Қораға дәрет сындырма

қора

Қазақта төрт түліктің құты, киесі болады деген ырым бар. Мәселен, қойдың құты әрі пірі Шопан ата, сиырдікі Зеңгі баба, жылқынікі Қамбар ата, түйенің пірі Ойсыл қара деп санайды. Олар малдың өсіп-өнуі үшін дұға етіп, қорғап жүреді деп сенеді. Ал мал жайылымы мен қора-қопсыны төрт түліктің құтты орны дейді. Осыған қатысты ел аузында мынадай аңыз бар.

Ертеде бір бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Мал басын көбейту үшін түнде ұйқы көрмейді екен. Ниеті мен еңбегіне қарай малы өне түседі. Бірақ малдың қадірін иесі білгенмен, оның есерсоқ ұлы білмепті.

Бірде баласы түзге шыққанда алысқа баруға ерініп, қораның жанына дәрет сындырады. Содан бастап байдың малы кеміп, азая бастайды. Тірлігінде береке болмай, малы жұтқа ұшырайды. Байдың отбасы шілдің тезегіндей шашырап, есерсоқ ұлы да аштан өліпті.

Осы оқиғаны көзбен көрген ақсақалдар ұрпағына «қораның ішіне дәрет сындырма» деп тыйым қалдырыпты. Қораға дәрет сындырсаң, береке көшіп, құт шамданады. Нәжіске жын-пері үйіріліп, киені қуады екен. Діни кітаптарда «дәретке шыққанда үйден жеті қадам аттап барып шығу керек» делінеді. Себебі, құт та жұт секілді жеті ағайынды болады. Сондықтан үйде береке болсын десең, жеті қадам аттап барып, алысқа дәрет сындыру қажет.

 

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню