Бауыржан атамыз тыңдаған ертегі

thumb

— Бұл тәңірінің жер бетінде тірлік орнатқаннан кейін болыпты. Ол кезде жаратушы адамзатты жарылқап, топан суынан да сақтаған екен, — дейтін әжем. — Адамдар «тәңір жарылқасын» деген сөзді, алғыс айтуды білмесе керек. Күннің жылуын, самалдың шипасын, айдың ақ сәулесін, жер жемісін керегінше пайдаланғанымен, бірде-бір іш жылытар ықыласты сөз айтпапты… Сондықтан қажыған Күн Алла Тағалаға арыз айтыпты:

— О, жаратқан ием, дамылдауды білмей, сабырлауды білмей, ұйқы көрмей, күлкі көрмей тірлік үшін қызмет етем. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі кеудесінде жаны бардың бәрін шуағыммен қыздырам. Бір тал шөбінен бастап, жер бетінің бәріне шұғыла төгем. Таң сәріден арай шашып ғаламды түнектен арылтамын. Бәріне нұр беремін. Жарқырап көрінгенімде, тірліктің бәрі жадырайды, күледі, қуанады, жұбанады. Суықтан тоңғандар жылынады, жауыннан месс болғандар денесін құрғатады. Ал өзің өмір берген дүние бой жазып керіліп, сәулеге көміліп, гүл шашағы өріліп мамыражай күйге енеді. Мен түн мен түнек сияқты дүниеге ауыр зіл, қоңырқай түр әкелмеймін. Мен өзіммен бірге күлкі мен қуаныш әкелем. Мен барда қар еріп, сай-сала сылдыраған бұлаққа толады. Мен барда бұтаққа бұлбұл қонады. Бірақ осыншама баға жетпес еңбегімді елеп бірде-бір тірлік иесі алғыс айтқан емес. Мұндай әділетсіздікке шыдар шама қалған жоқ. О, тәңірім, сондықтан мені бұл азабыңнан босат. Тыным бер, аздап тынығайын!

51a8844f70b09

— Бара бер. Баяғы қызметіңнен танба, — депті Алла Тағала Күнге, — мен сенің баға жетпес еңбегіңнің алғысын немен өтеуді ойланайын…

Күн кеткен соң Алланың алдына Ай келіпті. Жадырай күліп, жарқын сөйлепті:

 —    О, тірліктің тірегі, бар әлемнің жүрегі — жаратушы ием, өзіңе тілекпен келіп тұрмын…

 —    Неден тарықтың, неден түңілдің, түн еркесі — алтын Ай.

—    Айналайын тәңірім. Сен маған көмескі нұр беріпсің, суық сәуле сыйлапсың. Күн көзі жұмылған соң, зіл қараңғы түннің бар тұңғиығын жарық етем деп мен келем! Қара аспанның қақ төрінде тұрып төңіректі мамық сәулеге бөлеймін, адасқанға нысана боламын… Бетімнен сәукелемді бірте-бірте ысырып, күн санауға, апта мен ай санауға көмектесем. Ал жүзім толған күні аспанның ақ еркесіндей ашық кейіппен күлгенімде, торғын сәулеме тояттамай бар әлем үнсіз рахатқа батады. Ай сәулесі түнгі ұйқыны күзетіп, бақытқа бөлейді. Мен болсам, Күн  сияқты шақырайып жалыныммен қарымаймын. Менің нұрым жұмсақ, сәулем саумалдай татымды. Тіптен күндіздің өзінде дамыл көрмей, Күн соңынан ілесіп жер бетіне қараумен болам. Бірақ менің бұл қимас қылығымды адамдар байқамайды. Өйткені Күннің шақырайған сәулесі менің ұлпа нұрымды тұншықтырып тастайды. Осы уақытқа дейін менің ұзақ жылғы адал да айнымас, жайлы да жағымды еңбегімді бағалап бір тірі жан алғыс айтқан емес. Қайта адамдар жүзіндегі дағын, маңдайындағы әжімін менен көріп, «ай бетіндей шұбарланып бітіпсің ғой» деп бір-бірін келемеждейді. Ал әбден толысқан шағымда ең сүйкімді болармын деп дәмеленсем, ол сәтімді де адамдар күлкіге айналдырды. Бір жақтырмайтын адамын көрсе, етжеңді кісіні кезіктірсе — «беті айтабақтай болып безерген біреу екен» деседі… Бұдан артық қорлық, бұдан артық мазақ бар ма маған. Енді шыдай алар емеспін. Бұл қызметіңнен босата гөр, тәңірім!

POMjFRRaNUI

Осылай деп Ай бұлт арасына кіріп алып ықылық атып жылаған екен… Сол кезде жаңбыр жауыпты…

— Күмістей таза көзіңе жас алып жабыға берме, аппақ Айым, — депті Тәңірі, оны жұбатып. — Онан да қызметіңнен жаңылма. Мен тілеуіңнің орайын ойланып көрейін.

Осы кезде өкпек Жел құтырынып, жан-жағына жаланып, Алла Тағаланың алдына жетіп келіпті. Тәңірдің тағына қонған шаң-тозаңды үрлеп жіберіпті де, аяғына оралып жатып алыпты.

— Мен дамыл көрмей тау кезем, тас кезем. Ел асам, бел асам, орларды үңгимін, орманға сүңгимін, даланы шарлаймын, теңізді барлаймын. Өлкемді төтелеймін, желкенді жетелеймін, толқынды ойнатамын. Бұлтты қуып, жерге жауын сыйлаймын, елге зәуім сыйлаймын. Егер мен болмасам, адамзат аптап ыстыққа шыдамас еді, бастарын бірге құрамас еді; аузы сусыз кебер еді, алқынып тер төгер еді. Мен соның бәрінен самал болып есемін, сағым болып көшемін. Бірақ алғыс алған күнім жоқ, сондықтан да мұңым көп. Болдырдым, тынығайын, мұрсат бер, тәңірім.

tassay1

Бір шеттен сылдырап Су келіпті. Алланың аяғына бас ұрып тілегін айтқан екен.

— Менің де күнім күн емес, тәңірім. Ой-қырын кезіп даланың, дамыл көрмей ағамын. Жердің шаңын жуамын, елдің тәнін жуамын. Сусаған шөлін басады, бір жұтып демін ашады. Соның бәрін, тәңірім, көтере берем қашанғы.

Сонда Алла Тағала ойға кеткен екен. «Иә, тіршілік біткен, шынымен-ақ алғысқа сараң екен, жақсылыққа жалаң екен. Мен бұларды жазғырайын, жазалайын!» — деп түйіпті. Сөйтіпті де бар мақұлық біткенді, адамзат атаулыны жинапты.

— Ей, жамағат-жарандар, бәрің бері қараңдар, — депті, жаратушы жиналғандарға. Күн мен Ай, Жел мен Су сендерге өкпелі екен. Сондықтан да бұдан былай қызмет етуден бас тартпақшы. «Еркімізге жібер, ендігі жағдайды өзімізше қарастырайық» деп тілек етеді. Тыныққысы келеді… Сендерді шақырғанымның мәнісі осы еді. Бұдан былай қалай тірлік етпексіңдер, не амал таппақсыңдар? Соны айтыңдаршы, кәне.

Solnce-luna

Бұл жайсыз хабарды естігенде Адам шошып кеткені сонша, өңі қуарып сала берген екен. Аузына сөз түспей абдырап, Күн мен Айға, Жел мен Суға жығылып тағзым ете берген екен. Жаратушы ием жиналғандарға сұрақ беріпті.

— Кімнің қандай ойы бар?

Бәрі үн қатпапты.

Жалғыз ғана жарғанат ыршып шығып, шоршып ұшып безілдей жөнелген екен:

— Жаппар ием, жайымызға құлақ сал. Пендем десең, біздің де тілегімізді тыңда. Егер Күніміз сөнсе, үніміз өшпей ме? Жарымыз бітпей ме? Адамзат жер сипалап, аң біткен адаспай ма? Құс бағдарынан жаңылып жарға соқпай ма? Гүл қуарып, жер суалмай ма? Ай батса ше? Жыл мезгілінен адасып, теңіз ретсіз тасымай ма, көл ретсіз көлкімей ме? Сапырылысқан тірлік орнап, саналы сәттен қол үзіп қалмаймыз ба? Су тартылса не болмақ? Бұлақтың сылдырынан айрылар едік, қанатымыз қайрылар едік. Қимылсыз сусап жатар едік, бір тамшы суға көзімізді сатар едік? Жел тынса ше? Бір жердентұман арылмай, бір жерден тамшы табылмай, бір жерге бұлт үйірліп, бір жерге суық шүйіліп, жылжымай жатар еді. Пенделерді аяй гөр, жаратушы ием.

скачанные файлы

Осыны айтып жарқанат Тәңірінің алдына топ ете түсіпті.

 «Мынау шыбындай неме шыжгөбек боп шындықты айтып тұр ғой. Расында да өмірдің астан-кестеңі шығады екен-ау», — деп ойлапты жаратушы. Сөйтіп қайтадан жарлық береді:

— Күн мен Ай, Жел мен Су баяғыдай қызмет етсін. Сендерді тірлікке тірек болсын деп жаратқам әуелі. Содан танбаңдар, — депті. Бұған қатты ашуланған Күн өзінің сәулесімен жарқанаттың көзін ағызып жіберіпті.

— Енді көзіме түссең, күл етіп күйдіріп жіберемін, — депті Күн.

Жел бұрқана долданып:

— Маған тап болсаң, пәрше-пәршеңді шығарып, жүнше түтермін, — дейді.

— Мен сені тұншықтырып өлтіремін, — депті Су.

Ал Ай өзінің жарқын күлкісін төккен күйі үнсіз қалған екен.

— Енді қайттім мен сорлы. Жазығым жоқ бишара едім ғой. Өзім үшін емес, бүкіл тіршілік үшін тілек білдірмедім бе, Тәңірім? — деп зарлапты жарқанат.

tl1P59eYo8k

Сонда жаратушының жарқанатқа жаны ашып жарлық беріпті.

— Күн көкжиектен көрінбей, көз байлана бастағанда; Айдың жүзі әлі де шыға қоймаған сәтте; Жел тынып, жекен жапырағы ұйыған сәтте ұшып шығасың. Ал күндіз Күн көзінен жасырынып, қуыс-қуыс жырада, тастүнек сынада, үйдің жәрегінде жатасың. Аштан өлмес үшін қос емшек беремін. Бірінде сүт, бірінде су болады. Осылай тірлік етесің енді.

Содан бастап жасқаншақ адам Күн мен Айды, Су мен Желді сыйлайтын болған деседі, төртеуіне табынатын болған деседі. Жарқанат болса адамның абыржып, үрейі қалмағанын көргені үшін адам атаулыдан талай-талай қорлық көретін болыпты.

Адам да жарқанаттан жасқанып қорғанып жүретінді шығарыпты.

Міне, балаларым, жақсылыққа жамандықпен жауап бермеңдер. Жақсылықтың өтеуі де жақсылық болсын».

Біз осылай үлкендерден ғибрат алып өсіп едік. Ал үлкендердің әр өсиеті — өнер мен өнегенің ең шыңы ғой, — дейді Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» деген кітабында.

Пікір

  • Менінше жарғанаттың істегені дұрыс

    Аянат 23.05.2018 13:06 Ответить

Добавить комментарий для Аянат Отменить ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню