Бұрынғы замандағы құн төлеу, адам емдеу салты

%d2%9b%d2%b1

Абылай ханның хан болып, дәуірі жүріп тұрғанда, құнға кесім қылдырған. Тамам талас сөздің үстінен қаратып, бітім айтқызып, билік қылдыратұғын биі- Күлік Шобалайбаласы Жаңабатыр би екен. Бұл кісінің құнға қылған кесімі- «қара» құн: жүз жылқы, он екі «жақсы»; сүйек құны- елу жылқы, алты «жақсы»; өнер құны- «тоқал құн» болады- тоғыз «жақсы». Бұл үш құн: еркекте- Көтеш ақынға алынған, ұрғашыда- Ұлбикеге алынған. Әлгі айтылған батырлардың бірде-бірі жауда өлсе, «Жеті ердің құны алынсын!»- деп, кесім қылған. Жауғаш Биғаштың Жауғашы қалмақта өліп, жеті ердің құнын алған [1]. «Жақсы» дегеннің басы «жетім»: қалы кілем, қара нар, мылтық- сондаймен «тоғыз» болады. Ұрғашының құны- еркектің бір көзінің құны- елу жылқы, алты «жақсы». Аттың құйрығын кескен ұрыға бір жылғаша билік айтпайды екен, босаға күзеттіреді екен. Босаға күзеткеннің мәнісі- сол аттың құйрығы кесілген үйден бір жылғаша кісі өлсе, ат құйрығын кескен ұрыға кісі құнын тарттырады екен. Шідер ұрлағанға- шідері қайыс болса, үш атқа үш балағын салып, үш ат үзіп кете алмаса, ұрыға үш ат айып салады екен. Аттың құйрығының құны кісі құны болды- Шідер құны- үш ат болды [2].

Біреудің малын ұры ұрлап, сойып жеп қойған болса, ол ұрының мойынына арқан салып, мал иесінің қолына береді екен. Мал иелері атқа мініп алып, тақымына салып сүйрей жөнеледі екен. Өлшеулі мерзімді жері болады екен: «Соған шейін тартылсын!»– деген [3]. Бірінен соң бірі [4]- үш кісі үш басқа тартады екен. Өлсе, өліп кетті, өлмей қалғанды: «салауат»- деп қоя бертеді екен.    Солай тартқанда, адамның мойны жарты кез ұзарып кетеді екен.

Ойнас қылғанды қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым киіз ілдіріп, ауыл айналдырып болған соң мойнынан арқан тағып, қырық қысырақтың құйрығына байлап, қоя береді екен. Сонан соң жылқы үркіп [5], быт-шыт қылып өлтіреді екен [6].

Жаудан оқ тиіп, оқ денесінде қалған тірі келгендерді жатқызып қойып, өмірінде өз байынан басқаға ойы бұрылмаған, көңілі аумаған ұрғашыны тауып алып аттанады екен. Сонда сол оқ өз-өзінен түсіп қалады екен.

Сондай жақсы замандарында бақсы деген болады екен. Бір жерде бір ауруға алып келсе, ойнайды екен неше түрлі ғаламатпен. Онан соң ол ауру жазылады екен. «Жарғыш»-деген болады екен. Ауруға алып келсе, жұртты жиып алып, көз алдында жарып, аурудың денесінен бармақтың көлеміндей нәрсе алып тастайды екен. Сонан соң сол ауру жазылады екен.

«Құяңшы» деген болады екен: бір ауруға алып келсе, аурудың тұрған жерін сұқ қолының басымен басады екен. Сонда аурудың құлындағы дауысы құраққа шығады екен. Сонымен ол ауруынан халас болып, түрегеліп кетеді екен. «Оташы» деген болады екен: бір ауруға алып келсе, пышағын жалақтатып алып, ауруды есі бүтін отырғызып қойып, ауру-дерт қай жерінде болса, сылып алып тастайды екен, сәлемет болып жазылып кетеді екен. Осының  бәрі бұрынғы заманның адамдарының қылатұғын ісі, бұл заманда жалғызы да жоқ.

Біреудің бір тоқтысы ұрланса, бір тап ел тайлы-таяғына шейін қалмай, түтелімен атқа мінеді екен. Өтірікке жүрмейді, шынға жүріседі (жүрүседі) екен. Онан соң бұлардың даулы кісісінің елі де түтелімен тайлы-таяғына шейін қалмай атқа мінеді екен. Екі жағы екі түйе бастатқан «тоғызды» заманындағы билердің босағасына алып келіп байлайды екен: «Араларынан дау шыққандығына айып!»-деп. Сонда ұры мойнына алмаса, көрген-білген ешкім жоқ болса, «жанға салады» екен: «Жан берсін, жан бермесе, ұры болсын!»– дейді екен. Сонда мал иесі ел- ішінен ұры шыққан елден бір адал, сенімді кісісін «жанға» ұстайды екен. Онда ол жанға ұсталған кісі өз руынан (ұруынан) үш сыйымды кісіге жабысады екен: «Менің алдымда поленшекендер, түгеншекендер жүрсін!- деп. — Сонда мен жанға шығамын, әйтпесе шықпаймын!»-деп. Егер де сол тоқтыдан мал иесінің «ұры»- деп жабысқан кісісі ақ болып шындығы білініп, адалдыққа айналарлық (айланарлық) болса, шын көзі жеткен соң, «ұры»- деп өлтіртуге бермейді екен. «Жанға» ұсталған кісіні тірідей арулап жуып, ақ кигізге орап, моланы үш айналдырады екен. «Алдымда пәленше жүрсін»– деген кісілері алдында солай жүреді екен. «Жанға өтулерінің» үлгі-өрнегі осылай екен.

Бұл заманда қозы жауырын, қой бұтты, қуық басты, үрген (үргерін) қарын сықалды домаланған билер «жанға салған» болады: «Мешітке кіріп, аят оқып, «жан бер!»– дейді. Ант айттыратұғын  молдаға (моллаға): «Төрттің бірі чай (пай), не жарты қадақ қант, «жан садақасы»- деп бер»,– дейді. «Тақсыр, жегеннің ішінде тұзымызда бар едің. Бұл заманда кімдікін кім беріп жатыр?!»,- деп, жүре береді. Молдекең де оның тігісін жатқызып, шариғат айтса керек: «Аққа бітім,

мұсылманды кәпірге кірілтар қылмас үшін, жан садақасын толық қылып берсеңдер, зарар жоқ. Мына бейшараны көпірге кіріптар қылмағаның жақсы!»- деп. Онда: «Үлгіде көрмес даруан жарықтық тақсыр-ай, шариғатыңыздан айналайын, алһәм-әмин, молдеке, бір қошқарға бата қылып қойыңызшы!»-десе керек.

Қазақтың бұрынғы ата-бабасының ғұрып- мәре дүмі жоғары еді, айтылған сөздер (сөзлар) бойынша еді. Дол осы күнде шариғаттан айырылып қалып: «Кәпірдің зорлығы!»-деп, низамға мойындамай, не шариғат жоқ не низам жоқ, не ата-бабаның ғұрып-мәре дүмі жоқ, харапандір, харапандір, харапшит болып кетті.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню