Пайғамбардың жүрегін жару оқиғасы | DEGDAR

Пайғамбардың жүрегін жару оқиғасы

dokter-islam2

Құрайыштардың дәстүрі бойынша Меккеден Тайыпқа бала босанған әйелдер келіп, уақытша бөпе асырап алатын. Күнкөріс үшін оларды емізетін. Сол жылы Тайыптан тағы да әйелдер келді. Әбдімүтәліп оларға:

– Менің немеремді кім алады? – деді. Тайыптық әйелдер жетім баланы алғысы келмеді. Тек Халима есімді әйелдің ғана Мұхамбетке мейірімі ауды. Халима оны бауырына салып Тайыпқа қайтты. Бірақ, оның түйесі көтерем еді. Мұхамбетті алып жолға шыққаннан бастап аруана түлей бастады. Еңсесін көтеріп, жүрісін жылдамдатты. Жарты күнде керуеннің алдына шықты. Тайыпқа жеткенде інгеннің желіні сүтке толды. Сол күннен бастап Халиманың отбасы қымыран-шұбатқа қарық болды. Қанша сауса да сарқылмады. Ол артылған шұбатты саудаға шығарды. Тайыптың халқы бал татыған Халиманың ғана шұбатын сатып алатын әдет тапты. Мұхамбетті емізгелі отбасына береке кіріп, дәулеті артты.

Халимадан бөлек бір топ періште Мұхамбеттің қызметінде болды. Сәби жалаңаштанып қалса ғайыптан жабылатын. Денесіне зәр тисе періштелер сол заматта жуып тазартатын.

Мұхамбет бітімі бөлек бала болды. Бір айда отырды. Екі айда еңбектеді.Үш айда тұруға талпынды. Төрт айда тәй-тәй басты. Бес айда нық жүрді. Алты айда жүгірді. Жеті айда тілі шықты. Сегіз айда сөйледі. Аузынан шыққан ең бірінші сөз «біссімілдә» болды. Тоғыз айда ат жалын тартып мінді. Он айында тау-тасқа терең ақылмен назар салды. Он бір айында Аллаға зікір айтты. Бір жасында Халима анасының қолғанатына айналды. Пайғамбар үш жасқа толғанда, Құранда «әләм нәшырақ садрақ» сүресінде сипатталған айрықша оқиға болды.

Халиманың өзінен туған екі ағасы бар еді. Олар күнде өріске шығып, мал бағатын. Бір күні бала пайғамбар сүт анасына келіп:

— Мен де бұлармен бірге өріске барсам бола ма? — деді. Екі ағасы да қиыла өтініп тұрып алды. Бәрі жалынып қоймаған соң, Халима амалсыз келісті. Ересек ұлдарына:

— Мұхамбетті көзден таса қылмаңдар. Байқап ойнаңдар, — деп ескертті. Өріске шыққан соң балалар мал жайып жіберіп, ойын ойнап жүрді. Кенет  аппақ киінген екі адам көктен түсті. Бірінің қолында ақ күмістен құманы бар, бірінде зүбәржаттан легені бар еді. Олар ауызы ашылып қарап тұрған Мұхамбетті ұстап алды. Оны шалқасынан жатқызды да кеудесін ауыртпай жарды.Жұдырықтай жүрегін білдірмей суырып алды. Жүрек дүрсілдеп соғып тұрды. Тірі жүректі легендегі мөлдір сумен жуды. Сыртын шайып болған соң жүректі жарды да, ішінен түймедей қара қанды алды. Су құйып тұрған қасындағы серігіне қарап, «мынау ғой сайтанның үлесі»деп сылып алып тастады. Сосын жүректің барлық қабат-қуысын айрықша ықыласпен шайып тазартты. Олар:

— Әй, Мұхамбет. Бұл – шайтанның уәсуәстары. Біз оны алып тастадық. Енді малғұн саған ешқашан зиян келтіре алмайды, — деді де, саф жүректі  орнына қайта салды. Кеудесін тігіп, көйлегін кигізді. Сосын заттарын жинады да көзден ғайып болды.

Мына сұмдықты көріп тұрған ағалары үйіне қарай қаша жөнелді. Келе салаанасына:

— Мұхамбет өліп қалды, — деді дірілдеп. Анасы шошып кетіп:

— Өлгені қалай? Кім өлтірді?

— Біз танымайтын бөтен кісілер келді де, жүрегін жұлып алды.

— Ол қазір қайда? – деп Халима жанұшыра шыңғырып жіберді. Бәрі өріске қарай сүріне-қабына жүгіре жөнелді. Келсе Мұхамбет түрі бозарып жалғыз отыр. Халима келе сала баланың көйлегін көтеріп, кеудесін тексерді. Жүрек тұсында расымен де жаңа түскен тыртықтың ізі бар.

— Саған не болды? Еш жерің ауырмай ма? – деді шешесі.

— Жоқ. Еш жерім ауырмайды.

— Жүрегіңе не болды?

— Бір кісілер келді де, жүрегімді мөлдір сумен жуып берді. Бойым жеңілдеп, көңілім шаттанып тұр. Бірақ, қорқып кеттім, — деді.  Халима баланың амандығына шүкір етті. Ол ғайыптың ісін түсінбейтін әйел еді. «Баланы аман-сауында өз анасына тапсырып, міндетімнен құтылайын» деп ойлады.

 

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню