Расулың Хадишаға үйленуі

үй

Кешке дастарқан басында отырғанда Атика әпкесі одан:

– Сауда қалай болды? Сапарың сәтті болды ма? – деп сұрады.

– Иә, тіпті мен ойлағаннан да асып түсті. Бұйымдар базар нарқынан қымбатқа өтті. Бәрі дән риза.

– Хадиша маған «сауда сәтті болса, ініңнің қалыңмалын өзім төлеймін. Таңдаған қызын айтсын» деген. Көңілің сүйген кімің бар?

– Менің көңілім сол Хадишаның өзін қалап тұр. Оның әдепті қылығы мен ибалы мінезін сүйіп қалдым. Егер ол қарсы болмаса қуана-қуана оған үйленер едім.

– Хадишаның жесірлігі болмаса, әділдігі мен әдептілігі бүкіл Араб аймағына жайылған. Сыр-сымбаты өз алдына бөлек әңгіме. Меккеде саған одан асқан саған лайықты жар табылмас.

— Меккенің мен деген сардарлары одан дәмелі. Олармен салыстырғанда менің дәулетім жоқ. Ол мені өзіне қаншалықты тең көреді?

— Ендеше мен Хадишаның тамырын басып көрейін, — деді де, әпкесі ертесіне Хадишаның үйіне қарай беттеді.

Мұхамбет кеткен соң, Хадиша үшін бұл дүниенің қызығы қалмады. Оған әлемдегі бүкіл сұлулық атаулы Мұхамбеттің тұла-бойынан тарап жатқандай көрінді. Бұрындары ықыласпен атқарған жұмысына құлықсыз болып немқұрайлы жатып қалды. Тамаққа тәбеті болмады. Таңды ұйқысыз атырды. Хадишаның ақыл-парасатымен, шешендігімен аты шыққан Нәписа есімді  туысы бартын.  Ол сыр сақтауды білетін сенімді адам еді. Ол Хадишаның дертті болғанын байқады. Сосын оның мінезіндегі өзгерістің сырын сұрады. Хадиша:

— Мен Мұхамбетті көргелі дүниені басқа қырынан танығандай болдым. Әлемнің пердесі түріліп, бақыттың қайнар бұлақтары ашылғандай болды. Мен сол үшін де оған ғашықпын, — деді.

— Оны сен ғана емес Меккенің бүкіл жұрты жақсы көреді.

— Егер Құдай бағымды ашатын болса мен оған адал жар болғым келеді. Әттең ол менен кіші. Маған көңілі ауар ма екен, — деп сырын ашты.

— Мен Мұхамбеттің тамырын басып көрейін, — деді де Нәписа Әбутәліптің үйіне қарай беттеді. Жолда оған Атикаға жолықты. Олар сәлемдесіп, жаңалық сұрасып еді әңгіме ортақ болып шықты. Мұхамбет пен Хадишаның жүрегі мен тілегінің бір жерден шығуы екеуін де қайран қалдырды.

Құдалық басталды. Сол кездің салтына сай барлық ырым-жоралғы  жасалды. Мұхамбет Хадишаны өзі барып ұзатып әкелуі тиіс. Бірақ, оның қалыңдыққа киіп баратын салтанатты шапаны болмады. Меккенің шынжыр балақ, шұбар төс бай-бағландары мына жаңалықты естіп қайран қалды. Олар «Хадишаны қара басыпты. Түйесі тұрмақ тышқақ лағы да жоқ сіңірі шыққан кедейге несіне тиеді? Онымен салыстырғанда біз кім едік?! Аспандағы ай едік. Әсілі, «әйелде ақыл болмайды» дегені рас болса керек. Ақылы болса өзінен жасы кіші жетім жігітке тиер ме еді? Ана Мұхамбетің де біз ойлағандай емес, өте қу екен. Дәулетті жесір әйелдің жүрегін жаулап алыпты. Тез баюдың тетігін тапқан боп тұр ғой, бұл сабазың» деп қызғаншақтықтан ауыздарына не келсе соны оттады.

Тойдың қарсаңында Әубәкір Сыддық дайындық жайын сұрады.

– Иә, досым,мен Хадишаны алғалы жатырмын. Енді оны абыроймен әкелуім керек, – деді.

Досының емеурінін ернінен танитын Әубәкір мәселенің мән-жайын бірден түсінді. Ескі шапанымен тойға баруға қысылып отырғанын сезді. Әубәкір шылқыған бай еді. Ол базарға барды да, шапан тігетін шеберлерге ең қымбат киімдер тіктірді. Хадишаға арнайы қымбат тарту-таралғы әзірлетті. Досының қарсылығына қарамай, оның бар сән-салтанатын артығымен толтырды.

Қыз ұзату тойында дүйім жұрт Мұхамбеттің мәрттігі мен мырзалығына таңғалды. Дұшпандары оны мұқата алмай мысы құрыды. Қайын жұртта мерейі үстем болды. Әубәкірдің өзі күйеу жолдас боп қасында жүрді.

Той үш күн, үш түнге созылды. Хадиша шын бақытты еді. Той үстінде бұрынғы көрген түсін, жалбарынған дұғаларын есіне алып, бағын ашып, бақытын толтырған бір жаратушыға сансыз шүкіршілік айтты. Көңіліндегі барлық қайғы-мұңның табы шайылып жоқ болды. Өзінің таңдауының туралығына иненің жасауындай да күмән келтірмеді. Ол нағыз ердің еріне, жігіттің сұлтанына шыққанына сенімді еді. Бақыттан басы айналып барлық қызметшілеріне азаттық берді. Мол дастарқан, ерекше сый-сыяпатпен өткен тойдың салтанаты  көпке дейін ел аузында жүрді. Қонақтар тарқаған соң, жас жұбайлар оңаша қалды. Сол кезде Ұлық Алла Жебірейіл періштеге бұйырып:

— Әй, Жебірейіл, менің хабибім бүгін үйленді. Қуанышына ортақтас. Сен ғайыптан бар да  некелерін қи. Періштелер мен ғилмандар Мұхамбетке салауат жолдасын. Неке суларына кәусардың бұлағынан су апарып білдіртпей құйып кетіңдер, — деді. Жебірейіл Ұлық Алланың бұйрығын бұлжытпай орындады.

Бұдан соң Мұхамбет пен Хадишаның саудасы да, дәулеті де, әулеті де еселеп арта берді. Шаңырағы шаттыққа толды. Олар жұма сайын жетім-жесірлер мен ғаріп-ғасірлерді тойдырып, садақа таратуды әдетке айналдырды.

Екеуі жиырма жылдан аса бақытты ғұмыр кешті. Осынша уақыттың ішінде Мұхамбет Хадишаға даусын көтеріп көрмепті. Хадишаның құрсағына құт дарыды. Мұхамбетке төрт қыз, үш ұл сыйлады. Тұңғышы Қасым болды. Соған орай, ел оны «Әбілқасым» деп атады. Бұл Қасымның әкесі дегенді білдіретін.

Онан соң, Ұрқия, Зейнеп, Гүлсім, Бәтима деген қыздары мен Әбділда, Тахир деген ұлдары дүниеге келді. Ұлдарының бәрі жастай шетінеді.

Ол кезде араб қоғамында ұлы жоқ еркектің абыройы болмайтын. Ал, қыз баласын адам санатына қоспайтын. Кейбір хас надандар әйелі қыз туса, соған қорланып сәбиін тірідей көметін. Ұлдарынан айрылған соң, Мұхамбетті дұшпандары «артында ізбасары жоқ қубас» деп кемсітетін. Кейін де, оған пайғамбарлық қонып, даңқы шыққан кезде табалаушы дұшпандарының бірі «пайғамбар болғаныңды қайтейін, артыңда атыңды ұлықтайтын ұрпақ жоқ, қубассың» деп айтып салады. Бұл сөз оның жүрегіне қанжардай қадалады.

Үйіне келгесін үнсіз отырып жылайды. Осыншама Ұлық Құдайдың өзіне бір ұлды қимағанына қамығып жатып қалады. Сол кезде Ұлық Алладан әуез келеді:

— Әй, Мұхамбет, «қубас» дегенге қорланба. Сенде ұрпақ болмайды. Сенде үмбет болады. Мен саған өмірі сарқылмайтын рухани ілімнің қайнар бұлағын нәсіп етемін. Ол бұлақтан сусындаған жанның бәрі сенің үмбетің болып саналады. Олар қиямет қайымға шейін сені дұғасынан тастамайды. Әлемнің төрткүл бұрышынан жолданатын салауаттар бір сәтке де тоқтамайды. Сені ата-анасынан да артық жақы көрмегендер кәусар бұлағынан қанып іше алмайды. Қубас деп кемсіткендердің тұқымы тұздай құриды, — деп жұбатты. Осыған орай, Құрандағы «Кәусар» сүресі түскен екен. Расымен де, Мұхамбетпен қастасқан залымдардың өзінен де, тұқымынан да ешқандай белгі қалмады.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню