САЛАУАТ

88888

Салауат айту дәстүрі – исламдағы ең ұлық, ең мәртебелі амалдардың бірі. Бұл діни дәстүрдің шығуына себеп болған – Құран Кәрімдегі «Шындығында Алла мен періштелер пайғамбарға салауат айтады. Әй, момындар! Оған салауат айтып, ықыласпен сәлем жолдаңдар[1]» деген Алланың әмірі. Осы аят түскеннен кейін Мұхамбет пайғамбарға салауат айту мұсылмандар арасында әрі сенім, әрі дәстүр ретінде қалыптасты. Тіпті кейбір мазхабтың ғұламалары салауатты парыз деңгейіне дейін көтерген.

Бұл бір жағынан Мұхамбет пайғамбардың басқа нәбилер-
ге қарағанда дәрежесінің жоғары екендігін көрсетеді. Көне қиссаларда барлық пайғамбар бейне бір оған үмбет болуды армандап, салауат айтып жүреді. Сондай бір аңыздарда олардың осы армандары былайша суреттелген: Сүлеймен пайғамбар Алладан патшалық бергенше, Мұхамбеттің қонақтарына есікті ашып-жауып тұратын қызметшісі болсам деп армандайды. Ескендір Зұлқарнайын оның үйіне түскен қонақтың атын байлап, жем-шөбін беріп жүрсем деп аңсап өтіпті. Ер Дәуіт оның меймандарын әсем ән мен тәтті күйге бөлеп, құмарын қандырсам деп қиялдапты. Қызыр ата Алла хабибісінің дастарқанында шай құйып, кесесін ұзатып отыруға зар болыпты. Ал Ыбырайым халиолда Мұхамбеттей дүрді көрмедім деп еңірегенде етегі жасқа толған екен. Мұса кәлимолда оның сұхбатында бір рет уағыз тыңдасам деумен ішқұса боп өтіпті. Ғайса пайғамбар Мұхамбет артымнан келіп қалатын шығар деп Мекке жаққа қараумен көзі талыпты. Нұх пайғамбар Нұр-Ахметтің көркем мінезін суреттеуге менің мың жыл ғұмырым жетпейді деп күрсінген екен. Жүсіп пайғамбар Мысырдың тағында отырғанша, Мұстафаның атқосшысы болсам
деп Аллаға назын айтыпты. Жақып пайғамбар оның қонақтарына ет асып, қымызын сапыратын аспаз болсам депті. Ыдырыс пайғамбар пейіштің мәңгілік өмірін Мұхамбетпен өткізетін бір күндік сұхбатқа қуана-қуана айырбастар едім деп жұмақта жылайды екен.

Алланың «Пайғамбарға салауат айтыңдар!» деген әмірі келген кезде бірнеше сахаба пайғамбарға келіп: «Иә, Алланың елшісі. Бізге салауат айтуды үйрет», – деп өтініпті. Олар салауаттың үлгісін пайғамбардан үйренген.

Пайғамбарға құрмет көрсетіп, салауатты өте мол айтқан адамның жүрегінде пайғамбарға деген ғашықтық сезімі орнайды. Яғни салауат айтумен мұсылманның ішкі жан дүниесі нұрланып, оның рухы пайғамбар рухымен тілдеседі деп сенген.

[1] Ахзаб сүресі, 56-аят

 

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню