Кітап-адамдарды қорғай аламыз ба?

кі

Ежелде жаугершілік заманда көздің қарашығындай сақтауға тура келетін адамдар болған. Оларды соғыстан, қиын-қыстау кезеңдерден сау-сәләмат алып шығу №1 міндет еді. Бұл әдетте елдік сананы бойына сіңірген басшылардың бірінші кезектегі шаруасы болатын. Ол — төл руханиятты, дәстүрді, елдің өмір сүру философиясын жүрекке бекіткен «Кітап-адамдарды» қалай болғанда да аман сақтау мәселесі еді. Соғыстың аты — соғыс. Бір мемлекет екінші бір мемлекетті жеңіп, түбінде бодан халықты ассимилияциялауға, жұтып қоюға көшеді. Міне, сол кезде жеңілген мемлекет бодан бола тұра халқының азат санада, еркін ойда қалуына күш салады. Ол жұмысты соғыс кезінде басшылардың пәрменімен басқа жақта жан тасалап, төл рухани мұраны жадысында сақтаған носительдер, яғни кітап-адамдар атқарған. Мәселен, Ұлы Арғы түрік империясының әміршілері ғалымдарға бүкіл жазба мұраны жаттатқан. Яғни, Дәстүрді көшіруге, эвакуацияға дайындаған. Бірақ, бұл, бір өлкеден екінші бір өлкеге көшірудің дайындығы емес. Арғы түрік империясы өзінің ұлы мәдениетін заманнан заманға көшіруге дайындаған. Яғни, соғыстан кейінгі өмірге, тіршілікке дайындалған. Әлбетте, мәдениетті сол жазба күйінде де сақтауға әрекет жасалғанына ешқандай күмән жоқ. Армениядағы «Матенадаран» сынды көне кітап қамбалары сондай миссия бойынша салынғаны сөзсіз. Алайда көмулі кітап сақталуы мүмкін, сақталмауы да мүмкін. Ал кітапты, жазба мұраны сақтайтын ең керемет қойма адамның санасы, жадысы еді. Кітап-адамдарды сол себепті бар жағдайын жасап, барынша көзден таса ұстаған. Мұны марқұм Таласбек Әсемқұлов «Дәстүрдің эвакуациясы» деп атап, бұл туралы бүй деген:
«Патшалар үлемдерді (ғалымдарды) жинап барлығына кітап жаттатты дейді. Осы жерде мен «Дәстүрдің эвакуациясы» деген жаңа терминді айналысқа енгізгім келеді. «Эвакуация» – «көшіру» деген сөз. Еуропа тілдерінде, орыс тілінде «эвакуация», түрлі апат, соғыс кезінде бейбіт халықты болашақ майданның жерінен басқа жаққа көшіру дегенді білдіреді. Сондай-ақ бұл сөздің мал-мүлік, түрлі дәулетке де қатысы бар. Ал біз аталмыш терминді басқаша мағынада қолданғымыз келеді. Нәубет, зілзала, соғыс мәңгі тұрмайды, бір күні аяқталады. Содан соң, өркениетті қалыпқа келтіру кезеңі басталады. Кітаптарды жаттаған адамдар, отырып, жадындағы текстерді, бір әрпін түсірмей қағазға қайыра қотарады. Осылайша кітап қайтадан жаратылады. Ұлаңғайыр кітапханаларды жадында сақтаған «Кітап-Адамдар» қашанда болған. Ондаған эпикалық жырларды, жүздеген ертегілерді, мыңдаған мақал-мәтелді комментарий-түсіндірмелерімен, арғы-бергі ақын-жыраулардың мұрасымен мүмкіндігінше толықтай есіне сақтаған адамдарды өз көзімізбен көрген едік».

таласбек

Міне, сол ғажап деректі, ойды айтқан ТАЛАСБЕК ағамызда бүгінде бақилық болып кетті. Өзімізше «жазмыш» дейміз ғой, езеуреп. Бірақ сондай ғалымдарды сақтауға, мейліңше ғылыммен айналысуына неге біз көз тірісінде жағдай жасай алмаймыз, осы, ә?! Таласбектей төл мәдениетіміздің бірден бір өкілі өмірінің қанша уақытын өзі айтқандай мүмкіндік шартына, әлеуметтік шарттылықтарға жұмсауға мәжбір болды. Сол сияқты небір ғалымдарымыз бүгінде еркін өмір сүруге мұқтаж болып отыр. Кейбіреуін тіпті, түрмеге қамап қойдық. Соның бірі — техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбырай. Бүгінгі әлемдік дағдарыс заманында дәл Саят Мұратұлы сынды ғалымдар елімізге ауадай қажет емес пе? Себебі, мұндай адамдар бүгінгі заманның — Кітап-адамы. Әлемдік ғалымдар жасанды интеллекттің заманы келе жатқанын бұрнағы жылдардан бері болжап айтып келеді. Сол заманға мына өскелең ұрпақты дайындайтын ғалымдар бізде аз ба, көп пе?! Әрине, жоқтың қасы. Бардың өзін қор қылып, тар қапаста телміртіп қойдық.
Бір сәт арғы бабаларымыздан сабақ алсақ нетті. Бабаларымыз үшін кітап-адамдар болашақтың жарқын белгісі еді. Олардың кем-кетігі, шалыс басуы көзге ілінбейтін. Себебі, олар бір заманнан екінші заманға бүтіндей бір елді көшіретін өткел, көпірдің міндетін атқарған.

саят
«Саят Ыбырай сынды ғалымды дереу бостандыққа шығаруымыз керек» деп шырылдаған Асқар Жұмаділдаев ағамыздың сөзіне де селк етпедік. Бүгінгі ақпараттық, интеллекттік майданда қапысыз жеңіліс тапсақ, сол селк етпес, бүлк етпес енжарлығымыз, нәумездігіміз деп біліңіз.
Абай өмірінің соңында Шәкәрімге жаңа заманның келе жатқанын, бодандық қамыты қазақтың мойнына Ақ патшаның әмірінен де бетер ауыртпашылықтармен кигізілетін меңзейді. Ол тозақтан тек рухани интеллектісі мінсіз адамдар ғана құрбан болса да қиналмай өтетінін ескертеді. Сондықтан Шәкәрімге барынша жағдай жасап, шетелде рухани іліммен сусындауына мүмкіндік жасайды. Абайдың аманатына адал болған Шәкәрім бар ғұмырын, шығармашылығын болашақ азат Қазақ Елінің мәдени-рухани контексте дамуына арнайды. Сол сияқты ел дамуына нақты үлес қосар ерлерді Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай тарқапастан босатып, туған елге қызмет етуіне мүмкіндік жасау басты міндет болса керек. Мұның өзі байырғы замандағы Кітап-адамдарды қызғыштай қорғағанмен пара-пар дүние екені даусыз. Себебі, Кітап-адам — сенің де, менің де, қоғамның да болашағының айнасы!!!

                                             Сұлтан Тайғарин   

Пікір

  • Бостандыққа шығуы керек , нағыз ұлт жанды ұстазғой …

    Серікқан 04.08.2016 14:37 Ответить
  • Құрметті, Сұлтан мырза, Таласбектің мақаласының өңін айландырып айта бермей өз ойыңды да, тың деректерді де айтсаң болмас па ?!

    Сүгір Бөгенбай 30.11.2016 12:42 Ответить
  • Мақалада Таласбек ағамыздың ойы, мақаласынан үзінді беріледі. Жазбада Таласбек ағамызды тірісінде қадірлей алмадық, сол сияқты айтулы ғалым — қапастағы Саят Ыбырайды да қолдай алмай отырмыз деген мəселе көтерілген. Сол себепті көз шығып, бас сынатындай жағдай жоқ, Сүгіреке!

    Сұлтан 05.12.2016 17:34 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню