Ұрпақтар сабақтастығының бірегей үлгісі | DEGDAR

Ұрпақтар сабақтастығының бірегей үлгісі

15

Көшпелі өмір – бүкіл ата-бабаларымыздың, қазіргі қазақ халқының түп негізінің дәстүрлі мәдениеті, ділі мен дүниетанымы, табиғатпен етене тұрмыс-салты. Кейбір еуропалық ғалымдар көшпелілер өркениетін назардан тыс қалдырғанмен де, бүгінгі күні бұл мәдениет өзінің тың болмысымен, терең әрі ғажайып мазмұн-мәнімен үлкен қызығушылық туғызуда. Бұған жекелеген ізденістердің қосатын үлесі зор. Әсіресе, қазіргі тұста тарихи-мәдени тамырына үңіліп, ата салтын қайта жаңғырту үрдістері ерекше сипат алды және бұл қоғамның өз сұранысынан туған талпыныс болуымен де ерекше құнды болмақ. Оның ішінде Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдері, атап айтқанда, түрлі үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қолға алынған  бастамалар осы үрдіске жаңаша сипат беруде. Соның бірі әрі бірегейі деуге лайық жоба — «Этнографиялық «Ұлы дала көшпенділері» ордасы».  Бұл жобаның бастамашысы – «Көшпенділер атамұрасы» Халықаралық қоры және оның басшысы Батыржан Сейдомар екенін атап айтқан жөн.  Ол осы уақытқа дейін көптеген рухани-мәдени, тарихи іс-шаралардың ұйытқысы болып, ата-бабаларының мұрасын тынбай насихаттаушы болып келеді.

1Биылғы Этнографиялық лагерь 10-12 маусым аралығында Іле өзенінің жағалауында, «Көшпелілер» декорациясы маңайында өтті. Арнайы бағдарлама аясында ордаға қатысушылар біздің бабаларымыз – Ұлы дала көшпенділерінің өмірін өз бастарынан кешіп, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен, рет-ретімен…

Бірінші күні таң ертеңмен Алматы қаласынан шыққан сапар мүшелері Қапшағай қаласын басып өтіп, Жетісудің бір суы – Іле өзенінің жағасына ат басын тіреді. Мұнда келгенде бірден көзге түскені – толқындары жыбырлай, баяу толқи аққан Іле өзені болды. Бастауын сонау Қытайдан, Орталық Тянь-Шань тауларынан алатын ұлы өзен Текес, Күнес және Қас өзендерінің қосылуынан пайда болған және ол өзіміздің Балқаш көліне құяды (ұзындығы 1001 км). Іле балыққа бай өзен. Маусым басталысымен жағада қармақ салып, балық аулап отырғандар жеткілікті.

2

3Келе салып, айналасына зер салған көшпелілердің бүгінгі ұрпақтары ата-бабаларының тұрмыс-тіршілігіне ден қояға кірісіп кетті. Алдымен, кезекті «Номад» каскадерлер тобы алды. Әрқайсысы жігіттің төресі дерлік топ мүшелері ат құлағында ойнап, таңғажайып трюктерін көрсетті. Атақты каскадер Жайдарбек Күнғожинов бастаған жігіттер шауып келе жатқан аттың сауырын айнала түсіп-шығып, өздерінің нағыз жүрек жұтқан батыр екендіктерімен таң-тамаша қалдырды. Шабандоздар жарысы қазақтың «Аударыспақ» ойынымен жалғасты. Шоу соңында орда қонақтары ержүрек жігіттердің тұлпарына мініп, серуендеуге мүмкіндік алды. Жалпы, жылқы малының көшпелілер үшін өмір сүру динамикасындағы рөлі өте зор. «Қазақ –жылқы мінездес» деп тегін айтылмаған, бүгінгі қазақ та атқа мінсе, рухы биіктеп, өзін батыр бабаларымен теңдес сезіне кететіні сол рухтың көрініс болса керек.

4

Этнографиялық лагерь бағдарламасының келесі шарасы – киізден түрлі бұйымдар жасайтын Анар Нарботанованың шеберлік сыныбының еншісіне тиді. Анар апай жүннен жасалған түрлі бұйымдарын көрсетіп, оны жасау технологиясымен таныстырды. Тілек білдірушілер жүннен өз қолдарымен қалаған бұйымын жасап, осы өнердің әдіс-тәсіліне қанықты. Көздің жауын алатын түрлі-түсті орамалдар, қалташа, қолсөмкелер және тағы басқа заттар қазақтың төл ою-өрнектерімен безендіріліп, заманауи түрде жасанған.  Жүнді өз қолыңмен ұстап, жаңа дүние туғызу сонау бағзыдағы апа-әжелерімізді еске салып, бір сәт дәстүрлі қол өнерінің рухына бойлау, қолдан жасалған табиғи  бұйым арқылы ұлттық салт-сананы тұла бойымен сезіну әсерін сыйлады.

5

Қазақ мәдениетінің іргелі саласы – зергерлік өнер. Асыл және түсті металдарды өңдеп, әшекейлеудің қас шеберлері қазақ арасында қай кезде де үзілген емес. Соның арқасында қасиетті өнеріміз бүгінгі күнге келіп жеткені аян. Ата-баба мұрасын лайықты насихаттап, өзінің кәсібіне айналдырған азаматтың бірі – Ғалымжан Бекдайыр темірден түйін түйетін шебер екен. Ол өзінің шойын төс пен болат балғасын қолына алып, шеберлік сыныбын көрсетті.

                     Шойын төс пен болат балға арасы,

                     Соқпақтары сан түмен –

                      Бұрылысы мың түмен –

                      Ғасырлық жол шамасы…

                     Осы жолдан адастырма, тәңірім! –

деп, ақындар жырлағандай, ата-бабадан қалған мұраны ұлықтап, әспеттеп жүрген Ғалымжан іспетті жігіттер ұста әкелерінің үлгісін жоғалтпай ұстап жүр. Зергер шеберлік сыныбы кезінде көз алдымызда темірден әсем білезік жасап шықты. Өзімен бірге ала келген күмістен жасалған әшекей бұйымдары қыз-келіншектерді тамсантты. Күмістен соғылып, ұлттық ою-өрнек үйлесіммен қондырылған, асыл тастар орнатылған бұл бұйымдар әсемдіктің, сұлулыққа іңкәрліктің үлгісіндей ерекше көз тартады.

6 7

Айтпақшы, көшпелілер ұрпақтары өздерінің ата-бабаларына тән аспен тамақтанды. Ұлттық сусындар – шұбат, айран, қымыз ішіп, ірімшік, жент, сары май, ет, қуырдақ және басқа таңсық тағамдар ас мәзірін құрады. Бұл да болса көшпелілер тұрмысына барынша тереңірек бойлаудың бір әдісі іспетті әсер қалдырды. Әрине, ұлттық тағамның дәмі тіл үйіретіні баршаға мәлім. «Ас  – адамның арқауы» дегендей,  оған аспаздардың шеберлігі қосылып, орда мүшелерінің ризашылығын туғызғаны анық.

Екінші күнгі түске дейінгі уақыт «Көшпелілер» фильмі түсірілген арнайы декорацияны тамашалауға арналды. Ұлттық киім киген ордалықтар декорация аясында ежелгі қазақтардың өзіндей, болмаса көзіндей көрініп, ежелгі кесенемен біте қайнасып, сол дәуірді көзге елестеткендей болды.

8

9

10

11

Ұлы Дала – еуразиялық номадизмнің эпицентрі. Ұлы Дала кеңістігі көшпелі өркениеттің бесігі, дала данышпандығының қайнары, табиғатпен үйлесімде өмір сүрудің бірегей үлгісі. Осы ұланғайыр аймақтың мұрагері болып қалған қазақтар – сол көшпелі ата-бабасының үздік қасиеттерін бүгінгі күнге дейін сақтап келген бірден бір халық.  Сондықтан да қазақтардың өмір сүру тәртібі, тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігі уақыт пен кеңістікте өмір сүрудің үздік үлгісі ретінде қабылданады. Қазіргі қазақтар отырықшылыққа ауысқалы жүз жылға тақаса да, халқымыздың психологиясында туған жерін өмірінің мәні мен мағынасы деп санау, рухани өзегімен бірге қарастыру сақталып қалғаны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

       Тіршіліктің мәні – уақыт пен кеңістікте үйлесім табу, табиғаттың тылсым сырын игеру деп білген көшпелілер мәдениетіндегі тағы бір бірегей құбылыс – бақсылық. Тылсым әлеммен байланыс жасай алатын, көріпкелдік, емшілік, тәуіптік, сәуегейлік қасиеттерге ие бақсылар қай кезде де адамдарды табиғаттың құдыретті күштеріне бас игізіп, баурап алған. Бақсылық кез келген адамға қона бермейді, ол үшін де табиғи бейімділік, дарын керек.

Көшпелілер ордасындағы екінші күн, дәлірек айтқанда, екінші түн осы тылсым өнерге арналды. Қазақта бақсының пірі – қобызшы Қорқыт ата, ең атақты бақсы Қойлыбай болса, бүгінгі күнгі бақсылар бұл ғұрыптың ежелгі сарындарын тірілтуге үлес қосып жүрген жандар. Жалпы, бақсылық  — синкретті өнер, онда саз да, құпия күштер де, сөз де, киім киісі де, құрал-саймандар да өзіндік рөл атқарады.  Оны осы түнгі шамандық ғұрып тағы бір рет көрсетіп берді.

Сонымен, іңір қараңғысы орнай сала, сытырлай жанған от алауын айнала отырған ордалықтар  бүгінгі заманның бақсысы – Әсемайдың шамандық ғұрыпты орындау сәтіне куә болды. Әсемай бақсылыққа тән салт-жора бойынша, бабына келу үшін алдын ала тиісті дайындық жасады. Оның ішінде отқа, жерге, айға табыну және басқа тәсілдерін қолданып, бақсылық сарынын айтуға кірісті. Бөрі терісін жамылу, даңғыра қағу, асатаяқты қолдану  – бақсының тылсым әлеммен байланыс жасауына көмектесетін әдіс-тәсілдері іспетті. Тіпті бөрі сияқты ұлудың өзі ежелгі көк түріктің бүгінге жеткен сарынындай.  От иесі болса, алаудың сөнбей, бір қалыпты жанып тұруын бақылады. Осылайша, Әсемай даңғырасын қаға жүріп, бақсылықтың «тазару» рәсімін жасады. Рәсімге қатысушылар да салт-жораны демін ішіне тарта тамашалап, бұрынғы ата-бабаларымызша рухани тазару шарасын бастан кешкендей күйде болды.

12Осылайша, «Көшпелілер ордасындағы» үш күндік іс-шаралар да мәресіне жетті. Бір сәт өз өркениетінің өрінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігімен тыныстап, өзімізді көшпелі рухтың бір кішкентай бөлшегі сезінгендей әсер алдық. Әлбетте, әр халық өзінің тарихи мұрасын насихаттап, өз игілігіне жаратуы құптарлық әрі қажетті дүние. Мұның бәрі бізді жан тазалығы мен мейірімге, ата-бабамызға деген терең құрмет сезіміне, парасаттылыққа, сабырлылық пен төзімділікке (көнбістікке емес), толыққанды тұлғалыққа баулиды, соған үндейді. Әлемнің ешбір халқына ұқсамайтын тарихы мен мәдениеті бар қазақ халқы да жаңа ғасырда өзінің төл бет-бейнесін жоғалтпай, даралығымен, табиғи таза қалпымен басқаларға таныла беруі құптарлық іс. Бұл бүгінгі дүбәра, тұтынушылық мәдениет жаулаған қоғамды тазартудың бір игі шарасы десек артық айтқандық емес.  Этнографиялық лагерьдің ұраны да осы болатын – «Осы шақта өмір сүр, болашақ жайлы ойлан, өткенді ұмытпа!».

Жобаның ақпараттық серіктесі – «Ел-Шежіре» қоғамдық қоры

 Материалдағы фотосуреттер Тинкай Кретова мен Салтанат Сарыбаеваның альбомынан алынды.

Дина Имамбаева

«Ел-шежіре» қоры

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню