Сүлейменнің сайтандарды матауы

%d0%ba%d0%ba%d0%ba%d0%ba

Бірде Сүлеймен пайғамбар Аллаға арыз қылып:

– Иә, Алла, он сегіз мың ғаламның билігін бердің. Енді сайтандардың билігін бер. Барлығын бұғаулап, қамап тастаймын, – деді. Алла:

– Сүлеймен, болмайды. Тіршіліктен мән кетеді, – деп жауап берді. Сүлеймен түсінбей дал болды. Аллаға:

– Билігін берші. Қамап көрейін, – деп, сұрап қоймады. Алла тілегін берді. Сүлеймен сайтандарды байлап, қамап тастады. Өз ісіне риза болып, көңілі марқаяды. Бір кезде қарны ашып, қызметшісін шақырды. Ешкім келмеді. Күзетшіге айқайлап:

– Кім бар? – деді. Жауап қатқан жан болмады. Іздеп шықса сарайда өзінен басқа жан баласы қалмапты. Әрі айқайлап, бері айқайлап сыртқа шығады. Көшеде де тірі жан жоқ. Қарны ашып, базарға барады. Барса қайнаған халық жоқ. Қымбат тауарлар егесіз жатыр. Бір кезде мешіттен азанның даусы естіледі. Жүгіріп барса, барлық адам мешітке сыймай жатыр. Жартысы сыртында отыр. Ауыздарында кәлима. Қолдарында тәспі. Сүлеймен таң қалып:

– Иә, Алла, мына адамдарға не болған? – деп сұрады. Сонда Алла:

– Сүлеймен, сен сайтандарды бұғаулап тастадың. Олар болмаған соң, жұрт маған бет қойды. Сайтанды бұғаулау менің қолымнан келмейді дейсің бе? Құлдарым сайтанмен күреспесе, олардың дәрежесін қалай анықтаймын? Адамның тіршілігі сайтанмен тіресіп, іс қылғанда мәнді болады, – депті. Сүлеймен Алладан кешірім сұрап, сайтандарды босатыпты.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню