Жыр арқауы – Ясауи

24

Қазақ халқында бағзы заманнан Қожа Ахмет Ясауиге деген құрмет қалыптасқан. Ол жайында аңыз-әпсаналар, толғаулар мен дастандар кеңінен таралған. Қазақтың ұлттық тәрбиесінің бастауы Қожа Ахмет Ясауидің даналық ілімінде жатыр. Оның өмір жолымен, мұраларымен танысудың, ол туралы өнегелі жырларды оқудың жас ұрпаққа беретін пайдасы мол болмақ. Себебі біздің ата-бабаларымыз жас кезінде Әзірет Сұлтан мұраларын жадына сіңіріп өскен, сол арқылы білім мен ғылымға қызығып, адамгершілік, арлылық, мейірімділік қасиеттерін игерген. Қазақтың әр аймағынан шыққан ақын-жыраулардың Ясауи баба жайлы ғибратты өлеңдер шығарып, халыққа таратуы осыны дәлелдейді.

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз жөнінде қазақтың жыр-толғауларында келетін төмендегі шумақтарды балаға жаттатуға кеңес береміз.

 

…Бақытына қарай халықтың

Ұлығы мұндай пір шыққан

Атамыз Адай ұраннан.

Әзірет-ишан Әбдінің

Мирсалық деген пірі екен.

Қожа Ахмет Ясауи

Пірден пірге төре екен.

Силсаласы жалғасқан

Отыз үш ата жер екен.

Шежіресін көз көрді –

Кімдер жалған дер екен?!

Қардерлерді демеген,

Зарыққанды жебеген,

«Құр емес, – дейді, – зайырдан[1]».

 

***   ***   ***

Дәріс айтқан ұстазы

Үргеніште Бақыржан.

Ұстанған үлгі жолы бар

Құл Қожа Ахмет тақсырдан.

Алласы қалап әуелде

Уәлилерге бас қылған.

Миғражда нұрын көргесін,

Хақ Расулі паш қылған.

Арыстан баптай досына

Аманат-құрма тапсырған.

Солардың үлгі жолымен

Бекетім шықты дін түзеп,

Көкірек көзін аштырған[2].

 

***   ***   ***

Пәруар пірдің басшысы

Қожа Ахмет Ясауи

Түркістанда бұ да өткен

Туына жұртын түнеткен,

Кереметін асырып,

Жеті өлікті тірілтіп,

Мұсылманға қайыр-дұға еткен[3].

 

***   ***   ***

Қожа Ахмет Ясауи

Силсаласы силсалам.

Атын білген бар ғалам.

Хилафлық[4] қылып ол затқа,

Сөз айтпайды бір кәләм.

 

Іздеп тауып Арслан бап,

«Бері кел» – деді, – «Ей, балам»,

Шақырып алып баланың,

Нышанасын көріпті,

Аманатын Расулдың

Аузынан алып беріпті.

Атасының артынан

Жан баба деп еріпті.

Қожа Ахметтің сол уақытта,

Жетіге жасы жетіпті.

Арманым жоқ деп бабасы

Дүниеден сапар етіпті.

Көмектесіп періште

Лахадқа мадфун[5] етіпті.

Пайғамбарлар, уәлилер,

Біреуі қалмай өтіпті.

Айла таппай ажалға,

Өнерлілер кетіпті[6].

 

***   ***   ***

Бақса Қағба көрінген,

Басса жерлер түрілген

Құл Қожахмет Ясауи

Ладун[7] ғылымы берілген

Шапағат бер Сәлалла!!

 

Қайғылы көзден шығар жас,

Не көрмейді ғазиз бас.

Жәрдем бергей жар болып,

Бабай түкті шашты Әзиз

Қырда – Қызыр, ойда – Ілияс!!!

Шапағат бер Сәлалла!![8]

 

***   ***   ***

Тірегі мұсылманның ажам, араб,

Мұхамбет пайғамбардан шыққан тарап.

Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда

Кіші Мекке атанған алтын дарақ.

Алланың арыстаны Ер Ғалидың,

Мұхамбет Ханафиясынан өскен тарап[9].

 

***   ***   ***

Қожа Ахмет, Арыстан бап,

Түркістанда тұрағы.

Әлемге кеткен атағы,

Дін исламның шырағы[10].

 

 

 

Пікір

  • My prelbom was a wall until I read this, then I smashed it.

    Lele 21.06.2016 23:13 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню