Төрт шадияр

0GT8opT8CFk

Қазақта «досың кім?» – деген дәстүрлі сұраққа төрт шадияр деп жауап береді. Олар – Әубәкір, Омар, Оспан, Әзіреті Әли. Бұларды исламда Мұхамбет пайғамбардан кейінгі төрт абзал халиф деп атайды.
Қазақ танымындағы адамның төрт досы. Ақыретте пайғамбар үмбетіне болысады деп сенеді. Қиямет қайымда барлық адам таразы мизамға тартылады. Періштелер адамның сауабы мен күнәсін өлшейді екен. Сол кезде әділетті Омар Мұхамбеттің үмбетіне болысып, күнә мен сауаптың дұрыс есептелуін қадағалайды. Барынша үмбетке бүйрегін бұрады. Егер мұсылман адамның күнәсі басып кетіп, қиын жағдайға тап болып жатса, жәрдемге Әубәкір жетеді екен. Ол өмірде жомарт әрі бай болған кісі.
– Мұхамбеттің үмбетіне сауап жетпесе, менің сауабымды алыңдар, – деп өзінің сауабынан бөлісіп, қиындықтан құтқаруға жанын салады.
Мұсылманның сауабы сонда да жетпей жатса, Ұлық Алла Құран жібереді. Құранды оқыса жетпіс мың күнәсі жойылып, амал дәптеріне жетпіс мың сауап жазылады екен. Алайда, мұсылманның көбі арабша хат танымай қиналады. Сол кезде үшінші шадияр Оспан келіп:
– Мұхамбеттің үмбетінің орнына Құранды мен оқып берейін, – деп Құран Кәрімді бастан аяқ оқып береді екен.
Мұсылманның күнәсі оған да толық жойылмай, қалдығы қалады екен. Періштелер оны тозаққа сүйрей жөнелгенде, алдарынан Әзіреті Әли шығады екен. Ол зұлпықарын суырып:
– Мұхамбеттің үмбетін тозаққа жібермеймін. Оған тағы бір мәрте мүмкіндік беріңдер. «Ұлық Алла сүйікті пайғамбарына салауат айтқан адамның күнәсін жеңілдетемін» деген. Ең болмаса, пайғамбарға салауат айтсын, – деп араша түседі.
Сірә, оған да болмай, тозаққа түскендерді шаяны бар шұңқырдан тартып шығарады екен. Сол кезде мүбәрәк пайғамбар жетіп келіп, үмбеттеріне болысады деседі.
Мұхамбет пайғамбардың жалғыз ұлы Ыбырайым дүниеден өткенде, пайғамбар қырық күні қайғыдан бас көтермей жатып қалады. Себебі, залымдар пайғамбарды «қубас» деп кемсітетін. Ұлық Алла сүйікті пайғамбарына көңіл айтып:
– Ей, Мұхамбет, ұлым өлді деп қайғырма. Барша үмбетіңді ұлыңдай көр. Сенде ұрпақ болмайды, сенде үмбет болады. Олар қиямет қайымға дейін өмір сүреді, – дейді. Осыдан соң ғана пайғамбар еңсесін көтеріп, үмбеттерімен қауышу үшін сыртқа шығады. Меккенің барлық жұрты жиылып кеп пайғамбарға көңіл айтады.
Бұл кезде Әубәкір, Омар, Оспан, Әзіреті Әли төртеуі Ыбырайымды арулап жер қойнына тапсырып, жөн-жоралғысын атқарып қойған екен. Бұл жайында «Ыбырайым қиссасында» былай жырлаған:
– Сүйегін Омар ұстап, Оспан жуды,
Әубәкір құманымен суын құйды.
Алланың арыстаны Әзіреті Әли,
Бас жағында иман айтып қарап тұрды.
Пайғамбар олардың риясыз қызметіне риза болып:
– Ұлымды ақтық сапарға шығарып салып, ақыреттік досына айналдыңдар. Бұдан былай барлық үмбетімнің ақыреттік досы болыңдар. Қияметте оларға шапағат етіңдер, – деп бата берген екен.
Содан бастап Әубәкір Сыдық, Әділетті Омар, Қари Оспан, Әзіреті Әли төрт шадияр мәртебесін иеленіпті.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню