Уақыт ішіндегі уақыт

сағат

Пайғамбар миғраж сапарын баяндап отырып:

– Миғражға ұшып бара жатқанда құмыраны шапанымның шеті іліп кетті. Ол құлап бара жатты. Мен ішімнен «қап, сүт төгілетін болды-ау. Аққа обал болды» деп уайымдап кеттім. Содан соң күллі ғаламды аралып, шарлап шыққан соң Алланың дәргейінде қонақта болдым. Сапарым тамам болған соң Жебірейіл мені пыраққа мінгізіп, үйіме әкеп тастады. Үйге кірсем кетерде құлатқан құмырам әлі құлап болмапты. Дереу шап беріп ұстай қалдым да түзетіп сөреге нықтап қойдым, – деді. Серіктері миғраж оқиғасын тамсаны тыңдап, арман қиялдарына ерік беріп отырды.  Олардың арасында жазу –сызуды білмейтін қараңғылау бір құмырашы бар еді. Ол өмір бақи Меккеде базардан басқа жерді көрмеген. Сұхбат бітіп, пайғамбардың үйінен тарасқан соң жолда келе жатып қасындағы көршісіне:

– Мұхамбеттің уағызы керемет. Өзі де ғажап адам. Қолы ашық жомарт.  Әсіресе, Құраннан аят оқығанда тұла бойым шымырлап кетеді. Бірақ, бүгін қатты әсерленіп кетті-ау деймін, ана құмыраның қисайып, сонша уақыт ауада ілініп тұруы сәл ертегі сияқты. Сол құмыра сынды десе де сенеміз ғой, – деді. Көршісі:

– Әй, бауырым, пайғамбардың сөзіне күмән қылма. Күмән иманнан айырады. Мұхамбеттің өтірік айтқанын қашан көрдің?

– Жоқ, сен мені дұрыс түсінбедің. Мен күмән қылып не болмаса өтірік  айтты дегем жоқ. Аздап әсерленіп кетті деп жатырмын.

– Пайғамбар артық  әсерге бөленбейді. Ол ақиқатты айнытпай айтады.

– Неге бөленбейді? Өзі де «мен де сендер сияқты адаммын. Алланың  құлымын» деп жиі айтып отырады ғой, – деп дес бермеді. Үйіне кірсе әйелі қамыр жайып, ас әзірлеп отыр екен. Ол ерін көрді де:

– Үйде су бітіп қалыпты. Бұлақтан  бір шелек су әкеп берші, – деп суға жұмсады. Ол ыдысын алды да тысқа шығып кетті. Беті ашық, бұлақтан екі шелек су  алды. Кенет аяғы тайып кетіп, балшыққа барып  жығылды. Сырғып барып, суға күмп ете қалды. Су ішінде бір мезет қана арпалысып, денесін түзеп алды да басын шығарды. Қараса, бұлақ емес, арнасы кең дарияның жағасында арпалысып жатыр. Қарманып, тырбанып жағаға шықты. Қараса үстінде  киімі жоқ.  Жынысы әйелге өзгеріп кетіпті. Әуретті жерлерін жауып әуре болды. Шелегі де, ауыл-аймағы да көзден ғайып болған.  Ол түк түсінбей үрпиіп тұрды. Сәлден соң өзеннің жағасымен бір атты кісі кетіп бара жатты. Айғалап оны өзіне шақырып алды. Оған болған жайдың бәрін баяндап әлек. Аттылы ішінен «мына әйелді жын соғып кеткен екен. Еркекпін дегені несі» деп ойлады да сұлу әйелді артына мінгестіріп алып кетті. Жолда кездескен тегін олжаны өзіне қатын етіп алды. Олар он жыл отасып, бес баланың анасы атанды. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шықты. Бір күні тапа-тал түсте тамақ дайындап жатып, өзенге суға кетті. Келді де шелегін толтырып алды. Қозғала бергенде аяғы тайып кетті де өзенге жалп ете қалды. Ол суға жүзе алмайтын. Бақыруға шамасы келмей өзенге бір сәтке батып кетті. Жанталасып судың бетіне қалқып шығып еді, түн ортасында бұлақтың ішінде шалпылдап жатыр екен. Екі қолын тіреді де бұлақтан оп-оңай атып шықты. Қараса баяғы бұлағы. Шелегі қозғалмаған. Бетіндегі  суы дірілдеп әлі толқып тұр екен. Жынысы еркек. Таңғалып тұрып қалды. Есін жинап, шелегін алды да үйіне қарай асықты. Арсын-күрсін кіріп келді. Әйелі:

– Судың бәрін төге-мөге үйге  жүгіргенің қалай? Біреу қуды ма? – деді. Ол:

– Әй, қатын менің кеткеніме неше жыл болды?-деді.

– Есің дұрыс па сенің? Қайдағы жыл?

– Сен мен кеткенде қайда болдың?

– Қайда болғаны несі? Үйде отырмын.

– Мен он жыл басқа елде біреуге қатын болдым.

– Қатының  не? Мен ғой бұл үйде қатын. Саған бірдеңе көрінді ме? – деді әйелі.

Сол кезде барып оның ойына пайғамбардың миғраж сапарына күмән келтіргені сап ете қалды. Алланың хикметі екенін түйсікпен ұқты. Тәубе етіп, шүкірлік қылды.

Пікір

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню