Нұрдың Шиш пайғамбарға көшуі

нұр

Кейін Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылып жерге түскен кезде де, екеуі екі жақта жүріп жылаудан көз жастары құрғамады. Тілдері Құдайдан кешірім тілеуден босамады. Адам ата қайғыдан басын көтере алмады. Бір күні Алладан:

– Әй, Адам, көтер басыңды! – деген әуез келді. Адам жоғары қарап еді, бір заманда өзі мекендеген пейіштің маңдайшасынан «Лә иләһа илла Алла, Мұхамбет расул Алла» деген жазуды көрді.

Сол кезде Адамның Хауа ананы алған кезде, Мұхамбетке он рет салауат айтқаны есіне түсіп, егіліп жылады.

– Иә, Алла, мені ақырдың пайғамбары Мұхамбеттің құрметіне күнәмді кеш, – деді.

Алла тағала:

– Кештім. Мұхамбеттің шарапатынан бүкіл ұрпағыңның күнәсін кешіріп, пейішке қайта кіргіземін. Дидарымды көрсетемін. Шарты – ұрпағың хақтың жолына бекем болсын, Мұхамбетке салауатты көп айтсын, – деді.

Осыдан бастап егер пенде күнә жасаса, қашан ол Мұхамбетке салауат айтпайынша, оның күнәсі мағрифат етілмейтін болды.

Адам ата дүниеден өтерінде Шишті шақырып Алланың осы сөзін ұлына өсиет етті. Ол:

– Әй, Шиш, бұл өсиетті жадыңа тоқып, ұрпағыма жеткіз. Бұл жаһанға жан беріп, тіршілікке мән мағына беріп тұрған бір ғана Мұхамбеттің рухы. Барша ғалам тағдыры соның рухына ғана байланған. Бұл дүниені ақырға дейін рахметпен ұстап тұрудың жалғыз ғана жолы бар. Ол жол – Мұхамбеттің әділдік жолына адал болып қалу. Сондықтан да, оның  нұрын көздің қарашығындай сақта! – деді. Сосын ұлына жұмақта көрген өзінің естеліктерін айта бастады:

— Мен жұмақты аралап жүріп, Мұхамбеттің есімі жазылмаған бірде-бір зат көрмедім. Оның аты  әрбір ғимаратта, әрбір бөлмеде, әрбір жемісте, әрбір гүлде жазылып тұрды. Тіпті Аршы менен Күрсіде, Лаух пен Қаламда да оның құрметті есімі жазылған, — деді. Шиш:

— Әке, сен екеуіңнің қайсысың артықсыңдар? Сен абзалсың ба, ол абзал ма? – деп сұрады. Адам оның сұрағына жауап бермей, үнсіз қалды. Шиш әлгі сауалын үш рет қойды. Сол кезде барып Адам:

— Әй, Шиш. Маған Алла тағала былай деді. «Әлемдегі барлық нәрсені сен үшін жараттым. Бірақ сенің өзің  Мұхамбеттің құрметіне жаратылдың. Егер Мұхамбет болмағанда, сен де топырақтан  адамға айналып, Алланың халифасы деген ұлық мәртебеге жетпес едің». Ертең қияметте барлық пайғамбарлар алдыңғы сапта үмбетімен бірге тұрады. Мен сол кезде  Мұхамбеттен екі саты кейін тұрамын.

— Әке, неге екінші болып сіз тұрмайсыз?

— Себебі, екінші сапта оның зайыбы Хадиша тұрады.

— Оның зайыбының да дәрежесі сенен ұлық па?

— Ия,  Хадиша шайтанның азғыруына ешқашан ермеген. Керісінше, ол шайтанмен күресте еріне сүйеу болған.  Ал менің зайыбым  шайтанның азғыруын дер кезінде ақылымен айыра алмады. Оның тіліне еріп, мені де қара басты. Алланың тиым салған бидай ағашын жеп қойдық.  Екіншіден, өзің да жақсы білесің, адамның жүрегінде бір сайтан және бір періште болады. Мұхамбеттің жүрегінде қос періште қатар отырды. Яғни, оның сайтаны одан жеңілді. Иман келтіріп, мұсылман болды. Мұхамбетке серік болып, періштенің қызметін атқарды. Ал менің сайтаным өле өлгенше менімен қастасып өтті, — деді.

 

Жұмақта жүргенде бір әсем дауыс еститінмін. Сосын Алладан:

— Иә, Тәңірім, бұл қандай дауыс? – деп сұрадым.

— Бұл Мұхамбет нұрының зікірінің дауысы. Мен ол нұрдың дауысын естігенде барша денем балқып, бір ләззатты күй кешетінмін. Сол нұрға барғым келді. Барайын десем, бес жүз жылдық қашықтықта екен. Жете алмадым. Жұмақтан қуылған соң, өзекті өртеген өкініштің бірі сол дауысты естімейтіндігім болды. Жұмақта жүргенімде, нұрдың миск сияқты жұпар иісі сезетінмін. Ол жаныңды рахатқа бөлейтін. Барша періштелер оны құмарлана жұтатын. Жерге түскен соң, сол нұрдың иісін сағынып, қырық жыл ұйықтамадым. Өкініштен запыран жұттым. Көңілден кетпеген арманның бірі осы! — деді.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню