Бақыттың тұрағы

1372309984

Бір күні Қызыр ата жолаушылап келе жатып Бақытты кездестіріп:

– Әй, Бақыт, мен ел ішін аралаймын, пенденің тілегін Құдайға жеткіземін. Бірақ, қай үйге кірсем де, жұрттың бәрі «бақыт кірсін», «бақытты болайық», «бақыт қайдасың» деп іздеп жатады. Жаббар Хақ сені Адамға серік болсын, өміріне көрік болсын деп жаратты. Шиш пайғамбар алғаш үй салғанда төріне жайғасып едің. Ел-жұрт «Ат аунаған жерде түк қалады, қонақ отырған жерде құт қалады» деп, саған қол жеткізу үшін қонақ шақырып, мейман күтуге таласатын еді. Бірақ өмірде бақытты жандар да көп, бақытсыз бейбақтар да жетерлік. Сен әркімнің қолына түсе бермейтін бір ғайып құсы сияқтысың. Тұрағыңды айтшы, жарқыным. Кімдерге қонасың, кімдерге бұйырмай кетіп қаласың? – дейді. Бақыт:

– Сұрағың орынды, Қызыр баба, – деп әдеппен тағзым етеді. – Мен, ең алдымен, ісінің берекесі жоқ, сөзінің келекесі көп адамға дарымаймын. Ата-анасын сыйламайтын, оларға қызмет қылып, жандарын қинамайтын надандармен де жұлдызым қарсы. Есірік ұл мен кесапат қыздан, ата-енесін күтпеген келіннен алпыс қадам аулақ жүремін. Әсіресе, Аллаға зікір айтпайтын, иманын дұшпаннан қорымайтын, көрші ақысын жеуден қорықпайтын жандармен Құдай жолымды түйістірмесін деп күніне сан мәрте дұға қыламын, – депті. Қызыр ата тағы да:

– Ал қайда тұрақтайсың? Кімнің шаңырағына шаттық бітіресің, кімнің басына бақ болып бітесің? – деп сұрайды. Бақыт іркілместен:

– Менің ең жақсы көретінім – ата-анасына құрақ ұшып қызмет ететін, бірлік пен ынтымақты ырыс деп ұғатын жандар. Өзгені күндеуден, кісіні мінеуден аулақ момындарды іздеп жүрем. Алланың есімін жаттаған, адалдан басқа татпаған ақжүрек жандармен жылдам жұғысамын. Сахар тұрып, сәресі ішіп, ораза ұстайтын тақуамен тез тіл табысамын. Бейбітшілік пен берекені ту еткен кісілермен тіл қатыспай-ақ ұғысамын, – деген екен. Қызыр ата шаттанып:

– Ендеше сен қонған жанға мен де даримын, – дейді. «Бақ қонып, Қызыр дарыған» деген сөз осыдан қалған екен деседі.

 

 

Пікір

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню