Бала үлкеннен ақылдырақ (Л.Толстой)

51FNkfbO3PL._SX239_BO1,204,203,200_

Биыл көктем ерте түскен. Қар еріп, сай-саламен ағып жатқан кез. Тек ауылдың ішінде ғана әр жерде ағараңдаған қар жатыр. Екі көрші үйдің арасындағы алаңқайға еріген су жиналып, кішкене батпақты көлшік пайда болыпты. Осы көлшікке ойнауға көршінің қыздары келді. Біреуінің аты – Малаша, екіншісі – Акулькина. Акулькина Малашадан бірнеше жасқа үлкен. Шешелері олардың үстіне жап-жаңа сарапан көйлек тіктіріп кигізіпті. Малашаның үстіне көк, Акулькинаның үстіне сары сарапан. Екеуі де бастарына қызыл орамал тағыпты.

Олар әдемі киімдерін бір-біріне көрсетіп, мақтанысып болып, әлгі көлшікте ойнауға кірісті. Кішісі аяқ киімімен лай суды кеше бергенде, үлкені:

— Малаша, лай суды кешпе, анаң ұрсады. Мен қазір аяқ киімімді шешіп, жалаң аяқ кешейін, сен де сөйт, — деді.

Қыздар аяқ киімдерін шешті. Етектерін жинап, батпақ суды кешіп, бір-біріне қарсы жүрді. Су Малашаның тобығына дейін жетті. Ол:

— Акулюша су терең екен. Мен қорқып тұрмын, — деді.

— Ештеңе етпес, анау айтқандай терең емес. Қорықпай тікелей маған қарай жүр,-деді. Екеуі батпақ судың ортасында кездесті. Акулькина:

— Малаша, сен суды қатты шашыратпай, жайырақ шаш,-дегені сол еді, айтып ауыз жиғанша, Малаша аяғымен суды былш еткізді. Лай су Акулькинаның сарапанына шашырады. Сарапан былғанды, мұрны мен көзі де лай болды. Киімінің былғанғанын көрген Акулька Малашаға қатты ренжіп, ұрсып берді. Көрші қыздың киімін байқаусызда былғап алғанын көрген Малаша қорқып кетіп, көлшіктен шықты да, үйіне қарай қашты. Осы кезде Акулькинаның анасы қызының үстіндегі жаңа сарапанның былғанғанын байқап:

— Оңбаған, үстіңді қай жерде былғадың? – деді.

— Бұны Малаша істеді. Аяғымен балшықты шашып жіберді, — деді.

Акулькинаның шешесі Малашаны ұстап алып басынан бір ұрды. Малаша жылағанда бүкіл көшені басына көтерді. Мұны естіп Малашаның анасы да далаға шықты. Ол көршісіне келіп:

— Қызымды неге ұрасың? – деп дүрсе қоя берді. Сөзден сөз шығып екі көрші ұрысып қалды. Артынша еркектер де үйлерінен шығып, көшеде адам саны көбейді. Бәрі бір-бірімен айғайласып жатты. Бірін-бірі тыңдамайды. Біреуі екіншісін түртіп қалып еді, тіпті төбелес басталып кете жаздады. Сол кезде ортаға Акулькинаның әжесі түсті. Ол:

— Қарақтарым-ау, бұларың не? Ендігі жетпегені осы еді! Балалардың бірге ойнағанына қуанудың орнына ұрыс шығарғандарың қай сасқандарың? Киім бүлінсе жуылады, бұлар ойын баласы емес пе? Соған бола жаға жыртысасыңдар ма? — деді.

Бірақ, кемпірді тыңдайтын ешкім болған жоқ. Тіпті өзін құлата жаздады. Ұрыс күшейе бастады.

Осы кезде Акулькина сарапанының балшығын уқалап түсіріп кетіріп, қайтадан далаға ойнауға шықты. Ол өз үй жағында бүрісіп тұрған Малашаны қолын бұлғап шақырды. Олар әлгі лай судың жанына қайтадан келіп, жерде жатқан бір тасты алып еді, жиналған су көшеге қарай аға бастады. Қыздар суға қайық етіп, ағаш жаңқасын тастады. Жаңқа қайық сияқты жүзгенін көрген олар, күлімсіреп қуанысты.

— Қайықты ұста, Малаша, ұста! — деп айқайлайды Акулькина. Ал, Малаша оған жауап бермек түгелі, күлкісін тия алмай жатты. Ағын су көше бойлап аға бастады. Екі қыз осылай жаңқаның суға бір батып, бір шыққанын қызық көріп, ұрыс болып жатқан жерге де жетті. Оларды көрген кемпір:

— Әй, болды енді, ұрысты тоқтатыңдар. Құдайдан қорықсаңдар нетті? Осы қыздар үшін бір-біріңді өлтіріп тастауға әзірсіңдер. Ауыздарыңнан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр. Ал, мына балалар болса, ренішті баяғыда ұмытып, татуласып кетті. Қараңдаршы қайтадан мәз болып, бір-бірімен ойнап жүр. «Құдай ақы» дейін, мына балалар сендерден ақылдырақ! Білдім, оқыдым, толдым деп алып, әлі ұрысып жатсыңдар. Осыншама ұрысқанда не тапқыларың келді? Түбі не? Егер адамның бәрі осы балалар сияқты болса, әлемде соғыс та, қырқыс та болмас еді, — деді.

Сол кезде барып ересектер бүлдіршіндерге қарап өз істеріне ұялды. Тіпті осыншама ақымақ ұрыстарына басын шайқап, күлісіп жатты. Кемпір:

— Әй, шырақтарым, «көңілдерің баладай болғанша, Тәңір дәргағына кірмейсіңдер!» деген осы. Құдайдан үмітің болса, мінезің баладай болсын, — деп сөзін аяқтады да, үйге қайтты.

Аударған: Жүрсін Кәрім

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню