Өркениетті бас қосу | DEGDAR

Өркениетті бас қосу

11696722_1674399272846239_264003011_n

Осыдан – бір жарым ай бұрын қаладағы ирантанушы курстастарым телефон толғады:

– Санжар, үйдесің бе?

– Иә.

– Кеше Парижден Фрэнцис Ришар келген. Бес күн біздің мамандарды оқытады. Сенбі, жексенбіде бос. Ағаны бір жерде қонақ қылсақ па деп едік. Сен ішін пыстырмай әңгіме айтып отырсаң, жақсы болар еді. Не дейсің? – деді. Мен:

– Әй, қыздар, әлем бойынша қаланың бәрі бір-біріне ұқсас боп келеді. Айырмашылық ауылда болады. Не істейсіңдер оны ресторанға апарып?! Одан да шалды ертіп маған үйге келіңдер. Қызық осында болады, – дедім. Қыздар қуанып кетті. Оның үстіне мен жаққа келуге сылтау да таппай жүрген. Ал сонымен үйде дайындық басталды. «Ал, бибі, дұрыстап дайындал. Бар өнеріңді сал. Өлтіріп ет ас. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген деп нықтап қойдым. Айта кетейін, былтыр тамыз айында Ришар көке Алматыға келіп, біздің жас ғалымдарға бір апта сабақ өткізген. Мен де сол кезде қатысқам. Әлемде салмағы бар айтулы ғалым. Көне қолжазба оқудың хас шебері. Хош, сонымен сенбіге де жеттік. Тықыршып күтіп отырмыз қонақтарды. Бір кезде дүрілдеп кеп көлік те тоқтады үйдің жанына. Балалар уралап атып шықты. Үш курстасым француз ғалымын ортаға алып кіріп келді. Шұрқырасып, амандасып, қал сұрасып мәре-сәре болдық та қалдық. Қария былтырғыдай емес, әжептеуір қартайып, шау тартып қалыпты. Түрі кенеп сияқты бозарып кетіпті. Ішімнен «Ер арыса әруақ» деген осы екен-ау деп ойлап қоям. Құрметтеп төрге шығарып жатырмыз. Ол болса, нағыз ғалым адамдарға тән сынық мінезбен төрге шығуға ұялып, шетке отыра берейін деп тартыншақтап тұр. Қоймай шығардық. Амандық саулықтан соң әңгіме басталды да кетті.

– Мүсие Ришар, сізді қаладан арнайы алдырттым. Қаланың бәрі бірдей. Қайтесіз ол жақты?! Қызық ауылда ғой. Оның үстіне әлем бойынша шешілуі қиын екі проблема бар. Соның екеуін де бүгін сіз үшін шешіп қойдық, – дедім.

– Иә, ол не проблема еді? – деді жымиып.

– Біріншісі – экологиялық таза тамақпен қоректену. Мына алдыңыздағы салаттың бәрі бақшадан шыққан. Өзім еккем. Малдың қиынан нәр алған. Дәрісі жоқ, таза шіріген көң жеген, – дедім.

– Ой, Сәке, рақмет! Рас айтасыз. Ол – шынымен де күрделі мәселе. Бәрін дәрілеп бітірді ғой қазір, – деп риза боп күлді де,қолдан жасалған компоттан сылқылдатып мейірі қанғанша іше бастады.

– Екінші не еді? – деді шөлін қандырып болып.

– Екіншісі – рухани сұхбат! Өзіңіз де жақсы білесіз, қазір адамдармен аңдыспай, ішке қулық сақтамай, біреудің әлсіз жерін аңдымай, ақжарқын халде әдемі әңгіме дүкен құру деген мұңға айналды. Бүгін бізде сондай шанс боп тұр. Бір армансыз отырып әңгіме дүкен құрайық. Францияға қыдырып барып, Эйфель мұнарасының фонына суретке түсіп, сосын оны Фейсбукке салып қойғанға Париж жақсы, әрине. Бірақ емін-еркін отырып адамша әңгіме дүкен құрғанға біздің ауыл жақсы, – деп едім, Ришар көке қарқылдап күліп жіберді.

– Иә, оныңыз да рас. Елдің бәрі сол жерге суретке түсіп мақтанғанды жақсы көреді.

– Мен сізге бір қызық айтайын. Қай жылы екенін Құдай біледі. Кімнен және қашан естігенім де анық есімде жоқ. ХХІ ғасыр басталған соң  әлемнің ойшылдары Парижге жиналып, «Өркениет деген не? Өркениетті адам деп кімді айтамыз?» деген мәселені ортаға алып талқылапты.

– Хм, қызық екен мына сөз. Естімеппін. Ал, содан не депті олар?

 

12071874_1674398622846304_796062233_n

– Олар айтыпты: Бұрынғы көзқарастар әбден ескірді. Бұрын өркениет деп темір жол салынған, асфальттар төселген, телефон тартылған елді мекендерді айтушы едік. Қазір қараңдар, төбесі көк тіреген қала қайда жоқ? Барлық жерде бар. Африкадағы балалардың өзі смартфонмен интернетке жалғанып алды. Ғарышқа ұшу да өркениеттің белгісі болудан қалды. Бүкіл әлем бір интернетке байланған. Енді  цивилизация дегенді қайта анықтау керек.

– Иә, олар не тоқтамға келіпті?

– Олар бүй депті: Болашақта егер қандай да бір адам елі, тілі, діні, түрі, нәсілі мүлде бөлек, мүлде бөтен басқа бір елдің пендесімен жолығып қалғанда діни дауға шатылмай, мәдени қайшылыққа түспей, ортақ рухани тақырып тауып, бір-бірінің мәдениетінен ұқсастық көріп, дұшпандаспай, бірін бірі кекетіп-кемсітпей достық пейілмен әңгіме құра алатын жағдайға жетсе – сондай адамдарды ғана өркениетті адам деп атайық. Өнердің осы түрін цивилизация деп атайық деп келісіпті, – дедім.

– Мынау шынымен де қызық көзқарас екен. Иә, расымен де солай. Интригасыз өмір сүру қиын-ақ. Қайда барсаң да, қырқыс. Маған мына көзқарас ұнап қалды, – деді. Сөйтіп отырғанда ет келді. Аудармашы жігіт  ет турай бастады. Жамбасты алды да: «Бізде қазақта солай. Әр қонақтың өзіне тиесілі мүшесі болады. Мынау – жамбас. Құрметті қонаққа ғана тартылады», – деп алдына қойды. Мен:

– Мүсие Ришар, кеше сізге жамбас іздеп, арнайы базарға бардым. Мына жамбасты 3 сағат іздеп зорға таптым. Сатушы менен: «Мынадай семіз жамбас жейтін неғылған авторитет ол?», – деп сұрады, – дедім. Ришар көке:

– Нәмарт демедің бе? – деген кезде аудармашы дауыстап күліп жіберді. Ол:

– Нәмарт дегені парсыша «Жай жүрген мүсәпір біреу. Қайдағы авторитет?!» дегені ғой, – деді. Ришар:

12165724_1674399236179576_1200251304_n

– Жалпы ғылым қуған адам авторитет болуға қызықпауы керек. Ғылым жинаған сайын ғалым адамның басы төмен қарай иіле беруі керек. Ғалым адам басын шалқақтатқан сайын оның кеудесі қуыс, қауашақ адам екенін бірден білуге болады. Сондықтан мені аса көп құрметтей бермеңіздер, – деп қойды. Ол солай дегенде миыма «Бидайдың басын көтергені – дақылының жоқтығы, жігіттің кеудесін көтергені – ақылының жоқтығы» мақал сап ете қалды. Ананы, мынаны әңгіме қылып біраз отырдық. Қыздардың бірі Арқаның екіншісі Семейдің тобылғымен ысталған супер қымызынан екі литрден ала келіпті. Талай елді шарлаған Ришар көкем бал қымыз бен құнан қойдың сорпасын кезек-кезек сіміріп отыр. Ол:

– Қазір немен айналысып жүрсің? –деді.

– Қазір сияр жазып жатырмыз. Әрі кетсе бір ай шамасында жарыққа  шығып қалуы керек.

– Сияр туралы жазуға қорықпайсың ба? Қазір дау іздеген бір адам. Қанша игілікті іс қылсаң да, тырнақ астынан кір іздеп, дауға шатылғанды жақсы көреді. Адамдарды түсініп болмайды.

– Меніңше, қорқып қажеті жоқ. Елдегі бос вакуумға әсіредіншілдер онсыз да жиһадшы Мұхамбетті тықпыштап, сондай соғысқұмар пайғамбардың образын санада қалыптастырып жатыр. Біз егер сыннан қорқып отыра берсек, енді бір он бес жылда фанатик пайғамбардың бейнесі елдің миына сіңіп болады. Сондықтан рухани вакуум толмай тұрғанда мейірімді Мұхамбеттің образын сақтап қалу керек. Сол үшін барымызды салып-ақ жатырмыз, – дедім.

– Материалды  қайдан аласыңдар?

– Бізде революцияға дейін жазылған қазақша сияр түрлері көп. Соларды сүзіп бір жақсысын құрастырып шығаруға болады. Ғалымдар олардың академиялық түрін аз ғана тиражбен шығарған. Тек кітапханада ғана сақталады. Сатылымға шықпайды. Оның үстіне үкімет те оларға жартымсыз жалақы төлейді. Көсіліп жұмыс істеуіне еш мүмкіндік жоқ. Соның кесірінен біздегі ғалымдардың еңбегі елге жетпей жатады. Парижде енді ол жағы жақсы жолға қойылған ғой.

– Кім айтты Францияда ол жағы жолға қойылған деп?! Ол былай: Үкіметтің аз ақша бергені дұрыс емес, әрине. Бірақ ғалымдар да қамдану керек ондай кезде. Яғни көз майын тауысып шығарған дүниесін елге сатып ақшаға айналдыру керек. Егер олай ете алмаса, қаржылық қиындыққа тап болады. Академиялық ортаның ең әлсіз тұсы – осы.

– Иә, дұрыс айтасыз. Себебі академиктер қолжазбаны архивтен алып шықпаса, біз де түк жаза алмас едік. Ал олар өздері онымен айналыспайды.

– Әлем бойынша солай. Мысалы, біздер халықаралық конференцияларға барамыз. Отыз шақты ғалым жиналып алады да, кімде қандай жаңалық бар екенін сұрасады. Бір-бірімен ақпарат алмасады да, елдеріне тарап кетеді. Негізінде бізден соң тағы бір звено болу керек. Яғни сіресіп тұрған академиялық форматты жұртқа жұмсартып жеткізетін. Сонда ғана ілім діттеген жеріне барып дәл түседі. Бұл жағынан алғанда Франция да жетісіп тұрған жоқ. Иә, Парижде  академиялық орта күшті. Мамандар мықты. Бірақ ол білімнің қалың көпшілікке жетуі қиын. Францияның ауыл аймағындағы жастармен ешкімнің де ісі жоқ.

– Сонда олар да қараусыз ба?

– Иә, олар не ішім, не жеймін демейді. Бәрі бар. Бірақ арман-мақсаты жоқ. Олар мақсатсыз үйленеді. Сосын ажырасады. Қайтадан үйленіп алады. Не істеп жүргендерін өздері де білмейді.

– Үкімет бұл мәселені шешуді қолға алмай ма?

– Біздің Үкімет сыртын жылтыратқанды жақсы көреді. Олар  Еуразиялық одаққа кірсе, сосын АҚШ-тың көңілін тапса – соған мәз. Ал кейінгі ұрпақтың жайы не болады, оған ешкімнің басы ауырмайды, – деп бір тоқтады.

– Иә, қызық екен. Францияда дәл осындай деп ойламаппын.

– Иә, солай. Ол жағынан алғанда сендер ең маңызды звеноға отырып алыпсыңдар. Әлем бойынша осы саланың адамдары аздық етіп жатады, – деді.

Шыны керек, Ришар көкенің мына пікірі маған жігер сыйлады. Себебі осыған дейін бізден басқаның бәрі алдымызға түсіп алып, қара көрсетпей шауып бара жатқан сияқты көрінетін. Рухани қоректі заманға лайықтап беріп отыратын белдеуде адамның аздығы анық болды. Олай болса, бұл жұмысты барынша белсендірек атқару керек екен деп бекідім. Ол кісі ирантанушы болғандықтан, сопылар айтатын хикая, қиссаларды өте көп біледі. Қандай қисса айтсаң да, «Иә, мұны оқығам, иә естігем» деп жалғастырып  отырады. Бір кезде мен:

– Осы сіз ешкі малы соятын кезде неге бақырады, білесіз бе? – дедім.

– Ох, оны білмейді екем.

– Онда талай қызықтан қалған екенсіз.

– Ал, айт, – деді. Майын тамызып айтып бердім. Аудармашы жанын шығарып тұрып аударды. Ришар көке дән риза болды: «Шынымен де бірінші рет естіп отырмын. Кім ойлап тапса да,хикаяны қатырған екен», – деді. Арасында үзіліс жариялап Яссауидің хикметтерін тыңдап алдық. Бала-шаға құйқылжытып жарты сағат хикметпен өрілген ара зікірін айтып берді. «Ой шашыраған кезде концентрация жасауға таптырмайтын зат екен», – деп көңілі жайланып қалды. Көңілі жайланғанын сонан біліңіз сүт қосылған күрең шайды сораптап тұрып ішкен кезде бибіміз шайды зорға құйып үлгеріп отырды. Еуропалықтар тек лимонмен қызыл шай ішеді деген кредосы жайына қалды. Мен:

– Осы сіздің төртінші толқын туралы теорияңызды талай рет естідім. Соны тағы бір айтып бермейсіз бе? – дедім. Ол:

– А, иә, оны талай жерде айтып жүрмін. Алдыңғысын білесің. Адамдар егін егіп, қамба қазып, плотина жасап, қала салды. Үңгірдегі аштықтан ақыры құтылды. Сосын бумен жүретін машина шықты. Темір жолмен дүниені торлады. Одан кейінгі ғылыми жаңалықтар әлемді төңкеріп жібере жаздады. Үшіншісі – интернет. Ақпараттар тасқыны туды. Елдің бәрі тапқан затын интернетке төгіп әлек. Енді төртінші толқын сәл басқаша болады. Ғылымы озық елдер барынша аталарынан қалған рухани қазыналарын жинап әлек. Былайша айтқанда әкелерінен қалған есті әңгімені жинап жатыр. Мына сіздердің сиярды жинағандарыңыз сияқты, – деді.12166921_1674398936179606_509071341_n

 

Сол кезде менің миыма тағы да Ырысбек Дәбейдің «Әкелеріміз айтатын әңгімесі» сап ете қалды. Ойпырмай, осы біздің Ырысбек әулие болмаса етті деп ойлап үлгердім. Кім біледі, бәлкім расымен де Ырысбектің жұп-жұқа көк кітабының ерекше сұранысқа ие болғаны біздің елде туып үлгерген рухани толқынның нышаны шығар деп жақсылыққа ырымдап қойдым. Осылайша талай қызық әңгімені қыздырып, бірнеше шәйнек шайды тамам қылдық. Қонақтар қайтуға ыңғайланған кезде:

– Бізде отбасына жақсы адам келсе, балаға жасайтын жақсы ырым бар. Қазір сіз кеткен соң, орныңызға бір баламды аунатып аламын, – дедім.

– Иә, алты балаңыз бар екен. Бір балаңыз ғалым болсын деп тілейік, – деді. (Ол кезде жетінші бала кезек күтіп жатырда жатқан).

Сонымен улап-шулап, жамырап, бала-шағамен суретке түсу басталды. Есік алдына шыққан кезде:

– Қайырлы отырыс болды. Расымен де өркениетті бас қосу болды. Енді мен де сіздерді Париждегі үйіме қонаққа шақырам. Жолдарың түссе, үйге соғыңдар. Эйфель мұнарасына суретке түсіп, Фейсбукке салу үшін емес, бізбен де рухани әңгіме-дүкен құру үшін келіңіздер, – деп тебіреніп шақырып жатты. Бәріміз алғыс айтып жатырмыз. Француз қариясы алдыңғыдай емес, қымыз бен сорпа ішкен соң ба,екі бетіне қан жүгіріп, кәдімгідей шырайланып ширап қалыпты. Жүрісі де ширақ боп қалған сияқты. Көлікке мініп жатқанда Ришар көкемнің көзі мұңды көрінді. Маған оның көзі«Парижде тұрғанымды, төрт-бес шет тілін меңгергенімді қайтейін, қазақ тілінде қиссалар мен қазақша сиярды оқи алмаған соң бәрі бекер екен-ау. Бір кем дүние… Уа, дариға!» деп өкініп бара жатқандай көрінді. Мүмкін, кім біледі, бәлкім ол басқа нәрсені ойлап мұңайған шығар. Мен енді өзім тек қиссалар туралы ойлай беретін болған соң, елдің көзіндегі мұңның бәрін солай тәпсірлей беретін де болып қалған шығармын. Не болса да, анығын Алла біледі енді…

Пікір

  • Jaraisyz!

    Damira 15.10.2015 18:58 Ответить
  • Дүниеде адамдар дініне,тіліне,шекараға,ұлтына бөлінбей тек жақсылықты ғана ойласа осындай жарасымды сұхбат пен достық күшейер еді.

    Сәкен 30.10.2015 20:15 Ответить
  • Қандай жағымды әңгіме! Тұшынып оқыдым. Шіркін, Ришар көкенің нені ойлап мұңайғанын білсек қой…

    Динара 07.12.2015 12:23 Ответить
  • Керемет, сөз жоқ

    Берік Төлеуішұлы 30.01.2016 10:52 Ответить
  • Ассалаумағалейкум,осындай алкада отырып айткан ангимелеринизди салып отырсаныз…Мына айтады гой,галымдармен,кокиреги ояу адамдармен сухбаттас болсаң,коктемги жауынның кургак жерин суарганындай,адамнын оли журегин де суарады деп. Мундай сухбаттарда болу карапайым биз ушин кол жетпес нәрсе гой. Сау болсын,Санжар агамыздын арасында неше турли орталарда болгандай болып журмиз гой. Алла разы болсын. Ал,ана Ришардын мунын мен ойлаймын,ол шалга өркениетте болса да сол Францияда Биби жеңгем кусап,еринин Созин еки етпей,конактын бабын жасап,шайын куйып жугирип журетин кайда келин?Казактын копбалалы жануясы,уйдеги әдеп,айелдин орны,ердин абыройы,алты баланың тарбиеси,сонын бари Ришар какеге ой салган шыгар,Францияга не жетиспейтинин корип иши куйген шыгар ..

    YerQosai 06.09.2017 01:10 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню