Қазақтың мұрасын зерделеген ғалым

014e546a51778e7346c7cd147d7cf985

Өткен ғасырдың бас жағында Алаш басына зұлматты бір апаттың төнгенін сезіп білген ұлы Мағжан: «Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың. Жауыз, тағдыр жойды бәрін не бардың» деп күңіренді. «Қызыл тіл қолым емес кісендеулі. Сондықтан жаным күйіп жанады да» депті шерлі шайыр  тағы бір жырында. Дуалы ауыз ақын айтқандай, Совет өкіметі билікке келісімен, алмағайып күн туды. Қызыл жандайшаптар ұлттың ерлік пен елдіктен құралған болмысын езіп-жаншуға, түп-тамырымен құртуға бар күшін салды. Халықтың мың жылдық қазынасының ұлттың рухы мен жанымен біте қайнасып кеткенін, ал осы қазынасынан айырса, ел болып, еңсе түзеуден кететінін олар жақсы түсінген. Осылайша, қазақтың өзіне ғана тән менталитетін, тілі мен ділін сомдаған мәдениеті мен рухани әдебиеті шабуыл өтінде қалды.

Біздің ең басты баға жетпес байлығымыз ата-бабамыздан қалған қисса-дастан, ертегі-аңыздарымыз, өлең-жырларымыз еді. Бұлар киіз кітапқа жазылып немесе ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа тарап отырды.  Қыруар қазынада біздің ата-бабаларымыздың ой-арманы, қиялы мен мақсат-мүддесі тоғысқан. Кейін осының бәрі жойылды, жоғалды, қалғанын сыртқа тасып әкетті. Қазір шетелдің архивтерінде, шаң басып тұрғаны сөзсіз. Бәлкім, біразын ғалымдар қажетіне жаратты. Жарыққа шыққан қаншама еңбектердің де бар екендігі анық. Кейде солардың еміс-еміс әлсіз шұғыласы жүрекке жеткендей болады.

1e300cba26e06c8b69600d177afbdc65

Бір ғалым ұстазым айтып еді. 1943 жылы Түркістандағы қараусыз қаңырап тұрған Әзірет Сұлтан кесенесіндегі бір құжыра толы көне кітапты әскерилер келіп, түгел вагонға артып алып кетеді. Сонда осы сұмдық көрініске куә болған қариялар таяқтарына сүйеніп егіле жылаған екен. Жас кезінде ишан мен қожалардың алдын көріп, тәлім алған қарттардан басқа ол қолжазбалардың қадірін білетін жан бар ма еді ол кезде? Жоқ еді, әрине. Себебі соғыстың қызған уақыты. Қару ұстауға қауқары бар ер-азаматтар түгел қан майданға аттанған. Ал бұғанасы қатып, буыны бекімеген жастар мен дәрменсіз әйелдер таялы-таяғымен еңбекке жегілген. Осы бір бейуақ шақта Мәскеудің бұйрығымен кітаптар мен жазбалар барымтаға түскен. Ата-бабаларымыз мың жылдан аса уақыт көзінің қарашығындай сақтаған, әрі байытып отырған рухани қазына дұшпанның талауында қалған. Және арқа тұтр арыстарынан айрылып, есеңгіреп отырған жұрттан ешқандай қарсылық көрмеген де. Жалғыз бұл ғана емес. Басқа да қаншама кітап осы кепті бастан кешті. Үйінде бабасының аманатын ұстап отырғандар «халық жауы» ретінде сотталды, айдалды, асылды. Шәкәрімдей асыл дананы атып өлтіріп, денесін «Құрқұдыққа» тастаған озбыр отрядтың онымен де тынбай, ақынның үйін ойрандап кеткені белгілі. Бір сандық кітап көпшіліктің көз алдында өртелген. Міне, осындай сұмдықтан кейін жаннан безген біреу болмаса, ешкімнің үйінде кітап ұстамайтыны түсінікті. Айналдырған 20-30 жыл ішінде қастерлі мұра ретінде сандықта сақталған жазба дүниелер тоз-тоз болып, құрдымға кетті. Біреулер оларды өз қолымен өртесе, енді біреулері көне қыстаулардың түбіне көміп тастауға мәжбүр болды. Ал көне хикаялар, қисса-дастандар, аңыз-әңгімелер құйма құлақ қариялардың жадында ғана қалды. Олардың да небір тауқыметті бастан кешіргенін білеміз. Тек той-томалақта ғана бас қосатын болған. Осындай сәтте ақсақалдар жиын-тойдан немере-шөбересін қалдырмаған. Дастархан басында ескілікті әңгімелердің түйінін шешіп, шөлдерін басқан. Қисса-дастан тыңдап, шер тарқатысқан. Сол аңыздар мен қиссалар сәби көңіліне қадым заманнан бері келе жатқан шындықтың нұрын құйды. Қадым заманнан сыр тартқан аңыз-әпсаналарды тыңдап, бірнеше буын өсіп жетілді. Қазіргі кезде кез келген қазақтың бетке ұстар азаматының естелігін оқып қалсаңыз, ол, ең алдымен, ата-әжесінің тәрбиесін көрген болып шығады. Содан кейін қарттардың алдында ұзақ күн, ұзақ түн аңыз, ертегі, қисса тыңдағандығын тамсана жазады. Сол арқылы бойларына адамгершілік, ізгілік, мейірім шуағы құйылғанын еске алады. Әрине, бұл сөздердің шындығына зәрредей де күмән жоқ.

Алайда еліміз тәуелсіздік алған кезең асыл сүйек қарттардың өмірден өтіп, таусыла бастаған кезімен тұспа-тұс келді. Тіпті құйма құлақ кісілердің көкірегіндегі асыл қазына ешкімге де керек болмай қалды. Бұл кез «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген уақыттың дәл өзі еді. Ересектер жан бағудың, отбасын асыраудың қамымен жанталасқа түсті. Олардың кітап оқу түгіл, балаларына көңіл бөліп, тәрбие беруге шамасы келмей жатқан. Сол арада қанша көне көз жандар дүниеден өтіп кетті. Қисапсыз қазына олармен бірге көрге көміліп кетті. Сонымен мың жыл бойы жас ұрпаққа нәрін беріп келе жатқан асыл мұралар бір сәтте із-түзсіз жоғалғандай күйге түсті.

Осы шақта Түркияда да түркі халықтарының мирастарын зерттеп-зерделеуге деген қызығушылық белең алып тұрған. Совет өкіметі күйреген кезде, тәуелсіздік алған елдердің аңыз, жырларын, мифтері мен әпсаналарын жинау үшін құрылған ғалымдар тобы бұл жұмысқа жұмыла кірісті. Ататүрік атындағы тіл және тарих қоғамы осы істің жандануына үлкен үлес қосты. Арнайы жобалар бойынша гранттар бөліп, талапкерлердің шығынын көтеріп алды. Ғалымдар да бұл үшін күш-жігерін сарқа пайдалануы тиіс. Түркі елдерінің тілін, сонымен қатар орыс тілін жетік білуі шарт. Бір сөзбен айтқанда, бес қаруы сай болуы қажет. Осы сынақтың бәрінен өткен зерттеушілер ғана көптеген елдерді аралап жүріп, бірнеше кітаптарды жарыққа шығарды.

525082_108687982604059_1122459730_n

Осындай мақсатпен ғылым сапарына аттанып, үлкен олжамен оралған ғалымның бірі Метин Ергүн еді. Оның шығармаларын мен кітапханадан кездейсоқ жолықтырдым. Түркі халықтарының аңыз-әпсаналарына қатысты деректер жинап жүрген едім. Бір айта кетерлігі, мұндағы кітапханаларда ғылыми ізденіске, шығармашылықпен шұғылдануға барынша жағдай жасалған. Тіпті кітапхана басшылығы докторантура оқитын студенттерге жеке-жеке бөлме беріп, басқалардың оларды мазалауына қатаң тыйым салған. Ол аз десеңіз, бес кітапқа дейін үйге арқалап кетіп, бір айдың ішінде қайтаруға да рұқсат беріп қойған. Яғни қалаған дүниені емін-еркін оқып, көңіліңе тоқып алғаннан кейін тапсырсаң да жеткілікті. Осы мәртебені иеленген біздің де барынша шалқып жүрген кезіміз. Бірде сөредегі самсаған кітаптардың арасынан «Түркі халықтарының құбылу әпсанасы» атты екі томдық кірпіштей кітаптар көзіме оттай басылды. Бірден қолыма алып, қызыға оқи бастадым. Автор кіріспесінде еңбекті жазудың мәні мен маңызын көрсеткен екен. Ғалым ұлан-ғайыр аймақта орналасқан түркі елдерін түгел шолып, миф, аңыздарын жазып алу үшін үлкен машақатты бастан кешірген. Оның үстіне, жасы келген, «төрінен көрі жуық» қариялармен тіл табысу, оларға жобаның маңызын айтып түсіндіру де оңай емес. Олардың кеудесіндегі алтын қазынаны да қамырдан қыл суырғандай хатқа түсіріп жазып алу да ауыр жұмыс. Қойшы, содан ғалым жүріп отырып, Қазақстанға да келіп жетеді. Ол осында жүріп атам заманғы жасырын көмбенің үстіне дөп келгендей күй кешкенін жасырмайды. Жалпы қазақ мифтері этиологиялық және космогониялық мифтер болып екіге бөлінеді. Құбылу мифтері осы этиологиялық мифтердің ішіне кіреді. Яғни Құран қиссаларын терең білген ғұламалар дүниедегі әр жаратылыстың сырына қатысты қыруар хикаялар қалдырған. Бұл дәстүр қазақ сахарасында ғұмыр кешкен даналардың, ақын-жыраулардың ой-санасына сәуле берген. Осы кітапты оқып отырғанда түркі дүниесіне ортақ көптеген мифтер мен аңыздар бар екендігіне көзім жетті. Байыптап қарасаң, олардың бәрі бір үлкен дариядан бастау алып жатыр. Бірақ уақыт өте келе, тіл мен дін, әдет пен дәстүр алшақтап, бір-бірінен ірге ажырата бастаған тұста мифтер мен аңыздар түрлі-түрлі сипатта тәпсірлене бастаған. Жиырмадан аса түркі халықтары ішіндегі қазақ халқының аңыз-әпсаналары Ислам рухымен суарылып, адамның рухани сұранысын өтей алатын, жан жарасын жаза алатын қуатқа бөленген. Автор кейіннен жарияланған докторлық диссертациясында түркіге ортақ көне мұраларды талдай отырып, былай деген екен: «Түркі халықтарының ішіндегі ең құнды, ең бай әпсаналар қазақ халқында сақталған. Тыңдаған сайын құмартып, оқыған сайын құштарлана түсетін бір кереметі бар. Әсіресе олардың аңыз, қиссаларды өмірлік салтына, дүниетанымына айналдырып алғаны ғажап. Түрік халқының көнеріп, елеусіз бола бастаған кейбір дәстүрлерінің төркінін мен қазақ мифтерінен тауып алдым». Айтса айтқандай, Метин Ергүн қазақ даласын шарлап жүріп, көне  көз қариялардан көптеген аңыз, хикаяларды қағазға түсірген. Әсіресе ол Оңтүстік Қазақстан, Сыр өңіріндегі, Батыс өлкесіндегі, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстандағы көнекөз қариялардан  көптеген құнды деректер жазып алыпты. Ғалымның игі ісіне қол ұшын беріп, жәрдемдерін аямаған  информанттар Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылынан Мәкей Аязбаева, Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Сарыбұлақ ауылынан Биған Таубаева, Алматы қаласынан Баян Битөреева, Шымкент облысы Түлкібас ауданынан Алтынай Пірімбетова, Шымкент облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылынан Оразәли Баймұратов, Созақ ауданынан Гүлнар Смағұлова, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданынан Мәдина Досжанова, Сағидолла Көшімбаев,  Күлайша Оразбаева, Байғонақ Жылқыбаев, Айша Әменқұлова сынды жандар. Ғалымның айтуынша, олардың барлығы да ел-жұрт арасында абыройлы, сыйлы атанған кісілер. Осы кітаптағы мәліметтердің көбісін кейіннен «Әлдиден эпосқа дейін» және «Салт-дәстүр сөйлейді» кітаптарына енгіздік.

6086

Метин Ергүннің қазақтың көне мұрасына қызығушылығы тек осы еңбекпен бітпейді. Ол жыраулар мұрасы жинақталған «Бес ғасыр жырлайды» еңбегін де түрік тіліне тәржімалаған. Бұл кітап 2000 жылы Түркия Мәдениет министрлігінің қолдауымен жарық көрген екен. Ғалымның жыр-толғауларды барынша түпнұсқаға жақын етіп, ой мен сөздің қуатын бұзып алмай, дәлме-дәл аударуға тырысқандығы байқалады. Оқып отырғанда, қалам мен қаруды серік еткен жыраулар тіл қатып тұрғандай сезімге бөлейді. Әсіресе Қазтуған жырау, Доспамбет жырау мен Шалкиіз жыраудың толғаулары рухты қалпын сақтаған. Мұның бәрін зерттеп қарастыру алдағы күндердің еншісінде тұр. Демек, осы тектес ғылыми ізденістер жоғалтқан қазынамыздың қайта жаңғырып, игілігімізге жарауына үлес қосары сөзсіз деп ойлаймын.

Мұхит Төлеген

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню