Адамға жан кіргізу қиссасы | DEGDAR

Адамға жан кіргізу қиссасы

9bd11f3cb32b88d5b8f1789205dd1e97

Ұлық Құдай рухты жаратып:

– Денеге кір! – деп әмір етті. Рух жансыз, қараңғы балшық тәннің ішіне кіруге қорқып тұрды әрі жансыз дененің иісі де жағымсыз еді. Жебірейіл барлық періштеге құйқылжытып, жеті сазбен зікір айтуды бұйырды. Адамды қоршай қаптаған қисапсыз періштелер сазды әуендермен зікір айтып бастайды. Рух саздың ырғағына ілесіп тербелгенде, бір сәтке өзін ұмытып мастық халге түседі. Сол кезде Жебірейіл оны тәнге жайғастырып үлгереді. Жан алдымен адамның башпайынан бастап кіреді. Башпайға жан кіргенде ол жыбырлапты. Жан тізеге жеткенде аяқтың жүргісі келіпті. Жаңа туған бөбектің жүргісі кеп талпынатын дегбірсіздігі осыдан қалыпты. Жан белге келгенде отырғысы келіпті, қарынға келгенде аштықты сезіпті. Жүрекке жеткенде бойын үрей билепті. Кеудеге көтерілгенде бойын мақтан кернепті. Мойынға мінгенде жан-жағына қарағысы келіпті. Ауыздан ары асқанда тіл жыбырлап сөйлеуді тілепті. Жан мұрыннан өтіп, көзге келеді. Айналасына қарап, сансыз періштелерді көріп қайран қалады. Құлағына келгенде зікір, таспих, салауаттың әуенін естиді. Жан миға жеткенде алғаш рет өзінің дене мүшесіне зер салады. Ұлық Алла періштелерге:

– Адамға пейіштен жеуге жеміс-жидек, ішуге сусынын әкеліңдер, – деп әмір етті.

Адам кесе толы пейіштің тәтті сусынын ішкенде денесінен алпыс екі тамыр пайда болып, бойына қан тарады. Осыдан бастап адам қаны қасиетке ие болады. Нақақ төгілген адам қанының сұрауының қатты болатыны содан екен. Кенет адамның мұрны қышып, қатты түшкіріп жібереді. Жан орнынан қозғалып, сыртқа шығып кете жаздайды. Қорыққаннан:

– Әлхәмділла, – деді. Сол кезде барша періште:

– Жәрекімалла, – деді. Осыдан бастап түшкірген адам «әлхамділла», ал айналасындағылар «жәрекімалла» деп айту мұсылман баласына сүндет болыпты.

Ұлық Алла жанға:

– Ал, енді денеден шық, – деп бұйырады. Жан сыртқа шыға алмай ұзақ тұрып қалады.

– Әй, жан, неге тез шықпайсың? – деп сұрады. Жан:

– Уа, Аллам, мен кеудеге кірерде жеті сазға елітіп, мас күйінде кірдім. Енді шығарда «рақым етемін» деген уәдеңді естімей шықпаймын, – деді. Ұлық Алла:

– Егер ардан аттамай, әділдікті ту етіп, жүрегіңді таза ұстасаң, ақиретте рақым етемін, – деп уәде берді. Ұлық Алланың уәдесін естіген соң ғана шыбын жан денеден оңай шықты. Осыдан бастап күллі адам ұрпағына тумақ пен өлмек тағдырдың

шын қазасы болып бекіпті. Бұл пәниде сұм нәпсіге бой алдырып, ардан аттағандар соңғы сәтте жан бере алмай қиналады екен. Бес күн жалғанда ар-ұятқа бекем болған момындар қиналмай жан тапсыратын болыпты.

Адамға жан кіріп, тұла бойына қан тараған соң барлық дене мүшесі өздерінің артықшылығын айтып мақтанады. Бас:

– Мен бәріңнен биікпін. Сәждеге менің маңдайым тиеді. Бәсім бәріңнен жоғары! – деді.

Құлақ:

– Адам ақиқатты мен арқылы естиді. Саңырау адамға үгіт айтып не керек? – деді.

Көз:

– Құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын. Мың рет естігеннен бір рет көрген артық. Қала берді, мен көңілдің айнасымын. Жеті қат көкті бір ғана қарашыққа сыйғызып тұрмын, – деді.

Бет-әлпет:

– Жұрттың бәрі бірінші бетке қарайды. Адам бір-бірін түріне қарап таниды.
Мен арқылы сұлулықты сезініп, бір-біріне ғашық болады. Адамның шырайы менмін, – деді.

Ауыз:

– Ас – адамның арқауы. Мен болмасам, адам асты қалай жейді? Тамақ та, сусын да асқазанға мен арқылы жол тартады. Ауыз болмаса, піскен астан пайда жоқ. Аш адамнан қырық күн ақыл сұрамас болар. Құрсағы бостың құлағы шыңылдап, көзі бұлдырайды. Денеде дәрмен, бойда қуат қалмайды. Сондықтан бәрің маған бас иіңдер, – деді.

Тіл:

– Өнер алды – қызыл тіл. Тілдің қадірін білмеген кімнің қадірін біледі? Піл көтермегенді тіл көтереді. Өзім – бұлбұл, сөзім – бұлақ. Тауып айтсам, көңілдегі дауасыз дерттің емін мен беремін, – деді.

Қол:

– Жомарттық менде жатыр. Адам баласы алыс-беріс тірлігін мен арқылы жасайды. Қайыр-сахауатты Құдай қолға жасырған. Амандасқан адамдар әуелі қолын созады, – деп мақтанды.

Аяқ:

– Оу, жарандар, сендерді көтеріп тұрған кім? Арындай бермей, төменге де бір рет назар салып қараңдар. Бәріңді қайырлы қадамға бастайтын мен емес пе? Қаласам, Меккеге барамын. Әр басқан қадамыма мың сауап. Мен тұрғанда сендердің сөйлеулерің бекер-ақ, – деді.

Ақыл:

– Әй, аяқ, «бас аяқтан ақыл сұрамайды» деген. Ақылға кішілік жүрмейді. Мен жүректің суатымын, ойдың қуатымын. Адаспай аспандасам, жеті қат көкті кесіп өтем. Қармаласам, қолым аршыға да жетеді, – деді. Осылайша барлық дене мүшелері, сезім қатпарлары бір-бірімен таласып жатты. Бұл айтысқа жүрек қана қатыспай, сабырмен таластың ақырын бағып тұрды. Жаббар Хаққа жүректің сабырлы күйі сүйкімді көрінді. Ұлық Алла:

– Әй, таласпаңдар. Сендер жүрек болмаса, жақсылықты алаңсыз насихаттай алмайсыңдар. Арсыз істі де жасайтын кездерің көп болады, – деді де, – Әй, бас, аптығыңды бас. Өмірде маңдайыңды сәждеге ғана емес, адасып тау мен тасқа да ұрасың. Құлақ, өсекке де құмарсың. Ғайбат айтылған жерден тұрып кете алмайсың. Ауыз, «біссіміллә» демесең, жеген асың арам болар. Адам ауруды астан да табады. Тіл, адамға келетін он бәленің тоғызы сенен болады. Бал тамған тілден у да тамады. Есіңде болсын, тілі бірді тілек қосады, тілі басқаны жүрек қосады. Көз, сұлу көрсең, сұқтанасың. Арсыздық сенен басталады. Күндіз көргенмен, түнде соқырсың. Жүректің көзі – көз. Бастағы көз – без. Аяқ, сенің баспайтын жерің жоқ. Көп жүрген аяқ боқ басады. Қол, кей кезде сұғанақсың. Ұрлық та сенімен жасалады. Есіңде болсын, ұрының қолын кесемін. Бет-әлпет, жүзі сылаңның сөзі сырдаң келеді. Сылаң қағып, сыртыңмен адамды алдайсың. Іштің қатасын түзеуге құлқың жоқ. Жара бет жазылады, қарабет жазылмайды. Ұяттан кісі өлмейді. Бірақ бетте сызаты қалады. Әй, ақыл, шын ақыл аузын жауып, ділін ашады. Жылы жүрекке жалғанса, ақыл айналасына нұр шашады. Жүрек – сенің айнымас серігің. Ол болмаса, сенен өткен тәкаппар болмайды. Біліңдер, Ет-жүрек – барлық тәннің патшасы! Сендерді Жүрек билесе, әлемде әділдік орнайды. Оған қалтықсыз бағынған кезде ғана ақиретте сұраудан аман боласыңдар. Ол – мейірім, махаббаттың ұясы. Ол бәріңнен артық! – деді.

Сосын өзге дене мүшелеріне назарын тігіп, әрқайсысының міндеттерін айта бастады:

– Көз, жаралыстан ғибрат ал. Ақылдың ойқұмар болуына септес. Кірпік пен қас, сен екеуің көзді күзет. Ауыз, арамды татпа. Адал асты таңдап же. Маңдай, саған бақты қондырамын. Оның құтты мекені сен боласың. Желке, парыз бен қарызды сен арқала. Өлгенше өтелмеген борышың қалмасын. Таңдай, шырын сөз, әдемі әуез саған ұялайды. Қызыл тіл шын сөйлеп бастағанда таңдайың тақылдап тұрсын. Арқа, ауыртпашылық саған түседі. Хақтың жолында қайыспауға серт бер. Жұдырық, сен ердің қаруы бол. Әлсізге болыс. Ақылсыз майданға кіруші болма. Бүйрек, бауырыңа болыс. Жақынды жатқа жіберме. Бауыр, іші-бауырың елжіреп, туыстардың татулығына бейім тұр. Ми, ақылға сауыт боласың. Сондықтан да сені ең қатты сүйекке әрі ең үлкен биікке жайғастырдым. Шеке, паңдық мінез сенен

болсын. Надандардың табалауына жол берме. Кеуде, тәкаппарға керіл, момынға
иіл. Шаш, адамның ажарын аш. Бет, ұяттың барын білдіріп отыр. Тіс, адамның қайраты бол. Көкірек, қазынаның кені бол. Құшақ, адал досқа ашық бол. Нұр шуа-
ғын сіңіріп, көрісуге асық бол. Тырнақ, тазалықтың айнасы бол. Кірленсең, көр азабын сенен бастаймын. Қарын, адал ризықтың орны бол. Арам астан ауру таба-
сың. Білек, дұға-тілекте шаршадым деме. Қол, сақилық сенен шығады. Бірақ оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін. Құлақ, мәнді сөзге сергек жүр. Былжыр сөзге бітеу бол. Мұрын, бөтен іске тұмсығыңды тықпа. Сенің міндетің – хош иісті тану. Бел, тұқымның тазалығын, ұрпақтың адалдығын саған тәуелді етемін. Аяқ, аңдап басу сенен. Саусақ, санауды сен үйретесің. Есеп-қисап өнері сенен басталады. Жыныс, ләззатты сен татасың. Бірақ, құмарлыққа салынба, рухтың өсуін тежейсің, – деді.

 

Рабғузи өзінің қиссаларын 14-ға-
сырда ел билеуші Тоқбұға бектің өтінішімен құрастырған. Ол заманда қисса айту дәстүрі кеңінен таралып, бұқара халық қисса тыңдауға құмар болған. Бірақ қиссалар желі бір кітапта таңбаланып, нақты бір ізге түспеген. Оның түрлі нұсқалары да көп болған. Қиссалардың әліге дейін сан түрлі нұсқада баяндалуы – соның әсері.

С.Е. Маловтың келтірген дерегі бойынша Тоқбұға Рабғузиді сарайға алдырып, оған қиссаларды жинақтап, түркі тілінде кітап етіп басып шығаруға өтініш айтады. Рабғузи Тоқбұғаға шарт қойған. «Қиссалар кітабы жалпы жұртқа арналатын болса жазамын» деп келісім берген.

Рабғузи 1310 жылы «Қиссас ул әнбияны» толық аяқтап, бір-екі айдан кейін дүниеден озған. Тоқбұға бек уәдесінде тұрып, Рабғузи қиссаларының халық арасында кең тарауына қолынан келгенше ықпал еткен.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню