Құдайым жексенбі күн жер жаратты

жер3м

Құдайым жексенбі күн жер жаратты,

Жер-суды әуел бастап бір жаратты.

Тау мен тас, ағаш пен шөп, кел мен өзен

Түріндей текеметтің түр жаратты.

 

Жерлерден аға берді бұлақ қайнап,

Гүлденіп бәйшешектер, бұлбұл сайрап.

Жексенбі, дүйсенбі мен бұл екі күн

Жер жүзін тегіс қылды түгел сайлап.

 

Сейсенбі– жер, сәрсенбі күн көкті қылды,

Құдіретпенен қылған ісін неше бөлді.

Көкті жерге пар қылып жарастырып,

Ай мен Күн, жұлдыздан перде құрды (түрді).

 

Екі күн Жер, екі күн Көк жаратты,

Бір-біріне екеуін жұп жаратты.

Бір сағатта қылуға құдіреті бар,

«Пендеме ғибрат болсын!» деп жаратты.

 

Кітаптан көргенімді айтпан теріс,

Құдіреттің қылған ісі тіпті келіс.

Ырзық, несіп-қоректі ішіп-жейтін

Жаратты бейсенбі күн бәрін тегіс.

 

Аспан биік, Жер төмен, тау-тас қатты,

Ат аяқты болғанда, құс қанатты.

Заһардан бал, тікеннен гүл шығарып,

Жұма күні жаратты адамзатты.

 

Құдіретпен он сегіз мың ғалам болды,

Бәрі– қабық, маңызы адам болды.

Құдайдың құдайлықпен қылған ісі

Жаралып алты күнде, тамам болды.

 

Кім айтар: «Қылған ісім болмасын» деп,

«Орынға осы жұмыс тұрмасын» деп.

Сабырдан сабақ берген білген жанға:

«Асығыс пенделерім қылмасын» деп.

 

Жаратып он сегіз мың ғалам мүлкін,

Ешбірінің кем қылмай ажар, көркін.

Үстінде Құдірет өзі патша тұрып,

Өзді-өзінің бәріне қойды еркін.

 

Сонда жарлық түсірді Көк пен Жерге:

«Тауға, қарһа, алдыма кел,–  деп,– бірге,

– Ай, Күн, Жұлдыз, ағаш, шөп– шашбауыңмен

Ажарланып, көркейіп кір» – деп түрге.

 

Құдіреттің жарлығынан қатты састы,

Алдына құлдық бас, тәубе–  қойды басты.

Көк пен жер бірдей шулап қоя берді

«Атына тағфин», – деп, аузын ашты.

 

Ауыз бар, жоқ болса да бас пен шеке,

Екеуі бірдей айтты, емес жеке.

«Сонда жердің ашылған аузы қай жер?»

Десеңдер, осы күнгі тұрған Мекке!

 

Мұнымды бекер деген кітап қарар,

Халқыма білгенімді айтсам жарар.

Көк пен Жердің аузы сол болғандықтан,

Құдайға жылаушылар сонда барар.

 

Құдірет айтты:–  Бәріңе мен бердім дем!

Мен бермесем, кәнеки, беруші кім?!

 

Мүлтіксіз ғып жараттым тепе-тегіс/теп-тегіс/,

Біріңді артық, біріңді қылмастан кем.

 

 

Ешбіріңе сыяпат жоқ тарлығым,

Бұйрықты емес кесімді бұл жарлығым.

Ортасына бұл көптің тастаған сөз,

Білсін деп, баршаға өз барлығым.

Ерік, ықтияр өзіңде көк пенен жер,

Ай мен Күн, бұл кеңеске сендер де кір.

Тау мен тас, шалқып жатқан дария сулар,

Көремін алаламай бәрінді бір.

 

Мен қинап ешбірінді зорламаймын,

Тозаққа түсірем деп торламаймын.

Бірінді артық, бірінді кем көрмеймін,

Бәрі– өз мүлкім, жасытып, қорламаймын.

 

Қысылып жарлық сөз деп қалма! –  дейді,

– Ерік өзінде жақпаса, алма,– дейді.

Сақтауға бір аманат ие болып,

Ішінде бір талапкер бар ма?!– дейді.

 

Күрсінді сонда бұлар демін алып:

– Айтып тұр ғой тандауын бізге салып.

«Біз сақтаймыз!»–  деп оны, батырсынсақ,

Жоғалармыз бір іске ұшырап қалып.

 

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню