Жалған купон (Лев Толстой) VІІІ-бөлім

11111

Адвокат ақша үшін емес, Иван Мироновтың айтқан сөздеріне сеніп, осындай дәрежеде ер-азаматты алдап кеткеніне қатты наразы болып іске кірісті.
Сотқа екі жақтың да адамдары келді, Василий куә болды. Сот бұрынғысынша өрбіді. Иван Миронов әдеттегідей Құдаймен қорқытты, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір өлетінімізді айтты. Евгений Михайлович істеп жатқанының жақсы емес екенін біліп, іштей қатты қиналса да, айтқан сөзінен қайта алмады, сондықтан сырттай сабырлы көрініп, бәрін өтірік деді.
Аула сыпырушы Василий тағы он сом ақша алып, түлкіше жымиып, Иван Мироновты ешқашан көрген емеспін деумен болды. Сот, ақиқатты айтамын деп ант бер деген кезде, іштей аздап уайымдаса да, сырттай сабыр сақтап, сотқа шақырылған поп-қарияның ант беретін сөздерін қайталап, крест пен киелі Інжіл кітабына бас иіп, тек ақиқатын айтамын деді.
Іс, соттың Иван Мироновтың арызының өтелмейтінін айтумен және сол үшін шағым жазған адамға бес сом айып пұл төлеу керектігін хабарлаумен бітті. Евгений Михайлович ол бес сомды мейірбандылығымен кешірім етті. Иван Мироновты босатып жатып, сот оған біраз ақыл-кеңес берді: бұдан былай мұндай құрметті азаматтар үстінен арыз берер кезде әбден ойланып барып істеңіз, қайта ол кісінің сот айтқан бес сомды төлетпей, кешірім бергеніне риза болу керектігін ескертті. Әйтпесе үстінен жалған арыз жазғаны үшін үш айға түрмеге қамап тастауға болатынын айтты.
-Құрметпен бас иіп, алғыс айтамын,-деді Иван Миронов, басын шайқап, күрсініп, сөйтіп камерадан шықты.
Мұның бәрі Евгений Михайлович пен Василий үшін жақсы біткен іс секілді болды. Бірақ ол тек бір қарағанда ғана еді. Өздері байқамаған, бірақ басқа адамдарға көрініп тұрған істер болды.
Василийдің ауылдан қалаға кеткеніне үш жыл толған болатын. Ол жылда аз-аздан әкесіне ақша жіберіп тұратын еді. Үйленіп, бас құраған жоқ, оның оған қажеті де жоқ еді. Ол үшін мұнда қалада қатын-қыздар көп еді. Жылдан жылға ол ауыл тәртібін  ұмытып, қала өміріне үйренне бастады. Онда, ауылда бәрі бір түрлі дөрекі, іш пыстырар сұп-сұр, қызық емес. Ал мұнда керісінше өте нәзік, жақсы, таза, бай, бәрі өз орнында. Ол содан күннен күнге ауыл адамдары адам түсінбейтін деңгейде, ормандағы аңдардай, ал мына қалада — нағыз адамдар өмір сүреді деп түсінді. Ол жақсы жазушылардың шығармаларын, романдарды оқып тұратын, жергілікті халық театрына пьесалар көруге барып тұрушы еді. Ауылда ондай нәрсе атымен жоқ. Ауыл қариялары: әйеліңмен тату бол, еңбек ет, артық затқа құмар болма, мақтаншыл-ысырапшыл болма деп айтып отыратын. Ал мына қалада ақылды, білімді адамдар тұрады және өз рахаттары үшін өмір сүріп жатыр. Сондықтан оларда бәрі жақсы. Купонға қатысты іске дейін Василий қаладағы байлар заң-зәкөнмен жүріп тұратын шығар деп ойлайтын. Ол сол қала байларының заңдарын білмейтін, түсінбейтін шығармын деп ойлаушы еді, ал негізі ондай заң бар болатын. Бірақ мына купонға байланысты соңғы істе, әрі ең бастысы оның берген жалған антынан соң, оның аздаған үрей-қорқынышы болмаса, жаман ештеңе болған жоқ, қайта  бұрынғысына қосымша он сом пайда болды. Сондықтан ол е-е, мұнда ешқандай заң жоқ екен, ендеше жеке басыңның рахатына өмір сүре беру керек екен деп ойлады. Ол сондай пікір қабылдап, сонысымен өмір сүріп жатты. Алғашқыда ол бастықтарының төлеген еңбекақысымен күн көріп жүрді, кейін ол оның барлық істеріне жетпейтін болды да , мүмкіншілік туған жерде ақша ұрлай бастады. Байлардың үйлерінен заттар ұрлап шығатын болды, сөйтіп, бірде ол Евгений Михайловичтің әмиянын ұрлап алды. Евгений Михайлович оны біліп қойып, ұстап алды. Бірақ ісін сотқа берген жоқ. Еңбекақысын қолына ұстатып жұмыстан қуып жіберді.
Василий ауылына қайтқысы келмеді, сондықтан ол Мәскеуде сүйікті ойнасымен қалу үшін баспана іздей бастады. Сөйтіп бір көпестің үйіне аула сыпырушы болып орналасты. Василий жұмысқа кірісті, бірақ келесі айда-ақ қап ұрлап ұсталды. Қожайын, үстінен арыз жазған жоқ, есесіне Василийді әбден сабап алды да, қуып жіберді. Осы оқиғадан соң бұрынғыдай жұмыс орны да, баспана да табылмады. Ақшасы да таусылды, сосын киімдері де тоза бастады. Ақырында бұтындағы жалғыз шалбары мен пенжагы ғана қалды. Ойнасы оны тастап кетті. Бірақ Василий бұрынғысындай: ширақ, көңілді қалпынан айнымай, көктемде жаяу ауылына тартты.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню