Ұлттық құндылық бар ма?

15355594_1874491569503674_350332292012665291_n

Бір ретте Логотерапияны таныстырып, бір жиында отырғанбыз. Шара бітуге таяу қалған. Бір жігіт қол көтеріп:
— Сұрағым бар, Сәке, қойсам бола ма? — деді.
— Қойыңыз, — дедім. Ол:
— Сәке, мына кітапты аудардық деп жатсыз. Оныңыз дұрыс әрине. Бірақ енді бұл қанша дегенмен еврейдің жазған кітабы.
— Ал, не бопты сөйтсе? — деп сөзін бөліп жібердім.
— Ештеңе болған жоқ. Жәй, айтпағым өзімізде осындай кітап қашан болады дегенім ғой.
— Нақты? Қандай кітапты айтып отырсың өзіміздің деп?
— Енді қашанғы біреуден көшіріп аударамыз? Өзімізде де бар ғой ондай
ойшыл ғұламалар. Мысалы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр бар. Солардан неге құрап алмаймыз дим да.
— Ол істі жасап қойдық қой. Міне, қолымда тұр ғой сен қалаған кітап. Абайың да, Шәкәрімің де, Яссауиің де осында араласып бірге жүр. Бұдан артық не керек?
— Жоқ, сіз негізгі идеяны Франклдан алып, қазақ ойшылдарын соған салыстырма ретінде бергенсіз ғой. Оған дауым жоқ. Тек біреуден алмай-ақ таза өзіміздің қазақтың ілімі қашан болады дегенім ғой. Сондай етіп, таза ұлттық құндылықпен кітап құрау ойыңызда жоқ па? — деді ол. Жиналаған әлеумет демін ішіне тартып, «Шәнжархан бұ сұраққа не дер екен?» дегендей мені екі көздерімен түйреп тұр.
— Бауырым, бері қара, — дедім даусымды нығыздап. – Менің шет елде тұратын бір досым бар. Сол хабарласқан сайын «Оу, Сәке, қалайсыз? Ел қалай? Не болды ұлттық құндылықтарыңды жинап болдыңдар ма?» деп күліп амандасады. Сол жігіт бір ретте «Сәке, «Ұлттық Құндылық» деген қате ұғым. Шындығында ұлттық құндылық деген болмайды. Әлемде жалпы адамзаттық құндылық қана бар. Құндылық атаулы трансцендентті әлемде күллі адамзатқа ортақ! Қай елдің ерен тұлғасы ғайып әлемге рухани қуатпен самғап, нәсіп болған құндылықты көңілдің көзімен іліп түсіп, ана тілінде сөйлетсе: ол — сол елдің ұлттық құндылығына айналады! Ал, «ұлтымның жеке дара құндылығын тұтынамын» деп оқшауланып отыра берсе, изоляцияда тот басып шіріп кетеді. Мысалы резервациядағы үндістер сияқты. Ондай адам өркениеттің көшіне ілесе алмайды. Сондықтан мүмкін болса басқаның жақсы еңбегін бөтенсімей ана тіліңізге аудара беріңіз» деді. Міне, көрдің бе, бауырым, бәленің бәрі басқаның құндылығын өзіңе бейімдей алмай тақырға отырғанда басталады. Сондықтан зиялы адам «не істесем адамзаттық құндылықты ана тілімде сөйлетемін?» деп басын қатыруға міндетті. Сіздер осы шындықты мойындайсыздар ма? — дедім отырған әлеуметті көзбен шолып. Олар үнсіз ғана бас изеді. Бір-екеуі ғана «Иә, рас. Құндылық объективті болады» деп еріндерін жыбырлатты. Әлеуметті ырқыма бағындырып алған соң ары қарай сырғи бердім. Сондағы айтпағымыз мынау еді.
Логотерапия 20-шы ғасырда Венада неміс тілінді жазылды. Авторы — Виктор Франкл. Ұлты еврей, діні иудей. Ол терең ойдың қуатымен, трансцендентті әлемдегі МӘН деген құндылықты көңілдің көзімен қақшып алған ірі ойшыл. Құндылықты көкірекке түйді де, оны неміс тілінде сөйлетті. Бұл еңбек 40-тан аса әлем тілдеріне аударылды. 2016 жылы оны қазақ тіліне аудардық. Қазақша шыққан күннен бастап, ол Қазақстанның ұлттық байлығына айналды. Енді бір де бір австриялық немесе еврей азаматы: «Бұл біздің ұлттық құндылығымыз. Оны бізден алдыңдар» деп даулай алмайды. Дауласа, оған «Басты қатырмай әрі жүр. Бұл қазақтың ұлттық құндылығы. Себебі кітап қазақ тілінде сөйлеп тұр» дейміз. Немесе былай болсын делік. Бір қазақ «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» кітабымен Венаға барып: «Уа, Австрия жұрағаты, мен сендерге Австрияның рухани байлығы саналатын Логотерапия еңбегін Қазақстаннан алып келдім» деп жар салса, оны ел қалай қабылдар еді? Әлбетте Австрия халқы «Әй, әпенде қазақ, айтасың-ау сен де. Бұл біздің емес, Қазақстанның байлығы. Оны бұ жақта кім түсінеді? Бізге оның керегі жоқ. Біз Логотерапияны неміс тілінде оқимыз. Еңбекті қазақ жігіттері қазақы түсінікке орайластырып жаңаша құраған. Сондықтан бұл өздеріңнің ұлттық құндылықтарың болып табылады. Кітапты қор қылмай тезірек Алаш ұлдарына апарып бер» дер еді. Бұл пікірді қосымша мынадай мысалмен бекітеміз. Абай өлеңі француз тіліне аударылды делік. Сол заматтан бастап Абай өлеңдері Франция жұртының рухани байлығы саналады. Бір қазақ «бұл біздің қазына. Бізден кеткен» деп елге алып келсе, еңбекті ешкім де оқымас еді. Қазақшасын түпнұсқада оқитын қазаққа Абай өлеңінің французшасы не керек? Енді біреу: «Ұлттық құндылық бар. Мысалы қазақтың ән, күй, жыры таза ұлттық құндылық» — деп уәж айтуы мүмкін. Біз шартты түрде ғана солай дейміз. Егер Берлиннің яки Лондонның симфониялық оркестрі Құрманғазы күйлерін нотаға түсіріп, репертуарына қосса, қазақ күйлері сол елдің мәдени байлығы боп шыға келеді. Тура сол сияқты Алматы мен Астанада шырқалатын батыстың классикалық әуендері Қазақстан жұртының қазынасы саналады. Сондықтан «Ойбай, неміс жұрты қазақтың қазы-қартасын патенттеп алыпты» деп алаңдаудың қажеті жоқ. Қазы мен қарта неміске ұнаса иемдене береді.
Енді әңгіме мына тарапқа ауады. Қазақ жастары қарабайыр ұлтшылдық шеңгелінен неліктен шыға алмай қалды? Алға қарай ұмтылып, әлемдік көшке ілесудің орнына неліктен көткеншектеп кері кетті? СССР-дің кезінде қазақ азаматтары әлемге ортақ рухани, мәдени һәм әдеби жауһарларды бөтенсімей ана тіліне тез аударып алатын. Енді СССР тарап, шекара ашылып, интернет әлемдік өркениетке кеңінен жол ашқанда «тек ұлттық құндылық тұтынамын» дейтін надандық қайдан шықты? Оны түсіну үшін Франклдың «Концлагерьдегі Психолог» деген еңбегін оқу керек. Осыған қатысты маңызды мәтінді кітаптан алып, үзінді берейін. Сосын картина анық болады. Франкл концлагерьдегі тұтқындардың психологиялық ахуалын былайша сипаттайды.
«Концлагерьге қамалған тұтқынды тағы бір ой жегідей жейді. Ол – белгісіздік. Ендігі жайының не боларына емес, азаттыққа шығатын уақытына қатысты белгісіздік. Қамауда неше жыл жатарын болжай алмайды. Бейне бір мәңгілікке қамалғандай миы айналып қалады. Бізбен салыстырғанда белгілі мерзімге сотталған қылмыскердің жағдайы тойға барғандай еді. Олар неше жылға сотталса да, шығатын күнін біліп, санап, ойша дайындалып отырады. Ал бізді 24 сағат бойына «Қашан шығамыз? Мына тозақ неше жылға созылады?» деген сұрақтар жүндей түтетін. Себебі жауабы жоқ! Көбі мына мәселеде менімен келіседі. Лагерьде психологияға ауыр салмақ салған фактор – жауаптың жоқтығы! Өмірі бітпейтін бір өсек күн сайын таралады. «Әне-міне шығамыз. Міне-міне ертең-ақ азапты күндер артта қалады. Шығуға санаулы күндер қалды» деген алып-қашты әңгімелер шаршатты. Талайдың жігерін құм қылды. Тіпті тұрмастай етіп, езіп тастайтын. Шығатын күннің беймәлім болуы мәңгілікке қамалғандай қорқынышты сезімге шырмады. Милары шатысып, шығатын күнді есептей алмай азап шекті. Келе-келе оларға тікен сымның арғы бетінде бөтен әлем бардай көрінді. О жақтан біреуді көрсе, жат планеталық сияқты қабылдайтын. Өзі сол әлемнен бөлініп қалғандай күй кешетін. Арғы жақтағы адам бейне бір о дүниеден тіріліп келген әруақтай көрінетін. Мерзімнен шатасудың зияны мынада: тұтқында келешек туралы түсінік жойылады. Бір танысым: «Колоннаның ішінде келе жатқанда құдды бір табытымның соңынан келе жатқандай күй кешемін», – деді. Лагерьдегі уақыт қысымының күштілігі сонша:келешек уақыт жоқ сияқты көрінеді. Бейне бір тек өткен шақта өмір сүргендей күйге түседі. Өзін әруақ сияқты сезінеді. Бәрінің ойы өткен оқиғаларға жабысып, қатты да қалды. Уақыт мәселесін назарға алғанда, мынадай нәрсені байқайсың. Адам уақыттық өлшемге тәуелді. Осы өлшем күйрегенде тіршілік шытынайды. Сана болашақтағы бір уақытқа бекімей, өмір сүре алмайды. Ниет еткен ісін қай күні қолға аларын ілкіден белгілейді. Сосын барып талпынады. Мысалы, металл сынығының магнитке тартылғаны сияқты. Осы тәртіп бұзылғанда пенде болашаққа бара алмай өткен шаққа еріксіз байланады. Уақытқа есептеген жоспары күйрейді. Межелі уақытты қиып өткенде оқиғаның болғанын анық сезінетін. Енді оның бірі жоқ. Ол аз болғандай даңғырлаған қуыс сезім лезде көңілді билеп алады. Өзіңді мағынасыз тіршілік иесі сезініп, ішкі дүниеңде уілдеп дауыл соғып тұрғандай. Немесе түбі жоқ тұңғиыққа батып бара жатасың. Мұндай сезім жұмыссыз жанда жиі кездеседі. Жұмыссыз қалған адам тоқтап қалған уақыттың ішінде қамалғандай күй кешеді. Уақытқа есептелген жоспары күйрейді. Біз бір заманда жұмыссыз қалған шахтерларды тексергенбіз. Сол кезде дәл осындай аурулар анықталған еді.
Латынның «finis» сөзі «соңы» және «мақсат» дегенді білдіреді. Адам өмірдегі уақытша жүрісінің аяқталар соңғы нүктесін көре алмаса, алдына мақсат қоя алмайды. Мақсат-мұрат қойылмаса, өмірдің мәні мен мазмұны ғайып болады. Табан тірейтін соңғы нүктені айқын көріп, бір мақсатқа ұмтылғанда тұтқындарға ауадай қажет рухани тірек уақытша болса да табылады. Дәл осы рухани тірек оны әлеуметтік ортаның соққысынан құлатпай ұстап тұрады. Кімде-кім бір істі ойға алып, уақытын белгілеп алмаса, іштей құлдырап, тозып кетуге бейім. Рухани тіректің жоқтығынан іштей күйреу сезімі тұтқын үшін қауіпті апат болды. Лагерьде жиі болатын бұл қорқынышты құбылысты жақсы біледі. Ішкі тірегі сынғандар тез күйреп, аз күнде ажалға жем болады. Әдетте былай басталады: күйреген адам жұмысқа шықпай, жуынбай, тамаққа да бармай жата береді. Ескерту, қоқан-лоққы оны қозғалта алмайтын. Жазалау түрлері де түк әсер етпейді. Таяқ жеп жата береді. Үлкен-кіші дәретіне былғанып, түңіліп жатқан адамның ажалы тақады деген сөз. Тұтқынның кеудесіне, соңы жоқ сезім бекініп алып шықпай қойғанда осындай қауіпті көңіл күй жанға жабысады»
Тақырып ашыла түсу үшін тағы бір мысал берейік. Әдетте, «Отбасы хрестоматиясын» жазғанда былай болады. Біздің команда жылдың басында бір жобаны бекітеді. Шамамен осы уақытта жазып бітеміз деп жобалаймыз. Ми сол уақытты сарт еткізіп санада фиксация жасайды. Мерзім тақаған сайын ми: «Кітап қашан шығады? Тездетіп шығарсаңдаршы. Мен шатыса бастадым. Фиксация жасалған оқиға неге болмай жатыр?» деп бейсаналы түрде сигнал жіберіп мазаңды алады. Ақыры кітапты баспаға өткізіп, бір күні үйіңе қайтасың. Ми уақытша тынышталып жаңалық күтіп жатады. Бір күні Полиграфкомбинаттан хатшы қыз телефон толғап: «Жігіттер, кітаптарың дайын. Ертең келіп артып алып кетіңдер» дейді. Сол кезде 10 айдан бері бекітілген оқиғаны болдыра алмай, толғатып тұрған жүкті ми ЭЙФОРИЯНЫ тұла бойыңа бұрқ еткізіп шашып жібереді. Шаттықтан бүкіл денең балқып, кәдімгідей елтіп қаласың. Бірнеше күн ұйықтай алмай, аяғың жерге тимей, қуаныштан жетінші қатта қалықтап жүресің. Франклдың айтып отырғаны сол. Бұндай сезім барлық творчество адамына таныс. Адам алдына мақсат-мұрат қоймаса миы шатысады. Бәлкім алжып қалады. Келешектің мақсат-мұраты анықталмаса, ми өткен шаққа өтуге мәжбүр болады. Одан соң автоматты түрде тек өткен заманда болған оқиғаларды еске салып, содан қуат алып, ақырында адамды тірі әруаққа айналдырады. Қазір невроздың мұндай ерекше түрі Қазақстанды жаппай жайлады. Неге дейсіз ғой. Себебі былай. Қазақстан жұрты соңғы он жылда болашағы бұлыңғыр, шегі жоқ уақыт аймағына мықтап қамалды. Елдегі 10 миллион қазақ этносы мойындарын қалай созса да келешегін көре алмай мезі болды. Тап қазір Қазақ жұртының миы болашаққа мақсат қоя алмайды. Қоймаған соң санада ешқандай фиксация жасалмайды. Нақты фактіге назар аударыңыз. 25 жылда Қазақ тілі сол күйі мемлекеттік тілге айналмады. 2010 жылы мемлекет қазақ тіліне толық өтіп болады деген. Ол уәде жайына қалды. 2030 деген стратегия болған. Ол 2050-ге шегерілді. Есі дұрыс ел оның мәнісін бірден түсінді. «Ел межесі – елу ел» деген ұранның үні өшкелі қай заман. Тіпті «орысша хатқа қазақша жауап берген адам жазаға тартылсын» деген қатаң ескерту алды. Енді қазақ тілінің бұғанасы қатаятын күн белгісіз. Экономика сол күйі тұрақтамай кері кетті. Теңгенің қай шекке дейін құнсызданары әліге дейін беймәлім. Тоқырап тозып бара жатқан ілім-білім жүйесі мен күйреп бітуге айналған денсаулық саласы құрдымға толық жұтылып болған жоқ. Қашан және қайда барып тоқтары әзірге белгісіз. Мәдени саланың да миы айналып кетті. (Министрдің қолы тимейді. Ол бір бойжеткенмен соттасам деп құжаттардың копиясын жинап жүрген) Дін саласы да солай. Салафизмге сол күйі тыйым салынбады. Оның соңы немен тынарын ешкім болжай алмайды. Жемқорлықтың қоғамды шырмауы шапшаң жүріп жатыр. Оның да тоқтайтын соңғы нүктесін ақылмен болжау мүмкін емес. Биліктің қашан және кімге ауысатыны туралы тырс еткен ақпарат жоқ. Ең сұрқия, ең зымиян, ең жытқыр деген агенттердің өзі Қазақ Билігінің келесі иесін сол күйі анықтай алмады. Осы белгісіздік факторының бәрі жиналып келіп, қазақ жұртын соңғы он жылда тірі әруаққа айналдырды. Болашақты болжай алмай діңкелеген қазақтар өткен шаққа қалай өтіп кеткендерін байқамай қалды. Себебі ми автоматты түрде өзіне тән механизммен барлық оқиғаны артқа лақтырды. Оны мынадан-ақ білеміз. Кез келген қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралын ашып қалсаң, тек өткен шақ туралы толғап отырады. 1937 жылғы атылып кеткен зиялы жұртты жаппай тұрақты түрде жоқтау әдетке айналды. Әрине, олардың өмірін, ісін тарихшылар зерттей береді. Ол қалыпты құбылыс. Өкінішке орай бүкіл бұқара сол жылдарға жабысып алды. Солай етпеске шарасы да жоқ. Себебі зиялы элитаның жаңа легін тәрбиелеп шығудан үміт жоқ. Шарасыз жұрт атылып кеткен арыстарын айналып кеп жоқтай береді. Ендігі жұрттың бір парасы Кенесарының басын іздеп жүр. Тағы бір топ Кейкі батырдың басын әкелумен жұмыстанды. Батырлардың бас сүйегі әкелінсе бейне бір болашақ өзінен өзі реттеліп, қазақ жұрты дүр сілкінетіндей сезіледі. Өткенде Кейкі батырдың басын әкелді. Бірақ ештеңе өзгермеді. Ел жаңалық ретінде оқыды да қойдық. Шынымен де елге БАС әкелу тиімді болса, марұмның емес, тірі қазақтың басын әкелген дұрыс шығар. Мысалы жазушы Мұхтар Мағуиннің басы, энергетик Мұхтар Жәкішовтың басы, ғалым Саят Ыбырайдың басы, саясатшы Жақияновтың басы тағы басқа алтын басты адамдардың ұзын-сонар тізімін айта беруге болады.
21 ғасырдың жаңалығын қарсылап алуға діншіл жастардың көбінің жүректері шыдас бермеді. Көбі: «Салафизмге оралайық. «Салаф» сөзінен қорқудың қажеті жоқ. Ол «алғашқылар» деген мағынаны береді. Жетінші ғасырдағы алғашқы сахабалар сияқты иманға мықты болсақ, қоғам көркейеді» — деп өткен шақтың иллюзиясына бірден берілді. Діннің қуатымен салауатты қоғам құра алатын қуатының барына өзге тұрмақ өздері де сенбейді. Болашақты игере алмайтыны анық көрінеді. Негізі болашақты игеріп, жаңа заманның кез келген проблемасын игеретін тұлғалар діни тараптан қалыптпасып шығуы керек еді. Масқара болғанда діншілдер бірінші болып өткен шаққа өтіп кетті ғой. Тарихты барласаңыз болашағынан жарық көре алмай өткен заманның қараңғы қуысына қашқан надан қауымды пайғамбар діннің шырағымен жарыққа қарай сүйреп, келешектерін өркениетке жалғап берген еді. Осыған қарап-ақ пайғамбардың өткен заманды реттеуші емес, болашақты айшықтап анықтаушы рухани тұлға екенін түсінуге болады. Мұхамбет пайғамбар орта ғасырда болашақтың нығметін мұсылман үмбетіне жығып берген қас батырдың өзі емес пе?! Ал біздегі пайғамбар үмбеті қоғамды алға қарай қамшылаудың орнына, артқа қарай сүйреп кетті. Себебі түсінікті. Сауатсыз тобырға келешек әманда қорқынышты көрінеді. Келешегінен жарық көре алмаған соң олар да тірідей әруақтар әлеміне қадам басты.
Осындай кедергілер қазақ жұртын рухани қылтамақ қылды. Өңешінен рухани ас өтпейді. Өткен замандағы батыр аталарын еске алып жата бергісі келеді. Осы кесел бізді келешекке талпына алмайтын мешеу ұлтқа айналдырды. Жалынды жастың өзі бөтен елдің жақсы өнері мен ғылымын игеруден қорқады. Ол қорқақтығын «Бұл қазақтікі емес қой. Мен саф таза ұлттық құндылық тұтынамын» деген сылтаумен ақтап алады. Ал діншілдер болса: «Ойбай, Франкл еврей екен. Кітабын оқысақ иудей боп кетеміз. Логотерапия оқымаймыз. Біз таза дін тұтынушы супер жамағатпыз. Тура жолда жүрген хақ момындармыз» деп жаны қалмай жаңалықтан қорқады. Бірақ бір қызығы: — қолындағы бүкіл техникасын еврейдің ғалымдары жасап берген! Бүкіл ғылым білімге қатысты оқулығын еврей ғалымдары жүйелеп берген. Жандарым-ау, қайда қашып құтыламыз, қайда? Құндылық деген ортақ қой, ортақ!
Бұл толғамдар Франклдың «Доктор и Душа» кітабын оқыған соң туды. Франкл ол туралы бүй депті:
«Таким образом, человек, принадлежащий к данной нации, очевидно, не имеет тем самым ни вины, ни заслуги. Его вина началась бы только в том случае, например, когда он не культивировал бы в себе специальные таланты данной нации, или не содействовал бы развитию национальных культурных ценностей; в то время как он имел бы заслуги если бы он преодолевал в себе определенные характерологические слабости своей нации в процессе сознательного самообразования. И, однако, сколь много людей впадает в ошибку используя недостатки своей нации для оправдания своих собственных недостатков»
«Орысша ұқпаймын. Не деп жатыр?» дейтін оқырманға мағыналық аударма жасаймыз. «Адам қай ұлттың өкілі боп туса да мәселе емес. Ұлтына қарап пендені кемсітуге де ұлықтауға да болмайды. Адамның кінәсы мына арадан басталады. Яғни егер ол ұлтының қанында бар талантты өн бойында дамытпаса және әрекетсіз күйге түсіп, ұлтының мәдени құндылығын дамытпай қырық сылтау айтып жатып алса, сол кезде ғана кінәлі саналады. Ал, егер саналы түрде өзін дамытып, жетілдіру процесінде ұлтының кем кетігін толтырып, нашар тарапын толықтырса: ол адам құрметке лайық болады. Көп пендені осы тұста қара басады. Олар ұлтының кемдігін сылтау қылып, жеке басының мешеулігін ақтап алуға тырысады»
Бұдан шығатын қортынды – мынау! «Қазақтың жауы қазақ. Қазақ десең өзіңе тиеді. Шыны керек, біздің халық жалқау ғой. Қазақтар бастық болғанды жақсы көреді» деген сияқты көзқарасты Логотерапияның күшімен қиратуға болады. Қиратпасақ жалқау жігіттер парықсыз пікірлерден қуат алып, ілім-білім игермей, дамымай, өзгермей жүре береді. Шындығында көзі ашық, кез келген қазақ азаматы өзін дамыту арқылы этностың кемшін тұсын жақсылықпен жамай алады. Бәленің бәрі мемлекеттік дәрежеде бекітілген мәңгілік мақсат пен асыл мұраттың жоқтығынан басталды ғой. Мысалы менің миым 2050-ге ешқандай оқиғаны фиксация жасамады. Себебі сенбейді. Сену өте қауіпті. Қалайша дейсіз ғой. Себебі өтірік уәде, жалған жоба адамды тура мағынасында өлтіріп жібереді. Ол туралы Логотерапия кітабында бүй деп жазады. Үзінді оқып көріңіз.
«Тұтқынның кеудесіне, соңы жоқ сезім бекініп алып шықпай қойғанда осындай қауіпті көңіл күй жанға жабысады. Міне, сізге нақты мысалы. 1945 жылдың наурызында бір жолдасым қызық әңгіме айтты. Ол 1945 жылдың ақпанында түс көреді. Түсінде жақсы іс көреді. Ғайыптан бір дауыс келіп: «Не білгің келеді, бәрін сұра. Жауабын беремін», – депті. Ол: «Соғыс қашан бітеді?» – дейді. Дауыс: «1945 жылдың 30 наурызы бітеді», – деп нық жауап берген. 30 наурыз болды. Ештеңе өзгермеді. Аяны ақиқатқа айналмады. Ол 29 наурыз күні түнде безгектен сандырақтай бастады. 30 наурыз күні есінен танды. 31-іне қараған таңда сүзектен (тифтен) үзілді. Ол үшін соғыс шынымен де 30 наурызда аяқталды. Медицина тұрғысынан да ой жіберіп, оның түбіне не жеткенін анық айта аламыз. Үміт үзілгенде қайраты мен күрескер иммунитеті күрт үзілді. Осы кезде бұғып жатқан бүкіл инфекция ауруға бас салды. Бұл тұжырыммен басқа да дәрігерлер келіседі. Лагерьдегі бір дәрігер бірде мынадай оқиға айтты: оның лагерінде «1944 жаңа жылда Құдай қаласа үйде боламыз» деген алып-қашпа әңгіме тараған. Соған сенгедер шабыттанып сала берген. 1944-тің жаңа жылы да келген. Өзгерген ештеңе жоқ. Соңы неге апарып соқты деп ойлайсыз? Рождество мен жаңа жыл мерекесінің арасында тұтқындар шыбындай қырылған»
2030 жылы бәріміз шыбындай қырылып қалмайық. Осы бастан сақтану керек-ақ…
Енді ойтүйін жасайық. Жігіттер мен қыздар, әңгіменің ашығы мынау. Сіздер мен бізге Қазақ Үкіметі жуық арада жарқын келешекті анықтап бермейді. Олардың ойында ондай жоспар жоқ та және болмайды да. Ол жақтағы саяси элита басқа нәрсемен әуре боп жүр. Ақордаға қарап аузыңды ашып отыра берсең, өткен шақта ғана өмір сүретін тірі әруаққа айналып кетесің. Сондықтан өміріңнің МӘНІН өзің анықтап, арман-мұратыңды осы бастан өзің бекіт. Қол жетпейтін биік арман мен ғарыштық маңызы бар Ұлы Мәнге қол созып үйрен. Әруақтар әлемінен өзіңді сүйреп шықпасаң сырттан көмек келмейді. Жап жас бола тұра өлі адамның өмірін сүру не деген масқара?! Не болмаса бір бірімізге тіреу болып, бір бірімізді бауыр санап жәрдем қолын созып қана күнелтеміз. Басқа жол жоқ. Басқа жолды білетін кемеңгер кісілер болса, тағы да тарқатып жазсыншы. Менің де миым бүкіл санамды өткен шаққа лақтырып жіберудің аз-ақ алдында тұр.

Санжар Керімбай

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню