Сүлеймен мен жайын

88

Сүлеймен пайғамбар бірде Алла тағалаға:

– Иә, Алла. Бір тілегім бар. Айтсам, орындайсың ба? – деді.

– Айт, құлым, – деді Жаратушы.

– Күллі мақлұқаттың үш күндік ас-ауқатын мен берейін. Рұқсат етші, – деді.

– Рұқсат, – деді Алла. Сүлеймен дию-перілерді жинап алып:

– Таудан үш қазан қазыңдар да, біріншісін жеміс-жидекпен, екіншісін тағамдармен, үшіншісін сусынмен толтырыңдар, – деді. Далаға ұшы-қиырсыз дастарқан жайып, ішіп-жемді үйіп-төгеді. Мың періні сол жағына, мың диюды оң жағына қызметке қойды.

Сүлеймен жиған тамағына қарап, «мынадай аста-төк ауқат жан-жануар, жәндік атаулыны үш жыл тойдыруға жетеді ғой» деп ойлады да:

– Бәріне айтыңдар, ризықтарын менен келіп жесін, – дейді. Айтып аузын жиғанша, теңізден көк жайын шыға келді. Ол:

– Менің тамағым қайсы? – деді. Сүлеймен:

– Мына жерден қалағаныңша ішіп-же, – деді. Жайын үш қазандағы асты жұтып салды. Дастарқанда дым қалмады. Ол:

– Тоймай қалдым. Тағы бар ма? – деді. Пайғамбар сасып қалып:

– Бары осы, – деді.

Сонда жайын:

– Менің әлі әке-шешем, бауырларым бар. Олар не жейді? Ауқат тауып бере алмасаң, Құдайдың ісіне араласып нең бар? «Көтере алмайтын шоқпарды белге байлама» деген. Сенің кесіріңнен бүгін аш қалдық, – деді.

Сүлеймен өзінің орынсыз тілегі үшін Алладан кешірім сұрап, «Тойымдықты тек Тәңір берсін» деген екен.

 

 

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню