Ғұсыл-дәретпен жүру | DEGDAR

Ғұсыл-дәретпен жүру

%d2%93

 

Кебін екі түрлі болады: бірі – марқұм болған жанды арулап орайтын бөз мата, екіншісі – адамның ғұсыл-дәреті. Діни кітаптарда ғұсылсыз өлген адамның жаназасы шығарылмайды деп жазылған деседі.

Ертеректе Үрімжі жерінде бір бай қайтыс болады. Ел-жұрт жиналып жаназасын шығарайын десе, бай сол түні тоқалымен қоныпты. Молда:

– Марқұмның ғұсылы бар ма еді? – деп сұрайды жамағаттан. Байдың тоқалы:

– «Ғұсылды таңертең аламын» деп ерініп жатып қалып еді. Таңертең тіл тартпай кетті, – дейді жылап-сықтап отырып. Молда:

– Ғұсыл – адамның рухани кебіні. Онсыз мен жаназа шығара алмаймын, – дейді. Жұрт:

– Енді не істейміз? – дейді.

– Пәлен деген жерде түген деген молда бар. Соған барып көріңдер. Кітаптарын ақтарып отырып, бір пәтуа табар, – деп молда кетіп қалады.

Байдың ұлы түгенше молдаға барса, ол да пәтуасын таба алмайды. Келесі бір молдаға жібереді. Байдың ұлы оған да барады. Ол молда да шара таппайды. Іздеп жүріп бір молдаға барғанда, ол:

– Қашқар қаласында Әзмолда деген дін ғұламасы бар. Бір білсе, сол білер. Болмаса, шара не?! – деп шығарып салады. Байдың ұлы Әзмолдаға барады. Мән-жайды түсінген молда кітаптарын ақтарып отырып, мынадай пәтуа айтады:

– Әкеңнің ғұсыл-дәретін түгендеудің бір ғана жолы бар. Оның жаназасына өзіңнен мал шығармайсың. Ел-жұрттан жылу жинап ас бересің, – дейді. Баласы:

– Елден жылу жинап не керек? Мал өзімде де жетеді. Қанша керек болса, сонша соя аламын, – дейді.

– Жоқ. Өзіңдікі жарамайды. Елді аралап, ағайыннан жылу жинайсың. Көп мал көңілге кір салады. Тәкаппарлыққа ұрындырады. Осынша байлығың бола тұра, қайыршыдай елден жылу жинағанда, кәпір нәпсің езіліп, көңілің кірден ашылады. Алланың қалағаны – осы тазалық. Көңілдің тазалағы арқылы әкеңнің ахуалын жақсарта аласың, – депті.

Байдың ұлы еліне келген соң, арланбай халықтан жылу жинапты. Әкесінің жаназасын абыроймен атқарған екен деседі.

Қариялар осы оқиғадан соң балаларына: «Ғұсылды таңға қалдырма, қашан өлерің бір Аллаға мәлім», – деп өнеге айтып отырады екен.

Исламда ғұсылсыз қадам басқан адамды «жер қарғайды», «жерді арамдайды» деген түсінік бар. Бұл жайында Қашаған жыраудың да «Дін тірегі – ибалық» деген насихатында:

…Таң намаздан бейхабар

Күн шыққанша жатқаның.

Білдің бе шайтан үстіңе

Жылы көрпе жапқанын?!

Үстің – көрпе, астың – құс,

Ойласаң, ұйқы – жаман іс,

Ғаламат болар көрген түс.

Дәреже көріп жүрсіңдер

Шайтанның сыйлап, баққанын.

Періштелерді қуарсың,

Дүниені харам қыларсың,

Ғұсылсыз қадам басқаның, – деп айтылған.

Ғұсыл-дәреті мұсылман үшін өте маңызды болғандықтан, молдалар: «шариғат бойынша насыбай ататын адамның ғұсыл-дәреті кәміл боп саналмайды. Себебі тістің насыбай қатқан түбіне су толығымнен бармайды» деп үкім беріпті.

Пікір

  • Таямум дәрет алып, ғұсыл дәретті таңертең алса болмай ма

    Ер 09.11.2016 16:21 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню