ҚИССА СҮЛ-ӘНБИЯ

post45big3

Қазақ сахарасында өткен ишан, қожалар жас балаларға, ең алдымен, қиссаларды, аңыз, хикаяларды үйреткен. Көгілташ, Қарнақ медреселерінде оқыған шәкірттер Рабғузидің «Қисса сүл-әнбиясымен» танысты. Бұл үрдіс мың жыл бойы жалғасып келді. Олардың Сыр мен Батыс, Арқа өңіріндегі көрнекті өкілдері Шораяқтың Омары, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шегебай Бектасұлы, Қашаған Күржіманұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы, Сүгір Бегендікұлы Құран қиссаларын жыр-өлең түрінде шығарып, халыққа таратты. Соның арқасында қарапайым халық Құранның мазмұнына жетік болды. «Өнеге шашқан жыршылық, Құдайға бұл да құлшылық» деген сөз осыдан қалса керек. Қазақ фольклорын зерттеген В.Радлов: «Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бір «Жұмжұманың» әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді[1]» деген (В.Радловтың осы айтып отырған «Жұмжұмасы» кітаптағы «Ғайса пайғамбар қиссасына» «Қубас» деген атпен енгізілді). Қазақ даласында қиссашылдық дәстүр тамыр жайып, Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақтардың интеллектуалдық танымына қатты ықпал етіп келді. Ғалым Алма Қыраубаева қиссаларға «Қазақ ренессансының қайнары» деген баға берген. Оның пікірінше, қазақ даласы екі бірдей мәдени экспансияны бастан кешті. Алтын Орда кезеңінде араб, парсы мәдениетінің тасқыны түркінің төл дәстүрін, менталитетін айтарлықтай әлсіретті. Бұл кезде түркі тілі шеттетіліп, «поэзия тек парсы тілінде жазылады», «ғылым тек араб тілінде орындалады» деген пікір  қалыптасты[2].

Сол дәуірде ең алғаш Әли есімді ақын «Жүсіп – Зылиха» қиссасын түркі тілінде жырлайды. Оған басқа шайырлар үн қосып, пайғамбарлар қиссасын ана тілінде жырлауды дәстүрге айналдырды. Содан бастап, жойылуға шақ қалған түркі тілі  жанданып, көркем сөз жанры қайта өрлейді. Түркі нәсілді ғалымдар көптеп шығып, ғылымның әр саласында үлкен жаңалықтар ашады. Көшпенділер өркениетіне екінші рухани экспансия ХІХ-ХХ ғасырларда басталды. Ресей империясының миссионерлері Құран мазмұндарын Інжілмен алмастыру үшін арнайы аударма мектебін ашып, Інжіл сюжеттерін сол кездегі қазақ тіліне барынша жақын етіп аударып таратты. Ғалым Гүлбаршын Адамбаева 1860-1917 жылдар арасында қазақ тіліне осындай 72 кітаптың аударылғандығын жазады. 1895 ж. 5 шілдедегі Түркістан епархиясының кеңесіндегі хаттамада Орынбор оқу округінің 115 дана кітапты аударып, қазақ тілінде орыс әрпімен басып шығарғаны тіркелген. Сонымен қоса, хаттамада бұл кітаптардың қазақ халқын православие дініне кіргізуге үлкен ықпал ететіні, сондай-ақ миссионерлер үшін таптырмайтын көмекші құрал екендігі айтылады[3]. Ел ішіндегі көзі ашық, рухани майданға қабілетті сауатты қазақтар осы экспансияны тоқтатуға әрекет етті. Олар бұрынғы түркі-шағатай тілдерінде айтылған қисса сюжеттерін қазақ тілінде қайта жырлап, олардың барлығын кітап етіп шығарды. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Қазан, Уфа баспаларында 700-ге жуық кітап басылып шықса, оның 500-ге жуығы қисса-дастандар еді[4]. Ал қазақ тілінде кітап бастыру ісінде алғашқы кітап «Сейфүл-Мәлік қиссасы» деген атпен 1807 жылы Қазандағы «Азиатская типография» деген баспаханадан басылып шыққан. Сол жылы Қазан гимназиясына қарасты «Азия» баспаханасы Қазан университетінің қарауына көшіп, «Азиатская типография» деп аталып, біртіндеп қазақша кітаптар шығару ісіне кіріседі. Деректерге қарасақ, ХІХ ғасырдың бірінші жартысының өзінде он-он бес аталымдағы қазақша кітаптар басылып шыққан. Олардың дені шығыс және қазақ фольклорының үлгілері, түркі ақын-сопыларының шығармалары, әкімшілік-басқару құжаттары болды. 1807-1918 жылдары аталған университет баспаханасында 250 қазақ кітаптары басылып шыққан. 135 басылым 606300 данамен жарық көрген. Бұлардың арасында қазақ ауыз әдебиеті үлгілері мен көркем әдебиет басым болды[5]. Тарих қайталанады. Қазір де әртүрлі ақпараттар тасқынының арасында қалған көшпенділердің бүгінгі ұрпағы көне заманнан келе жатқан рухани қазыналарды оқып-үйренуге мұқтаж боп отыр.

«Қисса сүл-әнбияның» қолжазба түрінде халық арасына тараған бірнеше варианттары бар. Сан алуан фрагменттері әр ақынның туындыларында кездеседі. Қиссаларды көркем тілге лайықтап жазу барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының, Ерімбет Көлдейбекұлының, Сейітжан Бекшентайұлының шығармаларын пайдаландық. Зер салып байқасаңыз, қиссаларды оқығанда, сіз де бір сәтке әділдік патшалық құрған мәңгілік әлемге сапар шеккендей рақат күй кешесіз. Көңілдегі қайғы-мұң басылып, оптимистік қуатыңыз артады.

Түрік ғалымдары Али Акай, Кемал Полат, Ахмет Челик, Адем Акынжы, Әбдірахман Қасапоғлы, Мұстафа Өзтүрік, Хадиша Керпетен қиссаларды ғылыми тұрғыда зерттеп, оның адам өміріндегі мәніне назар аударған. Ә.Қасапоғлы «Құрандағы қисса терапиясы» деген мақаласында қиссалардың психотерапиялық ем ретінде қолданылатындығын дәлелдеген. Батыста бұл «библиотерапия» деген атпен 1930 жылдан бері сауықтыру тәсілі ретінде пайдаланылады.

 

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню