Нұрдың Әбдімүтәліпке көшуі

әб

Арада 25 ата өткенде Мұхамбеттің нұры Әбдімүттәліпке келіп дарыды. Алланың назарына ілігіп, Нұрды тасыған барлық адам ақылды да дана тұлғалар болды. Оның он бір ұлы болды. Олардың бірінің есімі Әбділдә еді. Нұр Әбділдаға ауысты. Әбдімүттәліп пұт-парасқа шоқынбайтын. Адал сауда жасайтын. Рахмани түсті  жиі көретін.  Алла оған аян жолдап, суалып қалған зәм-зәм бұлағының көзін аштырды. Ол осылайша Меккедегі беделді кісілердің біріне айналды.

Ол бір күні қалғып кетіп, бір ғажап түс көреді. «Бұл не түс болды екен» деп оны жору үшін сәуегейге барады.

— Ей, сәуегей. Мен ғажайып бір түс көрдім, түсімде ғажап іс көрдім. Түсімде беліме байланған алтын шынжыр төрт тарапқа қарай созылып, тартыла бастады. Ол шынжырға таңғалып қарап тұр едім, алтын шынжыр ерекше сұлу бәйтерекке айналды. Қисапсыз бұтағынан өңімде көрмеген жұпар иісті жемістер өсіп шықты. Әрбір жемістен жарқыраған әппақ сәуле төгіліп, айналаны жарыққа толтырды. Оның жарығының қасында көктегі күннің өзі көмескі тартты. Бәйтеректен тараған нұр сәт сайын ұлғайып, алыс тараптарды да шарпи жөнелді. Аспан астындағы күллі мақұлықат түгел бас иіп, оған тағзым етті. Кенет бір топ адам келді де ол ағаштың бұтақтарына жармаса бастады. Және бір топ адам келді де бәйтеректің діңгегін шапқысы келді. Осы кезде көркем жүзді бір кісі ғайыптан пайда болып, ағашты шапқысы келген тобырға кедергі келтірді. Мен көркем пішінді кісіден: «Бұл нұрдан мен де алсам бола ма» деп сұрадым. Ол: «Кім ар мен иманға бекем болып,  әділеттен таймаса, нұрдың берекеті оған нәсіп болады» деді. Бір кезде ғайыптан тағы да екі адам пайда бола кетті. Олар менімен амандасты. Мен олардан: «Сіздер, кімсіздер» деп сұрадым. Олардың бірі: «Менің есімім — Нұх»,  екіншісі: «Менің атым – Ыбырайым Халилолла» деді. Сосын олар маған: «Ей, Әбдімүтәліп, бұл ағаш – шарапатты нұрдың шынары. Ол нұр сенің ата-бабаларыңнан ұрпақтан-ұрпаққа өте келіп, саған жетті. Енді, ақырдың пайғамбары, асыл нұрдың иесі дүниеге келеді. Әрі қарай бұл нұрдың шарапаты  оның діні мен ілімінің аясында жалғасады» деді. Сосын мен оянып кеттім. Түсімді жорыту үшін саған келдім» деді. Сонда сәуегей:

— Бұл көрген түсің  рахмани болса,  сенің ұрпағыңнан пайғамбар шыққалы тұр. Ол барша адамзатқа ортақ  пайғамбар болады. Оның діні мен ілімі  қияметке дейін жойылмайды. Нұхтың ишарасы былай. Хақ пайғамбардың іліміне қысастық қылғандар  Нұхтың қауымы сияқты опат болады.  Ыбырайымды көргенің – оның үмбеті Ыбырайым Халилолланың қауымында болып, оның шарапатынан бұ дүниенің де, ақиреттің де игілігіне ие болады. Жеміске қол созғандар  – иман іздеген  момындар. Бұтақты шаппақ болғандар -безбүйрек залымдар. Ал дарақты қорып жүргендер – жүрек көзі ашылған нағыз ілім иелері. Олар қияметке дейін Хақтың ілімін  залымдардан қорғап, қисайғанды түзеумен әуре болады.

Мына хабардан соң Әбдімүтәліптің жүрегі шаттыққа толды. Ол:

— Егер бұл түс рас болса, он бір ұлымның бірін Алла жолына құрбандыққа шаламын, — деп қуаныштан айтып жіберді. Сәуегей:

— «Айтылған сөз — атылған оқ! Қайта айналып адырнаға салынбас» деген. Құрбандыққа ұлдарыңның бірін даярла. Түсің – рахмани, — деді.Әбмүтәліп сасып қалды. Бірақ, қай ұлын құрбандыққа шаларын білмей дал болды. Үйіне келіп, балаларына болған жайды баяндады.  Ұлдары:

— Әке, сен өзің не деп ұйғарсаң, біз сол шешімге ризамыз. Тіпті Алла жолында бәрімізді құрбандыққа шалсаң да, қарсы емеспіз, — деді. Әбдімүтәліп балаларының жанқиярлығын көріп, көңілі босады. Он бір ұлын ертіп, Қағбаға келді де  жеребе тастады. Шек Абдуллаға түсті. Әбдімүтәліп оны ерекше жақсы көретін. Бірақ Аллаға ант беріп, нәзір атағандықтан, сертін орындауды жөн санады. Баласын құрбандыққа шалуға бел буды. Бұл хабарды естіген Абдулланың шешесі қарсы болды. Басқа ақсақалдар да мұны ести сала сол заматта жетіп келді. Олар да құрбандыққа қарсы болып, табандап тұрып алды.

— Әй, Әбдімүтәліп. Сен жаман әдет бастама. Егер ұлыңды құрбандыққа шалатын болсаң, бұл дәстүрге айналып кетуі мүмкін. Райыңнан қайт. Одан да басқа жолын табуғы тырыс, — деді.

Сол дәуірде Хижаз өлкесінде Шажам деген данышпан бар еді. Әбдімүтәліп содан ақыл сұрады. Ол:

— Сендерде бір адамның құны қанша? – деді. Әбдімүтәліп:

— Бір адамның құны – он түйе, — деді.

— Олай болса, он түйені бір жаққа, Әбділданы екінші жаққа қойып, жеребе таста. Жеребе түйелер жаққа түссе, құрбандыққа малды шал. Егер Әбділдаға түссе, онда тағы он түйені ортаға қойып, тағы жеребе таста.  Жеребе түйелерге түскенше тоқтатпа, — деді. Әбдімүтәліп солай істеді. Түйе саны жүзге жеткенде  жеребе түйелер ақысына түсті. Осылайша Әбділданың құны  жүз түйеге теңелді. Әбділда құрбандықтан аман қалады. Кейін пайғамбарымыз өзі туралы:

— Мен екі бірдей құрбандыққа шалына жаздаған адамның перзентімін. Оның бірі – Смағұл болса, бірі – Әбділда еді, — дейтін.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню