. Немесе өмірді өрнектей түсетін қосымша себеп. Бірақ осының бәрі түп негіздегі ҚАЙСАР РУХҚА байланып тұр. ҚАЙСАР РУХ сілкінбей, оянбай, тірілмей қажетті шарттан пайда жоқ. Құр босқа күшің мен қажырың зая кетеді. ТҮП НЕГІЗ туралы сенің Шәкәрім атаң жақсы айтқан.
Ғылым деп уды жегізді,
Тәнсіз зат жоқ дегізді.
Дәлелсіз пәнмен перделеп,
Тапқызбай қойды НЕГІЗДІ, – деген еді. Дүниені шыр айналдырып, қоғамды қопарып жіберуге бір ғана ҚАЙСАР РУХ феномені жеткілікті! Оны ешқандай себепке, шартқа матай алмайсың. Ол әманда азат! Бұл зат керек десең ақыл-есі кем, ауруға шалдығып, сөйлей алмай отырып қалған науқаста да сол күйі бүлінбей тұра береді. Яғни мидағы әртүрлі ауру ҚАЙСАР РУХТЫҢ жарқ етіп көрінуіне кедергі. Кедергіні шипасын тауып жойсам, ар жақтан РУХ сәулесі жарқ ете қалады.
— Ондай пациентіңіз болып па еді?
— Иә. Бір күні бір пациентті әкелді. Ақыл-есі кемдеу. Жады өшкен. Не сөйлеп не қойғанын ұқпайды. Әріптестерім «бұның шаруасы біткен. Ақылы құрыған. Өлгенше осылай жынды болып жүреді» деді. Мен пациентті зерттеп, себебін таптым. Оның қалқанша безі бүлініп, міндетін дұрыс атқармайды. Қалқанша бездің гормонын күшейтетін дәрі салсам, бәрі қалпына келеді. Солай еттім де. Біраз күннен соң кесел кісінің ақыл-есі сап-сау боп шыға келді.
— Сонда кәдімгі ақылды адамға қайта айналды ма?
— Иә. Көрдің бе, жеткілікті шарт – ЖЕТКІЛІКТІ! Яғни ҚАЙСАР РУХТА тұрған АҚЫЛДЫҢ НҰРЫ ешқайда кетпейді. Бойында өлгенше сақталады. Бірақ көрінейін десе ауру қалқанша безі кедергі келтіріп тұр. Сосын жігіттерді шақырып: «Міне, пациенттің ақыл-есі реттелді. Біз сияқты ойлап, дұрыс сөйлесіп отыр. Науқас кезінде мұны «ақылы жоқ есуас, жынды» деп едіңдер. Енді қалай ойлайсыңдар, менің уколым немесе дәрім денесіне АҚЫЛ болып дарыды ма? Әлде АҚЫЛЫ ауруына маталып, мүмкіндігі шектеліп зынданда жатты ма?» дедім. Пақырлар айтарға уәж таппады. Яғни уколмен гормонды толықтырып, ҚАЖЕТТІ ШАРТТЫ жасадым. Сол кезде буынып тұрған АҚЫЛ НҰРЫ жарқ ете қалды. Бұдан шығатын қортынды қазақ жұртының АҚЫЛЫ, САНАСЫ, ПАРАСАТЫ, АРЫ, ОЙЫ ешқайда кетпеген. Рухани өзекте сол күйі тұр. Қайтадан ел болып, ұлыс болып, іргелі мемлекет құруға осы жеткілікті шарт – жеткілікті. ҚАЙСАР РУХТЫҢ ҚҰШАҒЫНДА СЫҢСЫП тұрған рухани ресурсты сайтан да ұрлай алмайды. Тәңірдің адамзатты сүйіп жаратқанын содан білесің. Ең бастысы елдегі азаматтар манипулияция мен ішкі интригадан арылып, іштегі рухани байлыққа назар салса жетіп жатыр!
— Туһ, не деген пайым мынау?! Сенімді қайрап жібереді екен?
— Әрі қарай тыңда. Бір күні тағы бір пациентті әкелді. Оның адами бет- бейнесі толық жойылған екен. Мал сияқты дәретін бұтына жіберіп отыра береді. Әріптестерім: «Виктор, мынау адам болмайды. Хайуанға айналып кетіпті. Емдеу пайдасыз» деді. Анализдерін алып мұқият зерттедім. Бүйрегінің үстіңгі безі бүлініпті. Осының кесірінен адами мінез-құлқы ғайып болған. Бірақ «ғайып бопты» деп шартты түрде ғана айтамыз. Негізінде адами бет-бейнесі ешқайда кеткен жоқ. Рухани қабатында саф күйінде сақталып тұр. Тек емін тауып адами болмысты тысқа шығаруым керек. Сосын оның бүйрегіне ДЕЗОКСИКОРТИКОСТЕРОН АЦЕТАТ деген дәріні ектім. Бірнеше аптадан соң пациент сау адамға айналды. Әріптестерімді тағы да шақырып: «Міне, сендер малға теңеген адам қалпына келді. Адами болмысы толық түзелді. Сендерге сұрақ. «Бұл пациенттің ішінде АДАМИ БОЛМЫС әуелден бар ма әлде дәрімен бірге бойына тарады ма?» Дәрімен бірге тараса жануардың бәрін емдеп, адам қатарына қосып алайық. Егер әуелден бар болса неге қажетті шарт туғызып шығарып алмасқа… Сонымен: адамның рухы пациенттің ішінде әуелден бар. Немесе адамның рухы қолымдағы шприцтің ішінде тұр. «Қолыңдағы дәрі адам болмысы» десеңдер онда мен адамға ЖАН беруші Құдайға айналамын. Осыған келісесіңдер ме?» дедім. Бәрі жер шұқып қалды. Сосын «Иә, доктор, сіздікі дұрыс. Бізді қара басты. Бұдан былай ауру адамды малға теңемейміз. Адамның рухы мәңгілік. Бізді бір жолға кешіріңіз» деп кешірім сұрады.
— Ойпырмай не деген ғажап мынау! Мына идеяны мемлекеттік идеология етіп қолданса да болады екен, иә?
— Сондықтан құлағыңа сыбырлап қана айтамын, Шәнжархан. Бір нәрсеге бекем бол. Дұшпанның «Қазақ ел болмайды. Қазақтың жауы қазақ. Біз қазақ сондай топас халықпыз. Қазақ еліктегіш этнос. Қазақ өз бетінше ел бола алмайды. Бұл жұртқа сөз дарымайды» дегенге өлсең де сенбе! Оның бәрі МАНИПУЛЯЦИЯ! Қазақ ұлтының қазір рухани азып, тозып, азғындап, жаңа туған сәбиін туалетке тастап, жаппай ажырасып, араққа салынуы, өнер мен білімнен алшақтап қалуы ауруға ұшырап, есінен айрылған екі пациентімді еске салады. Қазақтар еш нәрсе жоғалтқан жоқ. Түп негіздегі рухани болмысын көрсетуге тыстағы кедергі мүмкіндік бермей тұр. Уақыты толғанда оның да емі табылып, кедергі де құрдымға кетер. Сол кезде қазақтың ұлттық рухы ЖАРҚ ете қалады. Қазақ ҰЛЫСЫН құруға: Жеткілікті шарт — ЖЕТКІЛІКТІ! Керек десең тақыр тастың үстінде отырып, осы бір ғана түп негіздегі жалғыз ШАРТПЕН қуатты мемлекет құрған ұлыс та бар.
— Ол қай мемлекет? — дедім.
— Өзің күніге көріп, күніге естіп жүрген.., — дей бергенде біреу жұлқып оятты. Қарасам стюардесса қыз екен.
— Ағай ояныңыз. Орындығыңызды тіктеп, белдігіңізді тағыңыз. Он минуттан соң Алматыға қонамыз. Мына барбаристі сорып отырыңыз. Құлағыңыз бітіп қалады,- деп бір түйір тәтті берді. Ұйқымды аша алмай, әрі ғажайып түстің әсерінен айықпаған күйі:
— Сонымен не болды, демалыста Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауидің басына зиярат ететін болдың ба? — деппін. Ол түк түсінбей:
— Арыстан баб? Қандай зиярат? Ұйқы сұрап жатсыз-ау деймін. Одан да белдігіңізді тағыңыз, — деді.
— Бағана, «бір балаға зар едім» деп бата сұрап жүр едің ғой…
— Есіңіз дұрыс па ағай, мен әлі тұрмыс құрмағам. Көп сөйлей бермей белдігіңізді тағып, тамақ ішетін подносты көтеріп қойыңыз. Қартая бастаған жігіттердің қырындағанын көрсем нервім ойнайды — деді де кетіп қалды. Сонда барып Шәнжархан пақыр бағанағы қызықтың бәрі жәй ғана түс екенін ұқты да сылқ етіп отыра кетті.

Санжар Керімбай

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню