«Ел-шежіре» қоғамдық қоры» қайырымдылық қорының қызметі

12309674_1790360314524973_4054767712130542403_o

«Ел-шежіре» қоғамдық қоры» қазақтың көрнекті жазушысы Дидахмет Әшімханұлының бастамасымен 2003 жылы құрылды. Қордың басты мақсаты қазақ халқының рухани-мәдени мұрасын насихаттау, бір орталыққа жинақтау болып табылады. Сондай-ақ, мәдениетіміз бен әдебиетімізге ұлы туындылар қосқан қайталанбас тұлғалардың ғұмырнамалық шежіресін жасау, оларды түрлі мәдени іс-шаралар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттауды көздейді. Қор қызметінде әдебиет пен өнердің дамуын қолдау, осы саладағы жас қайраткерлердің шығармашылық бастамаларын қолдау жұмыстары да ерекше орын алады. Осы бағытта түрлі конференциялар, көрмелер, семинарлар, және басқа да шаралар ұйымдастыру – қордың маңызды міндеті. «Ел-шежіре» мәдени мұраны жинақтау барысында жақын және алыс шет елдердегі мәдени мекемелермен ынтымақтаса жұмыс істейді. Қор баспаханалық қызметпен де айналысады.

Қор ашылған уақыттан бері көптеген іс-шараларға мұрындық болып, мәдени-рухани саланың дамуына лайықты үлес қосып келеді. Нақты атап айтар болсақ, 2003 жылы «Алаш мұрасы» айдарымен М.Ж. Көпейұлының он томдық, С.Сәдуақасов және А.Байтұрсынұлының көптомдық шығармалар жинағы басылып шықты. Ал, 2004 жылы баспа қызметі нәтижесінде Н.Төреқұлов, Н.Орманбетұлы, О.Әлжановтың көп томдық жинақтары жарық көрді. Жалпы, Алаш мұрасын зерттеу және жүйелеу  қор қызметінің маңызды бағыттарының бірін құрайды. Осы бағытта Қоғамдық қор Алаш қозғалысының 90 жылдығына байланысты кешенді іс-шаралар ұйымдастырды. Оның ішінде, қордың атсалысуымен «Алаш қозғалысы» атты құнды құжаттардан құралған төрт томдық материалдар жинағы,  Ж.Аймауытұлы, К.Төгісов, О.Әлжанов, С.Торайғыров, Ұ.Кемеңгеров, Н.Нұрмақов, Т.Шонанұлы іспетті арыстардың мұрасы жинақталып, баспа өніміне айналды. Және де бұл жұмыстар жүйелі сипат алып, ары қарай жалғасын табуда. Айталық, «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» сериясы барлығы 25 томға жоспарланған. Бүгінге дейін оның 13 томын шығарып үлгерді. Бұл серия қазақ халқының 250 жыл бойғы ұлт-азаттық күресін толық көрсетуді көздейді.

Қор өзі құрылған 2003 жылдан бері отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, патриотизмге шақыратын, халықтың тарихын насихаттайтын іс-шараларға белсенді атсалысып келеді. Мәселен, 2008 жылы  Алашорданың 90 жылдығын республикалық деңгейде өткізуге, 2010 жылы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығын республикалық деңгейде өткізуге атсалысты. 2011 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» аясында өткен іс-шараларды сәтті ұйымдастырды.

«Ел-шежіре» қоғамдық қоры мемлекеттік тілді қолдау бойынша іс-шаралар өткізуді жүйелі түрде жүргізіп келеді. Атап айтқанда, 2014 ж. Ұлттық кітапханада «Мемлекеттік тіл: кеше, бүгін, ертең» атты тақырыппен ұйымдастырылған конференцияда қазақ тілінің келелі мәселелері туралы сөз қозғалып, оны жақсарту жолдары жөнінде тың ұсыныстар айтылды. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдау, насихаттау бағытындағы іс-шаралар өткізу қор қызметінде ерекше орын алады және жүйелі жолға қойылған.

Қоғамдық қордың қызметі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалар бойынша 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясында, Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында және т.б. стратегиялық құжаттарда айқындалған  мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін орындауға бағытталып келеді.

Сондай-ақ,  «Ел-шежіре» қоғамдық қоры еліміздегі қоғамдық ұйымдар арасында тұңғыш рет ұлттық интеллигенция өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуді қолға алғанын айрықша атап айтқан дұрыс. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауларын, «Бір ел, бір мақсат, бір мүдде» бағдарламасын елге жеткізу, түсіндіру мақсатында шығармашылық элита және интеллигенция өкілдерінің қатысуымен оңтүстік облыстарды аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай Алматы қаласы бойынша өткізілген кешенді іс-шараларды ұйымдастыруға «Ел-шежіре» қоғамдық қоры» қайырымдылық қоры белсенді қатынасты. Өйткені, бұл мерейтойлық іс-шара қоғамдық қордың  қазақ мәдениетін, тарихын, дәстүрін, рухани дүниесін насихаттау, патриотизм идеялары,  қазақ тарихын зерттеу тәрізді мақсат-міндеттерімен тығыз үйлеседі. Атап айтқанда, 2015 ж. 15 қыркүйекте қор Алматы қ. әкімдігімен бірлесіп «Қазақ хандығының 550 жылдығы: тарихы, идеясы және мемлекеттік сабақтастығы» деген тақырыпта конференция өткізді. Оған белгілі ғалымдар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияда Қазақ хандығының қалыптасу идеясы мен практикасы, саяси-қоғамдық құрылымы, қарым-қатынастары, этникалық мәселелері талқыланды. Шара нәтижесінде қазақ тарихына қатысты тың деректер ұсынылды. Конференция кезінде мұрағаттық жәдігерлердің көрмесі ұйымдастырылып, құнды архивтік қолжазбалар көпшілікке көрсетілді.

Жалпы алғанда, «Ел-шежіре» қоғамдық қоры» қайырымдылық қорының қызметі Қазақстан мемлекетінің тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан деуге болады. Оның ішінде, қазіргі қазақстандық қоғамда өзекті мәселелердің біріне айналған суицид немесе өзіне-өзі қол салу оқиғалары бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, суицид әлем бойынша соңғы 45 жылда 60%-ға өскен. Яғни, әлем бойынша 40 секундта бір адам өзіне қол жұмсайды екен. Ал, осы суицидтен көз жұматындарды 100 мың адамға шағып есептегенде, Қазақстан әлемдік ондыққа кірген. Өкінішке орай, олардың басым көпшілігі жастар.

Осы жайттарға орай, «Ел-Шежіре» қоғамдық қоры суицидпен күрес шараларын жүйелі түрде ұйымдастыруға ден қойды. Атап айтқанда, 2015 жылдың басынан бері жалпы республика бойынша орта мектептер мен ЖОО-ларда осы тақырыпта көптеген семинар-тренингтер өткізілді. Логотерапия бағытында қала мектебінің оқушыларымен, ҚазҰУ, ҚазҰПУ, ҚазМемҚызПУ, Алматы Технологиялық университеті, С.Демирель атындағы университет және т.б. ЖОО студенттерімен ашық әңгімелер өткізіліп, суицидке алып келетін мән-жайлар, оның себеп-салдары түсіндірілді және оның алдын алу жолдары ұсынылды. 2015 ж. 30 қыркүйегінде қоғамдық қор қызметкерлері Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  психолог мамандардың басын қосып дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда талқыланған, сұрыпталған маңызды ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға берілді.

Осылайша,  «Ел-шежіре» қоғамдық қоры» қайырымдылық қоры өзінің мақсат-міндеттеріне сәйкес толыққанды жұмыс істеуде. Алдағы уақытта да осы руханиат пен мәдениет, әдебиет, қоғамдық-әлеуметтік бағыттағы іс-шаралар жалғасын табатын болады.

 

 

Дәулет Әшімхан

«Ел-шежіре» қоғамдық қоры»

қайырымдылық қорының президенті

Пікір

  • Шығармашылық табыстар, істеріңізге сәттілік тілеймін!

    Амангелді 10.02.2016 11:36 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню