Ысқақ пайғамбар қиссасы

каз

Бибісара анамыз жетпіске келгенде құрсақ көтеріп, Ысқақты туды. Ол дүниеге келерде Ыбырайым түс көрді. Түсінде мың жұлдыз жиналып келіп, жаңа туған сәбиінің көкірегіне қонақтайды. Ояна сала, Алладан мұның хикметін сұрады.

– Ұлың Ысқақтың нәсілінен мың пайғамбар шығады. Мың жұлдыз соның нышаны, – деп жауап берді.

– Иә, Аллам, Ысқақтың маңдайына ұлық дәреже жазыпсың. Оған сансыз шүкір. Ал, Смағұл балама қандай мәртебе бересің? – деді.

– Оның мәртебесі бәрінен жоғары болады. Мұхамбеттің нұры соның ұрпағынан шығады. Егер Мұхамбет болмағанда, Мен мына әлемді, Лаухы, Қалам, Ғаршы, Күрсіні жаратпас едім. Күллі пайғамбар тұрмақ, 18 мың ғалам Мұхамбеттің нұрынан жаралды, – деді. Осыны естігенде, Ыбырайымның жүрегі шаттыққа толды.

Ысқақ ержеткен соң, Рабиға атты қызға үйленді. Одан Ияз, Жақып атты егіз ұл туды. Ысқақ үлкен ұлы Иязды ерекше жақсы көретін. Ол өте батыр, сабырлы, аңшылықты кәсіп ететін. Атқан аңның ең дәмді жерін әкесіне тарту ететін. Уақыт өте, қарттық құрсап, ауру меңдеп, Ысқақтың көзі көрмей қалды. Бір күні Иязға:

– Әй, ұлым! Киік етін сағындым. Әкеңе киік етін пісіріп әкелсең, саған пайғамбарлық батамды берем. Өзің де, әулетің де пайғамбар болады, – деді. Әке сөзін екі етпейтін ұлы садағын сайлап, аңға кетеді. Бірақ анасы бұл батаны кенже ұлының алғанын қалады. Ол Жақыпты шақырып:

– Сен қойдың етін пісіріп әкел, – деді. Ет даяр болғанда, анасы Жақыпқа Ияздың көйлегін кигізіп, піскен етті табаққа салып, әкесіне жіберді. Ысқақ етті жеп отырып, «Мынаның дауысы – Жақыптікі, иісі – Ияздікіндей екен» деп ойлайды. Ас жеп болған соң, қолын жайып, бата берді.

Аңнан қайтқан Ияз киік етін пісіріп, әкесіне тарту етті. Сонда ғана Ысқақ алданғанын біліп:

– Әй, ұлым. Менің шапағатым ініңе бұйырған екен. Ендеше сенің ұрпағың патша болсын, – деп бата беріпті. Кейін Ияздың кіндігінен көптеген патшалар таралыпты.

Ысқақ кенжесі Жақыпқа ұрыспайды. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» емес пе?! Кейіннен өзінің ұлдары да әкесін алдап, сүйікті ұлы Жүсіптен айырды. Сол себептен Жақып пайғамбар қасірет тартып, көзі соқыр болып қалған екен.

 

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню