Төртінші түс

17884627_1946854495600714_5576816473200569335_n

Өткенде қызық болды. Наурызда шаруа шығып Түркия кеттім. Ыстамбұлға ұшатын уақыт өте қолайсыз. Тіркеу таңғы төртте. Түнімен ұйқы жоқ. Алаңдап жата алмайсың. Кедендегі тексеріс түгел бітіп, темір құс көкке көтерілгенде таңғы сағат алты жарым әзер болды. «Самұрық құс» көктегі эшолонға бауырын төсеп рақаттанып ұшқанда ғана екі күндік ұйқы қысып, сәлден соң сылқ ете қалдым. Ұйықтап жатып түс көрдім, түсімде ғажап іс көрдім. Миғражда жүргендей басқа әлемге еніппін. Төмендегі теңіз де, көктегі бұлт та көрінбейді. Алтын-күміс аралас, сансыз жұлдыз ішінде зымырап келемін. «Мұнысы несі? Ғарыш кемесіне емес, ұшаққа отырып едім ғой? Ашық орбитаға шығып кеткеннен саумын ба? Әлде экзистенция вакумы деген осы ма?» деп уайымдап отырмын. Кенет қасымдағы қарт кісі:
— Шанжархан, уайымдама, бұл экзистенция вакумы емес. Трансцендентті әлем. Әңгіме-дүкен құрмағалы біраз болды. Оның үстіне Фейсбук жамағаты «Франкл атай неге үнсіз?» деп сұрап жатыр. Сондықтан алаңдамай мағыналы әңгімеге ден қой, — демесі бар ма. «Ойбай, бұ кім мені танитын? Ойымды қалай оқып қойды?» деп жалт қарадым. Жанымда бетін әжім басқан Виктор Франкл атам отыр. Ой бір қуанғаным-ай!
— Қалайсың, Шанжархан, мал-жан аман ба?! Келінжан мен бала-шаға иман қуатында шауып жүр ме? — деп қол созып амандасты. Қолын алып, амандық сұрап жатырмын. Қуанған мен қорыққан бір дегендей сасқанымнан:
— Сіз де Ыстамбұлға ма? — деппін.
— Жоқ, онда нем бар? Сапарда саған серік болайын дедім.
— Ой, қандай жақсы болды,- деп екеуміз хәл сұрасып, ананы-мынаны айтып отырмыз. Бір кезде Франкл атай:
— Қой, МӘНДІ сұхбатқа бет бұрайық. Бұ дүниеде одан өткен қызық жоқ. Оны біздің тілде экзистенциялық коммуникация дейді, — деп тақырыпты тереңге тартты.
— А, иә, сөйтейік.
— Шәнжархан, білгің келгенді сұрап ал. Уақытым шектеулі. Әруақтар әлеміне кеткенше сапарлас болуға Тәңірім ұлықсат еткен.
— Онда уақыт оздырмайық. Ата, мынадай сұрақ. Абзал Құспанның командасы «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен төрт кітап шығарды.
— Иә, оны білем ғой.
— Сол төрт кітаптың жаныңызға ең жақыны қайсы?
— Бірден айтайын «ЛОГОТЕРАПИЯ немесе өмірге құштарлықты»
мақтайды деп ойлама.
— Неге?
— «Өзін өзі мақтаған өгіз тентек» деген атаң қазақ. Парасатты адам өзінің еңбегін мақтамайды. Сау Рух рефлексияға мұқтаж емес. Нағыз рухани болмыс басқаның бойындағы МӘН мен құндылықты көреді. Рух өзін жарнама жасаумен әуестенсе рухани көзі көр болады. Бұл саған да сабақ болсын!
— Оны қалай түсіндік?
— Ол былай. Тәнде дененің көзі бар. Шекедегі қос жанар осы әлемді барлайды. Ал, ноологикалық қабатта, яғни рухани өзекте ЖҮРЕКТІҢ КӨЗІ бар. Құран ұстаған, ұстаз көрген, зікір айтқан мұсылман екенің рас болса ЖҮРЕКТІҢ КӨЗІН білуге тиіссің. Еврейдің мұсылманға ҚҰРАН үйреткені ұят. Олай етсем саған да сын! — деп өзімді бір түйреп өтті.
— Иә, иә Құранда «Адам ұрпағының қара басып сорлағаны бас көзінің соқырлығы емес. Пенденің жүрек көзін шел қаптап, соның кесірінен қара басып қор болды» деп ескертеді.
— Ай, жарайсың сабазым! Аузыңды сәл ашсаң да дәл аштың. Құранның бір рақаты осы да, шіркін! Бір ғана аятпен сағым сияқты санада бұлдыраған шындықты сарт еткізіп көңілге дөп қондырады.
— Бұны не үшін еске алдық?
— Айтпағым мынау. Көз жанары әлемді көргенмен өзін өзі көре алмайды. Көрсе соқыр болады. Шекедегі қос жанар әлемді армансыз тамашалау үшін өзін байқамауға бекінген. Тәңірім оны сондай хикметпен жаратқан. Бірақ ол де өзін көретін кез болады.
— Өзін қалай көреді? Жаңа ғана көрмейді дедіңіз ғой?
— Глаукома, Катаракта деген көзге шығатын ауру бар. Оған шалдықсаң қарашықты ірің басады. Сосын шеңбер сияқты сызықтар көрінеді. Сол кезде көз өзінің формасын көреді. Бұл «біттің» деген белгі. Су қараңғы СОҚЫР болдың деген сөз. Сондықтан жанарың өзінің қарашығын көре бастаса одан қорқу керек.
— Е, солай деңіз! Міне, хикмет қайда жатыр?!
— Осы мысалды ЖҮРЕКТІҢ КӨЗІНЕ қолданамыз. Рухта жүректің көзі бар дедік. Қазақтар оны КӨКІРЕК КӨЗІ немесе КӨҢІЛ КӨЗІ дейді.
— А, иә, қазақта «бастағы көз — көз емес. Бар болғаны шалбардың тесігі» деген бар ғой.
— Ай, сабазым, бұ жолы да жарадың! Иә, солай. «Бастағы көз – без, жүректің көзі – КӨЗ!» деген. «Көзі соқырдан қорықпаңдар. Жүрегі соқырдан қорқыңдар» деген де осыған орай айтылған.
— Қазақша мақалдарды қайдан білесіз?- деп атамның шұрайлы тіліне тамсанып қоямын.
— Ей, қадіріне жетсең қазақ тілі нағыз ЛОГОТЕРАПИЯ тілі ғой. Бәрі дайын. Қолдан да кете бер. «Бізді адам қылған орыс» деген советтік санаға уланып, қасиетті тілді қор қылдыңдар. Қазақ боп туғанымда Логотерапияны еке есе еңсеруші ем. Епетейсіз неміс тілінің өзімен осыншама ғылым жасадым, — деп маған дух беріп қойды Франк атам.
— Сонымен ЖҮРЕК КӨЗІ не болды? – дедім.
— Ол былай. Кемелденген кісі өзіне тамсанып отырмайды. Керісінше басқаның мәдени жемісіне назар салады. Басқаның бойындағы құндылық пен киені көреді.
— Өзіңдегі өнер мен құндылықты көрсең не бопты? Қара басыңды бағалау үшін өзіңе назар салғанның несі жаман?
— Онымен басқалар айналысады. Ел-жұртың сені онсыз да бақылап тұр. Жылт еткен жетістікті халық байқап, сапасына қарай бағалайды. Жақсылығың риясыз болса ардақтап төбесіне тұтады.
— Ал, көре тұра көрмеген болса ше? Мысалы іштарлықпен?
— Мәсел жоқ. Біріншіден халық жаппай іші тар надан болмайды. «Елдің бәрі ақымақ» деп ақымақ адам айтады. Екіншіден біз өмірге басқаны мойындату үшін келмейміз.
— Не үшін келеміз?
— Құдайдың ақжүрек пендесі өзгелерге нәсіп болған мәнді, мағыналы құндылықты танып, мойындауға міндетті. Құндылықты кеудесіне құйып, артына рухани із тастау үшін келген. Кейбір жап-жас таланттың неліктен тез қартайып, 40-қа жетпей творчествалық тоқырауға ұшырайтынын білесің бе?
— Иә, неге өйтеді?
— Себебі көп талант өзіне ғана назар салуға әуес. Жатса-тұрса өзін өзі мақтап, тек өзін пиарлаумен шұғылданады. «ЖҰЛДЫЗ» дерті оның көкірегін бітейді. Көкірек көзі көр болған надандар сын көтермейтін, өзін шексіз сүйетін түсініксіз тіршілік иесіне айналады. Ондай бейшара күйге ұрынбас үшін басқаның жақсылығын бағып тұр. Өзгенің өндірген құндылығын өзіңе сіңіріп ал. Сол кезде көңіл көзің өткір болады!
— Жақсы! Көңілге қонымды кеңес екен. Мойындадым. Енді сұрақтың жауабы не болды? Қай кітап ұнайды?
— Маған ең ұнайтын кітап – СИЯР ШӘРІП!
— Ойбай, оны «діни сарында жазылған» деп рационалист қазақтар жаратпайды. Ал діншілдер «сопылық сарында жазылған», «зікіршілер құрастырған» деп Сиярға жоламайды. Сізге несімен ұнады?
— Сиярдың шұғылалы сәулесін көрмейтін редукционистер мен фарисейлерде ісім жоқ. Ұнаса кеудесі қаңырап жүре берсін солай. Ең бастысы Сияр Шәріп маған ұнайды, болды!
— Онда себебін тарқатыңыз. Не үшін ұнайды?
— Сиярда Логотерапияның бүкіл философиясы мен принципі қисса форматында шұрайлы тілмен берілген. Әсіресе кітапты «НУРИ Мухаммад» идеясына байлағаны тіптен ғажап! Бұл адам санасына кәдімгідей тіреу. Яғни әлем Мұхамбет пайғамбардың нұрынан басталды. Ал, нұрдың сипатын МАХАББАТ пен Мейірім-Шапағаттан тарқатады. Бұл «адамның түпкі табиғаты сүйіспеншілік» дегенді балаға ұқтырудың ең оңай жолы.
— Басқа жұртта ше?
— Басқа жұртта бұл мәселе біраз қиындау. Кейбір ұлыстар «бүкіл тіршілікті Құдай жаратты. Адам Құдайдан тіке жаралды» дейді де сол идеяны сауатты дамыта алмай ақырында адамнан, аңнан, ағаштан пұт жасап лағады. Мысалы мына Үндістан сияқты. Индияда пұтқа айналмаған аң да, жануар да, айуан да қалмады. Біздің христиан бауырлар да осының зардабын әбден тартты. Әлі де тартып келеді. Яғни «Ғайса кім? Оның сипаты не еді? Ол Құдай ма? Әлде ОНЫҢ ұлы ма? Әлде біз киелі РУХТАН тарадық па?» деген сұрақтармен милары ашит та жатады. Ал, қазақта ондай проблема жоқ. Ақылдың тиянағы айқын. Сендер «Тәңірім әуелі Мұхамбеттің нұрын жаратты. Одан 18 мың ғалам болып біз тарадық» деп тура жолға тез түсесіңдер. Қазақ шайырлары осы ойды өлеңмен қалай әдемі өрнектеген?! Оқыған сайын қошым келеді, — деді де Франкл атам:
Құдайым он сегіз мың ғалам қылған,
Бұл сөзден ғибрат ал, ей, мұсылман.
Хауа ана, Адам ата жұптасқан соң,
Келеді өсіп өніп осынша жан.
Құдайым он сегіз мың жан жаратқан,
Адамды — топырақтан, шайтанды — оттан.
Суретін пайғамбардың нұрдан жасап,
Шығарды артық қылып адамзаттан
Мұхамбет пайғамбардың сарасы еді
Нұрына періштелер талас еді, — деп қазақы жырдан төгіп-төгіп жіберсін әлгі жерде. Ол:
— Міне, осындай ғажайып шамшырағы болғандықтан қазақта қолдан пұт жасап, тасқа табынатын надандық жоқ. Ол жағынан алғанда сендерге қызығам, — деп ағынан жарылды.
— Ойпырмай, мынау ойға келмеген ғажап идея екен. Осыны өзім ойлансам таппас едім. Тағы не қызығы бар Сиярдың?
— Сияр – детерминизмді күл-талқан қылады.
— Детерминизм деген не?
— Кісінің тағдырын тұрмыстық, әлеуметтік, климаттық немесе саяси себептерге байлап, келешегін әуелден белгілеу. Адамды ерік қалауымен өмір сүретін тәуелсіз тұлға емес, қоршаған ортаның ығымен, басқаның ықпалымен, түрлі сезім мен себептің түртпегімен тіршілік кешетін ойсыз ойыншық етіп тәпсірлеу. Себепке маталып, детерминиз ықпалынан шыға алмай қалған бақытсыз жанды Шәкәрім атаң сыр сөзінде былайша дәл берген.
Адамзат айуанның арам насы,
Жанның да, жансыздың дұшпандасы.
Жанды сурет сияқты қуыршақ боп,
Жаралыстың ойнаған тамашасы!
— Бұл ойды Сиярмен қалай ұштастырып отырсыз?
— Пайғамбар ел жұрттың санасын сансыз себептің матауынан босатып алды. «Шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлардың айтқанына көніп, айдағанына жүрмеңдер. Сендер азат болмыссыңдар. Ақыл мен қайратты сырттан келіп матайтын барлық себепті қиратыңдар» деп халықтың санасын сілкіді. Бәрінің іштен түлеп, рухани оянуына дем берді. Өзінің өмірімен де осы идеяны дәлелдеді.
— Қалайша?
— Ол былай. Пайғамбар жетім өскен жарлы жігіт. Сөйте тұра жетімдік пен кедейліктің ығына жығылмады. Ерік қалауын сыртқы себептің матап алуына жол бермеді. Уахи алмаса да ақжүрек атанған нағыз ердің сойы еді! Тәңірдің назары түспей тұрып-ақ «Әмин» яғни сенімді, адал деген атпен еліне танылды. «Мен жетім өстім. Ата-ана тәрбиесін көрмегем. Сондықтан маған әдепсіз жүріп-тұруға бола береді» демеген. Тоқтаусыз өзін дамытып, ел жұртының қамын жеп, 40 жасында Тәңірден уахи алуға лайықты тұлғаға айналды. Ал, қазіргі невротиктер ит мінезін жоюға тырыспайды. Керісінше жетім өскенін, бір үйдің жалғызы болғанын, кедейшілікте өскенін, әкесінің ішкіш болғанын сылтау етіп, не болса соны былықтырады. «Мұның не сенің?» десең «қайтем енді солай өстік қой» деп ақтала салады. Яғни ертеңгі бүлдіретін былығын өткен өміріндегі жайсыз факторлармен алдын ала ақтап, өзін пәкі қылып шығарады. Ал, пайғамбар ондай ит мінездің дамуына жол бермеген кемел адам!
— О, Құдайдың құдіреті, расымен сол жағына мән бермеппін.
— Тағы бір маңызды деталь айтайын ба, Шәнжархан?
— Иә. Айтыңыз.
— Детерминизм кекшілдіктен шығады. Мысалы бір пенде басқаға зорлық
қылады. Қорланған адам жүрегінде кек сақтайды. Өш алу үшін дұшпанын аңдиды. Аңдыған жау алмай қоймайды. Бір күні сәтін тауып құныкерін өлтіреді. Енді өлген жақ кек алуға дайындалады. Олар да кегін қайтарады. Сосын қарсы тарап. Осылайша бір өлім екінші өлімді қуалап кете береді. Оны «vicious circle» дейді. Қазақша «жынды шеңбер» дегенді білдіреді. Яғни кекшілдік дерті цирктегі ат сияқты шыр айналып қоғамнан шықпай жүре береді. Осылайша бір қауым ел жоқ болады.
— Ал, бұның Сиярға не қатысы бар?
— Тікелей қатысы бар. Пайғамбар жеңіске жетіп, Меккені алып, дұшпандарын тізе бүктірген соң жұрт «Мұхамбет енді кек алады» деп күтті. Ухуд соғысында пайғамбардың өзін өлтіре жаздаған атышулы қолбасшы Халид пен ағасы Хамзаны арнайы найзагер жалдап өлтірткен Хинд деген әйел бартын. Әйелдің жауыздығы сондай еді: ол Хамзаның ішін жарып, бауырын алып шикідей етін жеген. Сонда да пайғамбар оларды кешірді. Ең бітіспес жауы Әбу Жәһілдің баласы Икримға да кешірім берді. Осылайша пайғамбар қанды кектің тұйықталған шеңберін ақыл парасатымен қиып түсіп, өршіп тұрған өшпендік дертін жойды. Міне, адам деген осындай құдірет иесі. Пайғамбар сүндетін ұстанатын момын осындай болуы керек. Міне сендерге алтын үлгі!
— Сіз тәпсірлеп бермесеңіз «Сияр деген балалар оқитын ертегі сияқты жеңіл қисса» деп жүре береміз-ау, а?
— Бұл да әлі бер жағы. Одан да мықтысы ардагер пайғамбар ПАНДЕТЕРМИНИЗМ идеясын тас-талқан қылды.
— Ол не тағы?
— Ол былай, — дей бергенде сол жағымнан «Мистер Франкл, сіз не ішесіз?» деген әдемі әуез естілді. Жаныма жалт қарасам тотыдайын таранып, хор қызындай сыланып алған сұлу стюардесса жымиып тұр екен. (Түр сипатына қарап «Арқа жақтың аруы болу керек» деп ойлап қойдым) Сүйреп жүрген арбасы толған тағам мен сусын. Франкл атам «Қызым, маған ЛОГОСТАН бір кесе құйшы» деді. Стюардесса «ЛОГОС суысыны» деген жазуы бар тетра пакетты шығарып, қақпағын ашты. Пакеттің сыртынан «The purest LOGOS. Made in Kazakstan» деген майда жазуды көзім шалып қалды. Сұлу қыз қолдан ойылған ағаш кесеге ЛОГОСТЫ сылқылдатып құйды да атама ұсынды. Кесенің ернеуі қошқар мүйіз қазақы оюмен өрнектеліпті. Атам:
— Рақмет, қызым! Көп жаса, айналайын. Бағың ашылсын! — деп бата берді. Стюардесса:
— Рақмет ата, айтқаныңыз келсін. Ал, қиссашы Шәнжархан, сен не қалайсың? — деді. «Мені қайдан таниды? Атымды қайдан біледі?» деп ойлап үлгердім. Cосын:
— Қиссашы дейсіз бе? Ой, сіз де айтады екенсіз! Мен бір жүрген пақырмын ғой, — деп күлген болдым. Стюардесса:
— Осы күні сені қиссашы дейміз бе, әлде зікірші дейміз бе, сектант дейміз бе білмей қалдық қой, әркім әрқалай атап кетті,- дегенде үшеуміз де күліп жібердік. Мен үшін ас-ауқатқа заказды атам берді. Ол:
— Қиссашы қазаққа бір стакан анардың қолдан сығылған суын әкел. Бұл бала сапарда көп жүреді. Анардың суымен қанның құрамын күшейтсін. Әйтпесе құнарсыз тамақтан түрі бозарып кетіпті. Екі көзі шүңірейіп әбден арықтап қалыпты. Екінші: сүйегі алынбаған бір уыс жасыл зәйтүн әкел. Зәйтүн сүйегінің адам өтіндегі тастарды ерітіп түсіретін қуаты бар. Бұл балаға денсаулық күту керек. Ертең аурудан тырайып өліп қалса қиссаны кім айтады? Солай ма Шәнжархан?, — деді. Мен:
— Иә, атам дұрыс айтады, — дей беріппін. Стюардесса:
— Жарайды, мен барып анарды сыға берейін, — деді де ғайып болды.
— Сұхбатты жалғайық. Детерминизм мен Пандетерминизмге келгенбіз. Сонымен былай. Детерминизм адамның бүкіл тағдырын себепке байлайды. Мысалы былай. Тағдыры күйреген қиын баланы көрсе детерминист «Бұл баланың ортасы нашар. Араласатын достары міндетті түрде баланы бұзады. Бұдан ақылды адам шықпайды. Өскенде оңбағанға айналады. Есі кіріп, кісі болудың бір ғана жолы бар. Ол үшін балақай қазіргі ортасын ауыстырсын. Ата-анасы өзге қалаға көшсе, басқа ортаның ықпалымен, себебімен өзгеруі мүмкін» деп баланың келешегін анықтайды. Яғни аз-маз болса да тағдырдың өзгеруіне шанс қалдырады. Пандетерминист қалау еркің былай тұрсын, тағдырдың өзгеруіне ноқаттай да саңлау қалдырмайды. Бәрін бір Құдіретке апарып тірейді. Бақытсыз пенде көрсе «Бұл адамға жәрдем беру пайдасыз. Бұл Құдайдың жазған тағдыры. Ол туылмай тұрып осындай бақытсыз тағдыр маңдайына жазылған. Енді оны мың жерге көшірсең де өзгермейді» деп бір-ақ кеседі.
— Пайғамбар кезінде Мекке шәрінде Пандетерминизм болды дейсіз бе?
— Енді ше? Құлдық қоғам сондай жерде өркендейді. Шонжарлар құл ұстайды. Құлға бала кезден «бұл сенің тағдырың. Жаратушы Құдай құлдық тағдырды тумай тұрып пешенеңе жазған. Мен сенің жердегі қожаңмын. Сенің міндетің маған құл болып, қызмет қылу» деп үйретеді. Бұл идеямен уланған құлдар көтеріліске шықпайды. Қожасы не айтса соны бұлжытпай орындап жүре береді. Құлдың бәрі сенің Спартак атаң дейсің бе, қорлыққа төзбей азаттық үшін қанжар алып майданға шығатын.
— Спратак қазақ болған ба?
— Қазақ болмаса да даланың еркін өскен көшпендісі болу керек. Өмірі құл боп көрмеген. Соғыс өнерін меңгерген стратег қолбасшы! Жауынгерлік пен еркіндік көбіне көшпенді түркі нәсіліне тән болады. Сондықтан да Спартак құлдарды көтеріліске бастап, Рим әскерін бірнеше рет күйрете жеңді.
— Оны қайдан білесіз?
— Оны мен емес, Таласбек Әсемқұлов деген марқұм жазушы ағаң жазған.
Ерік деген бір жас ғалым СССР кезінде Спартактың көшпенді түркі екенін дәлелдеймін деп қуғынға ұшырапты. Ақыры соның қорлығына төзбей ішіп кетіп, мезгілсіз дүниеден озыпты. Соған орай айтып отырғаным ғой. Анығын Тәңірім біледі, Ерікті Таласбек біледі. Білгені сол: Ерік жайлы мақала жазып қалдырды.
— А, қызық екен.
— Жарайды, әрі қарай кеттік. Пайғамбар уахи алғанға дейін Меккенің жұрты ең ірі үш пұтқа табынатын. Соның ең ірісі Манат деген пұт. Манат деген ақша ғой. Олар сол ақшадан Құдай жасап, соған табынатын. Құл ұстау ол кезде абырой саналады. Пайғамбар келіп пұтты да, құлдық қоғамды да тас-талқан қылды.
— Қалай қиратты сонда?
— Пандетерминизмге ИНДЕТЕРМИНИЗМДІ қарсы қойды. Яғни «пешенеңе жазылған тағдыр жоқ. Тәңірім қалау мен таңдау берген. Теңдік пен әділдік үшін күресетін Қайсар РУХ барлық адамда бар. Тағдырың өз қолыңда» деп елді рухани оятты. Құлақ кесті құлдарға «Сенің адамдық болмысың бәрінен биік. Сен құл болу үшін туған жоқсың. Жүрек көзіңді ашып, рухани әлемдегі інжу-маржан ойларды әлемге нұр қылып шашу үшін келдің. Адамның рухына періштелер тағзым еткен» деп құлдарға жігер сыйлады. Тағдырын қолына алған Біләл сияқты зәңгілер құлдықтан босап, Ислам тарихында аттарын алтын әріппен жазып қалдырды.
— Жақсы екен. Бірақ қазіргі молдалар «Барлық нәрсе Құдайдың қалауымен болады» деп елге фатализмді таңып жатыр ғой. Ол не сонда?
— Бұл жауапкершіліктен қашу. Кінәсі мен күнәсін мойындамау. Бәрін Құдайдан көретін НАДАНДЫҚТЫҢ ең асқынған түрі. Пандетерминизм идеясы үстемдік құрған елдің 21-ші ғасырда қандай болатынын айтайын ба?
— Иә, айтыңыз.
— Ауғанстан сияқты болады. Қазір ауған жұртына Конституция, Сот, Прокуратура деген сияқты әділет бақылаушы институттың керегі жоқ. Бір ауған жынына жақпаған бір хазарды атып өлтіреді де «Мен емес өлтірген. Тағдыры солай болды. Осылай өлетіні әу бастан анықталып қойған еді. Мен тек Алланың жердегі сайманымын. Құдай менің қолыммен оның жазулы тағдырын жүзе асырды» деп бейқам отыра береді. Пандетерминистік қоғам осындай қанды оқиғаны қылмыс деп танымайды. Бәрі «Иә, иә оның кінәсі жоқ. Бұл Құдайдың жазуы ғой» деп отыра береді.
— Ойбай-ау, мынау сұмдық қой.
— Иә, сұмдық. Жалпы бұл идеяны елге сіңіру үшін биліктегі ықпалды топтар ҚАЙСАР РУХ ұғымын жояды. Ол теманы талқылауға тыйым салады. Яғни ақылды адамның рухани ізденіп, экзистенция философиясымен шұғылдануға мүмкіндік бермейді. Мысалы Совет Өкіметі сияқты. Ол заманда советтік адамның қалауы мен таңдауын Коммунистік Партия анықтайтын. Партия шешім қабылдайды. Ел-жұрт қалауы жоқ қуыршақ сияқты партияның бұйрығын орындайды. Көнбесе жындыханаға жабады. Сол жерде жынды боп өлетін. Қайсар Рух ұғымы санадан өшіп, адам айуанға айналғанда оған жануар сияқты түрлі опыт жасап ойнайды. Адамды ермек қылады. Рухы жоқ мал сияқты мақұлықты қалай қинасаң да бәрібір емес пе? Көрдің бе, әңгіме қайда жатыр?!
— Сондай зар заманның қайтып келу қаупі әлі сейілмей тұр екен-ау?
— Сейілгенін қайдам, күннен күнге төніп келе жатқан сияқты. Қысқасы былай ғой. Мұхамбет пайғамбар бір заманда Меккедегі халықтың қалау мен таңдау еркін таптаған пандетерминистерді талқандап, Қайсар Рухпен Ислам өркениетін құрды. Енді керісінше. Баяғы пандетерминистер діни мәтіндерді жаттап, үстеріне шапан киіп, иектеріне сақал қойып, енді елге Исламды үйретіп отыр. Былайша айтқанда фарисейлер мұсылмандарға үстемдік етіп тұр. ТАҒДЫР идеясымен ойнауға болмайды. Бұқара халық ТАҒДЫРДЫҢ хикметін сауатты шешпесе мемлекеті екінші Ауғанстанға айналады. Ондай қауіптің алдын алу үшін барлық қазақ СИЯР Шәріпті оқып, жаттап өссін! Кезінде Австрияда сенікі сияқты Сиярым мен қазақша қиссам болғанда, талай шаруаны сәтімен шешер едім. Әттең Құдай маған мұндай бақытты нәсіп қылмады, — деп күрсінгенде Франкл атама жаным ашып кетті.
— Менде бір сұрақ бар.
— Сұра.
— Логотерапияда «Жеткілікті шарт – жеткілікті!» деген тіркес термин бар. Соны онша ұқпадым. Сол не? Осы маған жаңылтпаш сияқты оқылады.
— А, оны да Сиярмен оп-оңай ұқтыруға болады. Бері қара. Осы сенің әйелің, бала-шағаң, үй-жайың, көлігің бар ма?
— Бар.
— Олар болмаса тіршілігің тоқырай ма?
— Толық тоқтамайды. Бірақ олар керек қой. Оларсыз қалай болады?
— Онда бір сұрақ, — дей бергенде «Эфендім, эфендім» деп біреу мені
жұлқып оятты. Көзімді ашсам бетіне аямай макияж жасап, қуыршақтай боянып алған, бірақ қоңқиған мұрны бүкіл сәнін бүлдіріп тұрған түріктің стюардесса қызы екен. «Бағанағы хор қызындай көрікті стюардесса қайда кетті» деп мойнымды созып жан-жаққа қарап жатырмын. Стюардесса:
— Эфендім, кімді іздедіңіз? – деді.
— Маған анар суы мен зәйтүн әкелдіңіз бе? – дедім сасқанымнан.
— Анар? Қандай анар? Мен сізге анар әкеп берем деп қашан айттым?
— Зәйтүн ше?
— Зәйтүн? Ұшақта зәйтүн жеген кімді көрдіңіз? И вообще Пигасус әуе компаниясында зәйтүн тұрмақ тегін су да берілмейді. Бәрін сатып алып ішесіз, — деп айтып тастады.
— Онда неге ояттың? – дедім ашуланып.
— Эфендім, 10 минуттан соң Ыстамбұлға қонамыз. Белдігіңізді тағып, кәмпит сорып отырыңыз. Әйтпесе құлағыңыз бітіп қалады, — деді. Сонда ғана «О, Құдайым ай, бағанағы қызықтың бәрі түс екен ғой» деп сылқ ете қалдым.

Санжар Керімбай

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню