Нұрдың Ыбырайым пайғамбарға көшуі

ыбырайым

Бір күні ұлық Алла Жебірейіл періштеге:

– Досым Мұхамбеттің дүниеге келетін уақыты жақындап келеді. Бүгін таңсәріде ұйықтамай отырған момын пендемнің үстіне Мұхамбеттің нұрын шаш, – деді. Жебірейіл ұйықтамай отырған тақуаны таба алмады.

– Тек бір дінсіз адам пұт жонып отыр, – деді. Алла оны жерге қайта жіберді. Бұл жолы да таба алмай нәтижесіз оралды.

– Дүниені шарладым. Әлгі дінсізден басқа ояу отырған бір адамды көрмедім. Бәрі ұйқыда, – деді.

– Олай болса, соның үстіне шаш, – деді. Пұт жонып ояу отырған Ыбырайымның әкесі Азар еді. Азардан Ыбырайым пайғамбар туады. Ыбырайым есімі – «Рахымның атасы» дегенді білдіреді. Ал «Рахым» кім дегенге келсек – ол Мұхамбет пайғамбар. Хазреті Ыбырайым Мұхамбет пайғамбардың жиырма бесінші атасы болып келеді. Ыбырайымға қонған соң Нұр тағы да ерекше сипатпен нышан берді. Адамдар оның жүзіне тура қарай алмайтын. Себебі, іштегі нұрдың сәулесі оның екі бетінен шуақ болып төгілетін.

 

Ыбырайым пайғамбар Намрұт патшаның уәзірі Хазардың қызына үйленеді. Оның Бибісара атты қызы болады. Бибісара көпке дейін құрсақ көтермей жүреді. Жасы тоқсанға келгенде Бибісара балалы болудан үміті үзіліп, үйінде жүрген Бибіажар атты қызметшісін Ыбырайымға екінші әйел етіп алып береді. Ажар көп ұзамай жүкті болады. Бұл оқиға Бибісара анамыздың көңіліне келеді. Сол күні ол түс көреді. Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Ағаш тез өсіп, бәйтерекке айналып, бұтақтары аспан астын жауып қалады. Ояна салысымен көрген түсін Ыбырайымға жорытады. Ыбырайым:

– Ұзамай ұлды боласың. Ысырайыл қаумының күллі пайғамбары сенен тарайды, – деді. Сара анамыз мына жаңалықты естігенде қуаныштан көзінің жасын тия алмады. Бірақ, бұл хабар Ажар анамыздың көңіліне дық салды. Ол өзін күйеуінің алдында қор сезініп, бір уыс боп жатып қалды. Ыбырайымның отбасының берекесі кетті. Осы кезде Жебірейіл періште келіп:

– Ей, Ажар, басыңды көтер. Раббыңның саған сақтаған сиы бар. Сүйінші!!! Екі жаһанның жан-нұры, бүтін пайғамбардың тәжі, екі дүниенің сардары, он сегіз мың ғаламның рахметі, Алланың хабибісі  әзіреті Мұхамбет пайғамбардың Нұры сенің жатырыңда жатқан бөбектің денесіне  ауысады. Ұлық Алланың бұдан асқан нығметі болмайды,-деп сүйінші сұрады. Бибіажар анамыз мына сөзді естігенде өз құлағына өзі сенбей есеңгіреп отырып қалды. Екі көзінен  парлап аққан жас күні бойына тоқтамады. Көп кешікпей дүниеге Смағұл есімді ұл келді. Нұр Самғұлдың екі қасының ортасына  барып жайғасты. Ыбырайым Нұрдың ұлына қонғанын көрген соң оған былай деп өсиет айтты:

– Әй, ұлым, барша аталарымыздың бізге қалдырған өнегелі өрнегі бар.  Мұхамбеттің шарапатты нұрын аялап ұста. Тек әдепті әйелмен ғана отау құр. Себебі, әдепсіз әйелден Нұр қашады. Ұлық Алла Мұхамбеттің нұрына сені лайықты деп тауыпты. Енді бұл бақытың баянды болғай!-деді. Баласы:

– Әке, бір сұрағым бар. Мұхамбеттің  сенен қандай артықшылығы бар? – деді. Ыбырайым:

– Әй, ұлым. Менің көкірегімде бір арман бар. Мен түсімде жәннатты көрдім. Оның көлемі жер мен көктің ауқымындай екен. Мен Жебірейілден «Бұл кімге арналған орын?» деп сұрадым. Ол «Сенің әулетіңнен шыққан Мұхамбет Мұстафа мен оның үмбетіне арналған орын» деп жауап берді. Мен ол жұмақтың бау-бақшасындағы жемістерге назар салдым. Барлық ағаштың діңгегіне «Лә иләһә иллалла» деп жазылған екен. Бұтағында «Мұхамбет Расул Алла» деген жазуды көрдім. Ал ағаштың жемістерінде әртүрлі салауаттар жазылған екен. Мен Жебірейілден: «Мұхамбеттің үмбетінің қандай артықшылығы бар?» деп сұрадым. Ол: «Оның үмбеттері барлық үмбеттерден қайырлы. Бейішке бұлардан бұрын ешкім кірмейді. Ақырет күнінде барлық адам баласы қорқыныш пен қатерде тұрған кезде, оның үмбетінің көңілінде ешқандай қауіп болмайды. Ғарасат майданында барлық пайғамбардың үмбеті лыпасыз тіріледі. Оларды періштелер мақшарға жаяу айдайды. Ал Мұхамбет үмбеттері жібектен тон киіп, салтанатқа бөленеді. Жұмақтың арғымақ аттарын тақымына басады. Қолдарына «Лә иләһә иллалла» деген жазуы бар байрақтар ұстайды» деді. Пайғамбардың нұрлы жүзін көру, оның үмбетінің бірі болу маған арман болды. Сондықтан сен аманатқа қиянат қылма, – деді.

– Әке, өсиетіңді ұқтым. Кеңесіңді кеудеме тоқыдым, – деді.

Пікір

  • Тамсанып отырып оқитын дүние екен!

    Аян 04.07.2016 14:35 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню