«Сияр Шәріпті» не үшін таңдадық?

12049138_1670642413221925_830677342933243013_n

«Сияр» деп Мұхамбет пайғамбардың өмірбаяны жазылған кітапты айтады. Орта ғасырда бұл кітап Бұхар, Самарқанд, Қарнақ, Түркістан сияқты медреселерде 12 пәннің бірі ретінде оқытылған. Содан білім алған ишандар мен ахундар қазақ сахарасында Мұхамбет жайлы көп қиссалар мен аңыздардың жайылуына түрткі болады. Жыраулар ел арасындағы жиын-тойларда міндетті түрде пайғамбардың өмірінен насихат айтуды дәстүрге айналдарған. Соның арқасында «Киік», «Қақпанға түскен киіктің хикаясы», «Қисса ан-хазірет Расулдың миғражға қонақ болғаны», «Көдек бала қиссасы», «Бозторғай», «Ыбырайым қиссасы», «Қисса Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі», «Мұхамбет пайғамбар» сияқты қисса-дастандар көптеп жарық көрді. «Сияр Шәріпті» тыңдаған ел-жұрт пайғамбардың кемел қасиеттерін әр түрлі қырынан тани бастады. Мысалы, «Киік» немесе «Бозторғай» қиссасында Мұхамбет пайғамбар өзгенің өмірі үшін өзін аямайтын, тіпті жан-жануарға дейін қамқор болатын тұлға ретінде айтылады. Енді «Ыбырайым қиссасында» ол ет пен сүйектен жаралған адам ретінде көрінеді. Баласының қазасына қайғырып, егіліп жылап төсек тартып жатып қалады. Ал енді «Мұхамбет пайғамбар» дастанында жауырыны жерге тимейтін палуан, әлсіздерді жылатпайтын нағыз батыр, алып тасты аспанға ататын қара күштің иесі ретінде сипатталады. Тіпті оған Хадишаның бала күнінен ғашық болғанын, оған арнап кестелі шапан, көрпеше сыйлағаны айтылады. Есейген шағында да пайғамбар парасатты қызға ғашық бола білетін жігіттің сұлтанындай суреттеледі. Қазақы қиссада пайғамбар тек Құдайдың дидарына ғана ғашық болып, әйел, бала-шағасын тасжүрек кейіпте құрбандыққа шалып кете беретін діни фанат ретінде баяндалмайды.

15481-6-_siyar_sh_r_p_otbasyny_ru

Бір байқағанымыз: қазақы сияр нұсқалары қисса дәстүрі сияқты уақытқа тәуелді емес. Тарихи хронология, логикалық үндестікке мән берілмейді. Қиссашы негізгі нысанаға пайғамбардың парасаты мен мейірім-шапағатшыл мінез-құлқын ғана алады.

Тағы бір баса айтатын ерекшелігі: Орта Азияда таралған «Сияр Шәріптің» ішінде пайғамбардың соғыстары өте аз кездеседі. Тіпті кейінгі 19-ғасыр мен 20-ғасырдың басында жырлаған Шәді төре Жәңгірұлының «Назым Сиярында» жорықта қару асынып жүрген Мұхамбет пайғамбарды көре алмайсыз. Сол кездегі сияр авторларының өзі агрессияға қатысты идеяларды туғызбаудың барлық амалдарын қарастырған. Тіпті, мәдениет өркендеді деген 21-ғасырда жиі айтылатын «мүшірік», «кәпір», «жиһад», «харам», «ширк» деген сөздер ол кездегі мәтінде мүлде кездеспейді десе де болады. Керісінше, біздің заманда ұмтыла бастаған мейірім-махаббаттан туындайтын барлық ізгі қасиеттерді мейлінше молынан уағыздауға тырысқан.

Пайғамбардың образын қазақи дүниетанымға бейімдеу үшін тіпті оның тұтынатын заттары мен сөйлеген сөздеріне дейін көшпелі өмірдің өрнегіне түсіруге тырысқан. Мысалы, «ат ойнатып», «шоқпар ұстап», «құрықпен іліп алып итше сүйреп», «ер-тұрман», «дырау қамшы», «тақия», «шапан», «саптама етік» деген сияқты сөз тіркестерін көп байқайсыз. Пайғамбар диалог құрғанда да қазақтың би-шешендері сияқты толғатып, мақалдатып сөйлейді.

1253936

Тәуелсіздік алған жылдары Мұхамбет пайғамбардың өмірі жайлы бірнеше кітап араб және түрік тілдерінен тікелей аударылды. Ол кітаптар пайғамбар өмірін барынша тарихи тұрғыда дәл беруге тырысқан. Хронология қатаң сақталады. Пайғамбардың ұлттық бет-бейнесі араби тұрғыда сипатталады. Географиялық атаулар мен адам аттары барынша араб тіліндегі нұсқасында жазылады. Пайғамбардың өсиеттері тірі диалогпен емес, орта ғасырдағы сірескен хадис форматында баяндалған. Үмбетті сақтап қалу жолындағы қарулы қақтығыстарды «қасиетті жиһад» деп ерекше шабытпен суреттейді. Егер біз қазақ сияры мен бөтен мәдениеттегі сиярды салыстырып қарар болсақ, қазақ халқына өзінің төл мәдениетіне жақыны жұғымды келеді. Ал пайғамбардың ақыл-парасаты мен қайталанбас көркем мінез-құлқы жоғарыда аталған «арабтық ерекшеліктің» тасасында қалады. Яғни, өзге мәдениетті зорлап таңуды жақтырмайтын зиялы жұрт ұлтшыл пайғамбарды қабылдамайды. Мұхамбет пайғамбар арабтың ұлттық батыры емес. Сондықтан да оның кез келген ұлт пен ұлыстың рухани әкесіндей болып көрінуі – заңды құбылыс. Осы заңдылық бұзылғанда әлемге рақмет үшін келген мейірімді Мұхамбет өзге жұрттағы үмбетінен оқшауланып, рухани көсемдік келбетінен айырылып, араб жұртына тәуелсіздік сыйлаушы саяси лидер сияқты болып қалады. Соның кесірінен орта ғасырларда Мұхамбетті мадақтаған жыр-дастандар халыққа қайта таралмайды. Мұхамбет әлемге ортақ тұлға болғандықтан, оның өмірі мен өсиеті қазақ мәдениетінің елеулі бір бөлшегін сөзсіз құрайды.

full

Ең қызығы: әлемді пайғамбардың нұрынан тарататын орта ғасырлық «Нури Мухаммад» концепциясы қазақ топырағына терең сіңген. Мысалы, қазақ арасында кең таралған жыр нұсқаларында бұл концепция былайша өріледі:

Ғаламнан он сегіз мың әуел бұрын,

Жаратты пайғамбардың асыл нұрын.

«Әуелі мақұлықатта нұрым» деген

Хақында дәлел болды хадис мұның.

Немесе:

Әуелі нұры жаралған,

Ақыры өзі жаралған,

Үмбетінің күнәсін

Бір Тәңірден сұраған

Құдайдың досы – Мұхамбет.

*** *** ***

1eea76d8d73a780d8bd17f209f63ae83

Кім білер әуел-ақыр Хақтың сырын,

Нәрсе жоқ бір өзінен басқа бұрын.

Ғаламға өзін заһар қылмақ үшін,

Жаратты Мұхамбеттің әуел нұрын.

*** *** ***

Әнбиялардың ішінде

Баршасынан абзалы

Мұхамбет екен алтыны.

Ең әуелі жаралып,

Он сегіз мың ғаламнан

Нұры бұрын балқыды, – делінеді.

Muhammad_20

Бұл концепцияның көп кездесетіні соншама: оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Бұл идеяның өміршең болуы да заңды. Себебі адам санасы жаралыстың түпкі бастауын тапқысы келіп іздеп тұрады. Бірақ тым құдіретті, өте тылсым Құдай тағала идеясына адам ақылы бойламайды. Ал нақты бір құдіретті бастауды көзге елестетуге мүмкіндік беретін «Нури Мухаммад» концепциясы адамның ақылына мықты тіреу болады. Бір қызығы: осы орта ғасырлық бұл идея біздің замандағы әлемді нақты ғылымның негізінде бір жарықтың жарылуынан тарататын «үлкен жарылыс» теориясымен де қабыса береді. Ең өкініштісі: СССР кезінде қазақ халқы осы ғажайып дүниетанымнан айрылып қалды. Бұл қазақ ұлтына орны толмас қасірет әкелді. Алаш баласының психологиясына, этнографиясына, ұлттық дүниетанымына, тұрмысына, дін ұстану салтына оңалмастай соққы берді. Қазақ даласында ғасырлар бойы синтезделіп шыққан тұтас бір мәдени қабат «Нури Мухаммад» концепциясымен бірге ғайыпқа сіңіп жоғалды.

Ал қазіргі исламды насихаттаушылар бұл идеяны мүлде пайдаланбайды. Оның орнын «барлық затты Алла жоқтан жаратты» деген бұлыңғыр идея басты. Соның кесірінен пайғамбардың ұлық образы тарыла түседі. Ол бейне бір өзі де күтпеген жерден Құдайдан уахи алып, жаңа дін үшін арпалысып өтіп кеткен батырдай баяндалады.

AllegoricalsceneofMohammedridingBur

Тағы бір біз байқаған ерекшелік: ортаазиялық сияр жазушылар пайғамбардың сыртқы киімдерін араби үлгіде сипаттауға үйір болмаған. Олар оның жомарт, міскінге қарасатын қамқор, жетімді жылатпайтын мейірімді, кешірімшіл, дұшпанға да әділ, ұлағатты ұл, адал жар, жақсы әке, сенімді жолдас, серттен таймас батыр, аң-құсты да аялай білген адами қасиеттерін насихаттауға барын салған. Мысалы:

Ол расул дүниедегі нұрлы жүзді,

Сөйлесе, өзі әдепті, шырын сөзді,

Өзі еңселі, сымбатты, ұзын бойлы,

Ат жақты, қиылған қас, қой көзді.

 siyer_i_nebi_bildergalerie32

Расулдың көлеңкесі болмас еді,

Үстіне бүрге, шыбын қонбас еді,

Нұр еді іші-тысы бәрі жарық,

Пақыр мен міскіндерге жолдас еді.

Ол расул шырын сөзді, нұр сипатты,

Сөйлесе, бек мүләйім балдай тәтті,

Бір Алладан басқадан қорықпаған,

Өзі жомарт, ғаділетті, мархабатты.

Сабырлы, тәуекелшіл, мейірбанды,

Әр жерде қысылғанға шапағатты, – деп суреттеген.

siyer_i_nebi_bildergalerie33

Пайғамбардың осындай рухани сүндеті мен кемел тұлғасын толық танымағандықтан да, кейбір дінге сенушілер қазіргі кезде оның сақал, балақ, сүндет киім сияқты сыртқы атрибуттарын ғана сіңіріп алады.

Ал көнеден жеткен сиярларда қазіргі кезде жай халық тұрмақ, дін ұстанатын жамағаттың өзі ұмытуға айналған және бір дәстүр бар. Ол – пайғамбарға салауат айту дәстүрі. Барлық сиярда салауат жолдаудың шарапатының маңызы тоқтаусыз айтылады. Қазіргі кездегі кейбір діншілдер тарататын «Мұхамбет деген – Құдайдың көп құлының бірі» немесе «жай елші ғана» деген түсінік мүлде жоқ. Керісінше, кез келген міскін салауатты көп айтумен пайғамбардың есімін екі дүниесіне де тірек қылады. Барлық қолжазбада қияметте пайғамбардың өзіне салауат айтқан момынға қалай жан ұшыра болысатыны неше түрлі нұсқада әдемі әсермен баяндалған. Біз сондықтан да бұл кітапта көне дәстүр бойынша салауатқа арнайы бір бөлім арнадық.

siyer_i_nebi_bildergalerie13

Бұл жолғы сиярдың ең үлкен жаңалығы – Мұхамбетті сүю, оның нұрына ғашық болу концепциясының насихатталуы. Бұл идеяға әу баста пайғамбардың «Кімде-кім мені ата-анасынан да артық жақсы көрмесе, кәміл иманның нұрына жете алмайды» деген хадисі негіз болған. Орта ғасырларда тақуалар рухани кемелдікке жеткен кезде пайғамбарға деген ғашықтық тебіреністерін арнайтын дәстүрі болған. Бұл олардың пайғамбар рухымен барынша үндескеніне айқын дәлелі саналатын. Олардың тебіренісі ынталы көңіл, шын жүректің эталоны ретінде қабылданған. Бұл эталондар шын иман іздеушіге бағдар сілтеуші рухани маяк қызметін атқарған. Мұндай дәрежеге олар Мұхамбеттің атына сансыз салауаттар айтумен көтерілетін. Дәл осы тебіреніс әлемдегі ең творчестволық туындылардың дүниеге келуіне түрткі болды. Арғы тарихты айтпағанда күні кеше ғана дүниеден өткен ақ жаулықты әжелер пайғамбардың аты аталса, газет-журналдан Мекке мен Қағбаның суретін көрсе, тебіреніп жылаушы еді. Қазір мұндай рухани халді жай адам тұрмақ, діннің жолына белсеніп түскен тақуаның бойынан да көре алмайсыз. Осы тебіреністің жоғалуы да – ислам руханиятының тоқырағанына дәлел. Сол себепті бұл кітапта әулие-ғұламалардың шынайы тебіренісі үлгі ретінде үзінді етіп берілген. Егер олардың өзін бөлек жинасаң, томдаған кітаптарға айналар еді.

Mahomet flamme

Кітаптың ең соңғы бөлімінде британиялық дінтанушы ғалым Карен Армстронгтың «Мұхамбет пайғамбар» атты академиялық еңбегінің бір бөлімі ықшамдалып берілді. Себебі онда жалпы Батыс әлемінің Мұхамбет пайғамбарды жек көру тарихын тарқатады. Кітап авторының ойынша, ғасырлар бойына бұрмаланып жеткен деректер еуропалықтардың Мұхамбет пайғамбарды теріс тануына әкеліп соққан. Оның әсері әліге дейін жойылмаған. Соның кесірінен Еуропа елдерінің кейбір баспасөз құралдары пайғамбардың карикатурасын жасаймыз деп дауға шатылды. Кей жағдайларда ондай даудың соңы кісі өлімімен аяқталды. К.Армстронг осы проблеманы барынша жұмсарту мақсатында пайғамбар туралы тұтас бір академиялық еңбек жазып шыққан. Бұл «Сияр Шәріп» бір шетінен сол еңбекті таныстыру болса, екінші жағынан мұсылман жұртына кең тараған «еуропалықтар Мұхамбетті жек көреді» деген таяз түсінікті жоюға септеседі.

free-595151023703709480

Біздің пайымдауымызша, ислам өркениетіне жалғанған қазақ ұлты әлі де «Нури Мухаммад» концепциясына мұқтаж. Әсіресе, дін бұзылып, қауіп-қатер көбейген қиын кезде оның маңыздылығы арта түседі. Осындай ата-бабасынан мирасқа қалған нағыз жауһари еңбектерден көз жазып қалғандықтан да, қазіргі қазақ жастары өзіне еш қатысы жоқ жат жердегі «жиһадтарға» аттанып жатыр. Біздің бұл еңбек ең болмағанда осындай қасіреттің алдын алуға аздап болсын септігін тигізеді деп сенеміз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мұсылман ғұламасы Асан ибн Сәбиттің сөзіне келеді. «Мен өлеңіммен Мұхамбетті мадақтаған жоқпын. Керісінше Мұхамбеттің атымен өзімнің жазған өлеңімді ұлықтап алдым». Сол сияқты біздің бұл кітап Мұхамбет пайғамбарды мадақтамайды, керісінше пайғамбардың өнегелі өмірі біздің кітапты мәңгілік мұраға айналдырады.

Санжар Керімбай

Пікір

  • Барекелди! АЛЛАНЫН НУРЫ ЖАУСЫН СИЗГЕ

    Нур 21.02.2016 02:37 Ответить
  • Ассалаумғалейкум «Дегдар» сайты оқырмандары! Баршанызға АЛЛАННЫҢ рахымы, адамзат баласының асылы — пайғамбарымыз Мұхамет (с.ғ.с) шапағаты болсын!
    Санжар Аға, ұлттық жадымыздағы көмескіленген «Сияр шәріп» эпикалық жанырын, қасиетті Мәуліт, «Нұри Мұхамат» концепциясын қайта жандандыру жолындағы еңбегіңізге табыс тілеймін! АЛЛА Тағала бойынызға беріп, қол-аяғынызға дерт бермесін!
    Бұл жолдың өте ауыр екенін, қалын қудың арасында сүйкімсіз қарғадай күй кешетінінізді білемін. Мойыманыз, АЛЛА Жар болсын!
    Осы жолдағы еңбектеріңіздің жемісін қатар жүрген, көз көрген замандастарыңыз татпаса да жас ұрпақ татып, мызғымас рухани дүниесінің ірге тасы айналдырсын!

    Ізгі телекпен, Аманкелді Садуақасов.

    Аманкелді Садуақасов 02.02.2018 16:18 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню