Миф пен логос немесе қисса мен қисын

DSC_0551

Осыдан 2-3 жыл бұрын бір қайнағам асқа шақырды. Қалмай бардым. Ас желініп, Құран оқылып, бата байланды. Содан соң әңгіме әр тақырыпта қыза бастады. Төрде отырған жасы 45-тер шамасындағы ер кісі қызық әңгіме айтып бастады. Мамандығы орман шаруашылығы сияқты. Ол күйіп-пісіп отыр.

— Мына ұятсыз чиновниктер Алматының етегіндегі жүз жасаған шыршалар мен қарағайларды он шақты жылдың ішінде түп тамырымен қопарды да, табиғатты мүлде жарамсыз қылды. Орнына қаптатып сарайлар салып тастады. Экология күйреді деген сол болады, — деді. Біреу:

— Нені жарамсыз қылды сонда?!– деді.

— Құнарлы қабатты құртты. Құртқанда да мәңгілікке құртты.

— Не болды сонша ақырзаманды төндіріп?!

— Жігіттер, мен сол саланы отыз жыл зерттеген маманмын. Ол былай: тауда құнарлы қабат деген болады. Оның қалыңдығы 30-35 см-ден зорға асады. Ол мың жарым, екі мың жылда әрең қалыптасады. Тауда жаңбыр мен қар көп жауғандықтан, шірінді қабат тез шайылып кетеді. Оларды жібермей ұстап тұратын негізгі фактор – таудағы арша мен шыршаның айқыш-ұйқыш тамырлары. Алып ағаштың тамырлары шаштай болып таралып, топырақтың астында өзара тордай болып тоқылған кезде тыңайған топырақты сумен ағызбай ұстап қалады. Осы қабат толық түзіліп болғанда тауда жерге көз көріп, құлақ естімеген өсімдіктер өседі. Жұтатын ауаң да сол кезде шипалы болады. Шыршалар жұлынғанда осының бәрі қоса құриды. Тауға қайтадан ағаш өсіру жүздеген жылдарға созылады. Ал құнарлы қабат екі мың жылда зорға түзіліп болады, — деді.

images

Біз қазақ қиссаларын насихаттаған сайын сол орманшының әңгімесі есіме түседі. Неге дейсіз ғой. 1917 жылғы Ресейдегі революция Ресейге де, бізге де оңдырмай соққы берген екен. Одан кейінгі зұлмат заман қазақтың өзін де, дүниетанымын да тоз-тоз қылған. Егер біз Х ғасырдан бастап Ислам өркениетіне жалғанып, содан бері мәңгілік мәдени құндылықтар өндіріп бастадық десек, қазақтың құнарлы мәдени қабаты мың жыл бойына түзілген болып шығады. Көне түркілік дәуірден келе жатқан ғұрыптардың бәрі Исламмен шарпысып, Құран рухымен суарылып, мазмұны жағынан әбден байығанша мың жыл уақыт өтті. Жанның қалауынан шығатын сұрақтарға да жауаптар Құранның негізінде жүйеленіп болғандай еді. Енді мыңжылдық тарихы бар, рухани тұрғыда әбден құнарланып алған мәдени қабаттың үстіне егілген кез келген өнер мен ғылым дүр  етіп гүлдене кетуі тиіс. Солай болды да. ХХ ғасырдың басында бұрқ ете қалған қазақ ғалымдары ерекше құбылыс болып көрінді. Олар ғылымның қай саласына түссе де, қопарып тастайтын. Қазақтың алтын заманы ұзаққа созылмады. Сталиндік зобалаң жылдар басталды. Билікті алған большевиктер қазақ ұлтын қынадай қырды. Ол да ештеңе емес. Атылғандар мен аштан өлгендер – бер жағы. Ең бастысы, тағы да тұлға туғызатын рухани құнарлы қабат қоса құрыды. Салыстырмалы түрде айтсақ, большевиктер мың жылда қалыптасқан мәдени құнарлы қабатты геноцид ұйымдастырып суға ағызып жіберген. Құнарсыз жерге не ексең де, татымды жеміс бермейді. Әйтпесе одан бері оқудың неше атасы шықты. Алдыңғы құбылыс қайталанбақ тұрмақ, нышаны да көрінген жоқ. Жаңа қазақтардың легі ғылым алаңына неше жерден қайраттанып кірсе де, бұрынғы жарқ еткен нұрды жаға алмай жатыр. Рухани құнардың аздығы білініп-ақ тұр. Дүниетаным өзінің тарихи сүрлеуіне түсе алмай тыпырлап жатқан сияқты көрінеді. Дінге қатысты жаңа танымдар мен көзқарастарды басқа елдерден аударып әкеп еді, ол да нәтиже бермеді. Творчество  мен мәдени кеңістікте жаңалық бола қоймады. «Отбасы хрестоматиясының» үш сериясын жазу барысында біраз нәрсеге көз жеткіздік. Қазақтың дүниені танитын екі көзінің біреуін большевиктер соқыр қылып тастаған. Бір көзі соқыр қазақтың модерн мәдениеті сондықтан мандымай тұрған сияқты көрінеді де тұрады. ХХ ғасырдың басына дейін қазақтар бір көзімен әлемді қисса,яғни миф, аңыз арқылы танитын. Қисса айту мәдениеті әр түрлі жыр-дастандармен түрленіп отыратын. Шығармашылық жұмыспен айналысатын көзі ашық адам негізгі рухани қоректі мыңжылдық мәдени қабатынан тартатын. Сосын тапқан қазынасын қалаған қалпына құя салатын. Совет өкіметі қиссашының да, қисса дәстүрінің де желкесін қиды.

h_1361137568_7771639_f34fb1edaf

Енді қисса айту дәстүрі үзілгенде оның арты неге апарып соғуы мүмкін дегенді де назарға алып қаралық. Осы мәселеге орай британдық ғалым Карен Армстронг былай деп жазады: «Біз, әдетте, көне заманның адамдары тура біз сияқты болған деп ойлауға бейімбіз. Алайда олардың рухани өмірі әлдеқайда өзгеше болды. Әсіресе, олар ойлаудың, сөйлеудің, білім игерудің екі түрін ойлап шығарды. Ғалымдар оларды қазір мифтік таным және логостық таным деп екіге бөлді. Екеуі де маңызды еді. Екеуі де ақиқатқа жетудің құралы ретінде қарастырылды. Бірақ әрқайсысы өзіне ғана тән таным алаңында қызмет етті. Миф негізінен тәңірлік уақытпен біздің мәңгілік болмысымыз жайында ғана толғайды. Тіршіліктің қайнар бұлағына үңілдіреді. Мәдениеттің түп-тамырын жасақтайды. Адамның ең терең жан қатпарларына бойлайды. Миф күнделікті дүнияуи тұрмыс-тіршілікке араласпайды. Адамзат ұрпағы өмірден баянды мән таппаса, соңы міндетті түрде өліммен аяқталатын тіршіліктен торығуға бейім тұрады. Сондықтан қиссалар осы дүние тіршілігіне де мағына сіңіру арқылы адамдардың назарын мәңгілік болмысқа аударуға тырысады. Тура мағынасында қабылдауға болмайтын аңыздық оқиғалар психологияның ең көне түріне жатады. Мұғжиза, кереметтер арқылы адам миына сыймайтын ерлік істер атқарып, жалмауыздармен алысып жүретін батырлар түпкі санадағы қараңғы көңілге сәуле шашады. Бұл құбылысты рационалды ғылыммен тани алмайсыз. Есесіне осы қиссалар біздің мінез-құлқымызға өте қатты әсер етеді. Біздің заманда аңыздар мен қиссалардың жетіспеуінен ішкі дүниеміздегі бос қабаттарды толтыру үшін психоаналитика деген жаңа ғылым ойлап шығарды. Діни аңыздарға деген рационалды ұстаным фундаментализм мен атеизмді туғызды. Бұл екеуі де – түп-тамырында бір-біріне байланып жатқан идеялар. Көбіне фундаментализм деп аталатын қорғану позициясына көшкен тақуалық ХХ ғасырда барлық ірі діндерде көрініс тапты. Яғни, діндарлар мифтен бас тартып, логосқа ден қойып, ғылыми дәлелдерге негізделген діннің «беріктігін» қалыптастырғысы келді. Фундаментализмнің кие мен қастерлі ұғымдарды тәрк еткен жаңа тенденциясы бұрынғы мейірімді Құдайды халық жадынан ығыстырып, оның орнына қаһарлы һәм адам сияқты санасып отыратын Құдай түсінігін орнықтырды».

mariam men gaisa

Оқуы озық кеткен елдің ғалымдары осылай деп ой толғап жатқан соң біз де төл танымды тірілту үшін қазақ қиссаларын әлеуметтік желіде тынымсыз насихаттап бастағанбыз. Бірінші кезде қазақтардың өз қиссаларын қабылдай алмай қиналғанын көрсеңіз! «Бұл не?! Ертектің жаңа түрі ме?!», «Құранда жоқ!», «Барлық ақиқат Құранда айтылып қойған, одан басқасы бізді адастырады», «Санжардың ойдан шығарған ертегілер еліне қош келдіңдер!» деген сыңайда кекетулер мен діншіл ұранның жалауы желбіреп тұрды. Бірақ табанды жұмыс жемісін бермей қоймайды. Атасы мен әжесінен естіген ескі қиссалар санада там-тұмдап тіріліп, шемен боп қатып қалған советтік танымды бұза бастады. Қазір қиссаны құмартып оқитындар мен тыңдайтындардың қатары көбейді. Әлі де ақпараттың аздығынан не болмаса басқадай себептермен қиссадан дәлел іздейдін таяз ойлы адамдар тобы кездеседі.

nuh

Айта кетелік, негізі ақылды адам қиссадан не болмаса аңыз бен мифтен дәлел іздемейді. Себебі қиссаның құрамында тарихи факті емес, иләһи хикмет болады. Адам көңіліне шырақ жағатын әдемі иләһи идея жатады. Егер аңыздың өн бойына жасырынған хикметтің мазмұны терең болмаса, адамдар оны қолданбайды. Үнемі құдайлық идеяға шөлдеп тұратын адамның жаны басқа жаққа бұрыла салады. Сондықтан қиссаны оқығанда оның өзегінде жатқан өнегелі хикметті нәзік көңілмен іліп алу да өнердің бір түріне жатады. Егер қисса оқып, одан ләззат алып, ішіндегі хикметін қағып алатын адам болса, ол құнарлы ойдың қабатына тереңдей түседі деген сөз. Ондай адам мәдениет туғызуға бейім болады. Бұл туралы Карен Армстронг бүй деп түйіндеген екен: «Мифті рационалды жолмен танып білу – қате. Аңыздарда жасырылған ақиқат сырларды сурет өнері, поэзия, мүсін өнері, музыка сияқты жүрекпен ғана сезіне аласың.

inventar2

Мифтер салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға араласып, сіңісіп олармен біте қайнасқанда ғана барлық ырымдар мен тыйымдарға эстетикалық жағынан жан бітіреді. Мазмұны киелі аңыздармен байытылған салттар мен ғұрыптар ғана оның сакральді мәнін ашып, тіршіліктің терең сырларына бойлауға мүмкіндік береді. Мифтер мен салт-дәстүрлерді бір-бірінен ажыратып алу өте қиын. Осы саланы әбден зерттеген ғалымдардың өзі «бірінші әдет-ғұрыптар пайда болды ма әлде аңыздар соған орай шықты ма?» деген мәселеде бір тоқтамға келе алмайды. Мифтер міндетті түрде мистицизммен астасып жатады. Яғни тылсым әлеммен тығыз байланыста болады. Егер салт-дәстүрлер мен иләһи ғұрыптар болмаса, жай ғана діни уағыздар мен аңыздар жұтаң тартып, адамға мәні ашылмас еді. Салыстырып айтар болсақ, дәстүрге айналып, тұрмысқа сіңіспеген аңыз-әңгімелер қағазға таңбаланған ноталар сияқты құрғақ абстракцияға айналады. Ноталарды музыкалық аспапқа салып ойнағанда ғана жаныңды рақатқа бөлейтін кереметтей күйлер төгіледі. Дәл сол сияқты салт-дәстүрлер ұрпақ арасында жалғасын тауып, ықыласпен орындалған кезде ғана мифтер мен аңыздар адам жанына жұбаныш беріп, рухына шабыт бітіреді».

Енді әңгіменің басына қайта ораламыз. Большевиктер астаң-кестеңін шығарып жойып жіберген мыңжылдық тарихы бар құнарлы мәдени қабатты қалпына келтірумен кез келген қазақ айналысса жақсы болар еді. Ол үшін қазақтың қиссалық аңызға құрылған мифтік танымын кері теппей, оларды барынша қолданысқа салуға тырыса беру керек. Бала-шағаның да құлағына қиссаларды құя берген ләзім.  Танымы терең адам биікке самғайды!

Санжар Керімбай

Пікір

  • Мифті зерттеу елімізде кенже қалған ғылым салаларының бірі. Музыкамен байланысы ғана емес, мифті алғаш рет музыка (Р.Вагнердің шығармалары толықтай осы концепцияға негізделген), музыкалық нота (Ж-К.Леви-Стросстың структурализмі партитура негізінде мифтің уникальды логикасын ашып берді) деп қарағандардың ғылыми нәтижелері әлемді шулатқаны зерттеушілерге белгілі. Сәкең тақырыпты жақсы таңдапты. Қазақстандық мифтанушылардың басты кемшілігі мифке тарихи көзқараспен қарайды, бұл концепцияны ең ұтымды пайдаланған және оның негізін салған Бахофеннің матриархат туралы теориясының өзі ғылыми дәйегі әлсіз дүние екені зерттеушілерге бүгінде белгілі. Дегенмен отандық мифтанушылар (өздері санаулы ғана) «үмітсіз шайтан» деп осы тарихи концепцияны (мифті танудың мақсаты тарихты қалпына келтіру, ал әдісін аллегория мен символизм деп танудан аспайды, көпшілік жағдайда) әліде мығым ұстануда. Сопылық дәстүрдегі зікір (ритуал) мен қысса-дастандардың (миф)ара-қатынасы тағы үлкен әігіме, бірақ бұл «тұтастықты» ислам дінінен кейінгі мифтікшығармашылықтың бір ғана бқлігі деп қарау керек. Исламға дейінгі құндылықтарды негізінен осы діни мифтік шығармашылық қазақи дәстүрлі мәдениетке бейімдегенмен, мыңжылдықтар бойы өмір сұрген көне интерпретациялардан айырылып қалдық (бұл кезекте алтайлықтар, сахалар, тіпті африкандықтардың мәдени универсальдарына жұгінуімізге тура келеді). Мифтің өзі рационалды құбылыс (леви-стросстық концепцияға жүгінемін), ал иррационалды тану оның эмпирикалық, яғни ритуалға қатысты бөліміне орай қолданылатын әдіс. Бір сөзбен айтқанда, қысса-дастан зікір айтқанда қориды. Ал Сәке, ритуалдың протомифтік құбылыс екендігі туралы позицияның көпшілік зерттеушілер тарабынан қолдау табатындығын ескерсек (менде қосыламын), онда мифке музыка («тірі эмоция») деп қарау кеңістік (синхронды дәстүр) пен уақыт (диахронды дәстүр) тұрғысынан да фундаментальды және алғы.

    Қазыбек Дауталиев 05.11.2015 18:48 Ответить
  • Шынымен де мифтен, аңыздан, қиссадан дәлел іздеудің қажеті жоқ. Ондағы кейіпкерлердің туған жылы мен өмір сүрген жылдарына академиялық зерттеу жүргізіп, кейбір оқиғаларды тарихпен дәлелдеуге тырысу, соның жолында том-том кітаптар жазу мен үшін уақыт пен күшіңді сарп ету секілді көрінеді. Бала кезден ата-әжеміздің қасында небір қиссаларды, жыр-дастандарды тыңдап өстік. Әжем марқұм компартияның мүшесі екендігіне қарамастан қазақтың салт-дәстүрінен ешқашан ажыраған адам емес. Атам марқұм төр сыныптық біліміне қарамастан бар білгенін, естігенінің барлығын айтып отыратын. Одан тыс бүкіл қазақтың әдеби классикасын жинап оқып, одан кейін мені оқытты. Оны түгесіп, тауысқаннан кейін әлем әдебиет0іне көштік. Бірақ әлем әдебиетінің классикасы мені қазақтың мәдениетіне, рухани байлығына, дініне жалғай алмады. Мен үшін жүздеген жылдар бойы қалыптасқан қазақтың мәдениеті атам мен әжемнің қисса-дастандары, аңыздары, одан кейін ішінара қазақ әдебиетінің туындылары еді. Сол аңыздарда қазақтың бар болмысы, бітімі, мінезі, тектілігі, мәдениеті мен руханияты жатқан еді мен үшін. Ал оның не пайдасы бар деген сұрақтар да болды. 90 жж. басында сырттан лап берген салафиі бар, христиандық пен Оңтүстік Азияның өздеріне тән діндері лап бергенде негізінен мұсылмандар тұратын біздің өңірге салып ұрып салафилік жетті. Келгендегі айтқандары қазақ СССР тұсында исламнан ажыраған деп соғып, оған большевиктер тынбай тынбай жырлаған қазақтың діні ислам мен шаманизм араласқан қойыртпақ дегенді қосты. Сол дін «ғұламаларының» алдында отырып бар уағызын тыңдағанда оларға деген белгісіз бір ішкі қарсылық тұрды. Әрине, мектепте оқитын мен оның қайдан шыққан қарсылық екенін біле қойған жоқпын. Бірақ әйтеуір қазаққа тән емес исламды бәрібір қабылдай алмады. Өйткені санамда бала кезден тыңдап өскен мифтер, аңыздар, қисса-дастандар мен жырлар антивирус секілді рөл атқарды. Сол «ұстаздар» қанша жерден аннан да, мыннан да дәлел келтіріп баққанымен дәлелді қажет етпейтін антивирус бәрін сүзгіден өткізіп отырды. Сондықтан мені қазақтың руханиатына жалғаған сол аңыздар мен мифтер деп айтар едім.

    Жандос Медетхан 11.01.2016 17:50 Ответить

Добавить комментарий для Жандос Медетхан Отменить ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню