Юнгтің қисыны және қазақ отбасындағы қағида

680x470_0xc0a8392b_10195637841431070665

немесе Аңызбен өрілген дәстүр адам өміріне шамшырақ бола ала ма?

Қисса, аңыз, әпсана адамды бірден баурап алатын қызық құбылыс. Әдетте ересектер ертегі, аңыз десе, «ол баладан басқа кімге керек?» деп қолын сілтей салуға бейім тұрады. Алайда оқи бастаса, бірте-бірте жылан арбаған торғайдай сол аңыздың не хикаяның ішіне кіріп кеткенін сезбей де қалады. Осындайда «Жыр, өлең, насихат сөз, мақал, тақпақ, тауып айтса дауасыз дерттің емі» деген Шәкәрім атамыздың жыры ойға оралады. Ия, шынымен де тылсымға жетектей жөнелетін аңыз, мифтер адамның рухани мұқтаждығын өтеп, жан дертінің дәруін бере алады. Өйткені мифтерді құпиясын ашуға талпынып, соған өмірін, қайрат-күшін арнаған жандардың көбі осындай байламға келген.

ХХ ғасырдан бастап ғалымдар мифтерді зерттеуге құлшына түсті. Мифтің міндетін, түрлі ғылыми салалардағы қызметін танып-білуге деген қызығушылық кең етек жайды. Қадым заманғы аңыз-әпсаналар мен қиссалардың өмірдегі мәні жайында қалам тербеген ғалымдар шоғыры өсіп-өніп шықты. Карл Гюстав Юнг, Джеймс Фоулер, Абрахам Маслоу тереңдеп зерделеу кезінде қиссаның өмірге нәр, қоғамға жан беретін қасиетіне қанықты. Әсіресе Батыс психологиясының көрнекті өкілдерінің бірі Карл Гюстав Юнгтің бұл саладағы сіңірген еңбегі айрықша. Оның аңыз, мифке қалай келгені де қызық. Бала Карлдың жанын сәбилік шағынан бастап-ақ дүниенің, әлемнің жаратылысы туралы сұрақтар мазалай бастапты. Жас кезінде қиялшыл болған ол ертегі, аңыз тыңдағанды ұнатса керек. Себебі көкейіндегі сансыз сұрақтардың жауабын осы аңыз-әпсаналардан табады. Юнг ержеткен кезде де мифтердің көмегімен рухани күйзелістен шайқалмай шығады. Ол үміті сарқылып, сенімі сергелдеңге түскен шақта аңыз тыңдап, қайта күш жинайды екен. Бұл жайлы кітабында былай деп жазады:

legendyi-o-drakonah-v-drevney-persii-azhi-dahak-velikiy-zmey-s-tremya-golovami

«Мифтен басқа күш адам санасының қайнарында бұлықсып жатқан қадым қуатты алып шығуға қабілетсіз. Қиял мен аңызға, қисса мен әпсанаға тізгін бермесеңіз, материалдық әлемнің шеңгелінен босап, шексіз әлемге ұласа алмайсыз. Адамзаттың қолында мифологияның кілті болған. Ол осы кілтпен жанның қақпаларын аралап, қалаған қазынаны көре алады. Байыптап қарасаңыз, кез келген діннің қаңқасын қисса мен аңыздар құрайды, ол, ең алдымен, өзіңнің жан сарайыңа үңіліп, өзіңнің шынайы бейнеңді тап деп үндейді. Адамның шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, тіршілікпен үйлесім табуына жол көрсетіп тұрады. Ал өзін таба алмаған адам, шын мәнінде өзінің түпкі мақсатынан, мәнінен көз жазып қалған адам. Егер адам өз «менімен», яғни «эгосымен» белсене күреске түсіп, тағдырын тар қапастан жұлып алмаса, ерте ме кеш пе, соңынан өкшелеп қалмай келе жатқан көлеңкенің құрсауына түседі. Содан кейін бұл құрсаудан өз басын тартып алып шығуы мұң болады. Мифте комплекстер мен синдромдар деген ұғым бар. Бұлар адамның аңыз бен мифтегі кейіпкерлердің өмірінен үлгі алуына жәрдемдеседі. Жақсылыққа ұмтылып, жамандықтан жиренуіне қол ұшын береді. Аңызда айтылған оқиға қиялыңды байытып, талабыңды ұштайды» дейді. Юнгтің бұл пікірінің жаны бар. Мәселен, қазақтың көне эпостары мен батырлар жырында, дастандарында, мақал-мәтелдері мен баталарында миф, қисса кейіпкерлері өріп жүреді. Қызыр мен Ілияс, Ғайып ерен қырық шілтен, Баба түкті шашты Әзіз қазақ фольклорының ажырағысыз бір бөлігіне айналды. Бұрын ақын-жыраулар шаршы топта қолына домбыра алып, жыр толғағанда, Адам ата мен Хауа анадан бастап, барлық пайғамбарлардың өмірін термелеп шығады екен. Олардың ғажайып істерін үлгі-өрнек етіп, жұрттың құлағына құятын болған. Тіпті ақын-жыраулар арасында қисса сюжеттерін жұмбақтап айтысатын керемет дәстүр қанат жайған.

noj_3

Егер адам аңыз-қиссаны тіршілігіне серік етіп, күнделікті іс-әрекетімен қабыстырса, онда санасына бекіп, қан арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. Яғни Юнгтің пайымы бойынша, осы қасиет архетипке айналады. Аңыздар мен мифтер, ертегілер мыңдаған жылдар бойы адамзаттың ортақ архетипін бір арнаға тоғыстырды. Халық менталитетіне, дүниетанымы, мінезіне тікелей әсер етті. Архетиптер сананың беймәлім қойнауында жатқан көмбе іспетті. Бұл қазына заман ағысымен толығып отырады. Атадан бабаға ауысып келе жатқан ізгі қасиеттердің бәрі сәбидің бойына ананың сүтімен беріліп отырады. Жас кезде сәбидің аңыз, қисса тыңдауға құмар болатыны жан тереңінде жатқан ізгілік дәнінің, сан ғасырлық сезім мен түйсіктің әсерінен болса керек. Ертегі айтқанда, баланың жан-тәнімен құштарлана тыңдайтыны соншалық, ол өзін ертегі, аңыз кейіпкерлерімен бірге өмір сүріп жатқандай сезінеді. Оған осы суреттер, образдар мен кескіндер қайдан келді? Әрине, ертегі мен аңызды тыңдап отырғанда көңілінің түкпірінде жасырынған бейнелерге жан бітті.

1346390085_tayny

Юнг сонымен қатар салт-дәстүрлердің сипатына қатысты да ой толғаған. «Психология және дін» деген кітабында адам өміріндегі рухани дәстүрлер мен салттардың мәніне зер салған. Ғалым салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың тегіннен тегін шыға салмағанын, олардың бәрінде иләһи астар жатқанын тілге тиек етеді. Пайғамбарлар мен әулие-әнбиелердің өнегелі істері дәстүрді мәңгілік игіліктің қайнарына айналдырды. Иләһи қағидалармен көмкерілген салт-жоралғылар, дәстүрлер мен ғұрыптар адам өмірін мәнсіздіктен, торығудан, қамығудан сақтайды. Әртүрлі рухани қауіп-қатерден, жаманшылықтан, зұлымдықтан, бәледен қорғайды. Яғни ең үлкен психотерапиялық құрал – осылар. Әдетте атадан-балаға ауысып келе жатқан көне дәстүрлердің мәйегі бұзылмаған. Бұлар — сан ғасырлық сүзгіден өткен, замана сынына төзген тамаша тәжірибелер. «Ең маңыздысы, — дейді Юнг, — Ежелгі көне салт-дәстүрлердің шығуына аңыз-әпсана, мифтер негіз болған. Олар салт-дәстүрлер мен символдарға сәуле беріп тұр». Осы ойды тарқата кететін болсақ, адамзат бағзыдан бері мифтер мен аңыз-әпсаналарды тіршілігіне қолданудың жолын іздеп тапқан. Тереңінде миф пен аңыз-әпсаналар, қиссалар жатқан салт-дәстүрлерге кие сіңеді. Сондықтан киелі салттарды бүгінгі күнде де тұтынудың еш әбестігі жоқ. Адам осы дәстүрлерді мұқият орындап, өмірлік дағдысына айналдырса, оның жаны кемелденіп, қанатты құстай тылсым әлемге самғай түседі. Біз үшін беймәлім ғұрыптарда ізгі қасиеттер сақталған. Оны көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес. Ол адамның кеудесіне ұя салады.

74003833

Юнгтың шығармаларын зерттеген ғалым А. Баһадырдың «Юнг былай қарасаң, тек христиан дініндегі, ежелгі көне өсиеттердегі мифтерді зерттеген сияқты. Алайда оның шығармаларын оқып отырып, бұл ойыңыздан еріксіз айнисыз. Себебі Юнг әлемдік мифтердің тылсым тілін ұғып-білуге талпынған. Аңыз, әпсана арқылы адам санасындағы архетиптердің түпкі болмысын тануға тырысқан. Сол кезде барлық дінге ортақ хикаяларды, аңыздарды безбендеп, олардың адам жанын сомдап шығудағы үлесін талдаған. Ең ақырында Юнгтің мифтерден басқа адам өміріне қуат бере алатын бірде-бір күш көрмедім» деуі жылдарға созылған еңбектің, қажырлы ізденістің шындығы» деуі бекер емес.

Юнг қазіргі Батыс әлемінде өмір сүріп жатқан адамдардың киеден аулақтап, салт-дәстүр мен ырым-тыйымдарға немқұрайды қарайтынын, тіптен мүлдем елемейтіндігін қынжыла жазады. Осы тұрғыдан қарағанда, Шығыстан тек күннің шапағы ғана емес, ізгіліктің, кие мен қасиеттің де шұғыласы тарайды. Себебі Шығыс халықтарының діни қағидалары мен ілімдері, дәстүрлері мен ғұрыптары адамның өміріне сәуле беріп, оны тура жолға бастайды. Шығыс халықтары сарқылмайтын салт-дәстүрінің арқасында далалық өркениетті дүниеге әкелген.

иткойлек

Бұл пікірге сабақтас дәстүрлі қазақ отбасындағы қарапайым өмір салтын мысал ретінде алып қарайық. Бұрын ақсақалдар баланы, ер жігітті жас кезінен жоралғылар мен дәстүрлер арқылы тәрбиелеген. Әжелеріміз үйге түскен келінге от басы, ошақ қасына қатысты ырым-тыйымдар мен дәстүрлерді ерінбей-жалықпай үйретіп отырған. «Ағарғанды аяқ асты етуге болмайды», «Сүттің бетін ашық қалдырма», «Нанды ысырап етпе» деген сияқты толып жатқан ырымдар мен тыйымдар жас келіншектің жадында жаттала береді. Қариялар оны құр ғана айтып қоймай, оның қайдан шыққанын әсерлі етіп баяндап берген. Алайда бертін келе, бұл үрдіс ұмытыла бастады.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жақында «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабы жарыққа шықты. Бұл кітапта дәстүрлердің шығу төркініне қатысты көп жұрт біле бермейтін аңыз-әпсаналар берілген. Жақында ауылға қонақ болып барған едік. Көпшілік алдында осы жинақ талқыға түскен. Біразы ризашылығын білдіріп, «білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз» екен» деген. Біреулер басқа да ақыл-кеңестерін беріп жатты. Сөз тізгіні өзіне тиген төрдегі үлкен әжеміз:

f7KkHrdgM6U

— Осы кітаптағы аңыз, қиссалардың бәрін бұрын ата-енеміз құлағымызға құйып отыратын, — деді, — Ол кісілердің айтқаны біз үшін заң еді. Көрсеткен өнегелері қазір де көп қажетіме жарап келе жатыр. Ең бастысы, шаңырақтың киесін сақтап, отбасының берекесін ұстап отырмыз. Ырым-тыйым, дәстүрлерді қазір де бала-шағама шамам жеткенше үйретіп жүремін. Салтыңнан жаңылмасаң, бақ пен ырысың арта береді ғой.

Бұл сөз маған қатты әсер етті. Осыларды ой елегінен өткізе отырып, мына нәрсеге көз жеткіздім. Жоғарыда ғалымдар айтқан тұжырымдар, қағидалар қазақ отбасында бағзыдан бері тәжірибеде қолданылып келген. Соның арқасында қанша ұрпақ киенің не екенін, құрметтің не екенін біліп өскен. Салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдар адам өмірінің шамшырағына айналған. Бұл да қастерлі ғұрыптардың өміршеңдігін дәлелдей түседі.

Мұхит Төлеген

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню