Жерден топырақ әкелу қиссасы

1 - 600743064_n

«Қисса сүл-әнбия» – Құрандағы пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер жайлы ғибратты оқиғалар жинағы. Құрандағы аяттар саны бір деректерде 6666 аят деп жазылса, кейбір еңбектерде 6616, ал қайсыбір ғалымдар 6217 деп көрсеткен[1].

Ғалымдар Құран аяттарын үкімдік, қисса-
лық, мысал мен ғибрат және дұға аяттары деп жіктейді.

Соның ішінде үкімдік, яғни шариғат заңдары-
на негіз болған: әмір берген, құлшылыққа, тұр-
мыс-тіршілікке қатысты нұсқаулық аяттар саны 230 аят шамасында[2]. Кей ғалымдар мұндай аяттар саны 200 десе, А.Халлаф атты ғалым 225 аят бар деп көрсетеді[3].

 

Жерден топырақ әкелу қиссасы

 

Ұлық Алла Жебірейілге:

– Сен жерге бар да, бір уыс топырақ әкел, – деп бұйырды. Періште келген кезде топырақтың көңілі босап, езіліп тұр екен. Жерді көріп Жебірейілдің де көңілі босады.

– Жер, сен неге жылайсың? – деді.

– Адам менің бір бөлшегімнен жаралған соң, олар мен үшін қымбат. Ертең олар бір-бірімен қырқысады, ұрысады, қан төгеді. Соны ойласам, қабырғам қайысып, жаным езіледі, – деді. Жебірейіл періште кері қайтады. Ұлық Алла:

– Ей, Жебірейіл, неге топырақ әкелмедің? – деді. Ол:

– Жердің көңілін қимадым, – деп, жердің қайғысын жеткізді.

– Онда адам мен адамды дос қылатын періште сен боласың. Уахиды сен тасисың. Барлық сүйінші хабар сенен болады, – деді. Екінші бұл іске Мәкәйілді жұмсады. Ол келсе, жер тағы да мұңайып жатыр екен. Мәкәйіл:

– Жер, сен неге мұңаясың? – деді.

– Менен өсіп-өнетін адам менің де бір балам емес пе? Олар періште емес. Ас-ауқатқа мұқтаж. Қарындары ашады. Олардың ризық несібесі қалай болады деп уайымдаймын, – деді. Мәкәйіл жерді жұбата алмай, Алланың құзырына қайтып келді. Ұлық Алла:

– Әй, Мәкәйіл, топырақ қайда? – деді. Мәкәйіл жердің қайғысын Құдайға жеткізеді. Ұлық Алла:

– Онда сен жер бетіне ризық шашатын періштем бол. Адам ұрпағы ризық-несібесін қара жерден еңбек етіп шығарсын, – деді.

Үшіншісінде топыраққа Ысрапылды жұмсады. Жер Ысрапылға:

– Тәні топырақтан жаралған соң, адам баласы суыққа тоңады, ыстықта қаталайды. Сол кезде олардың жайы не болмақ? Мен осыны ойласам, іші-бауырым су болады, – деді. Ысрапыл жердің бұл арызын да Ұлық Аллаға жеткізеді. Ұлық Алла:

– Бүгіннен бастап жердегі табиғатты түрлендіріп, ауа райын реттеп отыратын періштем сен боласың, – деді. Ұлық Алла ең соңынан Әзірейілді жұмсады. Әзірейіл өзге періштелердей емес, мінезі қатты екен. Ол жерге келе сала, бір уыс топырақты қырнап алды. Жер:

– Әй, Әзірейіл, топырақты сұрап алсаң болмай ма? – деді. Періште:

– Ұлық Алланың айтқаны екі болмайды. Алла не бұйырса, сол болуы керек. Ұлық Алла ешқашан жамандыққа бұйырмайды, – деді де ұшып кетті. Ұлық Алла Әзірейілдің қаттылығын көріп:

– Адамның жанын алатын сен боласың, – деді. Әзірейіл мына сөзді естігенде түрі қуарып сала берді. Алла Тағала:

– Әй, Әзірейіл, неге қайғырдың? Мені жамандыққа бұйырмайды деп өзің айттың ғой, – деп өз сөзін өзіне куә етті.

– Иә, Ұлық Алла, менің солай дегенім рас. Бірақ адам ұрпағы әрбір қазадан соң мені қарғайды ғой. Ет-жақын бауырынан айрылған жандар мені жек көріп кетеді. Қала берді, олардың арасында Сенің сүйікті достарың, пайғамбарларың болады. Олардың жанын, жақындарын қалай аламын? Олардың наласына қалғым келмейді, – деді. Ұлық Алла:

– Әзірейіл, сен қайғырма. Мен оларға қазаны сан түрлі сылтаумен жіберемін. Олардың бірі дерттен, енді бірі апаттан опат болады. Олар ажалдарын сол себептерден іздейді. Сені көрмейді, сөкпейді. Жақсылықты да, жамандықты да Мен жаратамын, – деді. Сол кезде барып Әзірейілдің көңілі орнықты. Әзірейіл періште топырақты жерден сұрамай алғандықтан, адамның жанын да сұрамай алатын болды.

Ұлық Алла адамның бет-әлпетін Меккенің топырағынан жаратыпты. Сол себепті иманға ұйыған адамға Меккеге бет түзеп құлшылық ету парыз болыпты. Егер бір кісі дәл өзіндей адам баласының бетінен әділетсіз ұратын болса, Меккенің топырағы сол адамды қарғайды екен. Адамның бір қолын батыстың, бір қолын шығыстың топырағынан жаратады. Сол себепті де адам баласы қалаған тарапынан ұнатқан бұйымына қол жеткізетін болыпты. Екі аяғын мәңгі бақи тоң қатып жататын солтүстік тараптың топырағынан жасапты. Адам аяғының мықты әрі суық болатыны содан қалыпты. Бағдат пен Шам аймағының топырағынан кіндік пен қарын тұсын жаратады. Сондықтан Бағдат пен Шам аймағы мәдениет пен ілім-білімнің ошағына айналыпты. Адамның кеудесін таудың топырағынан

жаратады. Тәкаппарлыққа ұрынғанда көкіректің көтеріліп кететіні содан екен. Ал арқа балшығын сахараның шағыл құмынан илегендіктен, адамның жон арқасы өте төзімді болыпты. Ал ет жүректі Ұлық Алла ерекше хикметпен жаратады. Жүректі жер бетінің барлық сазынан үлес алып, біріктіріп илепті. Ет жүрек рух пен ақылдың, парасат пен қайраттың түпкі мекені болғандықтан, оның ішкі сарайын сайтан кіре алмайтын өте құпия берік қамал етіп жасапты. Күнәға белшеден батқан пенденің соңғы сәтте де іштен жалбарынып, Алланың рахымына ілігетін мүмкіндігі содан қалыпты. Жүректің ішкі айнасын бауырмалдық қасиеттермен әшекейлепті. Мейірімді Ұлық Алла адам ұрпағы жер бетіндегі барлық адам баласының бір жүрек, бір тілекте өмір бақи бейбітшілікті аңсаумен өмір сүргенін қалапты. Қаптаған адам ұрпағы бірін бірі жазбай тезірек тануы үшін оларды сан түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөліпті. Әлемдегі күллі адам баласының қуанышы мен қайғысының, қасіреті пен берекетінің ұқсастығы содан екен.

Топырақ келген соң Ұлық Алла:

– Әй, Жебірейіл, сен мейірімділік, қайырымдылық және махаббаттың желінен самал әкел, – дейді.

– Әй, Ысырапыл, сен пәк рахметімнің бұлағынан су әкел, – дейді.

– Әй, Мәкәйіл, сен оттан жалын әкел, – деді.

Осылайша Ұлық Алла адамды топырақтан жасарда тағы үш затты қосыпты. Оның бірі жел, бірі су, бірі от болыпты. Оттан нәпсі жаралыпты. Сондықтан нәпсінің сипаты от сияқты жан-жағын жалмап тұрады. Адамды ашу қысқанда екі бетінің өртеніп кете жаздайтыны соның нышаны екен. Ашу буған адамға суық сумен дәрет ал деп кеңес беру содан қалыпты.

Ұлық Алла адамның денесіне нәпсі шоғының әлсіз жалынын ғана дарытып:

– Нәпсі отының адам баласына пайдасы жоқ. Бұл тек оған зарар береді. Бұдан бақыт табудың жалғыз ғана жолы бар. Адам ұрпағы бақталастыққа салынып, нәпсі шоғын үрлемесін. Өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артық бола алмайды. Пайда емес, ар ойлағандар ғана қатарынан озық шығады. Баянсызға құл болып, жалған намыс жыртқан сайын олар нәпсі шоғын қоздыра түседі. Кімде-кім қу пәниде нәпсі отының лаулап жануына ерік берсе, өзі де тозақ отына отын болады. Парасатты пенделерім өле-өлгенше нәпсі отын маздатып қана ұстасын. Сонда ғана қорлықтан құтылады, – деді.

Судан – көңіл жаралыпты. Адамның көңілі босағанда жылайтыны, іші-бауыры су болатыны сол екен. Ұлық Алла:

– Мен көңілді мөп-мөлдір пейіштің суынан жараттым. Көңілін кіршіксіз ұстаған тақуалар назарымда болады. Көңіл айнасын былғап алғандар екі дүниеде қор болады. Көңілі таза пендемді жұмақтың бұлағына жуындырам, – деді.

Адам жанын желден жасапты. Жан шіркіннің қайнаған тіршілікте бірде жігерленіп, енді бірде жүні жығылатыны осыдан екен.

Тән жасайтын балшықты илеген кезде қырық жыл қайғы жаңбырымен, бір жыл шаттық суымен суарады. Тіршілікте қуанышты сәттің аз болып, қайғылы кездің көп болатыны содан екен. Ұлық Алла шаттық жаңбырын екінші етіп жаудырғандықтан, адам баласы қандай да бір қайғыдан соң артынша шаттыққа кенелетін болыпты.

Құранда пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер жайлы ғибратты оқиғалар «қиссалар» деп ата-
лады. Қиссалар мен ғибраттық аяттар 2000-нан сәл асады. Түрік ғалымы А.Ажар «Құран аяттарының үштен бірі, кейбір зерт-
теулерге сүйенсек, үштен екісі – қиссалар. Пайғамбардан кейінгі  төрт сахаба дәуірінде Құран аяттарының үштен екісі қиссалар деп
есептелген[4]» дейді. Құрандағы қиссалар пайғам-
барлардың өткен өмірін, жасаған ерліктерін, ғибратты үлгілерін насихаттайды.

[1] M. Asım Köksal, İslam Tarihi.

 

[2] Ömer Nasuhi Bilmen’in Ahkâm Ayetleriyle İlgili Görüşleri / Hasan Rami Kara.–2009.

 

[3] M. Asım Köksal. İslam Tarihi.

 

[4] Acar A. Bir ictihad kaynağı olarak Kur’an kıssaları // İslam hukuku araştırmaları dergisi, 2007.

 

Пікір

  • АЛЛА разы болсын!
    Ғибратты тамаша қисса екен!!!

    Аманкелді Садуақасов 12.03.2018 13:34 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню