Түркінің пірі – Ясауи

Ahmed_Yasayi_m

Қазақ халқында бағзы заманнан Қожа Ахмет Ясауиге деген айрықша құрмет қалыптасқан. Ол жайында аңыз-әпсаналар, толғаулар мен дастандар кеңінен таралған. Қазақтың ұлттық тәрбиесінің бастауы Қожа Ахмет Ясауидің даналық ілімінде жатыр.

Екі өркениет қақтығысының бейбіт жолмен жүзеге асуы тарихта өте сирек кездесетін құбылыс. Ясауи заманында Ислам өркениеті жаңадан келіп жатқан кезең еді. Ясауи өзіне дейін өмір сүрген бүкіл түркі жұртының қасиетті ұғымдары мен мистикалық тұлғаларын көркем түрде ислам мәдениетімен үндестіріп әкеткен ғажайып рухани тұлға. Одан бөлек «Диуани хикмет» арқылы көне түркі тілін Құран рухымен суарды. Соның себебінен ислам өркениетіне жалғанған түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетінің өзегі мәңгілік мазмұндарға ие болып шыға келді. Сондықтан да, оны заманында «Әулиелердің сұлтаны», «Түркілердің пірі» деп атады. Күллі түркі әлеміне «Мәдинада – Мұхамбет, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген тіркес кең тараған. XVIIІ ғ. қазақтар осы тіркесті «Мәдинада – Мұхамбет, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деп байыта түсті. Осы тіркеске қарап-ақ, діннің мәдени платформада дұрыс даму динамикасын байқау өте оңай. Қазақтың барлық жыр-дастандарында, баталарында, фольклорлық дүниелерінде және кейінгі ақын-жыраулардың еңбектерінде Ясауи баба жайлы жыр-толғаулар өте көп. Мұның өзі Ясауидің қазақ арасында аса құрметке ие тұлға екенін көрсетеді.

Біздің жоғарыда айтқан ойымызды, төменде келтірілген жыр жолдары дәлелдейді:

…Бақытына қарай халықтың

Ұлығы мұндай пір шыққан

Атамыз Адай ұраннан.

Әзірет-ишан Әбдінің

Мірсалық деген пірі екен.

Қожа Ахмет Ясауи

Пірден пірге төре екен.

Силсаласы жалғасқан

Отыз үш ата жер екен.

Шежіресін көз көрді –

Кімдер жалған дер екен?!

Қардерлерді демеген,

Зарыққанды жебеген,

«Құр емес, – дейді, – зайырдан[1]».

 

***   ***   ***

Дәріс айтқан ұстазы

Үргеніште Бақыржан.

Ұстанған үлгі жолы бар

Құл Қожа Ахмет тақсырдан.

Алласы қалап әуелде

Уәлилерге бас қылған.

Миғражда нұрын көргесін,

Хақ Расулі паш қылған.

Арыстан баптай досына

Аманат-құрма тапсырған.

Солардың үлгі жолымен

Бекетім шықты дін түзеп,

Көкірек көзін аштырған[2].

 

***   ***   ***

Пәруар пірдің басшысы

Қожа Ахмет Ясауи

Түркістанда бұ да өткен

Туына жұртын түнеткен,

Кереметін асырып,

Жеті өлікті тірілтіп,

Мұсылманға қайыр-дұға еткен[3].

 

***   ***   ***

Қожа Ахмет Ясауи

Силсаласы силсалам.

Атын білген бар ғалам.

Хилафлық[4] қылып ол затқа,

Сөз айтпайды бір кәләм.

 

Іздеп тауып Арслан бап,

«Бері кел» – деді, – «Ей, балам»,

Шақырып алып баланың,

Нышанасын көріпті,

Аманатын Расулдың

Аузынан алып беріпті.

Атасының артынан

Жан баба деп еріпті.

Қожа Ахметтің сол уақытта,

Жетіге жасы жетіпті.

Арманым жоқ деп бабасы

Дүниеден сапар етіпті.

Көмектесіп періште

Лахадқа мадфун[5] етіпті.

Пайғамбарлар, уәлилер,

Біреуі қалмай өтіпті.

Айла таппай ажалға,

Өнерлілер кетіпті[6].

[1] Жылқышыұлы Ж. Жыр-дария. Маңғыстау ақын-жыраулары.  // Ұзақбай Қазжанұлы . Әнестен бергі тарихтан. – Ақтау, 1995.

[2] «Кердерінің ахун қызы Ағибаштың Ақтанға жұмбағы» // Үш қиян. №31 (439) 06.08.2009.

[3] Жанғабылұлы С. Аманат: Өлең-толғаулар, жыр-дастандар. – Алматы: Ер-Дәулет, 1996.

[4] Қарсылық.

[5] Кебіндеп жерлеу.

[6] Балқыбайұлы Б. Екі томдық шығармалар жинағы. І том. Құрастырған Қ. Игісін. – Алматы: Алаш, 2005.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню