АЛПАМЫС БАТЫР

alpamys-batyr-eposty-bayany

Бұрынғы өткен заманда Жиделі байсын деген жерде, Қоңырат деген елде Байбөрі деген бай өмір сүріпті. Ол қайыры мол, қолы ашық жан екен. Аш-арыққа ас-ауқатын беріп, кедей-міскінге қарайласып тұрыпты. Соның шарапатынан төрт түлігіне береке дарып, көбейе береді. Келе-келе түйесі сексен мыңға жетеді. Тоғай сайын мың жылқысы жайылып жүрді. Бірақ байдың көкірегінде бір арманы бар еді. Ол арманы бір перзент сүю екен. Байбөрі қартайғанша өз кіндігінен бала көрмепті. Жалғыз Құлтай деген немере інісі ғана болыпты. Жасы сексенге келген Байбөрі бір баланың жоқтығына налып:

– Уа, Құдайым! Сонша байлықты, ырыс-дәулетті еншіме берсең де, бәрінің құны бір ұлға татымады. Тілегімді берсең, жалғыз перзенттің жолына құрбан етер едім. Менің шаңырағымнан шақалақтың үні қашан шығар екен? – деп жалбарынды. Күні-түні еңіреп, кісесін мойнына салды. Мұңын естіген жандар оны аяп:

– Тәңірім, осы байға бір перзент бере гөр. Қайыр-сахауаты асқан кісі еді. Жұртына көп жақсылық қылып еді. Кеудесінде арман кетпесін, – деп қосыла тіледі. Осылай бай қапаланып жүргенде, інісі Құлтай ұлды болды. Байбөрі Құдайдың бұл бергеніне зор шүкіршілік етті. Шерлі жүрегін жұбатты, жабыққан көңілін демдеді. Ат шаптырып той жасап, баланың атын ұлтан деп қойды. Бірақ күңнен туған баланың келбеті адам шошитындай еді. Кеудесі кепедей, мұрны төбедей, тістері кетпендей ақсиып тұратын. Ол иба-әдеп дегеннен жұрдай болып өсті. Байбөрі мен Құлтайға ақырып:

– Алжыған немелер! Малда не ақыларың бар? Көрге бірге алып кетейін деп пе едіңдер? Бұлар бәрібір маған қалады, – деп кеудесін соғатын. Көрші-қолаңды бездіріп, ақсақалдан именуді білмеді. Үлкеннің алдында айылын жимай, абыройсыздыққа белшеден батты. Бірде Байбөрінің жары Аналық жылап отырып:

– «өзіңнен тумай, ұл болмас» деген. Мұндай баланың барынан жоғы игі. Табан ет, маңдай теріңмен жинаған дәулет құл-құтанға қор бола ма деп қорқамын. Мақұл десең, Әзірет Сұлтанға түнеп, Алладан бір ұл тілейік. Әулиенің шарапаты тисе, ұлық Алла бір перзентін беріп қалар. Құдай момын пендесін құр қалдырмас, – деді. Байбөрі:

– Бәйбіше, сөзің жөн. Әулиеге барып зиярат етелік. Құрбандық шалып, қаріп-қасірге садақа берейік, – деді.

Ол қойдан қошқар, түйеден бура, жылқыдан айғырды таңдап сойып, жұртқа үлестірді. Алтын мен күмісін халыққа таратып, мұқтаж жандарды жарылқады. Сөйтіп бәйбішесімен сәрсенбінің сәтті күні жолға шықты. Арып-ашып сапар шекті. ұшқан құстың қанаты талатын шөлден жаяу өтті. Біраз күннен соң Әзірет Сұлтанның кесенесіне де жетті. Әулие басындағы шырақшыларға алып шыққан қазынасының жартысын таратты. Кесенеде жеті күн түнеп, Құдайдан тіледі. Аян болмай, қатты зарықты. Байбөрі:

– Алланың рахметінен үміт үзбелік. Әзіреті Қаратау әулиенің кені ғой. Бәрінің басына қонып тілесек, Құдай қабыл етер, – деді.

– Олай болса, жүрелік, – деді бәйбіше. Екеуі жүріп отырып, Бабатаға келді. Мұнда да үш күн қонып, перзент тіледі. Баптардың басын зиярат етті. Арада тоқсан күн өтті. Ешқандай нышан келмеді. Сонда да күдер үзбеді. Бір күні Жылыбұлақ деген көлдің жағасына жетті. Қалың шеңгелдің ішіне кіріп:

– Біздей мұңлық бар ма екен? Қартайғанда қубас атанам деп ойлап па едім? – деп егілді Байбөрі.

– Тәңірім, жұртқа берген бір шикі өкпені бізге де қисаңшы, – деп жалбарынды Аналық. Сол кезде бір шеңгелдің шыбығы бәйбішенің маңдайына қадалып қала жаздады. Бірақ сонда да қан шықпады. «Бұл бір керемет шеңгел екен» деп ойлады Аналық. Ол жаулығын жыртып, әр шеңгелдің басына ілді. Құптан уақыты да келді. Қатты шаршаған екеуі ұйқыға кетті. Таң сарғайып атып келе жатқан кез еді.

Сол уақыттар болғанда,

Көк есегі астында,

Ақ сәлдесі басында,

Сырлы асасы қолында,

өзі ақтың жолында,

Бір диуана келді де,

Асамен түртіп оятты.

Көкірегін оятып,

Бетіне бетін қаратып,

Есектен түспей тіл қатты:

«Ей, бишара, мүгедек,

Жаныңызға не керек?

Дейсің ғой: «Маған ұл керек!»

Әулиені қыдырдың,

Жердің жүзін сыдырдың,

Маңдайыңа төбелеп.

Әрқайсысының әртүрлі

Мәртебесі бір бөлек.

Сен үшін бәрі қиналды,

Бір жерге тегіс жиналды.

«Бір ұл бер, – деп, – осыған»

Бір жаратқан Құдайдың

Дәргейіне жылады.

Мен де тұрдым ішінде,

Әулиенің күші де.

Жаратушы жалғыз-ақ,

Дәргейіне ұнады.

ұнағанын сонан біл:

Бір қыз қосып сыйлады.

Сексен сегіз серулер,

Тоқсан тоғыз мың машайық –

Бәрінің көңілін қимады.

Менің атым – Шашты Әзіз,

Қыламын десең ықылас,

Жарылқады Жаратқан,

Ей, бишара, көзіңді аш!

ұлыңның аты – Алпамыс,

Қызыңның аты – Қарлығаш,

Атса, мылтық өтпейді,

Шапса, қылыш кеспейді,

Қалмақтармен болар қас.

Түрегел де, қолың жай,

Болады өзі өмір жас!»

Мұны естіген екеуі орнынан тұрып, диуананың қолынан сүйді. «Тәбәрік» деп, тонынан тұмарлық мата кесіп алды. Диуана бата бергеннен кейін ғайып болды.

– өңім бе, түсім бе? – деді Байбөрі.

– Шүкір, шүкір. Жабыққан көңілім жұбанды, тарыққан көңілім қуанды, – деп бәйбіше жылап жіберді. Олар елдеріне қайтты. Біраз күннен соң Аналық:

– Отағасы-ау, бойыма бірдеңе біткен сияқты. Қабыланның етін жегім кеп тұрғаны. Жүрегін қуырып жесем, жерігім басылар еді, – деді. Мұны естіген Байбөрінің қуаныштан есі шықты.

– Онда менімен бірге жүр. Сәті түссе, олжаға жолығармыз, – деп, қолына қара мылтығын алды. Аралға барып, қабылан атып алды. Бәйбіше қабыланның етін жеп, жерігін басты. Сөйтіп шат-шадыман қалыпта елге де келіп жетті. Қалың Қоңырат алдарынан шықты. Байбөрі ат шаптырып, той жасады. Жиылған кісілер құрсақ шашу жеп тарасты. Бәйбішенің босанатын сәті де жақындады. Қыз-келіншектер жарыс қазан жасады. Дүниеге іңгәлап шекесі торсықтай, маңдайы кере қарыс ұл келді. Ақ түйенің қарны жарылды. Ел-жұрт сүйінші сұрап, Байбөрінің шаңырағына ағылды:

– Алла әрдайым ісін оңдасын, Әулие-әнбиелер қолдасын, – деді абыз-қариялар.

– Ел-жұртына тірек болсын, дұшпанына түнек болсын, – деді ағайын-туыстары.

– Басына бақ қонсын, жүрегі нұрға толсын, – деп тілесті қоңсы жақындары. Баршасы ақ пейілмен баталарын берді. Сәбиге Алпамыс деп ат қойды. Бөбек отбасына құт болып, үш жылдан кейін бәйбіше бота көзді бір қыз туды. Баба түкті шашты Әзіздің өсиетімен оны Қарлығаш деп атады. Байбөрі арманына жеткендей болды.

Шекті елінде Сарыбай деген бай бар еді. Ол да перзентсіз болғандықтан, Байбөріге мұңдас еді. Бір-бірімен сөйлесіп, іштегі шерлерін тарқататын. Байбөрі:

– Біріміздің ұлымыз, біріміздің қызымыз болса, мың жылдық құда болар едік. Қыз бен ұлды қосып, тойларын жасап берсек, отауын тігіп беріп, қызығын көрсек, көңілде қиял қалмас еді-ау, – дейтін. Сарыбай да:

– Рас айтасың. Екеуміз құда болсақ, одан артық қандай бақыт бар? – дейтін. Алпамыс дүниеге келген кезде Сарыбайдың әйелі де бір қыз туды. Оның атын Гүлбаршын деп қойды. Екі бай бірінен бірі сүйінші сұратты. Төс түйістіріп, құда болды. Бірақ бірде Сарыбайдың кеудесіне «Алпамыс атадан жалғыз ғой. Егер жазатайым өліп кетсе, қызым ұлтан құлға қор болар. Ол

 

тексізге қор еткенше, көшіп кетейін»деген арам ой түсті. Құдай алдындағы сертін бұзды. Шектіні де тегіс көшіріп әкетті. Бұл кезде Алпамыс он жасқа толған еді. Жас та болса, ақылымен Қоңырат еліне бас болды. Күш-қуаты тасып, майданға түсуге асық боп жүрді. Ойнап жүріп, біреуге қолы тисе, оны майып қылатын. Сондықтан барлық бала онымен ойнаудан қашты.

Бір күні Алпамыс өрмек тоқып отырған кемпірдің қасында ұйықтап жатқан баланы көріп:

– Ей, бала, тұр, ойнаймыз, – деп түртіп қалды. Бала оның түрткенін көтере алмай жан тапсырды. Кемпір:

– Ойбай, қу шешек! Жалғызымның түбіне жеттің-ау! Ойының осылғыр неме! Балаларға батырсынғанша, қашып кеткен қалыңдығың Гүлбаршынды қайтарып алмайсың ба? – деп зар иледі. Алпамысқа бұл сөздер қатты батты. Бойын ұят пен намыс билеп, «қайтсем де, қалыңдығымды алып келемін» деп, жылқыға жөнелді. Сол кезде жарап жүрген Байшұбар ат:

– Батырым, сенің жорықта көлігің, қиналғанда серігің боламын. Мені мін, – деді. Оның көркіне Алпамыстың көңілі толмады.

– Сендей лақса кімге керек? Мінбеймін, – деді ол. Көлденеңдеп кетпей қойғасын, ашуланып, құйрығынан ұстап лақтырды. Ат құламай, тақыр жерге төрт тағандап тұра қалды. Бала мұнда бір сыр бар екенін біліп, атқа жүген салды. Ерттегенде, сегіз жасар ат болды. Бала Шұбарға қарғып мінді.

– Аллам, өзің жар бола гөр. Жал-құйрығы жоқ жалғыз едім. Тілегіме жеткіз, досқа күлкі, дұшпанға таба қылма. Баба түкті шашты Әзіз пірім, өзің медет бер, – деді. Қайын жұртына қарай шауып ала жөнелді. Он екі айлық жолды он екі күнде басып өтті. Ел шетіне жеткенде, тасқа жазған хатты көрді. Қараман деген қалмақ батыры Гүлбаршынды аламын деп ауылды қоршап жатыр екен. Осының бәрін Гүлбаршын тасқа жазып кеткен екен. Бұдан кейін Алпамыс қайраттанып, аттың басын қоя берді. Қызыл найзасын қолына ұстап, жауға келіп тиді. Оның келгенін Гүлбаршын да біліп, сүйсініп тұрды. Ғайып ерен, қырық шілтен қолдап, Алпамыс жауды бет қаратпай қырды. Қараман да аттандап, қарсы шапты. Күркіреп сөйлей берді:

– Уа, бала! Қабырғаң қатпаған, бұғанаң бекімеген екен! Әуре болмай, үйіңе қайтсайшы, – деді.

– Аса сөйлеме, Қараман! Намысымды ит қалмаққа таптатып қоя алмаспын. Одан да тұрысатын жеріңді айт! – деді Алпамыс.

– Олай болса, кезегімді бер.

– Ал, ендеше,кезегіңді. Аянып қалма!

Қараман келген бетте Алпамысты шоқпарымен ұрып өтті. Алпамыс Аллаға жалбарынып, көмек сұрады. Орайы келген сәтте Алпамыс қалмақтың батырын соғып өтті.

Қараманды Алпамыс

ұрып-ұрып кетеді.

Қаршығадай қайрылып,

Ителгідей сүзіліп,

ұрып-ұрып өтеді.

ұрған сайын Қараман

Қарақұстай қалбаңдап,

Құрбаң-құрбаң етеді.

Алпамыс әккі қимылмен ұрыс салып, Қараманды өлтірді. Мерейі тасып, сән-салтанатпен Гүлбаршынды өзіне жар етті. Қалмақтарды бағындырып, атасы Сарыбайды сол елге хан сайлады. Бірнеше ай жатқасын, бір күні еліне қайтуды ойлады. Халқын жинап, рұқсат сұрады. Қайын жұрты ақылдасып, қырық нарға зер артып, алтын отаумен екеуін шығарып салды. Бірнеше күн жол жүріп, өзінің еліне келді.

Алпамыс батыр еліне келсе, әкесінің жылқысын Тайшық хан деген қалмақ шауып әкетіпті. «Мал ашуы мен жан ашуы бір» дегендей, Байбөрі бұл қорлыққа төзбеді. Баласы мен келініне қуанбады, келген дүниеге көңілі алданбады. Алпамыстың алдынан шығып:

– ұлым, қалмақта кегім кетті. «Ежелгі дұшпан ел болмас» дейтін еді. Мал-мүлкімді талапайлап, асылымды атына өңгеріп әкетті. Аттан түспей, тез аттан! Тарыққанда Баба түкті шашты Әзіз медет берсін. Ғайып ерен, қырық шілтен шылауыңда жүрсін, – деді. Алпамыс Тайшықтың артынан қумаққа бекінді. Үйіне түсіп, бір кесе сусын ішпеді. Халқы жиналып келіп:

– Ей, шырағым, Алпамыс, жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас. Үйіңе түсіп, беліңді шеш. Намысқа тұрар ерлер көп, бәрін жинап бар! – деді. Алпамыс:

– Жұртым, жалғыздың жары бір Құдай емес пе?! Бір Алла қолдаса, мың дұшпаннан бағым асар. «Ер жолдасы – тәуекел» деп аттандым. Маған шын жандарыңыз ашыса, ата-анама қамқор болыңыздар. Әйелімнің ішінде жеті айлық бала қалып барады. ұл туса, атын Жәдігер қойыңыздар, – деді.

Осыны айтып, Алпамыс батыр Тайшыққа қарай жол тартты.

Қалмақтың ханы Тайшық түнде түс көрді. Түсінен шошынып, ел-жұртын жинап:

– Мен бір түс көрдім. Түсімде жаман іс көрдім. Басымдағы тәж, дәулетім жерге құлады. Бір арыстан шаћарымды талады. Қаламды қанға бояды, ұлдарымды құл, қыздарымды күң қылды. Бір жас батыр шұбар атқа мініп келе жатқан тәрізді. Сол тұлпардың дүбірі құлағыма келіп тұр. Оған қызымды берсем, бәледен құтыла аламын ба? – деді.

Көріпкелдер:

– Е, тақсыр, «түс – түлкінің боғы» деген, қорықпаңыз, ешнәрсе етпейді, – деп жұбатты. Тайшық хан:

– Жоқ, оларың болмайды. Ойласып, бұл бәледен құтылар жолды табыңдар! – деді. Ешкім амал таба алмады. Сол кезде жасы үш жүзге жеткен, көрінгенмен ұрысқан, қабағы қатып тырысқан бір мыстан кемпір келді. Ол:

– Сіз өзіңіз патша бола тұра, жалғыз қызыңыз Қаракөзайымды жауға беремін дегеніңіз қалай? Менің самайынан ірің аққан таз балам бар. Соған қызыңды берсең, дұшпаныңды өзіңе құл етемін, – деді. Тайшық:

– Жаудың сағын сындырсаң болды. Тілегіңді орындаймын, – деді. Мыстан қырық отау, қырық шөлмек шарап алды. Ханның қызы Қаракөзайымды бас қылып, қырық қыз алды. Қырық отауды Алпамыстың жолына тіктіріп, қырық қызды келіншекше киіндірді. Сөйтіп Алпамыстың жолын тосты.

Алпамыс көп ұзамай мыстанға келіп жолықты. Мыстан батырды көре салысымен, шеңгелді құшақтап зарлап жата кетті. Алпамыс одан:

– Не қылып жүрген жансыз? – деп жөн сұрады. Кемпір еңіреп қоя берді:

– Ойбай, шырағым, менің күткенім сен едің. Байбөрінің жылқысын Тайшық хан айдап алып кетіп еді. Менің қырық балам бар еді. Бәрі де сол жылқыны құтқарып аламыз деп өлді. Сен малыңды іздеп, кегіңді алуға келе жатыр екенсің. Талабыңа нұр жаусын! Алдымен, отауға кіріп, деміңді ал. Қырық келінім саған қызмет көрсетсін, – деп алдады. Байшұбар ат оның арамдығын біліп, кемпірді қос аяқтап тепті. Сонда мыстан азғырып:

– Алпамысжан, шұбардың басын кесіп таста. Басқа жүйрік ат тауып берейін, – деді. «Батыр – аңқау, ер – көдек» деген. Оның сөзіне ерген батыр қанжарын көтеріп, аттың басын шапты. Сол сәт пірлері қолын қағып жіберді. Қанжары қара тасқа кіріп кетіп, әрең алды. Кемпір оны отауға кіргізіп, шарапқа әбден тойдырды. ұйықтаған соң, отаудың бәрін үстіне жығып өртеді. Баба түкті шашты Әзіз Алпамыстың тәніне қалқан болып, еш жерін күйік шалмады. Болмағасын, мыстан от ішінен байлап алып, Тайшық ханның қолына берді. Батырды атса, оқ өтпеді, шапса, қылыш кеспеді. Кәміл пірлері демеп тұрды. Көрген кісілер «Батырға оқ дарымайды, батылға жау жоламайды» деген осы екен-ау» деп аңыз етісті. Амалы таусылған Тайшық оны зынданға тастатты. Алпамыс есін жиғаннан кейін алданғанын білді. Құдайдан жәрдем тіледі:

– Жаратқан Ием, өзің пана болмасаң, халім мүшкіл. Бір өзіңді жадыма алып, жәрдем сұраймын. Мені дұшпанның тұзағынан құтқара гөр. Кәміл пірлерім сендерден медет тілеймін, – деді. Мұңын шағып, жалғыздығын айтып налыды. Оған күнде бір мысық таба нан әкеліп тастап жүрді. Соны жеп, Алпамыс батыр аш болмады. Бұл кезде Шұбар ат ешкімге әл бермей, алдына келгенін тістеп, артына келгенін тепті. Ақыры патша ұсталарға темір үй соқтырып, Шұбарды соған қаматты. Мыстан ханға келіп қызын сұрады. Тайшық жиырмаға толғанда, қызын мыстанның ұлына ұзатпаққа уәде берді. Хан қызының арманы Алпамыстың қайда жатқанын білу еді. Әкесінен тоғыз жыл өткенше, сауық-сайран құруға рұқсат сұрады. Бәсіре етіп жүз серке беруін өтінді. Хан оған қуанып, рұқсат берді. Сөйтіп, Қаракөзайым қасына қырық қыз нөкерін ертіп, сауық құрды. Серкелерді Кейқуат атты бір құл бағып жүрді. Бірде бір серке ойнақтап жүріп, зынданның ішіне түсіп кетті. Кейқуат ордың басына, Алпамыстың қасына келіп, айқай салды:

– Ей, Алпамыс, қайдасың, серкем түсіп кетті, шығарып бер, әйтпесе Қаракөзайым ұрсады, – деді. Алпамыс:

– Сен маған серкеңнің күніне біреуін беріп тұр. Егер ордан аман шықсам, өзімнен бұрын сені мұратыңа жеткіземін, – деді. Кейқуат ашуланып:

– Жеті қабат жердің астында жатып, мақсатқа жеткіземін дейсің. Сенің қолыңнан не келеді? Одан да өзіңді жоқ қылайын, – деп, бір диірмен тасты дөңгелетіп әкеліп, үстіне тастап жіберді. Алпамыс тасты қағып алып, қайта лақтырып жіберді. Тас Кейқуаттың басынан асып кетті. Кейқуаттың зәресі ұшып кетті. Ол сасып қалды. «Осының айтқанын қылайын, өлсем – өлейін, өлмесем – жақсылығын көрейін» деп ойланды. Серкенің күніне біреуін беріп тұрды. Сөйтіп жүріп серкенің бәрін тауысты. Алпамысқа келіп:

– Ей, Алпамыс, серке таусылды, не қыламын? – деді. Алпамыс:

– Мен серкелердің мүйізі мен қабырғасынан сырнай істеп қойдым. Соны қыздардың жолына барып тарт, сені олар ұстап алып: «Сырнайды кім жасады?» – деп сұрайды. Сен жауап берме. Қаракөзайымға ғана жеткіз, – деді. Кейқуат сырнайды алып, қыздар жүретін жолға келіп тартты. Сырнайдың сазды үні қыздарды баурап алды. Қыздар естіп, оған келіп: «Ей, Кейқуат, мұны кім жасады, қайдан алдың?» – деп сұрады. Кейқуат айтпады. Қаракөзайым «Маған шынын айтатын шығар» деп, оңаша шығарып сұрады. Алпамыстың аман екенін естіп, жүрегі алып-ұшты. Кейқуатқа жалынып жүріп, зынданға жетті.

Қаракөзайым зынданға үңіліп:

– Алпамыс, бармысың? – деді. Алпамыс:

– Бармын, – деп жауап берді. Қаракөзайым:

– Сені іздеп жүргеніме жеті жыл болды. Саған қандай көмек бере аламын? – деді.

– Сен мені құтқара алмассың. Шұбар атым қайда? Сол ғана шығара алады, – деді Алпамыс.

– Атың патшаның қолында, жеті қабат темір үйде. Сыртынан көп адам бағады. Мені оның маңайынан да жүргізбейді, – деді Қаракөзайым. Алпамыс:

– Қамзолыма неше жылдан бері терімнің иісі сіңіп еді. Осыны ішіңнен киіп, шашыңды түй. Диуана кейпінде барып, атты үйрете аламын де. Сонда олар Шұбарды еркіңе береді, – деді. Қыз:

– Айтқаның болсын, – деп, қамзолды киіп, шашын түйіп алды. Дәруіш кейпінде әкесінің ордасын аралап жүрді. Иесінің иісін сезген Шұбар ат темір үйді теуіп, талқан қылды. Бағып тұрған қалмақтар қашып кетті. Тұлпар оқыранып келіп, диуананың қойнына тұмсығын тығып тұра қалды.

Тайшық мұны көріп таңғалды. Ол:

– Ей, диуана, сен Алпамыстың өзімісің, болмаса, көзімісің? – деп сұрады. Диуана:

– Е, патша, Алпамыс менен он есе үлкен емес пе? – деді. Патша:

– Иә, Алпамыс сенен үлкен. Сен кімсің? – деді. Диуана:

– Байшұбар құнан кезінде ит тиіп ауырған еді. Мен үшкіріп жазған едім. Содан маған бауыр басып қалған болатын. Енді басындағы мұңын шағып жылап тұр, – деді. Патша:

– Ей, диуана, осы Шұбарды үйретіп берші! Қалағаныңды берейін, – деді. Диуана келісіп, Алпамыстың қару-жарағын сұратты. Патша бәрін түгендеп берді. Диуана Алпамыстың қару-жарағын, киім-кешегін алып, Шұбар атты жетектеп, орға келді. Зынданға арқан салып, бар қуатымен Алпамысты шығарып алды. Алпамыс атқа мініп, «Алла» деп есін жинады. Құдайға мінәжат қылды.

Қысылғанда қолдай көр,

Әкеме берген аруақ!

Түп қара ағашы қасында,

Ақ шеңгелдің басында

Жылы бұлақ, бір бұлақ,

Армандамын бара алмай,

Басыңа жағып жұп шырақ!

Қолдай көр бүгін балаңды,

Сіздер жарсыз, біздертақ.

Ол бөгелмей, ханның ордасын шапты. Тайшық хан Алпамысқа қарсы жүз мың әскер шығарды. Алпамыс жүз мың әскерді жайпап өте шықты. Тайшықтың жалғыз ұлын жекпе-жекте өлтірді. Аллаға жалбарынып, пірлерге сыйынды.

Қаланың аузын қан қылды,

Қақпаның аузын шаң қылды,

Айдарлысын құл қылды,

Тұлымдысын тұл қылды,

Көрген түсін Тайшықтың

өтірік емес, шын қылды.

Алпамыс өзін алдаған мыстанды сүңгіге түйреді. Сұрапыл соғыста найзасы қысқарып, таяқ болды, қылышы қысқарып, пышақ болды. Қанша күн сүргін салып, жауды тұқыртты. Қалмаққа Кейқуатты патша етіп қойды. ұлан-асыр той жасап, Қаракөзайымға үйленді.

Алпамыс бір күні түс көрді. Түсінде Алла аян берді. Елінің жаны айдауда, малы қамауда екен. Қасірет шеккен ата-анасын көріп, ұлтан құлдың зобалаңын білді. Оянған соң екі көзі жасқа шыланды. Байшұбар атты ерттеп алып, еліне қайтуды ойлады. Қаракөзайым үзеңгіге асылып:

– Шынымен де кеттің бе, батырым? Жолыңа жаным құрбан болсын. Сенімен еріп, еліңе мен де барайын. Тастамашы мені, – деп жалынды. Оған Алпамыс:

– «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген осы-ау. Мен қайрылмай кетіп бара жатқан жоқпын ғой. Айналып келер алтын қазығымның бірі өзің емес пе едің?– деп жұбатты. Жүрегі шаттыққа толған Қаракөзайым оған ақ жол тіледі. Осылайша Шұбар ат күніне тынбай шауып отырып, елдің шетіне де ілінді. Алпамыс батыр келе жатса, жолында бір шатыр тұр. Шатырға келсе, ішінде бес бек ұйықтап жатыр. Біреу мосыға шай қайнатып отыр. Біресе жылайды, біресе қалғып кетеді. Қараса, Тортай деген ағайыны екен. Бес бек Алпамыстың жылқысын бағатын бес құлы екен. Бұл бесеуін танығасын, диуана кейпінде:

– Аға, бұл кімнің жылқысы? – деп сұрады. Тортай:

– Бұл – Байбөрінің жылқысы. Бірақ ұлтан құл бәрін өзі иеленіп алды. Алпамыс деген ұлы бар еді. Арыстан туған ұлан еді. Жауда кеткен кегімді аламын деп майданға аттанған. Содан бері хабар-ошар жоқ, – деп көзіне жас алды. Бұл сөзді естіген бес бек:

– Ей, қақпас, Алпамысты бізден сұра, Алпамыс қалмақтың қолында өліп кеткен. Ел қыдырған диуана не біледі? Шайыңды қайнат! – деп ұрсып тастады. Алпамыс батыр араша түсіп:

– Бектер, бұларың қалай? Мені сыйлаңдар. Қарт адамға тиіспеңдер, – деді. Бектер оның сөзіне құлақ аспады. Алпамыс бес құлды қылышпен шауып өлтірді. өзінің Алпамыс екенін айтып, ағасымен жылап көрісті. Елдің жайын сұрағанда ағасы:

– Несін сұрайсың, шырағым? Құлдың дәурені жүрді. Әкеңе түйе бақтырып, атаң Құлтайды қойдың соңына салды. ұлың Жәдігерді жалаң аяқ, жалаң бас қозы бақтырып қойды. Гүлбаршынды әйелдікке аламын деп жүр. Тілімді алсаң, ертерек бар, – деді. Алпамыс мұны естіп, дереу аттанып кетті. Әкесі Байбөрімен, атасы Құлтаймен көрісті. Жәдігермен қауышып, мауқын басты.

Алпамыс диуана кейпінде елге келді. Гүлбаршынға өзінің Алпамыс екенін айтты. Ешкім тигізе алмай жатқан жамбыны садақпен көздеп атып, ұлтан құлға: «Бәйгемді бер!» – деп келді. Сонда ғана Алпамысты таныған ұлтан құл қаша жөнелді. Жәдігер оны қуалап жүріп, найзасымен шаншып өлтірді. Сөйтіп Алпамыс жау мен құлда кеткен кегін қайтарды. Жұртымен табысып, қуанышқа кенелді.

Тозып кеткен ел-жұртын

Тегіс жиып алады.

Тентегі мен телісін

Түзетіп, жөнге салады.

Атасы мен анасын

Боз биенің сүтіне

Шомылдырып алады.

Әкесін таққа мінгізіп,

Сыртынан өзі қарады.

Осылайша Алпамыс барлық мақсат-мұратына жетті.

 

Пікір

  • Аңыз өте керемет екен ғой.

    Бибінұр 20.11.2017 11:50 Ответить
  • Аңыз өте керемет екен ғой. Енді естіп жатырмыз. Бірақ өте ұзақ.

    Бибінұр 20.11.2017 11:52 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню